Ұлт тағдырымен тамырлас
27 қарашада Моңғолия астанасы Ұланбатырда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әке туралы ой-толғау» кітабының моңғол тіліндегі нұсқасының тұсауы кесілді.
Жиынға Моңғолияның бірінші Президенті Пунсалмаагийн Очирбат, үшінші Президенті Намбарын Энхбаяр, Моңғолия сыртқы катынастар министрлiгi Aзия-Тынық мұхиты департаментінің директоры Г.Хулан, Моңғолия Ұлы Мемлекеттік Хуралының мүшесi Зулфыхар Сарқытұлы және зиялы қауым өкілдері, Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы елшісі Ғабит Қойшыбаев, сонымен қатар елімізден арнайы барған делегация өкілдері қатысты.
«Әке туралы ой-толғау» – бір әулеттің трагедиясы арқылы қызыл саясат зардабын шеккен Жетісудың, жалпақ қазақ даласының қасіретін баяндайтын кітап. Осы ретте Мемлекет басшысының пәрменімен құрылған Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның үшжылдық жұмысының нәтижесінде зұлмат жылдар құрбаны болған отандастар тізімі үш есе көбейіп, талай адамның дерегі ашылып жатыр.
Моңғолтанушы, аудармашы Юрий Кручкин тәржімалап, Моңғолияның халық жазушысы Сұлтан Тәукейұлының редакциялауымен жарық көрген кітапта «Әке туралы ой-толғаудың» моңғол еліндегі қандастар үшін қазақша нұсқасы да қоса басылған.