ҚАЛАМГЕРЛЕР ҚИЫН КЕЗЕҢДЕ ХАЛЫҚПЕН БІРГЕ
16.04.2024
311
0

9 сәуір күні Қазақстан Жазушылар одағында Басқарма хатшылығының жиыны болып өтті. Жиында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың су тасқыны салдарынан қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты қабылдаған Үндеуіне орай Қазақстан Жазушылар одағының еліміздегі барлық шығармашылық одаққа арналған Үндеуін қабылдау мәселесі қаралды.

Мәжілісті ашып, жүргізіп отырған Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкенов алдымен еліміздің 10 өңірінде қарғын судың салдарынан қалыптасқан күрделі жағдайды айта келіп, жұртшылықтың табиғат апатымен күресте көрсеткен қажырлы қайратына, бірлігіне ерекше тоқталып өтті.
– Бұл үрдістен біздің қаламгерлеріміз де шет қалмай келеді, – деді төраға өз сөзінде. – Жер-жердегі одақ филиалдарының мүшелері апаттың алдын алуға өз үлесін қосуда. Күні кеше қарымды қаламгер, саңлақ сазгер Ілия Жақановтың Жайық жағасындағы тасқынмен арпалысып жүргенін жұртшылық түгел көрді. Светқали Нұржанның да еріктілердің қатарынан табылғанын естіп-біліп отырмыз. Өзге ақын-жазушыларымыз да рухты жырларымен, нақтылы іс-әрекеттерімен қиналған халыққа демеу болуда.
Бұл күндері қоғамда осы апат үшін тек билікті кіналау белең алып тұр. Әрине, олардың жіберген олқылығы бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Алайда аса дамыған АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Чехия, Франция, Жапония сияқты мемлекеттердің өзі су тасқынының азабын тартып жатқанда, біздің билік неге апат­тың алдын-ала қоймады деу, жұмсарта айтқанда артықтау ма деймін.
Осы табиғи апатқа байланысты ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың су тасқыны салдарынан қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты Үндеу жариялағанын білесіздер. Өз кезегінде Қазақстан Жазушылар одағы мемлекет басшысының Үндеуіне толық қолдау білдіре отырып, қаламгер қауымның атынан еліміздегі барлық шығармашылық одаққа Үндеу жариялауды жөн деп білдік. Сіздерден осы бастамаға қолдау көрсетіп, ой-пікірлеріңізді ортаға салуды сұраймын.
Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары Ғалым Қалибек жиылған жұртшылықты Үндеудің мәтінімен таныстырғаннан кейін, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасарлары мен хатшылары мәселеге қатысты пікірімен бөлісіп, ұсынысын ортаға салды.
– Биылғы көктем алабөтен болды, – деді төрағаның орынбасары, ақын Бауыржан Жақып. – Қар мөлшерден тыс көп жауғандықтан шығар, еліміздің он аймағында су тасқыны болып, төтенше жағдай жарияланды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы көлемі жағынан 80 жылдан бергі ең ірі табиғи апат туралы айта келіп, қалыптасқан ауыр ахуалға байланысты халқымызға Үндеу жариялады. Онда құзырлы мемлекеттік органдарға шұғыл түрде тапсырмалар беріліп, тасқын судан зардап шеккен барша азаматтарға қаржылық және басқа да көмектер көрсетілетінін, материалдық шығындар толық өтелетінін айт­ты. Бұл табиғи апаттан жапа шеккен қарапайым халық үшін үлкен демеу болды. Қазіргі күндері тасқын су қаупі артқан Батыс Қазақстан, Атырау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарындағы қиын-қыстау күндер тезірек өтіп, еліміз аман, жұртымыз тыныш болуын тілейміз.
Одақ төрағасының орынбасарлары Нұржан Қуантайұлы мен Бейбіт Сарыбай да тақырыпқа қатысты ойларын ортаға салып, аталған жұмыстарды атқару турасында ұсыныстарын жеткізді.
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лау­реаты, ақын Бақытжан Қанапиянов бұл шетін оқиғадан барша қазақ­стандықтар шет қалмайтынын айта келіп, шама-шарқынша өздерінің де үлес қосатынын жеткізді. Әдебиет сыншысы Әлия Бөпежан жалпы еліміздегі табиғи апат пен тосын оқиғалардың шығу табиғатын зерттеп, зерделеу үшін публицистердің қалам күшін жете пайдалану керегіне тоқталса, көрнекті жазушы, Жазушылар одағының хатшысы Жүсіпбек Қорғасбек мұндай су тасқындарының бұрыннан орын алып келе жатқанын тілге тиек етіп, осыдан бір ғасыр бұрын Ыбырай Алтынсариннің Торғай өлкесіндегі қарғын су апаты жайлы жазбасы турасында әңгімелеп берді. Ы.Алтынсарин өз жазбасында өзен жағалап, арна қуып құрылыс салуға болмайтынын сол кезде-ақ айтып кеткен екен.
Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары, ақын Қасымхан Бегманов мұндай шетін жағдайлардың орын алуы ең алдымен су шаруа­шылығы мамандарының жоқтығынан екенін ескертіп, Тараз қаласындағы мелиоративтік институтты қалпына келтіру қажетін баса айтты.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Қансейіт Әбдезұлы Президенттің және бүгінгі Жазушылар одағының Үндеуін толық қолдайтынын айта келіп, бұл бастаманы еліміздегі барлық шығармашылық одақтың мүшелері – композиторлар мен суретшілердің, киногерлердің басын біріктіретін ұйымдар қолдаса деген тілегін жеткізді. Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының кеңесшісі, жазушы Авут Масимов Үндеуді толық қолдайтынын, ұйғыр қаламгерлерінің арнайы әдебиет қорынан апатқа 50 мың теңге ақша аударатынын мәлімдеді. «Ана тілі» газетінің Бас редакторы, ақын Ерлан Жүніс, Қазақстан Жазушылар одағына қарасты «Жұлдыз» журналының Бас редакторы, мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы Тұрысбек Сәукетай елдің басына түсіп отырған нәубетке халық болып көмек көрсетіп жатқанын, осы орайда қаламгерлердің де бұл бастамасын қолдайтынын жеткізді. Дегенмен, болашақта үйлер мен шаруашылық құрылыстарын салудың шарттары мұқият қаралып, жобалау мәселесі жолға қойылса деген ұсыныстарын да қоса жеткізді. «Қазақ әдебиеті» газетінің әдеби қызметкері, ақын Қуат Қайранбаев тасқын су қайт­қаннан кейін елімізді тағы біршама қауіптер күтіп тұрғанын, атап айтқанда – жердің құнарлы қабатын су шайып кеткендіктен астық шығымдылығы төмендеп, соның салдарынан қымбатшылық басталуы және кәріздер мен дәретхана сулары көтеріліп кетсе байланысты эпидемия қауіпі туындауы мүмкін екенін құлаққағыс етті. Демек, бүгіннен бастап осы қауіптің алдын алу шараларын ойластырған жөн. «Простор» журналының Бас редакторы, ақын Фархат Тамендаров және Қазақстан Жазушылар одағының бас есепшісі Гауһар Жұмағұлова да өз пікірлерін ашық айтып, ойларын ортаға салды. Жиынға қатысушылар Қазақ­стан Жазушылар одағы Үндеуін қолдап, мәтінін бекітті.

Өз тілшіміз

Қазақстан Жазушылар одағының
еліміздегі барша шығармашылық одаққа

Ү Н Д Е У І

Халқымызда «Апат айтып келмейді» деген сөз бар, еліміздің көптеген аймағына биылғы көктем ауыртпалығын ала келді. Әсіресе еріген қар суы мен өзендер арнасының асуынан бірқатар облыстар зардап шегуде. Осыған орай Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев халыққа арнайы Үндеу жолдады. Қазақстан Жазушылары бұл үндеуді толықтай қолдайды.

Қарғын судың екпініне жергілікті тұрғындар да өз күшімен қарсы тұрып, өкімет орындарының көмегін күтпестен бөгет соғып, тасқынға тосқауыл қоюға барын салуда. Атқарушы билік өкілдері мен арнайы құрылған мемлекеттік комиссияның мүшелері халыққа көмек көрсетуді жан-жақты қолға алып отыр.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, табиғаттың тосын мінезіне бүкіл халық болып қарсы тұрып, бірлесе қимылдап жатыр. Осы орайда Қазақ­стан Жазушылар одағының мүшелері Мемлекет басшысының Үндеуіне қолдау көрсетіп, топан суға қарсы күреске өз үлесін қосуға шешім қабылдай отырып, барша шығармашылық одақты, зиялы қауым өкілдерін осы іске атсалысуға шақырады.
Жазушылар одағының жанынан арнайы қор құрылып, есеп-шот ашылды (Республиканское общественное объединение Союз писателей Казахстана. Код 18, БИН/ИИН 920140000976. АО «Банк ЦенртКредит». KZ758562203122544351). Одақ мүшелері мен ақпарат қызметкерлері өзінің бір күндік жалақысын осы шотқа аударуды ұйғарды. Сіздерден де осы есепшотқа бір күндік еңбек­ақыңызды аударуды сұраймыз.
Талай қиындықтарды басынан өткерген қазақ халқы бұл табиғи апатты да ауыздықтайтынына сенеміз. Қиын-қыстау шақта бірге болайық, ағайын!

Қазақстан Жазушылар Одағы
9 сәуір, 2024 жыл

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір