Соғыс қасіреті ешқашан ұмытылмайды
06.11.2019
1798
0

– Аға, көп жағдайда  шығарманың тууына негіз болатын өзіндік себептер болатыны анық.  «Шер»  әңгімесін  жазуға  сізге  не түрткі  болды?

– Интернатта  оқып жүргенімде  бір мұғалімнің  немісше  жақсы  білетінін,  кезінде неміс тұтқынында болғанын  сырттай  естіген едім.
Шығарма барысында айтылғандай, кейін  әлгі  кісімен  ойда жоқта  кездесіп  қалып,  мені асханаға  апарып,  отырғызып  қойып,  ол өз  өмірінің  қалай  басқа арнаға  бұрылып кеткенін әңгімелеп берді.  Терлеп-тершіп,  соноу  бір соғыс  кезіндегі  алапат  оқиғаларды  қинала  есіне түсіріп, жай-жапсарына тоқталды.

Ол кісінің  осы  әңгімесі  есімнен  шықпай, іштей толғанып, толғатып  жүріп-жүріп, осы жақында  Сарыағашта  демалып жатқанда  екі  күнде қағазға түсірдім.

– Әңгіме  жанры – қиын да күрделі  жанр.  Ішкі мазмұны мен сыртқы формасы, көркемдік қуаты бір-бірімен қабысып, логикалық тұрғыда үндесіп тұруы тиіс. Ал сіз естіген дүниеңізді неліктен әңгіме арқылы бергіңіз келді?

–  Ол рас,  әңгіме жазу  кез-келгеннің  қолынан  келе  бермейді, үлкен оқиғаны қысқа ғана  көркемдеп  жазып шығу  – шеберлікті, талантты қажет етеді. Оған қойылатын талап жүгі  ауыр,  бас-аяғы  жұп-жұмыр, айтар  ойы  анық, тілі көркем  болуы шарт. Атақты  ұстазымыз  академик  Зейнолла  Қабдолов  әңгіме жанрына  талдау жасап, бізге  түсіндіргенде,  егер оған  қойылатын  басты талаптың  бірі  кемшін соғып жатса, жазушы қабырғасы  жоқ  үй  салған құрылысшы  секілді  болатынын  талай-талай  тәптіштеп  ескертуші еді.
Қазақ  әңгімесі  жазыла  бастағанына  небәрі  бір ғана  ғасыр  болды. Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов, Тәкен Әлімқұлов  секілді  көркемсөз  шеберлері  бұл жанрдың  керемет  үлгілерін  жазып қалдырды.  Әсіресе, өткен  ғасырдың  алпыс,  жетпіс, сексенінші  жылдары  жазушыларымыз қазақ әдебиетінің  қоржынын көптеген жауһар дүниелерімен толтырды. Одан кейін  сұйылып, біраз жылғы  тоқырау  басталды. Неге? Себебі,  Кеңес Одағы  кезеңінде  қаламгер  еңбегіне  лайықты  қаламақы  алатын. Азаптанып  әрі  рахаттанып  жазған дүние бағаланатын. Қазір  жанкешті  жазушылар ғана  қаламдарын тастамай, үстелге қадалып, жаңа шығармаларын жазуда. Жазушы  еңбегі – жеке  ауыр мехнат, ол ешкіммен  сөйлеспей, тілдеспей,  жеке  бөлмеде  қамалып,  жападан-жалғыз  отырып,  бар ақыл-ойын  сығымдап, ақ қағазға  түсіреді. Оны  ешкім  күштемейді, қинамайды, бойындағы  таланты  тулап  әкеліп,  шегелеп отырғызып, жаңа дүниесін бұл әлемге  паш етеді. Елдің бәрі той тойлап, мәре-сәре  болып  жүргенде  жазушы  бәрінен  безіп, өз-өзін  ақысыз, пұлсыз осындай  ауыр  еңбекке  жегіп  қояды. Сондықтан  бүгіндері  қаламдарын қайрап  жаңа дүниелерін  жазып жүргендердің  қайсар  талантына  қалай  тәнті  болмайсың?!
  Қаламгер әлдене жазуға бекінгенде қаламы мен ойы өзі жетелеп отыратын сәттер  болады. Мен де осы негізгі өзекті сақтай отырып,  оқиға желісін  әңгімеге айналдыруды ұйғардым.

(Оқи отырыңыз)

Нағашыбек Қапалбек. Шер

– Туындыңыздың мазмұнында ғасыр қасіреті мен замана тақсіреті, талан-таражға түскен тағдырлар мен адами болмыстың сынға түсер сәті, нәзік сезім, бәрі әдемі үйлесім тапқан. Кейіпкерлеріңіздің сол сәттегі сезім иірімдеріне бойлау, уақыт тынысын дәл беру сізге қиындық тудырмады ма?

– Мен соғыстан кейін  туған төлмін. Соғыстың  басынан  аяғына  дейін қатысып,  азып, арып  келген, кәнтөжный  мүгедек  әкенің  ұрпағымын.  Соғыстан  келгендердің  көбісі –жарымжан,  мүгедек, аяқ-қолы  жоқ шолақ,  ақсақ  жандар еді.  Соғыс  десе – жүрегім  сыздайды, әкем де  сол соғыстан  алған  жарақатынан  ерте қайтыс  болды, шешем де  бүгіліп кетті. Жуырда  ғана  Олжас  Сүлейменов бір сөзінде: «Ұлы Отан соғысы  біткенде  немістер осы  алапат  майданда  қаза тапқандар санын  9 миллион деп көрсетіпті. Сталин  олардан кем  көрсету үшін  «құрбан болғандар  – СССР бойынша  7 миллион»  деп дәйектеген.  Хрущев  кейін қайта  есептетіп, бұл соғыста қайтыс болғандар санын 20 миллионға  жеткізіпті. Ал Горбачев  мемлекет басына келген  соң  үлкен  комиссия құрып, ақиқатын  тұтас тексерткенде,  Ұлы  Отан  соғысында КСРО  47 миллион  халқынан  айырылғаны    анықталды», – деген еді.  Олжас  ағамыз  өзі де  сол  комиссияға Жоғарғы  Кеңес депутаты  ретінде  қатысқанын айтқанда  төбе  құйқам  шымырлады. Ал бұл санаққа  енбеген  соғыс  тұтқындарының  өлгені,  атылғаны, сотталып, хабарсыз кеткендері  қаншама?
Осы  жерде  әсіре тарихшыларымыз  Ұлы Отан  соғысын – «Екінші  дүниежүзілік  соғыс» деп  атауға  әуестеніп кетті. Ау, сонда  біздің  әке-аталарымыз жанын пида  етіп, қанын төккен  сұрапыл  қанды қырғынды, қасіретті нәубетті  тарихымыздан  қалай  алып тастаймыз. Сол  дәуірдің  адамдары, бүкіл КСРО  тұрғындары  неміс  фашистерін  жеңген  соғыс – Ұлы Отан  соғысы деп аталып жүрді. Ол кезде бәріміздің  ортақ Отанымыз – Кеңес Одағы  болды, бәрі Отанын  қорғады емес пе?! Тарихты  бұрмалауға болмайды.

Сол соғыс жайлы  бүгінгі  және болашақ  ұрпақ ұмыт­пауы  керек.  Мен де  сол  соғыс салған қасіретті – шығар­мама  арқау  еттім. Жұлындай жұлқынған  екі жас  білім  іздеп  Мәскеуге  барып,  ең  атақты  университетте  оқиды. Егер соғыс  болмаса, олардың  өмірі қалай болар еді? Қаншама  адам  ғұмырын, отбасын тас-талқан  еткен  соғыс жайлы нағыз  шыңғырған шын­дықты    жазғым келіп,  осы  дүниені  қолға  алдым.

Қан қасап соғыс жүріп жатқан шақта  да  адам  бойын­дағы  адамгершілік, ізгілік  пен  опасыздық, сатқындық  жойылып кетпейді. Дәуіт пен Зәкір  ауыр жағдайда  түрмеде  іріп-шіріп  жатқан жерлесі  Мырзалыны  тірі  алып  қалып,  емдеп, бағып-қағып қатарға  қосады.  Ал сол  кейін  ауылға  келген соң  бұл екеуінің  соңынан  шам алып  түседі. Бүкіл  дүйім  жұрттың  көзінше  «Сатқын» деп қамшының  астына алады. Міне, осылайша оның шынайы  бетпердесі ашылады. Бүкіл өмірі  опырылған  екі бейбақтың  ең үлкен  азабы  мен  жазасы  осы  ма  еді? Бұл жерде  кім  сатқын? Ар алдында, ақиқат  алдында сол сұрақ туындайды.  Ана екеуі  ерте  үзіледі, анау  екі беті  қызарып қарқ-қарқ  күліп  әлі жүр. Құзғындар  ұзақ жасайды.
Соғыстың  осы тектес жан ауыртар көріністерін жүрегіммен сезініп жазғандығымнан болар, әр кейіпкердің не сезінгенін, қандай күйде болғанын шынайы жеткізуге тырыстым.

– «Неміс фашистерін жеңген соғыс» деп қалдыңыз. Осы тұрғыдан қарар болсақ, басты кейіпкеріңіз – Дәуіттің өзі жалшылықта жүрген неміс отбасындағы Фрау Марияға деген көңілі әлдебір қарама-қайшылыққа ие емес пе екен? Елге оралған соң да санасы қақ бөлінгендей күйде жүретінін байқаймыз. Сондай-ақ Мырзалы бойындағы мұндай оспадарлыққа соғыстың әсері болуы мүмкін бе?

– Иә, шынында,  сол тұстағы совет әскері мен неміс келіншегінің арасындағы сезім дәстүрге қайшы көрінеді. Бірақ жүрекке әмір жүрмейтінін де жоққа шығара алмаймыз. Бір планетада, бір жер шарында өмір сүрсе де, бұл екі кейіпкердің тағдыры тоғыспай, екеуі де сезімдерін шерге айналдырған күйі ғұмыр кешеді.

Мырзалы – «ат» десе – ататын, «шап» десе – шабатын сол дәуірдің қолшоқпары іспетті. Жақсылардың төбесінен төніп, айдауына салатын мұндай образдар қай кезеңде де болған. Соғыстың лаңы қанша ауыртпалық салса да, адамгершілікті сақтап қалу маңызды ғой.

–  Шығарма желісінде Дәуіт ағайдың «Тек, бұл сырымды жан баласына айта көрмегін» дегенін жазған екенсіз. Ол кісі өз өмірінің бір парағы көркем шығармаға айналғанын қалай қабылдар еді деп ойлайсыз?

– Дәуіт ағай бойтұмарындай сақтаған сырын, шер-шеменін ешкімге айтпауымды өтінгені рас. Алайда көңіл түкпірінде жатқан бұл әңгіме әр кез сайын еске оралып отыратын. Күндердің күнінде өздігінен төгіліп түскендей болды.

– Құпия болмаса, жазушылық  шеберханаңыз  жайлы айтып  берсеңіз.

– Мен бұған дейін қаламұшы бар қаламсапты  сияға батырып  алып жазатынмын. Қазір автоқаламмен жазуды  әдетке  айналдырдым.
Күнде  ертеңгісін  сағат 5-6-ларда  тұрып,  шәйімді    ішіп аламын да,  сағат 10-11-ге  дейін  жазу үстеліне  отырамын. Азды-көпті  46 кітап  шығардым, тарихи-танымдық  дүниелер, ел  ішіндегі  ескерілмей  жатқан  тұлғалар жайлы  зерттеу  еңбектерім де бір төбе.

– Қазір не жазып жүрсіз?

– Жазушылық  –  тынбай  ізденіс пен  табиғи  тума  талантты  ұштастырғанда  ғана  келетін ерекше  қасиет.  Мен қазір  ұзақ жылдардан бері  жазып  жүрген  екі  романымды  баспаға  дайындау  үстіндемін.  Сондай-ақ бір десте  әңгімелер мен  повесть жазып бітірдім. Бұл туындылар,  Алла  қаласа, келер жылы  оқырмандардың  қолдарына  тиіп қалар.

– Әнгімеңізге рақмет.

Әңгімелескен
Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір