Ақын, жазушысын іздеген ел бақытты

Бүгін Тараз қаласына Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы, белгілі жазушы Мереке Құлкенов келді. Қасында Басқарма төрағасының орынбасары Ғалым Қалибекұлы бар.
Ақын-жазушылардың ақпандатып келген жанашырларын әдебиетке жаны жақын Ербол Қарашөкеев өте жылы қарсы алды.
Әулиеата өңірінде бүгінгі таңда көптеген рухани іс-шаралар өтіп, қаламгер қауымға тиісінше қолдау көрсетіліп келеді. Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің бастамасымен мұндай игілікті іс-шаралар биыл да жалғасын табады. Сонымен қатар биыл Жамбыл жерінде «Әулиеата – кітап оқитын өңір» атты жоба қолға алынып отыр. Аталған бастаманың да қаламгер қауымға құрмет екені, ұлттық әдебиетті насихаттауға айтарлықтай үлес қосатыны сөзсіз.Басқарма төрағасы болса, облыс қаламгерлерінің қам-қарекетіне, мұң-мұқтажын өтеуге бағытталған ұсыныстарын талдап, таразылап айтты. Төраға айтқан ұсыныстарды әкім, жалпы, түгел қолдады десе де болады.
– Зарықтырмай нақты айтсам, Наурыз мерекесінен бастап, Одаққа мүше қаламгерлерге 500 000 мың теңгеден стипендия берілетін болды.
Мұның желтоқсан сайын алып жүрген бұрынғы стипендияға қатысы жоқ. Екеуі де жыл сайын беріліп тұратын болады, – деді облыс әкімі. Төраға Алматы қаласы әкімдігін үлгі ете отырып айтқан ұсыныстардың біреуі осы болатын. Ол, міне, табан астында шешілді.
Төрағаның тағы бір елең еткізер ұсынысы, Шерхан Мұртаза атындағы «Қызыл жебе» әдеби бәйгесін ұйымдастыру туралы болды. Оны Шер-ағаның туған күніне орай өткізілуі де пысықталды.
Аудандарда тұратын қаламгерлерді қолдау мақсатында «Алтын бесік» жинағын шығару сияқты бірқатар ұсыныстарын да айтты. Сондай-ақ Мереке Құлкенов бірқатар қаламгерлерге «Қазақстанның құрметті жазушысы» атағын табыс етіп, бірқатар қаламгерлерді Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне қабылдады. Атап айтсақ, жазушы, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Елен Әлімжан, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайырбек Асанов, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Шырын Мамасерікова, жазушы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Көсемәлі Сәттібайұлы «Қазақстанның Құрметті жазушысы» атағын алса, ақындар Ілияс Ахметов, Нұржан Әліш, Жұлдыз Бейсек Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі атанды. Бұдан кейін жазушы, «Құлагер» республикалық әдеби байқауының жеңімпазы Пернебай Дүйсенбин аймақта қаламгерлерге деген қолдаудың жоғары екенін атап өтті. Сонымен қатар Елен Әлімжан, Шырын Мамасерікова, Көсемәлі Сәттібайұлы және өзге де қаламгерлер айтылған ұсыныстар төңірегінде өз ойларымен бөлісті.
Әкім назарынан дәл осы күні дүниеге келген ақындар мен жазушылар да тыс қалмай, оларға ұлы Мұхаңның төрт кітаптан тұратын «Абай жолы» эпопеясы тарту етілді. Осы ретте әбден жауыр болса да «Ақын, жазушысын іздеген ел бақытты» деген сөзді тағы да қайталауға тура келеді.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
Жамбыл облысы