Қазақ философиясының тұғыры
21.11.2019
2043
0

Биыл, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Философия және саясаттану факультетінің құрылғанына 70 жыл толып отыр. Бұл дата университетте 1949 жылы философия және экономика факультетінің ашылуынан басталады. Қазақ даналығында жетпіс жас − кемелденген қазына жас деп саналады. Ендеше, биыл өзінің 85 жылдығын атап өткен Ұлттық университеттің Философия және саясаттану факультеті де жетпіс жылдық тарихи белестен өтіп, бүгінде отандық философия ғылымының дамуына өз үлесін қосқан іргелі ғылыми орталыққа айналды деп сеніммен айта аламыз.

Ойын афористік даналықпен түйін­дей­тін қазақ халқы – философияға бейiм халықтар қатарында. Осы пі­кір шындыққа қаншалықты жақын? Ха­лық­қа даналық атаулы қалай қонады? Біз философиялық тұрғыдан тереңінен толғанатын халық болсақ, оның табиғаты қайда? Міне, осы сұрақтар еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін қарқынды дамуға бет алған қазақ философиясы алдында үнемі қойылып келеді. Бұл мәселенің маңызы келер жылы атап өтілгелі отырған, қазақ даналығының түп атасы Әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен қазақтың ұлы философ ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы  қарсаңында одан әрі арта түсеріне еш күмә­німіз жоқ. ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің №133 жарлығымен күллі түркі жұртының мақтанышы, әлемде екінші ұстаз атанған Әбу Насыр әл-Фараби мен Абайдың мерейтойларын 2020 жылы атап өтуді міндеттеді. Оған дайындалу және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы қаулыға қол қойды.

Әрине, Әл-Фараби мен Абайға арналған жыл барысында, бүкіл қазақ ғылымы, философиясы «бір ауыз сөзбен бітіспесті бітістіретін қазақ сөзінің құдыреті неде?» деген сұраққа жауап іздейтіні анық. Айта кет­сек − бұл сұраққа жауапты біз тарихтан ғана іздемейміз. Біз, халқымыздың  бү­гін­гі философиялық-рухани-мәдени тұл­ға­сы осы сұрақтарға жауап беруге, Әл-Фараби мен Абай даналығын қоры­туға қаншалықты дайын екендігін са­ра­лай отырып қана, осы мәселеге бара ала­ты­нымызды мойындаймыз. Яғни, бұл − қазіргі мемлекетіміз бен қоғамның дамуы қазақ философиясы алдына үлкен жауапкершілікті міндеттер қойып отыр дегенді білдіреді.  Сонымен бірге бұл сын біздің  ойлау мәдениетіміздің деңгейін анықтайтын абыройлы көрсеткіш болады деп санаймыз.

Қазiргi заман түсінігінде − философия дегенiмiз  адамзат болмысының ақыл-ойдағы синтезделген көрiнiсi. Сол себептi де, оны белгiлi бiр «элитарлық» ұлттардың жетiстiгi, әлде, меншiгi деп қарастыруға болмайды. Ақпараттық қатынас дамыған заманда кез-келген даналық ой бүкiл әлемнiң ортақ қазынасына айналады. Бүгінде ой локалды көріністен тоталды көрініске айналған. Бірақ философия  оған дайын күйде тап болған жоқ. Оған жету үшін ол ұзақ эволюциялық жолдан өттi. Осы орайда, Қазақстан философия ілімінің дамуына еліміздегі жеке-дара философия мектебі саналатын − Философия және саясаттану факультетінің алатын орны бір төбе десек қателеспейміз.

Қазақ философиясының ерекшеліктері туралы

Қазақстан тәуелсiздiк алған кезден бастап қазақ философиясы өз тарихын зерттеуге оралды. Өйткенi өз халқыңның даналығының терең қабатын әлемдiк философияны меңгермей, игеру, шынын айтқанда, еш мүмкін емес. Жалпы, біртұтас адамзат баласының ойлау ерекшелiктерiнде бәлендей айырмашылығы жоқ. Мәселе басқада: әрбiр халық белгiлi бiр өмiр сүру тәсiлiн қолданғанда өз дүниетанымында қаншылықты терең пайымдау қалыбына жетуi мүмкiн? Осы тұрғыда, менiңше, бiздiң халықтың даналығы Үйлесiмдiлiк принципiне негiзделген дер едiк. Бел­гілі философ А.Қасымжанов «Дала өрке­ниетi» деген ұғымды философиялық айна­лымға енгiздi. Себебi, номадтар өмiр сүру жағдайына байланысты «кабинеттiк философия» жасаған жоқ. Бiздiң абыздары­мыз философияның емес, өмiрдiң «жалына жармаса» жүрiп, дала философтары − би­ле­рi, жыраулары, серiлерi атанды. Сон­дықтан олардың даналық ойында жасанды конструкциялар кездеспейдi. Олар – импровизаторлар. Импровизаторлар әр­бiр өзгермелi жағдайдың ақиқатын ал­ға тартуға үйренген. Бұндай ойлау жүйесі барлық уақытқа арналған дайын философиялық схемаларды құрудан жеңіл емес. Ең бастысы, біздің абыздарымыздың философиялық конструкциясы ешқашан дала дәстүрiмен қайшылыққа келмейтiн. Олар ашқан ақиқаттан кез-келген көшпен­дi аттап кете алмайтын болған. Олардың философиясының күштiлiгi де сонда!  Де­ген­­мен билер мен жыраулардың ой-толғаулары өмiр мағынасын тұтас бейнелеуге ұмтылса да, ол сонымен қатар, әруақытта эпизодттық, фрагменттiк тұрғыда көрініс тауып отырды. Яғни, қазақтың философиялық ойы теория мен практиканы біріктіруге қабілетті болса да,  философияны таза абстаркциялық ой ретiнде қабылдау үрдiсi қалыптаспады. Мұның қазақы болмыс үшін қажетi де шамалы еді. Ал, керісінше,  «практикалық философияны» түсiну – әрбiр көшпендiнiң өмiр сүру шарты болды. Кез-келген қазақ оны қабылдайды, себебі ондай ой түйіндерінен ол өмірдің бар мағынасын табады. Жоғарыда айтқан «қазақ философияға бейiм халық па?» деген сұрақтың бiр жауабы осыған келiп тiреледi.

Бұл қасиеттер үлгi-өнеге, ауыз әдебиетi, салт-дәстүр, тәрбие т.с.с. құралдармен қоректенiп, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып отырды. Мұндай даналық көшпендiлердi өзге халықтарға сiңiп кетуден қорғаған имунитет болды. Далалық демократияның негізін қалаған жауынгерге тән өр мiнез­дiң қалыптасуына осы дүниетаным зор қызмет атқарды. Бiрақ «өмiр сүру үш­iн» жаратылған философияны, жалпы мағынасында даналықты, ақыл-ойдың синтезделген күйiне келтiруге, яғни, Ежелгi Грек классикалық, Араб өркениетi мен христиандық теологиялық, болмаса, немiс классикалық философиясы қалыпына келтiруге көшпендiлердiң уақыты жетпей қалды. Алып кеңістікте жортып өткен көшпендiлер философиясы сыртқы күштердiң қыспағына көп түсті. Сондықтан да бұл даналық формасы өзiндiк даму логикасын аяқтай алмай қалды. «Сапалық өзгерiстер» сатысына енудiң алғашқы баспалдағына жете бергенде саяси басқын­шы­­лықпен қатар рухани экспансияға ұшырады. Дала философиясының құны төмендеп, біздің абыздарымыз «даналық ой ұшқынының иелерi» атағына ғана ие болып қалды.  Мiне, ендi ғана, бүкiл қазақ даналығын философиялық ой қабаты ретiнде синтездеуге, оған кеш те болса өзiне лайықты мәртебесiн қайтаруға қол жетiп отыр. Мысалы, ежелгi Тоныкөк, Күлтегiн ескерткiштерiнде сырт көзге бәлендей философия жоқ сияқты көрiнедi. Бiрақ онда аз сөзбен көп мағына өрнектелген. Елдiк, мемлекеттiк философия шырқау шегiне көтерiлген. Бұл туралы философ                        Ж. Әбділдин кең-молынан айтады.

Философия факультетінің қысқаша тарихы туралы

Әлемдiк философия – бiртұтас адамзат мәдениетiнiң түрлi-түстi палитрасын құрайтын әлем халықтарының ортақ жемiсi. Кез-келген ұлтты осы мәдениеттен тысқары қалдыруға болмайды. Қазақ халқы да осы қатардан көрінеді. Әрине, өзара айтылатын «қазақтар ерекше философ халық» дегендi «көтерiңкi патриотизм» деп атар едiк. Оның еш зияны жоқ, тiптен, халық рухын көтерерлiктей жағымды құбылыс. Бiрақ біз өзiмiздiң батырлық пен даналыққа толы өткенiмiзбен шамадан тыс тамсанып, тек сонымен өмiр сүрудi алға шығара берсек, онымыз қайраңға апаратын жол болып шығар еді. Бiздiң халқымыздың өзiндiк даму жолы болды, соған сәйкес  ұлттық мiнез, дiл, дәстүр, ойлау ерекшелiгi қалыптасқан. Бiз қазiр адамзат қауымдастығына аморфты тұлға ретiнде емес, өзiн-өзi идентификациялай алатын халық ретiнде енгенiмiздi түйсiнуге тиiстiмiз. Оның барлық алғашарты сақталып қана қоймай, дамыған күйде бүгінге жетті: сауатты халық, дәстүрлi мәдениет, толық таспаланған бай тiл, тұрмысты түзеуге молынан жетерлік табиғи ресурстар, интеграциялануға дайын ғылым және т.т. Бiз осы потенциалды ақылмен қолдана отырып, мемлекетiмiзді серпiндi дамыта алсақ – әлем бiздi шын мәнісінде «философ халық» деп танитыны анық. Ендеше, халқымыздың ой потенциалында жатқан күштi  даналық қабiлетті, яғни, нағыз философ халық екендiгiмiздi дәлелдейтiн шақ ендi туды.  

Жалпы, бiр жағынан, кез-келген фи­лософиялық iлiмді адам баласының ойлау құдіретiнiң көрiнiсi деп санасақ, онда Кұлтегiн-Тоныкөк ескерткiшi Дала даналарының «өздерiне өздерi соғып кеткен» ғажайып ескерткiшi дегенге ан­ық келедi. Оны көрнектi философ Ағын Қасым­жанов өзiнiң «Стеллы Кошо-Цайдама» атты еңбегiнде ерекше пафоспен жазды.

Қазақ философиясы тарихын зерт­те­генде, оны (зерттеушiлердi) шартты түрде протоқазақ философиясын және қазақ философиясын зерттеушiлер деп бөлуге болады. Алғашқылардың қатарына өмiрден мезгiлсiз өткен Мұқанмадияр Орынбековты атамай кетпесе болмайды. Оның «Предфилософия протоказахов» атты шағын еңбегi бiздiң территориямызда мекендеген, қазақтың арғы тегi саналатын iрi тайпалардың өмiрiн саралай отырып, қазақ халқында қалыптасқан дәстүрлi дүниетаным сабақтастығын кәсiби философиялық тұрғыдан талдап бере алды. Ол кiтап осы күнге дейiн өзiнiң методологиялық қызметiн атқарып келедi, әлi де атқара бермек. Сонымен қатар көп жылдар бойы ҚазМҰУ-нiң философия-экономика факультетiнiң деканы болған О.А.Сегiзбаевтың қазақ ағартушылары туралы еңбектерi құндылығын жоймайды. Қазақ философиясы тарихын зерттеуде Қазақ Ғылым академиясы мен әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ ғалымдары  қомақты iстер атқаруда. Солардың арасында, Аманжол Қасабек, Жақыпбек Алтаев, Тұрсын  Ғабитов, Бекет Нұржанов, Гүлжихан Нұрышева, Нағима Байтеноваларды ерекше атауға болады. Бүгінде арамызда факультетте ұзақ жылдар қызмет етіп келе жатқан ф.ғ.д., профессор Хасанов Марат Шаймұратұлы бар. Ол философиялық білім беру, әлеуметтік философия, философия тарихы, әлеуметтік таным теориясы методологиясы бағытында іргелі зерттеулер жүргізуде. Аталған ғалымдарымыздың барлығы да қазақ философиясы тарихын әлемдiк философия тарихымен ұштастыра зерттеп жүр. Қазiр «Мәдени мұра» және басқа бағдарламалар бойынша көптеген тарихи деректер жинақталды. Енді осы материалдардың бәрiн де фило­софиялық тұрғыда сараптама жасау жұмыс­тары күтiп тұр. Ол – науқандық жұмыс емес, көп жылдарға созылатын шара. Сондықтан болашақта, еліміз дамыған сайын − қазақ философиясы тарихын зерттеу қазiргi жастардың төл iсiне айналары сөз­сiз. Философия факультеті де осы сабақтастықты үзiп алмауға барлық күш- жігерін жұмсауда. 

 Әлия МАСАЛИМОВА,

Философия және саясаттану факультетінің

деканы, философия ғылымдарының докторы,

профессор

Әбдірашит БӘКІРҰЛЫ,

Философия кафедрасының аға оқытушысы

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір