Білімнің алтын тұғыры
28.04.2025
61
0

Кітап — адамзат баласының сан ғасырлық ақыл-ойының, оқу арқылы жетілуінің, кемелденуінің арқасында қол жеткен дамылсыз даму үрдісінің жемісі, өткен тарихы мен өмірлік тағылым-танымының алтын сандығы.

Ғабит Мүсірепов: «Кітап дегеніміз — алдыңғы ұрпақтың кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік» — деуі осыдан. Бүгінде интернетті игеріп, компьютерді шемішкеше шақпа­саң, қоғам дамуында бір саты арттамын деп есептеңіз. Өйткені қазір кітаптан ғаламтор озған кезең. Десек те, әр дәуірді жырлап келе жатқан кітап ешуақытта өз құндылығын жоймайды. Осы орайда оқитын, оқығанын көңіліне тоқитын ұрпақ қалыптастыру – кез келген қоғамның алдында тұрған басты міндет болса керек. Елімізде де кітапқа құштар жастарды тәрбиелеу мақсатында түрлі бағдарламалар қолға алынды. Мәселен, Меркі ауданында 3 наурыз күні «Әулие ата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында «Оқысаң, озарсың!» зияткерлік ойын байқауы өткізілді. Аудан әкімдігінің Ішкі саясат бөліміне қарасты «Жастар ресурстық орталығы» мен М.Мәметова атындағы №13 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері және мектеп кітапханашысы Әлия Бейсенқұлованың бірлесе ұйымдастыруымен өткен бұл байқаудың мақсаты – оқушылардың шығармашылық қабілеттерін танытуға қолдау көрсету, рухани дүниетанымның дамуына жол ашу.
Сөзден өрнек құрып, кестеленген дүниені санада сәулелендіру, ешбір қимылсыз-ақ сізге мұң мен шаттық сыйлау келсе тек кітаптың қолынан келмек. Бұл байқауда 5 оқушыдан құралған төрт топ қатысып, бақтарын сынады. Бірінен-бірі оза шапқан топтардың қай-қайсысы да әдеби шығармаларды жетік меңгерген, дайындығы жоғары. Осындай білім мен ғылымға құштар жастар елдің жарқын болашағына деген сенім ұялатары анық. Кіл мықтының арасынан шын мықтыны анықтау оғайға соқпады. Десек те, білім додасында білімімен көш ілгері оза шапқан «Алтын тұғыр» тобы жеңіске жетті. Ал қатысқан барлық команда бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Кітап – адамзат баласының адам болып қала беруі үшін рухани азықтандырып отыратын ұлы тәрбиеші. Кітап болмаса бүгінгі өмірімізді көзге елестету қиын. Әдебиет – қатайған жүректі жібітіп, қарайған көз жанарын жасқа малып, ерік-жігеріңді сілкіп, рухыңды оятпаса, ақылыңа ақыл, сабырыңа сабыр, мінезіңе мінез қоспаса, ой-танымыңды кеңейтпесе әдебиет пе өзі?.. Түрлі кейіптегі әдеби бейненің тағдырынан мейірім, махаббатын көріп, тамсанып, жан тазалығын көріп өз хал-жапсарыңа үңілмесең, онда уақыттың зая кеткені деп білемін. Түбі кез келген көркем шығарма өз жаныңа үңілдіріп, өзіңе талдау жасайтындай қозғау салуы керек. Бұл тұрғыда, әлем әдебиеті де, қазақ әдебиеті де ғаламатқа толы.

Ақгүлім Ерболқызы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір