«Қазақстан авторлары қоғамында» не болып жатыр?
«Қазақстан авторлары қоғамы» өзі аттас тағы бір қоғаммен соттасып жатыр. Қоғамды жиырма жылдан артық басқарып келе жатқан белгілі жазушы Марал Ысқақбай мұндай түсініксіз жайттың орын алуына тіркеу тәртібінің солқылдақтығы себеп болды деп отыр.

Марал Ысқақбай
Нақтылап айтар болсақ, Қазақстан Композиторлар одағының төрайымы Балнұр Қыдырбек қасына актер Байғали Есенәлиевті қосып алып, 2019 жылдың ақпан айының 27-сінде «Авторлар Кеңесінің отырысы өтті» деген жалған хаттама жасап, оған 15 адамның қолын қойдырып, 27 наурызда Қоғамның кезектен тыс жиналысы өтетінін хабарлаған. Бұны естіген Авторлар Кеңесінің мүшелері дереу жиналып, өз қолдарынан бас тартады, өйткені Б.Есенәлиев олардың әрқайсысына әртүрлі өтірік себептер айтып, қолды сырттай жинаған. Сөйтіп Кеңес мүшелері ол хаттаманы жоққа шығарып, күшін жойған. Әйтсе де, жиналыс өтерден бір күн бұрын Б.Қыдырбек пен М.Ілиясов мәлімдеме әкеп тапсырып, 27 наурыз күні 60-70 адамды жинап алып жиналыс өткізген. Жазушының айтуынша, Қазақстан авторлары қоғамының Жарғысына бұл мүлдем қайшы, заңсыз. Сол жиналыста Балнұр Қыдырбек төрайым болып сайланған. Қоғамда 3500-ге жуық мүше бар екен. Бұл жиналыс заңды болуы үшін кемінде мүшелердің 25 пайызы қатысуы керек еді, кезектен тыс жиналыстың өтетінін авторлардың азғантай шоғыры емес, авторлар кеңесі мақұлдауы және өзі ұйымдастырып өткізуге тиіс.

Балнұр Қыдырбек
Өзінің төрайым болып сайланғаны туралы хаттаманы Балнұр Балғабекқызы Әділет министрлігінің Тіркеу департаментіне апарып, М.Ысқақбайдың орнына тіркетіп алған. Соны пайдаланып, Қазақстан авторлары қоғамының банктегі есеп-шоттарын, телефон нөмерлерін, сайтын жаптырып тастаған, көлігін ЖПҚ (жол патрульдік қызметі) арқылы тартып алдыртқан.
М.Ысқақбай Әділет Министрлігінен мұның мәнісін сұрағанда, «бұл ресми түрде әркім тікелей өзі келіп тіркелетін тәртіп. Егер оған келіспесеңіз, сот арқылы шешуге тиіссіз» деп жазбаша жауап берген.
Осы іс бойынша жуырда Алматы қалалық ауданаралық экономикалық сотының судьясы Г.Н.Қазымбетова №7527-19-002/6827 арнайы шешімін шығарды. Онда 27 наурызда өткен жиналыстың заңсыз екені нақты дәлелдермен анықталып, бұл кезектен тыс жиналыстың ұйымдастырылуы да, өткізілуі де, соның ішінде Б.Қыдырбектің төрайым болып сайлануы да заңсыз деп танылды. Соған қарамастан қарсы тарап әлі де арызданып жатқан көрінеді. Біз газеттің алдағы нөмірінде белгілі жазушы, Қазақстан авторлары қоғамының заңды төрағасы Марал Ысқақбаймен өрбіген, осы жағдай туралы егжей-тегжейлі баяндалған сұхбатымызды жариялайтын боламыз.
ПІКІРЛЕР7