Әсет әуендері ұмытылмайды
Аққуға әнін қосқан Әсет Найманбайұлы қазақпен бірге жасай беретінін өмірдің өзі көрсетті. Артында қалдырған шығармалары оқырмандардың қолында, кітапханалардың сөрелерінде тұр. Осыдан жыл жарым уақыт бұрын Мақаншыға жолым түскен кезде музейінде болдым. Музей мақаншылықтардың алыстан келген құрметті қонақтарына қастерлеп көрсететін ерекше орынға айналыпты. Әйгілі ақынның өмір жолы, ұрпақтарға қалдырған мұралары жөнінде қанық болып, жәдігерлік заттарын аралап көрдік. Сонда «шыққан кітаптарына сөз салып, бәрінің басын біріктіріп, соқталы дүние жасаса, шіркін» деп ойлап едім. Таяуда Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет және өнер саласындағы бәсекелестікті жоғарылату, қазақстандық мәдени мұраны сақтау, зерделеу мен насихаттау және архив ісінің іске асырылу тиімділігін арттыру» бағдарламасы «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» бағдарламасы бойынша «Тоғанай Т» баспасынан жарық көрген «Әсет Найманбайұлының шығармалары» дейтін кітап көңілімде жүрген осы олқылықтың орнын толтырды. Бұл кітап – 2000 жылы Қытайдың «Ұлттар» баспасынан жарық көрген «Әсет шығармалары» кітабының төте жазудан кирилл қарпіне көшірілген нұсқасы. Дәл осылай болып шыққанын көріп, рухани сусаған ел үшін аса жауапты да, сауапты жұмысты үлкен жауапкершілікпен атқарған Мейрамхан Жәпектің шынайы жанашырлығын анық аңғарып, әбден разы болдым.
Кітаптың әуелгі «Өлеңдер мен толғаулар» бөліміне өлең хаттары, беташар, аужар мен арнау жырлары топтастырылыпты. Одан кейінгі бөлімі «Әндер» деп аталады. Онда ән әлеміндегі Әсеттің әуендері толығымен берілген десе болады. «Інжу-маржан», «Ләйлім шырақ», «Жайма-шуақ», «Гауһар қыз», «Әпитөк», «Жиырма бес», «Қысмет» бүгінгі әнқұмар қауым мен өнер зерттеушілеріне жақсы таныс. Сезімі салқар, қайталанбас дарын иесі «Мақпал», «Қоңыр қаз» әндерінің сөзін екі нұсқалы етіп жазса, «Ардақ» пен «Майда қоңыр» әндерін үш нұсқалы, ал «Қаракөзді» төрт үлгіде қалдырған екен. Сондай-ақ ақынның шығармашылығында «Ырысжанмен айтысы» әдебиетші-ғалымдар назарын айрықша аударғанын жақсы білеміз. Оқырман «Айтыстар» бөлімінен осыдан бөлек «Бақтыбаймен айтысы», «Көкей қызбен айтысы» Сәмет төремен, Есенқұлмен хат үлгісіндегі айтыстарын және Малика, Әріпжанмен жұмбақ айтыстарын, Кемпірбаймен қоштасуын оқи алады.
Көлемі 41 баспа табақ кітаптан қиссаларын да, дастандарын да оқи аласыздар.
Талғат АЙТБАЙҰЛЫ,
«Тоғанай Т» баспасының директоры