Непал жазушысы: Алғашқы өлеңім 13 жасымда жарық көрді
18.11.2019
1232
0

Абхи Субеди – 1945 жылы 30 маусымда дүниеге келген непалдық қаламгер, драматург, сыншы әрі ғалым. Шығарма­ларын непал және ағылшын тілдерінде жазады. Одан бөлек үнді, француз, бенгал тілдерін де меңгерген. 29 кітабы жарық көрген. Оңтүстік Азиядағы ең үлкен әдеби ұйым тағайын­дайтын SAARC әдеби сыйлығы­ның иегері. Сонымен қатар Непалдағы ең жоғары әдеби марапаттардың бірі – Юг Кави Сидхичаран сыйлығын алған. Оқырмандарға қаламгермен болған сұхбатты ұсынамыз.

– Абхи мырза, Қазақстан астанасы Нұр-Сұлтанға келіп, Азия қаламгерлерінің І форумына қатыстыңыз. Қандай әсер алдыңыз, нендей ой түйдіңіз?

– Маған Нұр-Сұлтанда өткен Азия қаламгерлерінің І форумы қатты ұнады. «Бұл шараның мақсаты – ақын-жазушылардың басын қосып, олардың танысып-білісуіне, сұхбаттасып, пікір алмасуына мүмкіндік беру» деп хабарланған. Ұйымдастырушылар бұған қол жеткізді. Сондай-ақ, мінбеде қаламгерлер әрқилы тақырыптарда көзқарасын айтып, Азияны зерттеуге, жаңа қырынан тануға жол ашты. Әсіресе, Қазақстан Президенті өте маңызды баяндама жасап, өзекті мәселелер көтерді. Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынғандай, «Азия алыбы» сыйлығы тағайындалатын болса, дарынды ақын-жазушылар кеңінен танылып, туындылары туған елінен бөлек өзге мемлекеттердегі әдебиетсүйер қауымға да жол тартар еді. Нобель сыйлығы секілді «Азия алыбы да» қаламгерлердің абырой-беделін көтерер еді.

Бұл – менің Қазақстанға алғашқы келуім. Нұр-Сұлтанда ой-танымы әртүрлі шығармашылық иелерімен кездесіп, сан алуан мәселе төңірегінде әңгіме өрбіткеніме қуанамын. Бұл – мен секілді әдебиет әрі ғылым адамы үшін керемет дүние. Меніңше, енді азиялық ақын-жазушылар араласып қана қоймай, ғаламтордан немесе кітаптардан бір-бірінің шығармаларын еркін оқиды.

 Өз еліңізде Азия қаламгерлерінің форумын өткізу жайлы мәселе көтеруге қалай қарайсыз?

– Мұндай кең ауқымдағы форумды ұйымдастырмаса да, Непалда жекелеген әдеби ұйымдар мен бірлестіктер әдеби жиындарды жиі өткізіп тұрады. Үкімет еліміздегі академияларды қаржыландырып, Азия жазушыларының кездесуін ұйымдас­тыруды жүктеген кездер есімде. Бірақ аясы шектеулі болғандықтан, әдеби форумға санаулы ғана мемлекеттердің қаламгерлері шақырылып, аймақтық деңгейде өтті.

 – Қазақстанның Елордасына келіп, үлкен әдеби шараның қонағы болдыңыз. Қазақ әдебиеті туралы не білесіз?

– Өкінішке қарай, форумнан бұрын қазақтың сөз өнері жайлы ештеңе білмей­тінмін. Ғаламтордан оқыған аз-кем мәлі­метті есептемесек, қазір де білетінім шамалы. Егер мүмкіндігің болса, қазақ қалам­герлерінің менің екінші тілім – ағыл­шыншаға (мен ағылшын тілі саласының профессорымын) аударылған кітаптарын жіберуіңді өтінемін. Французшаға тәржіма­ланған шығармалар болса да, оқи аламын. Бірақ ағылшыншасы дұрысырақ. (Менің мекен-жайым: P.O. Box 2371 GPO, Катманду, Непал.)

 – Қазақ оқырмандары Непал әдебиетінің өткенінен де, бүгінінен де бейхабар. Непалдық ақын-жазушылардың арасынан мықты деп кімдерді атар едіңіз?

– Бұл енді түсінікті жағдай. ХХ ғасырда Непалдан шыққан кей мықты қаламгерлер 1958 жылы қазанда Ташкентте өткен әдеби конференцияға барған. Онда Лакшми Прасад Девкота деген ақынымыз атақты баяндамасын жасаған. Сол басқосуда непалдық авторлар қазақ ақын-жазушыларымен кездескеніне мен сенімдімін. Қолымда сурет, не болмаса, одан басқа да дәлел жоқ. Бірақ екі елдің қаламгерлері сол жолы тіл қатысып, пікір алмасқаны шүбәсіз. Бұл – халықтарымыздың тарихын, әдебиетін жақындататын нәрсе.

– Жоғарыда ағылшынша немесе французша кітап жіберуімді сұрағаныңызға қарағанда, бірнеше тілді меңгерген секілдісіз…

– Шығармаларымды ана тілім – непалише және ағылшынша жазам. Сонымен қатар үнді тілін өте жақсы білемін. Бұлардан бөлек аздап бенгалшаны және французшаны меңгергенмін. Бұл тілдерді түсінемін, оқи аламын және кішкене сөйлей де аламын. Бірақ, меніңше, француздар тым жылдам сөйлейді. Непалдағы ұлыстар біздің елімізде және Үндістанның солтүстігінде әлі күнге дейін қолданатын үш тілді білетінімді де айта кетейін. Менің ойымша, неғұрлым көп тілді білсең, соғұрлым таным көкжиегің кең, ойлау қабілетің терең болады. Жалпы, тіл меңгеруге бейіммін. Жаңа тілдерді тез үйренемін. Бірақ күнделікті өмірде пайдаланбасам, тез ұмытып қаламын. Бұл – табиғи нәрсе шығар.

– Өмірбаяныңыздан сыр шертсеңіз.

 – Мен Непалдың шығыс бөлігінде туып-өстім. Өмір тарихымды білсе, кей кісілер шошуы да мүмкін. Әкем 46 жасында небәрі 10 жастағы анама үйленген. Өйткені үкіметтің өлкеміздегі ресми өкілі, яғни басшысы болған әкем анамның төркінімен, аймақтың сол кездегі беделді кісілерімен байланыс орнатуды мақсат етіпті.

Мен әкемнің 21-ші, ал шешемнің 7-ші баласымын. Анам білім алуы үшін әкем үйде жеке мұғалім ұстап, оған непалиден бөлек, санскрит, бенгал тілдерін үйретіпті. Шешем менің ғылым-білім және шығармашылық жолына түсуіме себепкер болып, әрдайым жігерлендіріп отыратын. Менің ұстазым – анам. Маған талай өлең де оқып беретін.

Ол 15 жыл бұрын қайтыс болды. Ал тым кішкентай кезімде көз жұмған әкем жайлы ештеңе есімде жоқ. Мен жоғары білімді Непалда және Ұлыбританияда, атап айтқанда, Шотландиядағы Единбург университетінде алдым. Қазір Непалдағы ең көне әрі ең үлкен университеттің зейнеттегі профессорымын. Бірақ әлі күнге дейін ағылшын әдебиеті, мәдениеттану, өнертану салаларында магистранттар мен докторанттарға жетекшілік етемін.

– Тырнақалды туындыңызды қашан жаздыңыз?

– 11 жасымда жазған алғашқы өлеңім 13 жасымда әдеби журналда жарияланғанда, төбем көкке екі-ақ елі жетпей қуанғаным есімде.

– Осы уақытқа дейін 29 кітабыңыз жарық көріпті. Қай жанрларда қалам тербедіңіз?

– Непалише және ағылшынша бірнеше жыр жинағымды шығардым. Әдеби сын жанрында да қалам тербеп, зерттеу жүргіздім. Сондай-ақ талай жылымды театр өнеріне арнап, көптеген пьеса жаздым. Пьесаларым Непал, Үндістан, Бангладеш, Дания, Ресей театрларында қойылды.

– Ағылшын тілінде өлең жазатыныңызға таңғалып отырмын. Қиын емес пе?

– Ағылшынша жазуды өткен ғасырдың 60-жылдарында бастадым. Ана тіліңе қарағанда ағылшын тілінде жазу анағұрлым қиын екені рас. Бірақ, жоғарыда айтқанымдай, ағылшын тілі менің екінші тіліме айналып кетті де, қазір еш қиналмаймын.

– 2010 жылы SAARC әдеби сыйлығын алдыңыз. Мұндай марапат қай кітабыңыз үшін берілді?

– «SAARC» – Оңтүстік Азиядағы ең үлкен әдеби ұйым. Маған «SAARC» сый­лығы жалпы шығармашылығым мен халық­аралық әдеби байланыстарды нығай­туға қосқан үлесім үшін берілді.

– Юг Кави Сидхичаран сыйлығының да иегері екенсіз…

– Бұл – Непалдың ең танымал әрі көрнекті қаламгерлерінің бірі Сидхичаран Шрестха атындағы сыйлық. 1912-1992 жылдар өмір сүрген оған біздің халық «Юг кави» немесе «Жаңа заман ақыны» деген атақ берген. Юг Кави Сидхичаран сыйлығы – Непалдағы ең жоғары әдеби марапаттардың қатарында.

– Қай қаламгерлерді сүйіп оқисыз?

– Өте көп. Менің сүйікті ақын-жазу­­шыларымның арасында азиялық, еуро­палық, америкалық, африкалық та авторлар бар. Толығырақ келесі жолы айтармын.

– Непалдан шыққан басқа қаламгерлер­мен араласып тұрасыз ба? Олар не жазып жүр?

– Иә, мен Непалдың өзге ақын-жазушы­ларымен өте тығыз қарым-қатынастамын. Олардың туындылары жайлы зерттеу мақа­лалар жазып, өлеңдерін ағылшыншаға аудардым. Біразымен қызметтес, әріптес те болдым. Непалдық қаламгерлер қазір жастардың сұранысына сай көбіне өлең және фикшн, фантастика жанрларында жазады.

– Ақынсыз, жазушысыз, аудармашысыз, драматургсыз. Ғалымдығыңыз бен сыншылығыңыз да бар. Бірнеше салада қалам тербеуге қалай уақыт таптыңыз?

– Өзіңе талап қойсаң, бәріне үлгересің. Тіпті, бұл сенің дағдыңа, өмір салтыңа айналып кетеді. Істеп жүрген жұмысыңнан, шығармашылықпен айналысудан рахаттанатын, жігер алатын деңгейге жетесің.

– Оқырмандарымыз непалдық қалам­гер­дің ақ тілегін оқыса, риза болып қалар еді…

– Мен қазақ оқырмандарымен кездесіп, кофе ішіп отырып, өмір мен әдебиет жайында әңгімелескім келеді. Олардан жаңашыл болып, жаңаша ойлап, өнімді жұмыс істеуін өтінемін. Өмір мен өнерді сүйіңіздер. Мәде­ниеті де, жері де бай елде өмір сүресіз­дер және азиялық қаламгерлермен байланыс орнатқыларыңыз келеді екен. Сәттілік тілеймін!

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Алпамыс ФАЙЗОЛЛА

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір