Ақ пейілдің ауыл ғой астанасы
26.11.2019
1398
0

«Қазақ әдебиеті» газеті кезінде әдеби ортаны өзіндік үнімен тәнті еткен, өмірден өткен соң есімі көп айтыла бермейтін қаламгерлердің шығармаларын қайта жариялауды дәстүрге айналдырып келеді. Солардың бірі – Жамау Бұқарбаевтың өлеңдері табиғилығымен, шынайылығымен құнды. Бүгін ақынның бір топ өлеңі мен ол туралы жазылған естелікті ұсынып отырмыз.

Мамырда, біздің ауылда

Сағыныштың саздарынан аумаған,

Жыл құсының қанатынан саулап ән,

Аққу-бұлттар алма ағашқа қонақтап,

Гүл боп кетті ақ нөсерлер, жаумаған.

 

Тастағандай ақ бесікке күй бөлеп,

Сылаң ару- сылқым дала күйде ерек.

Талма түсте тыншымайды қарт әже,

Немересін күн шуаққа сүйрелеп.

 

Жетпістерге тіреген шал ат басын,

Бұл үйдегі бар бақытқа патша осы.

Мамырдағы сері шағын есіне ап,

Жымияды жерге соғып шақшасын.

 

Көктем, көктем…

Киік арман, бал арман.

Бақыты ғой жеткен, іздеп таба алған,

Өз-өзінен қызарады бойжеткен,

Ұры сырын ұқтырып ап жанардан…

Шаңқай түс, шілде

Күн исі шыққан көделі белден жырақтап,

Күлкісін шашқан кәусардан ғана суаттап,

Жалбызды бұлақ басына шөккен қойтасқа

Көгілдір мұнар жантая кетті шуақтап.

 

Шөкімдей бұлт жоқ көлеңке түспес көгісте,

Мамырлап, қаздар қайта алмай қалды өрісте.

Бақбақтың басын айнала ұшып билейді,

Жұпарға ғашық көбелек-аппақ періште.

 

Шаңқай түс. Шілде. Шаңытқан күнің тым ыстық,

Сағымға батар сарбалақтанған ырыс-құт.

Сабырлы қалпын бұзбайтын салқар даламен

Жарасым тапқан әу бастан кеңдік, тыныштық.

Жолдағы сыр

Қауқылдағын қонақжай қалпыменен,

Шежіреші шетінен қартың деген.

Бұр ауылға, әй, досым, машинаңды,

Қажет емес басқа сөз, артық өлең.

 

Таныс жоқ деп несіне жасқанасың,

Ақ пейілдің ауыл ғой астанасы?

«Ассалам…» деп шалына көтере айтып,

«Ботам» десең болғаны жас баласын.

 

Белгілі сыр даланың күйі көптен,

Бауырмалдық еңсеңді биік еткен.

Тосырқама, төрге шық, түс алшаңнан,

Сәбилерін маңдайдан сүйіп өт те.

 

Ауыл-үйден таңдамай ашып есік,

Қайтайықшы тағы бір тасып, өсіп,

Туған елдің мыңдаған барша ауылы,

Асыл мекен емес пе, алтын бесік?

Макет болмай…

Аудармастан көшелерін шимайлы,

Аспанын да, тастарын да, бидайды.

Жасар едім ауылымның макетін,

Бір ой тағы қинайды.

 

«Айналайын, айтасың-ау … ұял да,

Ерік берме мұндай артық қиялға.

Сыйған жерге ауылыңның бейнесі,

Аңқылдаған ақ пейілі сияр ма?»…

 

Сондықтан да құмартпайды оған ел,

Қызықпаса бетім қайсы «қара»,-дер.

Киелі өріс – қасиетті ауылым,

Макет болмай, ауыл болып қала бер.

Мылқау ару

Жырлайды жүрек, жылайды мұны ойласа,

Қайтетін еді қызыққа қанбай бойласа.

Бейкүнә жанға сұлулық берген шеберлік,

Көңілі шерлі мүсәпір қылып қоймаса?!

 

Ойласам болды. Қамыға, кәусар шақ дәйім,

Көз алдым мұнар. Мұнардан әрі аттайын:

Жаралы төсі сыздайды ару лашынның,

Тұрады шыңда бұтағы сынған ақ қайың.

 

Қайыңның сынып бұтағы,бұлттар аңырап,

Көл – көсір дүние, төгілер тамшы жамырап.

Адамға бітер сұлулық – тілі болмаса,

Даладай екен шөлдеумен жатқан қаңырап.

 

Ондағы күйді, мендегі күйді түсін тек,

Қадалған жанар ләззатқа балқи түшіркеп.

Сұлулық деген жаратылмаушы ма еді,

Құмарту үшін. Қарамау үшін мүсіркеп.

Көңілім

Өрдегі күйің былқылдақ,

Тамсану емес тым құрғақ.

Іңкәрлік жатар інжудей,

Күлмей ме күндер сылқылдап?

 

Ұстара жүзді ылпылдап,

Киіктер самғар жылтылдап.

Құралай –менің көңілім,

Ілесіп кеткен бұлтылдап.

 

Осы ғой, осы, күй осы,

Күйімнің өзім — иесі.

 

Ойдағы күйің қалтылдап,

Қалтырар, бойы салқындап.

Кетпейді бұлттар төбеден,

Төкпейді нөсер аңқылдап.

 

Қонатын көлге там-тұмдап,

Тамбайды құстар сампылдап.

Найзағай жылу шашқан ба,

Жатса да қанша жарқылдап?

 

Осы ғой, осы, күй осы,

Күйімнің өзім – иесі.

 

Оның сен несін сұрайсың,

Күлесің бірде жылайсың.

Көңіл –ай, көңіл, кейде құл,

Көңіл-ай, кейде құдайсың.

Таң ләззаты

Талып атты тамылжыған таң бүгін,

Тұлпар таудың тарғыл басын шалды күн.

Желпінгенде ашып тастап жер –ана,

Ай құлыпты көктің алтын сандығын.

 

Көркем келбет көріктенер күй үстеп,

Бұлақтардың ерінінде сүйіс көп.

Махабаттың ләззатынан шыңдар мас,

Ақ сәуленің алқымынан иіскеп.

 ***

Қиялға жүйрік қонсаң кеп,

Қажеті қанша басқа ойдың.

Тезірек жігіт болсам деп,

Теңдестен бұрын шаш қойдым.

Атқарып жігіт міндетін,

Көңілді қайтіп пәс қылам?

Салып –ап мұрттың суретін,

Жіпсіген танау астынан.

 

 Бұған да жеттім асығып,

Демеймін бірақ «жоқ қайғым».

Балалық шақтар шашылып,

Қалды да.

Соны жоқтаймын.

Шалқар өріс

Шаққандай балтырдан кеп алакүлік,

Тыпыршып тулап –тулап алады бұлт.

Ойынпаз, ойсыз бұлақ қытықтаса,

Көсіліп жата берер дала күліп.

 

Дамылдап, айдын тынған жаға-жайды,

Уәкілдей күн сәулесі аралайды.

Қонаққа қошамет қып концерт бере,

Көк шалғын билеп кетті «Қамажайды».

 

Шаруақор, епті қолын жасқамайық,

Келсін деп кеткенінше қас қарайып.

Тастапты жаңа жуған ақ жейдесін,

Жалаңаш сұлу сығып тасқа жайып.

 

Желіге желпілдетіп күй байлаған,

Аспанға құс қанаты шимайлаған.

Асықтай омпы түскен қарап тұрсам,

Көңілдей кең далама сыймай қалам.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір