Өлең өлкесіне жолдама берген «Қазақ әдебиеті» еді
19.11.2019
958
0

Мен онда жиырма жаста едім. Ақын ағам Ғафу Қайырбековтың алғысөзімен «Қазақ әдебиетінің» жаңажылдық бірінші санына топтама өлеңдерім жарияланды.

«Жасыл шырша түбінен жүгіре шыққан қояндай өлеңнің аппақ даласына тағы бір талант иесі аяқ басты», – деп басталған бата-тілек әлі күнге дейін көз алдымда тұр. Институт бітіріп, тағдыр жазып сол газетке әдеби қызметке келдім. Редактор Нығмет Ғабдуллин – өте мәдениетті адам еді. Бөлім бастығы Ізтай Мәмбетов ағамыз көп сөзге жоқ кісі екен. Жұмысқа түс ауа бір соғып кетеді. «Мына хаттарға жауап жаза бер» деген бір ауыз ғана сөз айтып, бір буда хатты менің үстеліме үйе салып, «жыр оқып, көңіл көтеруге» кетіп қалатын. «Ол ақынға кеңседе отырып қызмет ету қиын, еркін шығармашылыққа бет алды», – деп, орнына Сәкен Жүнісов келді. «Ақан сері» романын бітірген Сәкен серінің адамды көзіне ілмейтін өр кеуде кезі еді ғой. Кезекші болған күні газет қатесін іздеуге мені жұмсайтын. Ол кезде қолмен теретін мақаладан қате іздеу үшін күні-түні жүретінбіз. Партия съезінің қорытындысымен сол кезгі «көсемдер» сөзінен қате жіберу – ең үлкен жазаға тең. Сәкен газет қатесін іздеп отыруға құлықсыз болды. Бір күні маған дауысын көтеріңкіреп, «Қате жоқ па, дұрыс оқыдың ба? Мен қол қоя келдім», – десін.

 – Жауапты адам деген жерге мен емес, өзің қой. Сенбесең, қайта оқып шық, – дедім.

– Әй, менімен сенің әкеңдей кісілер бұлай сөйлеспейді, кімсің өзің? – дейді Сәкең.

– Ал менің әкемнің сендей кісімен сөйлескісі келетінін қай­дан білдің?! – деймін мен.

– Өзің титімдей болып сөзге пәлесің ғой, – деп күліп жіберді.

 Ақжарқын мінезді аңқылдақ азаматпен замандас, сыйлас, қызметтес болып біраз жүрдік.

 Сүйікті газетімнен есейдім, өстім. Ендігі сатым «Жұлдыз» журналының поэзия бөліміне ауысу болды. «Уақытша» Мұқағали Мақатаев ағамның орнына барып отырдым. Әр санын асыға күтіп жүретін өмірлік досым болған сүйікті газетімді мерейлі жасымен құттықтаймын!

 Ақұштап Бақтыгереева,

Мемлекеттік сыйлықтың иегері,

Орал қаласы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір