ЖОҚ ІЗДЕГЕН ЖАЗУШЫ
27.11.2019
2721
1

Кез келген әдеби шығарманың басты мақсаты – оқырманына ой салу, ойланту. «Талғам-таразы» айдарының бүгінгі «оқырманы» – жас жазушы Жадыра Ғазизқызының Дидар Амантайдың шығармашылығы туралы ой толғауынан осыны аңғарамыз.

Дидар Амантай

Жазушы Дидар Амантай «Гүлдер мен кітап­та­рында» кітаптардың аты ұзын-шұбақ болып берілге­ні­не сын айтылған кезде бұл өзінің кітапқа деген тағ­зы­мы, құрметі екенін түсіндірген еді. Кітаптар мен гүл­дер барда ғана адам «ең әуелі сөз болған» қадым заман­дар­дағы өзінің қарапайым, шынайы, ерекше бекзат болмысын табады, кітап дегеніміз – дүниені тану, дана­лыққа қадам, гүл – жастық, сезім, тазалық, бұл екеуі өмірге мағына дарытады, нәр береді. Автор осыны бар шығармасында жалықпай айта түседі. Кейде кейіпкері болып жеткізеді, кейде өзінің философиялық ой орамдарында келтіреді. Дидар Амантай – жоқ іздеуші. Ол қызылды-жасылды, жарқ-жұрқ еткен, бүгінгі тез өзгер­гіш, айнығыш қоғамда жоғалып бара жатқан мөлдірлікті, шынайылықты, кейбіреу­лер үшін архаизмге айналған, қат болған дүниелерді іздей береді. Оның «Букинист. Кітап дүкені» деп аталатын әңгімесі осы ойды қуаттай түседі. Жү­ре­гінің бір-бір бөлшегі секілді кітаптар­дан сөрелер бос қалып, жас кезінен ұқып­тап жинаған дүниелері сатылып жатқанына, бүкіл ғұмыры зая кеткеніне қа­мыққан адаммен бірге еріксіз күрсініп қаласың. Күр­сіністің себебі көп…

…Мына дүниенің маңдай жылытар шуағы мен жеті спектр секілді көмкерген сиқырлы шапағына шомылып жүрген жаймашуақ шақта­ры­мыз еді. Түртінектеп әлденені оқып жүретін құрбы­мыздан алдымен жас жазушының атын естідік. Оның інісінің аты Дидар болатын. Содан ба, Дидар Аман­тайдың жазғандарын бірден жанына жақын қабылдап, кіріп-шыққанда басқа студенттер қақшып кетпесін деген сақтығы ма, кітабын жастығының астына салып жататын. Ол құрбымыз бүгінде шалғай аудандағы газеттің бас редакторы. «Ерекше, жаңаша жазады, сөйлемдері ешкімге ұқсамайды, әсіресе, диалогтары басқаша» деген пікір айтатын ол өзі де сүйікті жазушысына еліктеп әңгіме жазатын, көңілі түссе оқытатын да. Кейін ол мақтаған жазушының «Қазақ әдебиетінен» Әлия Бөпежанова апаймен өзара модернизм, постмодернизм туралы пікірталас­та­рын көзіміз шалды. Тағы бір басылымдардан жазушының әңгімелерін оқи бастадық.

Біздің ауылда да әредік көңілденіп кетсе Дулат Иса­бе­­ков­тің «Бонапартын», «Ескерткіштегі» Әштанның қы­лықтарын салып, ішек-сілесі қата әңгімелейтін ақкөңіл адамдар бар-тұғын, алайда  шаңы бұрқырап аспанға көтерілген шағын ауылдан келген студентке Дидар Амантайдың әңгімесі күрделі көрінгені рас.

Оған себеп – шығармада бастысы – сюжетін баяндап, идеясын айқындау деп үйреткен. Әсіресе, автордың бірың­ғай диалогтан тұратындай әңгімелері тосындау көрінген, кейде сөйлесуші екі адам бір-бірін жалғап, ой алмасудың орнына әрқайсысы өз ойымен отыратындай және кейіпкер міндетті түрде елден ерекше білімдар, пәлса­па­шы болып келетіндіктен оның айтқан ойын асықпай сіңіріп оқымасаң, қорыту қиын. Бірақ, бәрібір, көзім түссе оқымай қалмай­тынмын. Әуелі финалдан басталып, одан кері әңгімеленіп, суреттеліп… егер оқиға болса, оны кейде басына, кейде ортасына әкеліп елестете беруге болатын, оқиғаның нақты уақытының белгісіздігі шығарманың жаңашылдығын паш етіп, әлдебір құпиядан үміттендіріп, өзіне тарта берсе керек. Нақты кейіпкері өзіміз оқып жүрген Т. Нұрмағамбетов­тың, С. Мұратбековтың кейіпкерлері секілді шығарма басталысымен ежелгі танысыңдай ішіңе кіріп кетпейді, көз алдыңда көлбеңдеп жүрмейді және сол шығармаларда анау айтқандай оқиға да болып жарытпайды, оқиға туындатуға келгенде автордың соны керексінбейтінін де байқайсың. Оқырманы сюжетсіз шығарма оқуға дағдыланған ба, жоқ па, онда автордың шаруасы жоқ, бірақ менмұндалап тұрар нақты кейіпкерсіз, басы жай басталып, ортасында ши­ры­ғып, аяғында шегіне жететін нақты оқиғасыз да баяу толқы­ған бірқалыпты суреттер тізбегі көз алдыңа келіп, иіріміне тарта береді.

«Тотықұс түсті көбелек» пен «Бір топ шеңгел» романын, «Көзің­нен айналдымды» оқып алған кітапқұмар құрбылар ондағы кейіпкерлердің бір-бір рөлді аяғына дейін алып шы­ғуға бекінген кәдімгі актер сынды екенін, тіпті, адамды айран-асыр қылып, өз рөлін ойнап отырғанын біліп отырғандай оқиғаның қашан бітетінін сұрайтынын айтып, таңғалып әңгімелегендері де есте. Бізге де бұл эмоция таныс. «Мен сізді сағынып жүрмінде» бірінші таңғалғанымыз – өзі он беттен тұрса да, повесть аталғаны және шығарманың финалынан бір-ақ басталғаны еді. Біз ол кезде постмоде­рнис­тік дегенді қайдан білуші едік? Ал Ғалиябану мен Еркіннің, одан Мұхтар мен Еркіннің арасын­дағы диалогтар ше? Диалогтардағы кейде толымды, кейде толымсыз сөйлемдермен жауап беретін, бірақ қалай жауап берсе де ойландырып, даналыққа бір қадам жақын тұрған адамның образында сөйлейтін кейіпкерлерге кейін таңғалмайтын бол­дық, себебі қайдан келген ой екені белгісіз, әңгімелесуші екі адамның бірі – автордың өзі-ау деп деп топшылайтынбыз өзімізше. Өйткені кейіпкер де – пәлсапашы, автор да – философ. Автордың «Модерн-Постмодерн» деген әңгімесін ала­йық. Әуелі үшінші жақтан баяндап, түнгі қаланы суреттейді. Әр заттың бойына сіңірген күн қуаты туралы баяндайды. Мұнда дүние-жара­тылыс туралы ой қорыту бар. Әр­нәр­сені көз алдыңа алып келеді, көзіңмен көріп, қолыңмен ұстап, жазу­шы суреттеп отырған сәтті сезіне алатының бар.

 «Әрбір затта өз бойына сіңірген күн қуаты бар. Бұл қуат – алапат жарылыстың бізге ұшып жеткен ұш­қын­дары. Біз – оның (алапат жарылыстың) перзенттеріміз. Қоршаған дүние – ағайын-туысымыз. Отбасы фотоальбомы тәрізді, әлемге қайдан, қалай қарасақ та, оны өткен шақта көріп тұрамыз. Әр құбылыс, әр нәрсе – оттан қуат алғандар. Күн – басты от. От-ана» деп түсін­діреді, одан әрі бар адамның бойындағы жалынды түсіндіреді.

 Камю, Борхес, Сартр деп кете беретін есімдерді осы кісі жиі ауызға алады. Білуімізше, Сартрға Хайдеггер әсер еткен, Сартр Дидар Амантайды өсірген, шамасы. Әйтеуір, Дидар Амантайдың көпшілікке түсініксіздеу көрінетін ерекше ойларында еркіндіктің лебі аңқып тұрар еді.

Ойласа да еркін, жазса да еркін, бұрынғы ақжемі шыққан сүрлеуге түспей, өзінің соқпағымен жүретін адамның кейіп­керлері де – көбіне қияли дүниеде жабырқаса да, ішкі болмысында еркіндікті сезіне алатын адамдар. Дидар Амантай да еркіндікті Сартр секілді ұғынады, еркіндік де­ген қалағаныңды жасау емес, тіпті де бос жүріс пен әрекетсіздікке әкелетін қалыпта емес, ешкім тартып ала алмайтын таңдау мүмкіндігі деп қарастырады.

Шығармашылық дегеннің өзі адамның ең бір күшті толқыныстарын, сезімдерін берудегі керемет тәсіл екені, еркіндікке бастайтыны рас қой. Осыдан кейін барып Дидар ағамыз аузынан тастамайтын Сартрдың экзистенциализмді адам мәселесі, яғни адамның жан түкпірі, қуанышы, қайғысы, айналып келгенде, гуманизм деп қарағаны өзі­нен-өзі түсінікті болды.

«Түсінікті болды» дегенім жай сөз, философтарды түсінуге ешуақытта тырысқан емеспін, бірақ өзің толық түсінбейтін нәрсені ұғам деп талаптанудың өзі құры­ғанда ойлауға, ойлануға үйретеді. Мысалы, жазушы Дидар Амантай бір өзі қатталып жинақталған, жүйе­ленген, сараланған каталог іспетті, бір шығарма оқыса, міндетті түрде өзі бұрын оқыған басқа бір жазушылармен салыстырады, оған оның салыстыру мүмкіндігі толық жетеді.

Айтпақшы… Дидар Амантайды оқып отырғанда Мар­кестің өзіміз оқыған бірді-екілі шығармасы ойға оралады. Маркес шығармасында «дүние мифтер заң­дылығынан тұ­рады, өмір дегеніміз – адамға түсініксіз және күрделі құ­рылған байланыстар, уақыт дегеніміз кезеңдерден тұра­тын­дықтан да біз мәңгілік сұрақтарға жауап беру үшін қайта ора­лып отырамыз» дегенді түсіндірмек болған. Егер мен бұл дүние тым қарапайым, бірсарынды ережеден тұрады де­сем ше? Меніңше, Дидар Амантай бұған келіспейді. Өйт­кені оның шығар­маларында көп ой айтылады. Егер өмір бір сарын­ды әрі өте түсінікті болса, шығармалар жазылмаған болар еді.

ПІКІРЛЕР1
Аноним 15.12.2019 | 23:15

Екеуі де өз дәптерлерінде жазылган шики шимайларымен окырманды шатастырады. Дидар катты шатаскан адам, соңында дурыс сөйлем кураудан калып бара жатыр…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір