АБАЙ ЖОЛЫМЕН ҚАЗАҚСТАН ҚОҒАМЫН ІЗГІЛЕНДІРЕЙІК

Ш. Ниязбеков. Абай портреті
1. Абай феномені
Ұлы Абайдың кереметтігі – оның шығармаларының дәл қазіргі заманда өміршеңдігінде. Біз Абай ілімі арқылы кешегіні де, бүгінгіні де көріп, келешегімізді бағдарлай аламыз. Абай феномені осында.
Хакім Абайдың көп ақыннан өзгешелігі, ол тек ақын ғана емес, ол кемеліне келген кезде әлеуметтік-экономикалық қатынастарға тікелей араласып, халық мүддесі үшін қызмет етті. Осыған қарап-ақ Абайды сирек кездесетін ірі қоғам қайраткері, гуманист, ағартушы ретінде мойындауымыз керек. Ол – қоғамды ізгілендірудегі қазақ халқының рухани-әлеуметтік өміріне серпіліс берген Шығыстың ұлы ойшылы.
Ұлы Абай заманында қазақ жүргізер билік болмады. Қазіргідей жеке мемлекет, Президент, Парламент, сот жүйесі жоқ еді. Сонда Абай жалғыз өзі Ресей патшасының әмірімен алысты, күресті, соттасты, түрмені де көрді. Қиын-қыстау заманда Абай өз орнын тауып, мәселеге басқа қырынан келіп, халық тағдырына дендей білді. Өзінің поэзиясы, қарасөздері, білімімен, болыс бола тұра нақты іс-қимылымен сол кездегі қоғамдық қатынастарды шешіп, қазақ қоғамының көзін ашты. Ол ұлы еңбектерімен қазақ қоғамына және алдағы өркениетке риясыз еңбек етті.
2. Абайдың «Толық адам» ілімі
Абайдың «Толық адам» ілімі дүниенің көрінген сыры мен көрінбеген сырын ашып, оған толық дендей алғанда және оларды қазіргі өмірмен байланыстырғанда ғана тиімді болуы мүмкін…
Қaзіргі өмір демекші, ғалым-экономист ретінде айтарым, бұл жерде дүниежүзілік өзгерістерді есепке алмасқа болмайды. Дана Абайдың «Толық адамы» – экономикалық-әлеуметтік мәні әлі де болса ашылмаған ғылыми әлеуеті жоғары тұжырым. Экономика ілімінде «экономикалық адамды» тек қана табыс табуға бағытталған, кез келген нәрсенің шығынынан тиімділігін арттыруды көздейтін тұлға ғана емес, сонымен қатар рухани қажеттіліктерді қанағаттандыратын маңызын көрсеткен америкалық экономист Г.Беккер болатын. Ол, негізінен, адамның мәдени, қоғамдық-саяси көзқарастары мен ұстанымдарының еркіндігіне баса назар аударды. Ал осы тұста, менің ойымша, «экономикалық адам» Абай тұжырымының негізіндегі нұрлы ақыл (білім мен парасат), жылы жүрек (адамгершілік, адалдық), ыстық қайратпен (ерік, мотивация) қаруланатын болса, экономикалық дамудың кемшін тұстары азаяр еді. Демек, біз экономика мен технологияда Еуропа мен АҚШ сияқты дамуға ұмтылғанымыз дұрыс, алайда ұлттық негізіміздегі рухани құндылықтарымызды өзек етіп алғанымыз жөн. Тек тәуелсіз ой ғана кемел істерге бастайды.
Абайдың «толық адам» ілімін шығыстық рухани даму жүйесімен ұштастырып, осыларды дүниежүзілік ой өркениетінің дамуымен жүйелі түрде синтез жасап, жандандыруға болады деп ойлаймын. Ол үшін бізге материя мен сананы, рухты бір жүйе ретінде қарастыратын жаңа идеялар керек, бұл біздің батыстық жүйеден басты айырмашылығымыз болмақ. Ол – Ұлы Жібек жолын жандандыру, Түркістанды қайта жаңғырту, үлкен экономикалық белдер жасау, рухани, логистикалық, өндірістік жобалар ұсыну, т.б.
Мемлекетімізде ғалымдардың қатысуымен «Хакім Абайдың толық адам ілімінің жол картасын» жасау керек. Барлық оқу орындарында Абайдың толық адам ілімін жол картасымен оқыту арқылы біз қоғам өмірін ізгілендіре аламыз, өркениетке жаңаша бет бұрамыз. Абай армандаған заман енді туады.
Көп кешікпей дүниежүзі Абайды Конфуций мен Нострадамустай оқитын болады. Сонда ғана адамзат Абай феноменін түсінеді.
Қазақтың тербеліп өсер бесігі ─ ескі жүйенің сеніп келген шетел насихатшылары мен Тони Блэр сияқты ақылы кеңесшілері емес, ол – ұлы Абайдың шығармалары, қара сөздері, Шығыс философиясы. Ұлы Абай – Шығыс даласында рухани революция жасаған әлемдік тұлға. Ойшыл хакімді өзінің осы лайықты биігіне көтеру – біздің парызымыз. Ұлы Абайдың «Толық адам» ілімін игерген жас қазақ өзін де, елін де бақытты етеді.
Келешекке көз салсақ, әлемнің постиндустриалды даму кезеңінде қоғамды ізгілендіру заманының моральдық кодексін жасақтағанда, басқа әлемдік генийлермен бірге, Ұлы Абайдың ой өркениеті, оның «Толық адам» ілімі, асыл сөздері сол Моральдық кодекстің іргетасының бірі болып қаланатынына негіз мол және де олар – күллі адамзат ұстанатын мұраттар…
Абайдың ілімін зерттеумен және насихаттаумен айналысып келе жатқан «Хакім Абай» ғылыми-зерттеу орталығын ірілендіріп «Абай атындағы рухани академия» ашып, сол академияда Абайдың мұрасын, Шығыс философиясын зерттейтін, Еуразия кеңістігіне ғылыми
кадрлар дайындайтын орталықтар қызмет етсе, өркениеттің дамуына үлкен септігін тигізер еді. Ұлы Абайға қайта бет бұру – әділетті Қазақстанның талабы.
3. Абай ілімінің елімізді дамытуға әсері
Жалпы, болжам бойынша, адамзаттың ХХІ ғасырдағы жаңа құрылымы, жаңа формациясы – интегралды қоғам, ал даму үрдісі қоғамды ізгілендіру жолы болмақ. Хакім Абай: «Рухани құндылық адамзат өмірі мен адами жетілудің қос қанаты – ізгілік пен танымға бірдей азық әрі жетекші», – деп пайымдайды. Ақыл мен жүректі ізгі етуші – әділет. Қазақтың бас ақыны «Он төртінші сөзінде» ақыл жүректің ізгі қызметінде көрініп, нұрлы болуы – әділеттен дегенді байқатады. Әділетті ақыл мойындаған нәрсені ғана жүрек ісі деп біледі. Ұлы Абай ілімін іле-шала толықтырған – Шәкәрім. Абайдың «Толық адам» іліміне басқа қырынан келіп, «адамның танымдық қасиетінің жоғарғы сатысы жүректің көзі ашылғанда болады» дейді өлеңінде.
Өркениет қоғамын құру жолында адамзатқа ортақ ізгі құндылықтар: адамгершілік, адалдық, әділдік, ар, т.б. қасиеттерді қамтитын халықаралық мораль кодексін де қабылдаудың мәні жоғары. Бұл өз кезегінде экономикалық дамудағы тұрақтылыққа әсер етеді.
Мысалы, қазіргі уақыттағы қазақ қоғамын алсақ, зиялы, адал адам таза еңбегімен ешқандай жетістікке де, байлыққа да жете алмайды. Біздің бүгінгі өміріміз, Шәкәрім айтпақшы, «әйтеуір қол жетпейтін бір жанталас». Қарапайым дәрігер, мұғалім, инженер, ғалым, жазушы, ақын материалдық құндылыққа қол жеткізбек тұрмақ, айлығын шайлығына жеткізе алмай жүр. Біз сонда қандай қоғам орнатып жатырмыз? Неге біз адамзатқа лайық таза жолмен жүрмейміз?
Қоғамды, адамды ізгілендіру үшін мынадай қағидаттарды ұстанған жөн: Бірінші, адамдардың санасына өзгеріс керек. Абай қоғамға серпіліс беретін екі нәрсе, ол уақыт туралы білім мен оны дұрыс пайдалануға жетелейтін қоғамдық сана екенін айтады.
Екінші, саннан сапаға көшу. Біз осы уақытқа дейін алдымызға «баламызды ақылы оқуда оқытсақ та, диплом алса болды» деген мақсат қойдық. Сапасыз білім алып, кейде 2-3 дипломмен жұмыссыз жүруден гөрі, нарықтық заманға ыңғайлы, нан тауып жей алатын мамандық таңдайық, сол салада кәсіби біліктілігімізді арттырайық. Сонда ғана бақуаттылығымыз артады. Елдің ең басты капиталы – адам. Әр жан жан-жақты, ізгі, әділетті, рахымсүйгіш болғанда ғана елдегі адам капиталының сапасы артады. XXI ғасырда халықаралық деңгейде адамның сапасын өлшеуде белгілі көрсеткіштермен қатар Абайдың «Толық адам» ілімі ең озық идея ретінде пайдаланылуға тиіс.
Үшінші, санасы өзгерген, сапалы кәсіби білімі бар, мақсаты айқын адамға патриоттық сезім, психологиялық пәрмен, яғни жоғары ерік-жігер қажет. Ол күнделікті үздіксіз жаттығумен келеді. Соның арқасында адам сананың ең жоғарғы деңгейіне жетеді. Бұл жерде Абай айтқан адамның үш қасиеті көмекке келеді – «нұрлы ақыл, ыстық қайрат, жылы жүрек. Осыларды бірдей ұста, сонда боласың елден бөлек. Ақиқат жолы біреу-ақ, ол – хақ жолы», ал Шәкәрімше айтсақ, ол – жүрек көзі.
Төртінші, әр адам дүниежүзінде орын алып отырған сын-қатерлерге адекватты түрде өзінің барлық күш-жігерін, мінез-құлқын, қайратын, қайсарлығын жұмсауы қажет. Бұл жерде Абайдың «Сен де бір кірпіш дүниеге, тетігін тап та бар қалан» деген ойы адамның бұл өмірге не үшін келгенін айқындап тұр. Негізгі мәселе, басқаларды басқарудан гөрі әр адамның өзін-өзі игеруге мән бергені жөн. Өз қадірін білген адам басқаның да қадірін біле алады, ал басқалар соған сай ізет қылады.
Бесінші, адамның рухани дамуы дін жүйесімен ғана байланысты емес, ол – қоғамды ізгілендіруге талпындырумен жүзеге асатын процесс. Керек болса, біз Құдайдың алдында, ең алдымен, байлығымызбен емес, керісінше, істеген жақсылығымыз, рухани құндылығымыз бен санамыз қай деңгейде екенімен есеп береміз. Оқу орындарында сапалы білім берумен қатар «моральды азамат» тәрбиелесек игі болар еді. Бұл мақсат жолында да Абай ілімі тірек болмақ.
Алтыншы, 3-секторды дамыту, бұл дегеніміз – нашар дамыған үкіметтік емес, қоғамдық ұйымдарға пәрмен беру. Жалпы, дамушы елдердің және Қазақстанның даму келешегі үкіметтік емес ұйымдардың қоғамды жаңғыртудағы белсенді жұмыстарына байланысты болмақ. Бұл – Абай кезеңінде қоғам дамымағандықтан қолға алынбаған жаңа жүйе. Финляндия тәжірибесін қараңыз.
Талай айтсақ та, жазсақ та осы күнге дейін «Жергілікті өзін-өзі басқару заңы» Парламентте қабылданбады. Бұл жергілікті халықтың конституциялық құқығын таптау болып саналады, ешкімге ештеңе керек емес. Сөздің тоқетері, реформаны жергілікті жерден бастау керек. Тиісті заңдарды қабылдап, жұмыспен қамтамасыз етіп, әр ауыл тұрғыны үшін барлық жағдайды жасау қажет. Ауыл көтерілмей ел, мемлекет, қоғам дамымайды.
Жетінші, осыларды іске тиімді асыру үшін адам өзін-өзі бақылап, басқара білуі керек. Алдына қойған мақсатына жетіп, «толық адам» болуы үшін өзін бірқалыпты ұстауы, сыртқы және ішкі факторлардан өзін сақтап, іс-әрекеттерін басқара білуі керек. Мұндайда Абайдың «егер ісіңнен нәтиже көргің келсе, әр уақытта өзіңнен өзің есеп алып отыр» деген сөзін еске алсақ, жарар еді. Қоғамдық ұйымдар да халық алдында есеп беріп отырғаны жөн. Осының бәрін игерген адам тұлға болып қалыптасады. Одан ары адам өзінің бір даму деңгейіне жеткенде, «Толық адам» болып есептеледі.
Егер адам Абайдың «толық адам» ілімін шын жүрегімен түсінсе, «мен өзімді өзгертемін, қойған мақсатыма жетемін» деп мақсат қойса, ол адамды енді бұл жолда ешкім тоқтата алмайды. Түптеп келгенде, моральдық қалпын сақтаған адам өзін де, елін де, адамзатты да алға алып баруға өз септігін тигізеді. Сонда ғана ол адам осы өмірде өзінің ішкі дүниесінің жұмағына кіруі мүмкін. Ал моральдік қалпы жоқ адам кешірілмейтін қателік жасайды.
Адамзат ең жоғарғы моральдік қалпымен, сананың шыңымен жүретін болса, зорлық-зомбылық, соғыс, үлкен қақтығыстар болмас еді. Ол үшін білім мен тәрбие жүйесі түбегейлі өзгеруі керек. Оның басында әр адамға жеткілікті деңгейде материалдық тұтыну қажеттігі мен мораль тұрғаны дұрыс. Адами қасиеттердің қалыптары әр адамның ой-санасына енгізілуі қажет. Әрине, бұл көп іс-әрекет пен ұзақ уақытты алатын процесс. Дегенмен әр адамның жеке рухани мүмкіндіктері іске аспайынша, өмірдің жақсаруы екіталай. Абай жолымен Қазақстан қоғамын ізгілендірейік.
4. Абай ілімінің халықаралық Резиденциясын жасау
Ұлы Абай: «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек», – дейді. Ұлы Абайдың «Толық адам» ілімін балабақшадағы, мектептегі баладан бастап, бәріміз арифметиканың көбейту кестесіндей білуіміз керек. Жапониялық атақты кәсіпкер Масару Ибука: «Үш жастан кейін балаға әлдене үйрету кеш», – деген екен. Сондықтан біз Абай ілімін төменнен бастап ұлттық идеологияға сыналап енгізуіміз керек.
Қысқаша айтсам, Абайдың «Толық адам» ілімі дүниенің көрінген сыры мен көрінбеген сырын ашып, оған толық дендей алғанда және оны қазіргі өмірмен байланыстырғанда ғана өз тиімділігін береді. Дүниенің көрінген сыры дегеніміз – материалды сала, бай-қуатты болу, экономикалық өмір. Ал көрінбеген сыры – адамның рухани әлемі, жан дүниесі, ішкі құндылықтары, болмысы, тазалығы, жүрек сыры, санасының тереңдігі, керек болса, моралі. Осы жағына келгенде ақсап жатырмыз. Өйткені бұған дейін Батыстың тек баю деген материалистік ықпалында кеттік. Абайдың «пайда ойлама, ар ойла» деген өсиетін ұстансақ, бұлай болмас еді!
30 жылда халық арасы, адамның қатынасы бүлінді: болмысы, мінез-құлқы, тәрбиесі, психологиясы, тез пайда табу, байлыққа жақындығы, кредитке көзсіз байлануы т.б. Мен Парламентке 4 рет сайланған депутат болған адам ретінде айтсам, өкінішке қарай, егемендік алғалы 30 жыл ішінде Абайдың ой-өркениетін мұқият зерделегенде, баяғыда жүйені басқа арнаға салып, шет ел үстемдігінде кетпес едік. Түбін қазбаласақ, бұл жерде елге мәлім кешірілмейтін қателік көп.
Ұсынысым:
Мемлекетімізде ғалым-жазушы, зиялылардың қатысуымен «Хакім Абайдың «Толық адам» ілімінің жол картасын» жасау керек. Барлық оқу орындарында Абайдың толық адам ілімін жол картасымен оқыту арқылы біз қоғам өмірін ізгілендіре аламыз, өркениетке жаңаша бет бұрамыз.
Ұлт ұстазы, ағартушы, реформатор Ахмет Байтұрсынұлының «Исі қазақ Абайды білуі тиіс» деген сөзін нақты іске асыру қажет. Біздің міндетіміз – Абайдың «толық адам» іліміне терең бойлау.
Абайдың жол картасының аясында:
1. М.Мырзахметовтың көп жыл жасаған «Абайтану әліппесін» мектептерге дәріс ретінде кіргізу керек.
2. «Абайтану» пәнін ЖОО-да оқыту.
3. Абай ілімін қызметкерлерге насихаттау, мекемелерде Абай кабинеттерін ашу қажет.
4. Күнде таңертең денешынықтырудан кейін барлық жұмыс орындарында сағат 9:00 «Абайтану» хабары (пятиминуткасы) болса, радио, ТВ қызмет етсе, мынау отырған орнымыздан Абайға қарай жақындар едік, жұмысқа да кешікпес едік. Абай оқулары халқымызға дендер еді.
5. Абайдың жол картасы аясында оның толық адамы етіп С.Зиманов, Г.Бельгер т.б. ғұламаларды жастарға ұғындыру керек.
6. Осылардың жиынтығы ретінде Қазақстан қоғамын ізгілендіруде «Ұлы Абай ілімінің халықаралық Резиденциясы» атты жобаны қолға алу керек.
Шығыстық мораль философиясына арналған әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, Абайдың дүниетанымын бірге таныстыруды ұштастыра отырып, «Қазақстанды ізгілендірудегі ұлы Абайдың «Толық адам» ілімінің халықаралық резиденциясын ашу» идеясына орай халықаралық конференциялар, форумдар ұйымдастырып, дөңгелек үстелдер өткізген дұрыс. Көп ұзамай-ақ бұл қоғамды ізгілендіру орталығына алыс-жақын шет ел азаматтары да рухани білім орталығы ретінде қатысар еді.
Оразалы СӘБДЕН,
академик,
Мемлекеттік сыйлықтың иегері