БАҚЫТТЫ ӨМІР БОЛМАЙДЫ, ТЕК БАҚЫТТЫ СӘТТЕР ҒАНА БОЛАДЫ
26.11.2019
3795
0

«Пруст сауалнамасы» VS «Қазақ әдебиеті»

Сауалнама қонағы – жазушы Серік Асылбекұлы

– Адамның басты қасиеті не деп ойлайсыз?

 – Адалдық.

– Ер-азаматтың басты қасиеті ше?

 – Ел-жұртын, отбасын сүйіп, оны қадірлей білу.

– Бақыт деген ұғымды қалай түсінесіз?

 – Бақытты өмір болмайды, тек бақытты сәттер ғана болады.

– Сүйікті әдеби кейіпкеріңіз кім?

– Аяз би.

– Ең басты кемшілігіңіз не?

– Кемшілік көп қой менде. Кейде көңіл жықпастығым бар. Біреулердің көңіліне қарап, шындықты айта алмай қаламын.

– Бос уақытыңызда немен айналысасыз?

 – Бос уақытым болып жатса, таза ауаға шығып, серуендеймін.

 – Өмірге екінші рет келсеңіз, кім болуды қалар едіңіз?

 – Тек адам болып қалуды қалар едім.

– Қандай елде өмір сүргіңіз келеді?

– Жақсы болсын, жаман болсын, ата-бабамның кіндік қаны тамған жерде өмір сүргім келеді.

– Қандай ерекше қабілетке ие болғыңыз келеді?

 – Адамдарды сүйе білу қасиеті менде молырақ болса деп ойлаймын.

 – Қандай сәттерде осалдық танытасыз?

 – Кейде көңілге жақпас сәттерде айтуға тиісті нәрсені Махамбетше тура айту жағы жеткіліксіз-ау деймін.

 – «Ғайыпқа сену» дегенді қалай түсінесіз?

 – Дүние екі бөліктен тұрады деп ойлаймын. Бұ дүние және О дүние, ал ғайып дегеніміз – О дүние шығар.

– Егер өнертапқыш болсаңыз, не нәрсені ойлап табар едіңіз?

 – Бұл сұраққа жауап беру үшін көп ойлануым керек.

– Не нәрседен жиіркенесіз?

– Алаяқтықтан, сатқындықтан жиіркенемін.

– Сіз үшін ең ұнамсыз тарихи тұлға кім?

– Ондай тарихи тұлғалар көп қой. Оның біреуін ғана айтудың қажеті жоқ шығар.

– Жиі айтатын қанатты сөзіңіз?

 – Лев Толстойдың «Ұлылық – қарапайымдылықта» деген сөзі.

– Көзіңізге жиі жас аласыз ба?

 – Жиі болмаса да, ара-тұра көзге жас алып тұрамын. Өзімнің балалық шағымды сағынғанда қайтыс болып кеткен ата-анам мен туыстарымды еске алып, жылап аламын.

– Үнемі есіңізде жүретін Абайдың бір сөзі?

 – «Адамды сүй, Алланың хикметін сез,

 не қызық бар өмірде одан басқа».

 – Қазіргі адамдардың бойынан қандай қасиеттер жоғалып барады?

– Әрине, адалдық азайып, қулық көбейіп бара жатыр.

– Біздің заманымыздың мықты ақыны кім? Мықты жазушысы ше?

– Мынау абсолюттік ақыл-ой мен сезімнің иесі деп біреуді айта алмас едім. Әр ақын-жазушының, драматургтің өзіне тән мықты жақтары бар.

– Жас қаламгерлердің бойынан қандай артықшылықтар мен кемшіліктерді көріп жүрсіз?

– Артықшылықтары – олардың заманға жақындығы, ал кемшілігі – болмай жатып, болдым деуі, оларға қарапайымдылық пен ұстамдылық керек сияқты.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір