ЖОҚ ІЗДЕГЕН ЖОҚШЫЛАРДЫҢ ЖОБАСЫ
16.08.2024
48
0

Өткен ғасырлардан бері қазақтың жоғалтқаны өте көп. Тарихымызда өртелген, жыртылған мұра қаншама?! Тасада қалған сан мыңдаған тағдыр бар. Олар өз жоқшысын, шырақшысын күтіп тұр!

…Империялық өктем билік ұлтымыздың төл тарихын қасақана бұрмалап, асылдарын атып, жақұттарын тонап, санамызды улап кетті. Енді, міне, дербес ел болғаннан бері есесі кеткен тарихтың жыртылған парағын тауып, жамап, үзілген желіні қайта жалғап, ұлттық сананы қалыптастыруға күш салып, тарихымызды шынайы жазуға мүмкіндік алдық. Бұл ретте тарихшылар мен жазушылардың атқарған ұшан-теңіз еңбегі зор.
Тәуелсіздіктің игілігіне қызмет ететін жобаның бірі де бірегейі – «Қазақстан жазушыларының ТМД елдерінің архивтеріндегі зерттеу жұмыстары» жобасы. Бұл – Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Жазушылар одағының бірлескен стратегиялық мегажобасы.
Қаршадайымнан ұлтымның тарихын тануға ден қойған жас қаламгер ретінде осы жобаның маған тигізген пайдасы мол екені көзіқарақты жұртқа айтпаса да түсінікті шығар. Мен небәрі он алты жасымнан қуғын-сүргінге ұшырап кеткен ата-бабамның тарихын танимын деп ұзақ жолға шығып, шаң басқан архив қопарып жүріп алашты тану, зерттеу көшіндегі жоқшылардың сапына қалай қосылып кеткенімді аңғармай да қалыппын. Атқан оқтай, шапқан аттай зымыраған уақыт жүйткіп барады. Содан бері бақандай он бес жыл өтіпті. Осы жылдар ішінде алыс-жақын қаншама шет елдің архивін, сирек қоры мен кітапханасын ақтарып, мол дерек тауып, ұмыт қалған, ел жадынан өшкен нешелеген тағдырға жарық сәуле түсіріп, есім-сойын жаңғырттым. Әр жерде шашылған мұрасын шашау шығармай жиып-теріп, ескі жазудан қазіргі қаріпке аударып, ғылыми түсінігін, сипаттамасын жазып, ұлт тарихына ынтызар оқырманның кітап сөресіне отыздан астам тарихи-танымдық кітап ұсыныппын. Осының бәрі – елін, жерін қорғап, қанын төгіп, жанын қиған боздақтардың рухына деген құрметтен жасалған перзенттік іс еді.
Ұлты үшін ақысыз-пұлсыз қызмет қылып, бастарын қатерге тіккен хас ерлердің тағылымды ғұмыры, мемлекетшілдік өнегесі – кейінгі буын жастарға үлгі, ғибрат. Иә, қазіргі жастарымыздың дені өзінің ұлттық қалыбы мен бірегейлігін, болмысын іздеп, танығысы келіп, тарихи санасын жаңғыртып жүр. Жақсылықтың нышаны байқалған сәтте, халық құлдық санадан арылғысы келіп, өз тегін танып, іздеп жатқанда мемлекет идеологиясына жауапты рухани-мәдени ошақтар көптің сұранысына қызмет етіп, қалауын орындауы тиіс.
Осы орайда Қазақстан Жазушылар одағы Үкіметке ұсыныс жасап, мәселені шешу жолдарын тауыпты. Аталған ведомство мен жазушылар шаңырағының бірлескен идеологиялық маңызы мол жобасы аясында 5-10 тамыз күндері Мәскеу қаласына барып келдім. Мәскеудегі Ресей мемлекеттік кітапханасының Сирек кітаптар бөлімінде және Ресей Федерациясының мемлекеттік архиві, Ресей Мемлекеттік Әдебиет және өнер архиві, Ресей Ғылым академиясына қарасты А.М.Горький атындағы Әлем әдебиеті институтының архиві қорларымен кешенді жұмыс істеп, ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетіне қатысты һәм Ілияс Жансүгірұлының ғұмырнамасына байланысты бұрын-соңды ғылыми айналымға түспеген, жарыққа шықпаған тың материалдар мен жаңа деректер тауып, қоржынымыз томпайып, олжалы оралдым. Табылған барлық мәлімет жоба негізінде жарыққа шығатын «Ілияс Жансүгірұлының Ресейдегі іздері… (Ресей архив, сирек қорлары негізінде)» биографиялық миниатюра кітабыма енетін болады.
Тарихи бағытта жазатын қаламгерлерге берілген үлкен мүмкіндік үшін қарашаңырақ басшылығына ризашылығымды білдіремін. Алдағы жылдары жоба жалғасын тауып жатса, іс-сапар мерзімі (күні) ұзартылса екен деп ұсыныс-тілек айтуды жөн санадым. Себебі архив, сирек қормен жұмыс істеуге, кем дегенде, он-он бес күн қажет, ал бес күн деген – «Тайбурылдың қырық үш күн кемдігіндей». Сайып келгенде, «Қазақстан жазушыларының ТМД елдерінің архивтеріндегі зерттеу жұмыстары» жобасын жоқ іздеген жоқшылардың жобасы деп оң қолыммен жүрегімді ұстап тұрып, нық сеніммен айта аламын.

Елдос ТОҚТАРБАЙ,
жазушы, алаштанушы-ғалым,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір