ҚҰБЫЛЫС ЖАСАЙ АЛМАСАҚ ТА, РУХАНИЯТ МІНБЕРІН ТАР КЕЗЕҢДЕ САҚТАП ҚАЛДЫҚ
18.11.2019
1640
0

1994 жыл. Алматыда докторантурада жүрмін. Күнім кітапханада өтеді. Докторлық диссертация жазудамын. «Қазақ әдебиеті» газетіне қызметке шақырылдым. Бардым. Бір мезгіл ғана қызмет етем. Бір кабинетте Иран-Ғайып, Исраил Сапарбай үшеуміз. Редакцияда күй жоқ. Үшеуміз үш бөлімнің иесіміз. Поэзия. Әлеумет. Сын.

Құлбек Ергөбек

Өлеусіреген өтпелі кезең. Сол өтпелі кезеңде өкімет: «Өз күніңді өзің көр!» – деп жалт бергені. «Қазақ әдебиеті» газетінің бетінде «Өз күнімді өзім көрер болсам, Сенің керегің не маған?» деп өлең жазып, Иран-Ғайып ашынып отырды. Бас редактор Ахат Жақсыбаев именбей жариялады. Бұл сол кездегі саясиланған өлең сөздің шырқап шыққан биігі! «Түркістан» газетіне жазған бір мақаламда «Алдымен ант бергеніміз, соңынан жалт бергеніміз қай сасқанымыз?» – деп сөйлеуге тура келді. Бірақ бұқара халықпен санасып жатқан билік жоқ!

Жазушылар одағынынан жағдай кеткен. «Қазақ әдебиеті» қиналып шығады. Шерхан Мұртаза басқарған кездегі қарқын да, таралым да құрдымға кеткен. Шықпа, жаным, шықпа!

Сын бөліміндемін. Жазылып жарық көріп жатқан жаңа шығарма жоқтың қасы. Жазушыларда жаңа шығарма жаза қоярлық көңіл күй жоқ. «Байтал түгілі бас қайғы…». Ілуде бір шығарма туа қалса, онда көңіл күй көрінбейді. Шалажансар шығарманы сынауға дәтің бармайды. Арық атқа қамшы ауыр… Жазушыларды аяйсың. Сын жазуға да көңіл күй керек. Мәселенің ол жағы да бар. Деген мен әдеби сын әлеуметтік сипат алып жазыла бастады-ау.

Өз басым газетте жүріп «Құрдастарыма хат» аталатын жаңа кітабымнан цикл бастадым. Кітаптың мақсаты – қазақ қоғамы үшін өтпелі кезеңде қаламгер қауымы не тындыра алады? Әдебиеттің қазақ қоғамындағы орны қандай? Тағдыры тар кезеңге тап келген жазушылық бір буын (құрдастарым) не тындырса керек? Жобамен осындай сұрақтарға жауап іздеп бастадым кітабымды. «Құрдастарыма хат» журналистикаға бойын алдырмаған таза жазушы Жұмабай Шаштайұлының «Қызыл қар» – аталатын шығармасын талдаудан басталады. «Қызыл қар» алдында ғана Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаевтың Баяндамасында сыналған шығарма. Нақақ сыналған. Жұмабайдың шығармасын биліктің әділетсіз сынынан арашалай отырып, Тәуелсіз кезеңнің билігі жазушыны қадірлесе, қаламгер айтқан сынға төзімді болсақ дегенге саяды. Жазушы дүниетанымы, шығарма көркемдігі жайында айту, әрине, басты міндет. Айта алдық па, жоқ па? Қоғам біздің сынымызды қалай қабылдады? Хабарым жоқ. Редакция табалдырығында отырып бастаған «Құрдастарыма хат» әлі жалғасып жазылып келеді, жазылып келеді. Кейіпкерлерімнің біразы бақилыққа көшіп алды… О, Алла, ажалға сабыр бер!

«Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет істейтін жігіттер, қыздар газеттің дәуірлеген кездегі дүрілін аңсаймыз. Бір кезгі даңқын аңсап сарыламыз. Даңқ қазақ газеттеріне қайырылмай біржолата ізім-қайым жоғалған . Оқырман көңілі базарға ауып кеткен. Жабайы сауда соңында сабылған жұрт. Ала қап арқалаған жандардың арасында білдей профессорлар да жүр. Профессор-таксистің көлігіне де аяқ артқанымыз бар. Оқырман жоқ. Оқырман болмаса, таралым қайдан болады? Газеттің бір құлдыраған шағы.

«Алдымен экономика…». Экономикаға да араласамыз. Журналист емеспіз бе? Статистикаға зер саламыз. Билігі бар, билік жағалаған ғалымы бар, бүгінгі экономиканы соғыс жылдарындағы экономикамен салыстырып ит әуреге түсіп жатқаны… Прихва­тизацияға айналып приватизация да жетті… Соғыс жылдарында бас қанішер И.В.Сталин тепкісінен ел ауып, жер ауып ығып келген шешен, қарашай, құмықты қоржын тамының бір бөлмесіне сыйғызып, бір таба нанды екіге бөліп жеп күнін көрген қазақтан да қайыр кеткен. Бірге туған бауырына қарайласуға шамасы жоқ… «Ашыққан ағайынға балық берме, қармақ бер…». Бұл – биліктің философиясы. Балық дейміз-ау, қармақ қайда әуелі? Қармақ болмаса, балық қайдан болады?

Басшымыз Ахат Жақсыбаев – жақсы азамат, жұмсақ редактор бірақ. (Ол кезде бас редактор ұғымы жоқ.) Орынбасары – «ащы сөйлесек» деп жүретін жігерлі жас жазушы Жүсіпбек Қорғасбек. Миына социализмнің «цензурасы» кіріп кеткен жазушы ағайын қаттырақ сөйлеуге сірә да бармайды. Тым ащы айтқымыз келсе, «Қазақстан» телерадиокорпорациясына барамыз. Әйтпесе, таралымы мемлекеттің мойнында болатын, мемлекеттің күллі күнәсін – кірін арқалаумен келе жатқан «Социалистік Қазақстан» газетіне жазамыз. «Социалистік Қазақстан» газетінде отырған сыншы Әмірхан Меңдекеге «Қазақты сақтаймыз десек, ауылды сақтайық» аталатын ащы мақала апарып бердім. «Елге ел қосылса – құт!» – деп ұрандатып жатқан кез. Ираннан, Ауғаннан, Моңғолиядан, іргедегі Өзбекстаннан бір кезде тарихтың тар соқпағымен бас сауғалап кеткен ағайын қайтып оралып келіп жатыр. Оларға жағдай жасауға облыс әкімдері енжар. Тарыққан бір қазақ: ««Ел» деп келіп едім, елім қамқорлық жасай алмады. Қатынымның бірін базарға алып шығам ба? Қайтемін?..» – десе керек қиналып. Дереу теледидардан сөйледім. «Қанды қырғын соғысы жылдары ауып келген нәсілі басқа ұлтқа да қамқорлық жасаған қазақ емес пе едік? Өз қандастырымызға көмек бермей бізге не болды?» Сөзім теледидардан қырқылып шығып, қиындау мағына алып кетпесін бе?! «Мәселе әйелін сатуда емес, мәселе халықтың қиналысында ғой…» Мені редактордың орынбасары Жүсіпбек Қорғасбеков жұбатады. Жұбата жүріп: «Өстіп жүріп саясаткер болып та кетуіңіз бек мүмкін», – деп сөзіне қалжың араластырады… Сөйтіп сырттан келген қандастарымызға жаным ашимын деп жаза басып та қала жаздадым «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет істеген жылдары.

8 наурыз қарсаңында «Жазушы жар көзімен…» деген айдар тауып ақын-жазушылардың жарына сөз бердім. М.Әлімбайұлы, С.Қирабайұлы, М.Мағауин, Ө.Нұрғалиевтердің жары «Қазақ әдебиеті» газетінің бетінде сөз алды.

Газеттің шыға бастағанына 70 жыл. Архивтен теріп, өзде­ріне жолыға жүріп газет­тің әр жылдардағы редакторла­рын сөйлеттік газет бетінде. Ә.Тәжі­байұлы, С.Мәуленов, Ж.Ысма­ғұлов, Н.Ғабдуллиндердің материалдарын ұйымдастырғаным есте. Әбекең «жылымықты» пайдаланып атылып құдыққа тасталған Шәкәрімнің өлеңдер топтамасын бір бет етіп жариялап жіберіп, редакторлықтан қалай қуылғанын әңгімелеп беріп еді. Сырағаң Алашорданың жұртта қалған жетім жоқтаушысы – профессор Бейсембай Кенжебайұлының Смағұл Садуақасов туралы «Өтелмек парыз» аталатын мақаласын жариялап жіберіп, өзі, орынбасары Жұбан Молдағалиев, жауапты хатшы Төкен Абдрахмановтың қызметтен әп сәтте қуылғанын сыр қылып шертті. Жұмекең қытымыр кезеңде профессор Бейсембай Кенжебайұлының «Қазақ әдебиетінің тарихы қайдан басталады?» аталатын мақаласын жариялап, басының дауға қалғанын айтты. Нықаң Бауыржан Момышұлының редакцияға ашуға булығып түйіліп келіп, қалай жазылып қайтқаны жайында әңгімеледі.

Сөйтіп «шықпа, жаным, шықпалап» газет шығардық. Құбылыс жасай алмадық. Дегенмен аш газетті, ұлттық руханият мінберін тар кезеңде сақтап қала алдық. Сол дәтке – қуат!

Құлбек ЕРГӨБЕК, әдебиеттанушы, ғалым

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір