Адам тағдырымен ойнамайтын елде өмір сүргім келеді
12.11.2019
1159
0

«Пруст сауалнамасы» vs «Қазақ әдебиеті»

Сауалнама қонағы: ақын Есей Жеңісұлы

– Адамның басты қасиеті не деп ойлайсыз?

– Адамшылығы.

– Ер азаматтың басты қасиеті ше?

– Ұрпақ алдындағы жауапкершілігін сезінуі.

– Бақыт деген ұғымды қалай түсінесіз?

– Өмірге келу, көру, сезіну, түйсіну, ойлана білу – нағыз бақыт.

– Сүйікті әдеби кейіпкеріңіз кім?

– Гюгоның Жильяты («Теңіз бейнетқорлары») мен Оралханның Нұржаны («Қар қызы»).

– Ең басты кемшілігіңіз не?

– Жалқаулық, жаутаңдағыштық, қызбалық.

– Бос уақытыңызда немен айналысасыз?

– Спорт статистикасымен.

– Өмірге екінші рет келсеңіз, кім болуды қалар едіңіз?

– Аллаға қарсы тұра алмаймын, өмірге екінші рет келмеймін. Келгім де келмейді.

– Қандай елде өмір сүргіңіз келеді?

– Адам тағдырымен ойнамайтын елде өмір сүргім келеді.

– Қандай ерекше қабілетке ие болғыңыз келеді?

– Ара-тұра ұшқым келеді.

– Қандай сәттерде осалдық танытасыз?

– Өзіме пайдалы, өзгеге ауыр сәттерде.

– «Ғайыпқа сену» дегенді қалай түсінесіз?

– Жолдардың бәрі де тұйықталады, өмір де бір күні аяқталады.

– Егер өнертапқыш болсаңыз, не нәрсені ойлап табар едіңіз?

– Әртүрлі апаттық жағдайларда адамдарды сақтап қалатын бір материал ойлап тапқым келеді.

– Не нәрседен жиіркенесіз?

– Кей ер адамдардың бойындағы «әйелдік» мінезден.

– Сіз үшін ең ұнамсыз тарихи тұлға кім?

– Халқының тағдырымен ойнап, соны өзінің ең жақсы қыры етіп көрсететін тирандар.

– Жиі айтатын қанатты сөзіңіз?

– «Бәрі де өтеді».

– Көзіңізге жиі жас аласыз ба?

– Жасықпын.

– Үнемі есіңізде жүретін Абайдың бір сөзі…

– «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да…» деген өлеңіне тәнтімін, үнемі қайталап айтып жүремін.

– Қазіргі адамдардың бойынан қандай қасиеттер жоғалып барады?

– Ар-Ұят, қысылу, кішіру.

– Біздің заманымыздың мықты ақыны кім? Мықты жазушысы ше?

– Ақындардың тұтас шығармашылығын емес, жекелеген өлеңдерін жақсы көріп оқимын. Кей өлеңдерін қызғанып қаламын. Ал мықты жазушы Маркус Зусак па деп қалдым.

– Жас қаламгерлердің бойынан қандай артықшылықтар мен кемшіліктерді көріп жүрсіз?

– Ештеңе өзгерген жоқ: білім – аз, амбиция – ұрып тұр, ниет – жақсы.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір