Зейнетке тоқсан жаста шығайық!..
21.11.2019
1341
0

Әдебиеттанушы-ғалым, қолынан қаламын түсірмеген, әр жылдары әдеби ой-толғамдарымен руханият әлемін сілкіндіріп, ұлт мәдениетін мәйектендіруде күш-жігерін аямаған Шериаздан Елеукенов ағамыз жуырда ғана 90 жасқа келді. «Мен осы жасқа келгенде, ел қайда қарап отыр?» деп дабырлатқанын естімедік. Сөйтсек, ақсақалдықты абыздыққа айырбастауды парыз деп санапты. Той тойлауды ұнатпайтынын айтады. Апта басында редакциямызға шағын толғамын әкеліпті. «Әдемі қартая білу – өнер» екенін осы ағалардан ұққандаймыз. Сыршылдығы мен шыншылдығы барша жұртқа мәлім ғалымды мерейлі жасымен Жазушылар одағының Төрағасы арнайы құттықтады.!  


Шериаздан Елеукенов

***

Ұлы Абай «Қартайдық, қай­ғы ойладық, ұйқы сергек» деп басталатын өлеңін 1886 жылы, қазіргі ВОЗ анықтамасы (Все­мирная Организация Здравох­ра­нения) бойынша сол кезде ор­та жас саналатын 41 жасында  жазған.

Орта жас көрсеткіші Абай өмір сүрген дәуірден бермен анағұрлым ұзарды.

Өткен ғасырдың елуінші жыл­­да­рының соңы. Алматыдағы С.М.Киров  атындағы Қазақ мем­лекеттік университетінің Журналистика факультетінде оқи бастаған кезім. Атақ-даңқы аспандап тұрған жазушы Сәбит Мұқановтың туғанына елу жыл толуын бүкіл ел-жұрт боп тойлауға кіріскен шақ. Ақ дастарханның жайылуы өз алдына, «Сәбең оқу­шы қауыммен кездесулерін жиілетті» деп естиміз. Бір күні «Сәбит Мұқанов Алматының Никольский базарының қарсы бетіндегі КазГУ жатақханасы клу­бында студенттермен жүздеседі» деген хабар  алдық. Әжептәуір кең клуб  іші жиналған жастарға лық толды.

Сәбең жарықтық әңгімеге су жорға еді ғой. Нешеме қилы қызық жайларды шертіп тұрып, бір мезетте:

– Әй, бозбалалар! – деді, – сендер мені жасы  елудегі дәнекүс шал санайсыңдар, ә! Қатты қателесесіңдер! Шүкірлік, бес қар­уым бойымда. Сенбесеңдер, кәні, «ең мықтымын» дегенің бермен кел, белдесіп көрелік. Сөйтті де, мінбенің қасына шығып, ақ жі­бек бешпентінің екі жеңін түре бастады. Шымыр, сом денелі Сәбеңді Мұхтар Әуезов Балуан Шолақ деп атайтын.

Студенттер жамырай күлісіп, алақанымыз қызарғанша қол соқтық.

Уақыт оза  елуің тұрсын, ал­пыс, жетпісіңнің өзі орта жас­қа айналды. Өз басым 71-дің табалдырығын аттағанымда мерейтойыма жиналған жұртқа шын жүректен алғысымды айта келе, мені қарт атандыратын уа­қыт әлі алыс екенін былайша аңдаттым:

– «Жетпіс – «жеті» және «піс» деген екі сөзден тұрады. «Жеттің», «Пістің» деген сөз».

Кейін жетпісінің мерейтойын Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік драма-театрында тойлау үстінде атақты жазушы Шерхан Мұртаза қорытынды сөзін: – Шериаздан Елеукенов айтқандай, жетпіске келіп жетіп, пісіп тұрмыз! – деп бастады.

Уақыт дегенің ағын су ғой. Біраз жылдан соң сексеннің сең­гірі көзіме шалына бастады.   Бұл жас суық қабақ көрінгенімен, ой-бойыңды жұтатуға қатерлі ем­ес екенін сол кезде  сексен жас­ты қусыра бастаған Әзекеңнің, майдангер жазушы Әзілхан Нұршайықов ағамыздың көңілі көтеріңкі күйінен, қаламының қарқыны үдей түспесе, басыл­ма­ғанынан байқаймын. Қателеспе­генімді мына бір оқиға тіптен растай түсті.

Әзекең екеуміз таңсәріде Алматыдағы «Динамо» стадио­нының айналма алаңына сейіл­деуге шығатынбыз.

Стадионға анда-санда жасы отыздарды орталаған бет әлпеті келісті, «басасың  аяғыңды ыр­ғаң-ырғаң» дегендей, жорға жү­рісі өзіне жарасымды, бір қа­зақ әйелі   келіп-ке­тіп жүреді. «Өзі – медицина ғылымдарының докторы» деп естиміз. Әзекең ақын да еді ғой. Сол доктор әйелге арнап бір ауыз өлең шығарды. Өлеңінде әзілден бөлек, шынайылық, жастыққа тән ой ұшқыны да өрілген. Қазір ойласам, өзін қарттыққа жеңдірмеген, адами қасиетінен айнымаған асыл сүйектердің сапынан екен ғой…

Жылдар зулап өтіп, мен сек­сен тұрсын, тоқсанның табал­дыр­ығын аттадым. Әттеген-айы, сол тоқсанмен көңілім бірден жараспағаны. Құрғыр, өзі ұрын­шақ, ұр-тоқпақ па деймін, тосыннан тосаң құлақ етті.

Әнеу бір күні бір жиналыста қа­сымда отырған бұрымды құлағыма бірдеңе деп сыбырлап еді, түк естісем бұйырмасын. Бұрымдының жүрекке жылы тиетін лебізін ести алмағаннан артық қандай қорлық болуы мүм­кін?!. Құлағымды тосаң қылған тоқсанды тойлаудан бас тартқаным – сол себепті.

Көңіл шіркінің құлази береді. Сөйтіп ұнжырғам  түсіп,  уайым жеп жүргенімде  газеттен бір хабар оқиын. Малайзияның премьер-министрі Махатхирдың жасы биыл тоқсан үште екен. Сол кісі жуықта сапарға шығып     Лондонда жерлестерімен кездеседі. Әзілқой кісі болса керек. Отандастарына: «Малайзияда зейнеткерлік қазір­гі­дей алпыс жас емес, енді бұдан былай 95 жас болады», – деп қалжыңдапты.

«Ау, тоқсан бесіңді былай  қойғанда, тоқсанның үшеуіндегі Махаткир тұтастай бір елдің тіз­гінін ұстап басқарып жүр ғой. Соншама неге налисың?» – дей­мін өзіме өзім. «Бастан құлақ са­даға», Иншалла, қаламым қолым­нан түспесін. Жыр алыбы Жәкең, Жамбыл Жабаев атамыз айтқандай, «Жасарып, қайта туып алдым бекіп!..»

11 қазан 2019 ж.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір