«Менің анам – мен білмейтін әлем» танымдық-шығармашылық кеші: Берекет бастаған рухани сәттер
12.05.2026
147
0

И.А. Крылов атындағы балалар кітапханасында Аналар күніне орай «Менің анам – мен білмейтін әлем» атты танымдық-шығармашылық кеш жоғары деңгейде ұйымдастырылып, мазмұны терең, рухани әсері мол іс-шараға айналды. Кештің негізгі мақсаты — ананың беймәлім әлемін ашу, оның ішкі жан дүниесін, өмірлік күресін, мейірімі мен рухани болмысын оқырманға жаңа қырынан таныту болды.

Іс-шараның өзегін айқындаған ерекше тұлға — ҚР «Мәдениет майталманы» төсбелгісінің иегері, эстрада әншісі, сазгер, педагог әрі шығармашылық ұжым жетекшісі Ермек Берекет Теміртайұлы болды. Ол тек жеке орындаушы ретінде ғана емес, өз жетекшілігіндегі Мұқағали Мақатаев атындағы №140 гимназия жанындағы «BEREKET» балалар хорымен бірге кештің рухани тынысын ашты.

Хордың орындауындағы ана тақырыбындағы әндер көрермен жүрегіне ерекше әсер етіп, ананың мейірімі мен сабырын, үнсіз ерлігін сезіндірді. Әрбір әуен залды терең толғанысқа бөледі.

Кеш барысында кітапхана оқырманы Чонг Хён Джун (Хан) Құрманғазының «Аман бол, шешем» күйін орындап, ананың сағынышы мен рухани бейнесі күй тілімен терең жеткізе білді.

Сонымен қатар ақын, жас дарын иесі Орынбек Айқынның жаңа авторлық «Анашым» әнінің тұсауы кесіліп, көрерменге жол тартты.

Іс-шараға арнайы шақырылған аналар да қатысып, кештің құрметті қонағы болды. Олардың қатарында танымал суретші Қайырбай Зәкіровтың жары және белгілі стрит-арт суретшісі Ержан Танаевтің анасы Халипа ана да болды.

Кеш мазмұнын тереңдете түскен маңызды сәттердің бірі — Ермек Берекет Теміртайұлының қазақ өнерінің аңызы, КСРО Халық әртісі Бибігүл Төлегенова апамызға жуырда ғана арнайы барып, ақ батасын алып қайтқаны жөніндегі әсерлі әңгімесі болды. Ол бұл сәтті өміріндегі үлкен рухани қолдау, өнер жолындағы ерекше серпін ретінде атап өтті.

Кештің ең басты ерекшелігі — Берекет бастаған өнер ұжымы арқылы ананың бейнесі тек сөзбен емес, әуенмен, үйлесіммен және жүрек үнімен жеткізілді. Бұл кеш қатысушыларға ананың «білінбейтін әлемін» терең сезінуге мүмкіндік беріп, рухани тағылымы мол іс-шара ретінде есте қалды.

Айжамал Жолдасқызы,

қаламгер

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір