«Тайталас тағдыр» — Ел тағдырымен астасқан өмір шежіресі

Қазақ руханиятының жүрегі саналатын Алматы қаласында «Тайталас тағдыр» кітабы көпшілікке таныстырылып, елдік ой мен азаматтық парасаттың жаңа бір парағын ашты. Алматыдағы Ұлттық кітапханада өткен тұсаукесер зиялы қауым назарын өзіне аударған мәнді мәдени оқиға ретінде ерекшеленді. Жиналған көпшілік бұл еңбекті елдің рухани кеңістігін толықтырған маңызды туынды ретінде қабылдап, автордың көпжылдық тәжірибесі мен уақыт сынынан өткен азаматтық көзқарасының қоғам үшін өзекті екенін атап өтті.
Қоғам және мемлекет қайраткері, техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасының Ұлттық инженерлік академиясының президенті Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұловтың «Тайталас тағдыр» атты еңбегі – елдік мұратты, азаматтық парасатты және тұлғалық тәжірибені тоғыстырған терең рухани туынды.
Кітаптың тұсаукесеріне мәдениет, ғылым, білім саласындағы белгілі тұлғалар, жоғары оқу орындарының жетекшілері, қаламгерлер мен қоғам қайраткерлері қатысты. Олар туындының мазмұнын елдің тарихи жады мен қоғамның бүгінгі болмысын ұштастыра бейнелеген рухани құнды еңбек ретінде бағалады. Тұсаукесердің жалпы атмосферасы кітаптың ауқымды танымдық мәнін айқындап, оқырманға жол тартқан сәттің салмағын сездірді.
Кітаптың түп бастауы Жетісу өлкесіндегі текті топырақтан өрбиді. Ақсу мен Қапалдың табиғи келбеті, тарихи өмірі, ел арасындағы рухани дүниетаным – автор болмысының қалыптасуына ықпал еткен негізгі құндылықтар ретінде көрініс табады. Әкесі Тұрсын атамыздың турашылдығы мен еңбекке деген адалдығы, анасы Кенжетай Батырбекқызының ұстаздық жолы – ұлттық тәрбиенің үзілмес арқауын айқындайтын тағылым.
Кітаптың мазмұндық өзегін құрайтын тарауларда автордың жоғары оқу орнын басқарудағы тәжірибесі кеңінен баяндалады. Ұлттық университетті басқарған жылдардағы реформалар, академиялық ортадағы жаңашылдықтар, білім сапасын арттыруға бағытталған бастамалар нақты деректер мен өмірлік тәжірибе арқылы баяндалады. Мемлекеттік қызмет жылдары – автордың ел алдындағы жауапты миссиясын айқындайтын маңызды кезең. Білім және ғылым министрі ретінде атқарған жұмыстар, Парламент қабырғасындағы бастамалар, ұлттық кадр саясатына қосқан үлесі – қоғам дамуына әсер еткен салмақты қадамдар ретінде көрінеді.
Замандастарға арналған эсселер – кітаптың көркемдік қуатын арттыратын ең терең бөлімдердің бірі. Автор бұл тарауда әр кезеңде бірге қызметтес болған қоғам мен мемлекет қайраткерлерінің адамдық болмысы мен азаматтық парасатын шынайы құрметпен бейнелейді. Сол арқылы оқырманға ел дамуына еңбек сіңірген тұлғалардың ішкі әлемін, олардың ой өлшемі мен өмірлік ұстанымын терең сезінуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге, еңбекте Шығыс пен қазақ ойшылдарының ірі өкілдері туралы ой-толғамдар да келтірілген. Әл-Фараби, әл-Бируни, Абай сынды ойшылдардың мұрасына арналған парасатты пайымдар кітаптың философиялық тынысын кеңейтіп, оқырманды терең ойға жетелейді.
«Тайталас тағдыр» – бір адамның тағдыр жолын ғана емес, тұтас қоғамның даму кезеңдерін көркем публицистика тілімен ашып көрсететін ерекше еңбек. Бұл туынды жас ұрпаққа рухани бағдар беретін, орта буын үшін ой өрістерін толықтыратын, зерттеушілер үшін құнды дереккөз бола алатын қомақты шығарма.
Жарылқасын Жаппасов,
тарих ғылымдарының кандидаты,
қауымдастырылған профессор