Нағашыбек Қапалбек. Шер
06.11.2019
3082
5

«Бағың жанған кезіңде,

Елден асқан данасың…

Бағың қайтқан кезіңде,

Қалыбыңа барасың».

 Халық даналығы

Нағашыбек Қапалбек, жазушы

– Мен түрмеде көп отырған жанмын ғой. Біреулер ізімнен қалмай аңдып, тың тыңдап тұрғандай ішімде ылғи үрей жүреді, – деп ол жан-жағына сақтана қарап, кафе ішін шолып өтті.

Екеумізден басқа асханада бөтен жан жоқ. Бұрыштағы үстелге барып жайғасып, асқа тапсырыс бердік.

Біздің аудан орталығында ең үлкен, асы да дәмді орын – осы кафе. Аты да қызық – «Голубой Дунай». Аға «Портвейн» шарабын алдыртты.

– Кел, екеуміз кішкене ішейік. Саған бүгін әлі жан баласына айтпаған бір әңгімемді айтпақшымын. Екеуміз екі қырлы стаканмен қызыл шарапты сіміріп алдық.

Бұл кісіні ойламаған жерден кездес­тірдім. Іссапардан кейін моншаға түсіп алайын деп кірсем, Исаев ағайым жүр. Екеуміз рахаттана шомылдық, мен алып барған қайың сыпыртқымен бір-бірімізді сабалап, піскен қызанақтай қызарып, киініп далаға шыққанда, ағай:

– Жүр «Голубай Дунайға» барып шәй ішейік, – деп шақырды. Исаев ағайыма қарсы келе алмадым. Бұл кісі – баяғыда біздің интернаттың бастығы болған, өзім ерекше құрметтейтін ұстазым. Ол кезде үстінде китель, бұтында галифе, аяғында хром етігі бар, бойы тіп-тік, жүрісі шапқан аттай жылдам жігіт ағасы еді.

Қазір, міне, алдымда беті шалбарланған әжім-әжім, толқынды бұйра шашы әбден сиреп, төбе тұсы жидіген тауықтың жүніндей тақырланып әрі бозғылданып, еңкіш тартқан арық шал отыр. Даусы – баяғыдай пәрменді, ашық емес, бәсең.

– «Жүре берсең – көре бересің, көре берсең – көне бересің» демекші қалқайып, осы күнге жеткізгеніне де шүкіршілік етемін. Суға салған қайыстай созылып әлі тірі жүрмін. Ал менің замандастарым қынадай қырылды ғой. Қайран, асыл боздақтар-ай!.. Кел, алып қояйық.

Ол темекі алып тұтатып, құшырлана сорды. Шып-шып терін беторамалымен сүрткіштеп, маған еңкейе сыбырлап:

– Мен түрмеде көп болдым ғой. Алғаш Польшада концлагерьде, одан

Германияда, одан Магаданда, кейін Мурманскіде – Баренцево деген суық теңіз жағасында болдым. Иә, әңгімемді басынан бастайын. Сен зейінді шәкіртім едің. Қазір жазушы-журналиссің. Саған келіп айтайыншы осының бәрін деп сан оқталып, жүрексініп жүр едім. Оның үстіне, көп қамалған жан қорқақ келеді, сауысқандай сақ болып үрейленіп өмірі өтеді. Сен жақсылап тыңдап ал. Саған айтпасам, бір күні миыма қан құйылып не болмаса жарылып кетермін.

Осы аудан орталығындағы интернатты Зәкір алтын медальмен бітіріп, Мәскеуге оқуға түсті. Екеуміз бір ауылда өскен доспыз. Мектепті бітірген жылы мені Зәкір шақырып алып, өзі оқитын университетке сүйреп жүріп түсірді.

Зәкір – жігіттің нағыз сұлтаны еді, мәскеуліктерді, бүкіл өз маңайындағыларды таңқалдырып, оқуда озат атанып, немісше судай ағып сөйлейтін, ақындардың өлеңін жатқа айтатын. Оны бағалап ұстаздардың ұсынуымен сталиндік стипендия алатын болды. Екеумізге жатақханадан бір бөлме берді. Біз шет тілдер университетінің неміс тілі факультетінде жарқырап көзге түстік, мен мандалинде ойнап, ән айтамын, Зәкір немісше өлең жазады.

Екінші курсты бітіріп, демалысқа ауылға барып келемін деп жүргенде соғыс басталды.

Бір-ақ күнде заманның асты үстіне түсті, күні кеше ғана жарқырап, құлпырып тұрған Мәскеу қара жамылды. Соғыс әзірейілдей ысқырып, жиі-жиі дабыл қағылып, түн баласы бірде-бір шам жағылмай, ел аласапыран күйге еніп, бықпырт тигендей есеңгіреп кетті. Зәкірді бірден әскерге алып кетті, он күннен кейін мен де Мәскеу түбінде окоп қаза бастадым. Одан әрі пойызбен майданға аттандым. Фашистер күн өткен сайын сыпырыла жылжып жақындап келе жатты. Жаудан қорғауға жан-жақтан эшалон-эшалон жігіттерді әкеліп төгіп тастай берді. Ию-қию сапырылысқан солдаттардың көбі – өмірі қару ұстамаған, Орта Азия, Кавказдан келгендер бір ауыз орысша да білмейді.

Қойға шапқан аш қасқырдай анталап немістер келгенде біз әлі мылтық атуға үйрене де алмай жатқанбыз. Екі адамға бір винтовка, бес оқтан беріп, жауға қарсы шықтық. Жаныңдағы серігің өлсе, винтовкасын аласың, әйтпесе жалаң уралап шығасың. Ә дегеннен баудай түсірді. Екі күннен кейін біз қоршауда қалғанымызды білдік. Командиріміз Власов бәрімізге «дұшпанға беріліңдер» деген бұйрық берді. «Мәскеу жау қолында, СССР жеңілді» деп листовкалар таратты. Сап-сабымызбен қару-жарақты тастап, ақ туды көтеріп, немістерге берілдік.

Өлім мен тірлік арасындағы өміріміз өң мен түстей халде өтіп жатты. Құр сүлде, әруей елесіміз ғана жүр. Алдымен Польшадағы концлагерьге қамады. Ауру-сырқау, коммунист командирлерді атып тастай берді, газ пешіне тірідей өртеді, тұтқындар лек-легімен ажал апанына кетіп жатты. Қыстың қақаған үскірік аязында далада қатып қалғандар қаншама! «Маған қашан кезек келер екен» деп күннен-күнге әл-дәрменім бітіп, біржола өлуге бел байлаған тұста күтпеген жерден Зәкір кездесе кеткені!.. Үстінде – жаңа киім, қасында – бір топ неміс офицерлері. Казармаларды аралап жүр.

– Зәкір, – дедім жауынқұртша жер бауырлап жатқан жерімнен әрең көтеріліп. – Зәкір! Бұл мен ғой, Дәуіт Исаев, – деп дауысымды қаттырақ шығардым.

Әй, Зәкіржан өрт жігіт қой, жалт қарады да, бірден қасындағыларға менің де немісше оқығанымды, тілді жақсы білетінімді жеделдете жеткізіп, айта бастады. Аналар тілмашқа зәру екендігін аңғартып, дереу апарып моншаға түсіріп, концлагерьдегі немістерге аудармашы етіп қойды.

Зәкір бастаған аудармашылар бөлек жатамыз, тамағымыз да жақсарып сала берді. Еті тірі, көзі ашық оқыған тұтқындарды іріктеп Германияға айдады. Ол жақтағы түрмеде үсті-басы жарадан көрінбей, бір бұрышта бұралып, сасып тұра алмай жатқан Мырзалыны көріп қалдым. Зәкір, Мырзалы үшеуміз бір ауылдан быз, бірге өскенбіз. Түрмедегілерге тамақ таситынмын, анау мені тани сап жылап жіберді. Зәкірге айтып, оны емдетіп, жөндеп ас беріп, тыңайтқан соң тамақ тасушылар қатарына қостық. Аз уақытта ол өзіне келе есін толық жиып, шырайы кіріп, қалпына келіп алды.

– Сендерді бір жерге жіберткізейін деп жүрмін. Мені басқа жаққа ауыстырмақшы, – деді Зәкір.

Мырзалыны немістердің шошқа фермасына жұмысқа алдырды. Ал мені бір фабрикант байдың жалшылығына жіберді. Фабрикант – сыриған ұзын бойлы, қырым еті жоқ, отыздан асқан көзілдірікті жігіт. Мені адам деп көзіне ілмейді. Кәужіреген неміс шалынан сыпыртқы, күрек, күркедей бөлмесін өткізіп алдым. Байдың екі жылқысы мен бір овчаркасын, бір алабай төбетін күту, бау-бақшасына қарау менің мойнымда. Төңіректе қылау тұрғызбай есік алдын сыпыру, ағаштар мен гүлдерді суару, аттарды бір мезгіл далаға шығарып сейілдету , иттерге уақтылы тамақ беру… бір тыным жоқ. Мен барғаннан кейін екі айдан соң фабрикант әскерге шақырылып, бар жұмысын үлбіреген жас келіншегі қолға алды. Ол фабрикаға екі ат жеккен пәуескемен барғанды ұнататын, үй мен фабриканың арасы үш шақырымдай ғана. Күйеуі машинамен не мотоциклмен жүретін, әйелі пәуескені ұнатты. Әдемілеп пәуескенің үстіне күйме жасаттырдым. Көбіне-көп көмекші қызбен жүреді, көшірі – мен.

Күйеуі соғысқа барысымен оққа ұшып­ты. Фрау Мария бір айдай қара жамылып жүрді. Берлинде әскери мектепте оқитын жеті жасар ұлы каникулға келіп, бір айдай болып кетті. Ол да – ұзын бойлы, суық өңді. Әкесін мен өлтіргендей өшпенділікпен қарайды. Жұмысымнан кінәрат тауып, шешесіне жамандап, мені күндіз-түні жұмсап кегін алады.

Фрау Мариямен немісше емін-еркін әңгімелесе береміз.

Арада жыл жарымдай уақыт өткенде жаздың тамылжыған ашық бір әдемі кешінде үйге төрт форма киген әйел келіп, Марияға күйеуінің орденін тапсырды. Бәрі далада шайханада отырып, шарап ішті. Кешқұрым фрау мені шақырып монша жаққызды. Өзі түсіп болған соң күйеуінің жаңа киімдерін беріп:

– Дик, енді сен де түсіп ал,– деп ерекше ықылас білдірді. Мені «Дик» деп атап кеткен. Өзінің моншасына бөтен жан адамды өмірі жақындатпайтын.

Несін жасырайын, моншадан кейін шайханада отырып екеуміз шарап іштік, артынан ол бір кішкентай құмыра алып шығып:

– Бұл – емдік шөп салынған таза спирт. Содан іш сен, Дик, – деп жарты стақан жұтқызып жіберді. Мені дереу дедектете жетектеп үйге кіргізіп, шешіне сап төсегіне гүмп құлады. Моншадан бұрқырап шығып, ішімде шарап бар, дәрі қосылған спирті бар, ежелгі патша көңілім шаттанып, гүл-гүл жайнап қанаттанып шыға келдім. Жаңа жауған ақша қар үстінде бұлаң қаққан тундраның ақ түлкісіндей келіншектің балауса, балғын денесі ойнақ қақтырып, арбап жатыр. Өлі денеге жан кіргізердей. Өлердей бір ынжық неме болмасаң, қалғаны жетіп тұр. Қалай шешініп, қалай құшағымыз айқасқаны есте жоқ. Өзге бір дүниеге еніп кеткенбіз. Іңкәр сезімдер ақтарыла, асауша бұлқынғанымыз, бәрі – бұлдыр-балдыр жан шымырлатар тәтті елес…

Күздегі күйі келген кер маралдай керіл­ген жұмыр, жұмсақ ақ келіншек пен екеу­міздің құшақтарымыз ажырамаған күйі қылықты да қызықты түннің тез сырғып, әппақ таңның қалай атқанын да байқамай қалыппыз. Ол кезде мен үйленбегенмін, әйел тәнін тұңғыш рет тұшынып, хор қызындай әппақ болып жатқан фрауға сұқтана қараймын кеп. Құшаққа толымды денесіндегі тікірейген тығыз төсіне дейін – мен ойлап көрмеген жұмбақ дүние.

Жалпы неміс әйелдерінің біразы көрік­сіз, сұңқиған, дәу мұрын, кәрі тауықтай қу сүйек, тыриған арық келеді. Ал фрау Марияның он екі мүшесінде қылаудай мін, кінәрат жоқ, аршын төсі мен аққу мойны, құлын мүшесі есті алып, құшырландыра түседі. Оның үстіне, жұқалап әтір себінген жұпар иісі қандай. Қай жерін сүйсем де, сипаласам да, жесір келіншек наздана еркелей нәзік ыңырсиды, жасамасыз бал сезімі бар. Маған жауап ретінде кірпігі ашылмаған күйі ол да бас салып, өліп-өшіп сүйе бастайды.

Қалың батпақтың ішінде де саф алтын жарқырап жатады, тікеннің де әдемі гүлі болады. Махаббат деген – нәзік, әсем сезім, адам жанының ең ардақты, ең аңсарлы түпкі­рінен бастау алатын тіл жеткізгісіз әлем.

Несін жасырайын, ондай тылсымы бар бейнені ғұмыры көргем жоқ. Жылдар жаңғырып, дүние сапырылысып қанша заман өтсе де, фрау Марияның елестей ғажап түр-тұлғасы әлі көз алдымда. Есіме түссе, ауырып қалардай болам.

– Дик, таң атып қалды. Тұра ғой, бүр­кітім! – деді соңғы рет құшырлана аймалап жатып. – Моншаға барып, өз киіміңді қайта ки. Бұл ісімізді ешкім білмеуі керек.

Үстіме суық су құйып жібергендей есімді жиып, таз қалпыма келдім. Өзімнің ескі киімімді киіп, енді малай ретінде пәуескені дайындадым. «Жазған құлда шаршау жоқ» деген.

Бал түндер, балауса күндер сырғып өте берді. Кештерде махаббаттың шырын сөлін бірге ішіп, бұла келіншекпен ақ төсегінде айқасып ұйықтап, күндіз тұтқын – жалшы болып жүре бердім. Махаббат, бұл – адам жанын нұрландырып, жанын жаңғырыққа бөлеп, шешек атып гүлдетеді. Фрау Мария да құлпырып, жайнап, толқынды шашын желкесіне түйіп, өзіне сай талғаммен киініп шыға келгенде, «шын соның өзі ме» дегендей аузым ашылып, таңырқай қалғанымды өзім де байқамаймын. Түн баласы сары алтындай жарқыраған жібек талды қолаң шашы тарқатылып мойнын, омырауын жеп-жеңіл жауып, наздана еркелейтін.

Ұзақ түндерде кейде түрегеп, жеңіл-желпі жамылғы жамыла салып шәй ішеміз, қызулы ыстық көңілмен бал жаласқандай әңгіме-дүкен құрамыз. Қызығымыз күн санап артып жүрген сәтте бірде ол:

– Мен жүкті болып қалдым. Не істесем екен? – дегені. Не дерімді білмедім.

Мария тосылып қалған түріме қарап:

– Саспа, Дик. Сендей бүркіттен ұрпақ алып қаламын. Сұрағандарға «соғыста кеткен таныс немістің біреуінен» дей саламын. Өзің білесің бе, бізде неміс қатындары бала тапса, үкімет қатты көмектеседі, – дегені.

* * *

Совет әскері фашистерді қирата жеңіп келе жатты. Фрауым толысып, әдеміленіп, ежелгісінен де ажарлы келіншекке айналған сияқты. Шашы толқындана сары алтындай сырғып, сусып төгіліп тұрады.

Ақыры жеңіс келді. Біздің фабрикамызда, қалаға іргелес поместьемізде ешбір өзгеріс бола қойған жоқ. Америкалықтар келіп «бұл неғып жүрген азиат?» деп мені тергеп, фотоға түсіріп, жазып алып кетті.

Ең қызығы енді басталды.

Америкалықтар жиі-жиі келіп менімен әңгімелесіп, Америкаға кетуге үгіттейді. «Ғажап өмір, тамаша тұрмыс құрасың» деп уәде берді. «Тіпті сол құрлықтағы таңдаған мемлекеттің қайсысына барсаң да рұқсат» дейді.

Біз тұрған жерді америкалықтар басып алған, мұнда ФРГ мемлекеті құрылды. Совет әскері алған жерде социалистік ГДР орнады.

Маған пакетпен хаттар келе бастады. Совет елшілігінен, жоғары қолбасшыдан, тағы басқа құзырлы жерлерден туған елге қайтуға шақырған хаттар алдым.

Жүріп-тұруы ауырлап, толысқан фрау Мария:

 – Дик, сен осында, жанымда қал. Ұза­май балалы боламыз. Саған осы елдің азаматтығын алып беремін. Тамаша өмір сүреміз, екеумізге ғұмыр бойы жететін бай­лық, дүние бар, – деп, түнде көзі жасқа шыланып жалынып, жалбарынады.

Қайсысына сенерімді білмеймін. Елім­ді, қазағымды аңсаймын. Алып қашпа әңгімелер көп. Біреулер «соғыста фашистерге тұтқынға түскендерді Совет өкіметі аямайды», – дейді. Фрау Марияға да бауыр басып қалдым, біреулер байлығы тасыған Америкаға пароходқа отырып кетіп жатты.

Күз әлі бола қоймаған қоңыржай бір салқын күні аттарды өзеннен суарып, сейіл­детіп келе жатсам, есік алдында совет машинасы тұр. Жүрегім зырқ ете түсті. Үйден үш со­веттік әскери шыға келді. Біреуі – Зәкір, көзіме оттай басылды. Үстінде «СССР-дің лейтенанты» деген погон таққан жап-жаңа әскери киім. Құшақтасып, көрісіп жатырмыз, көзімнен жасым ытқып кетті.

– Дәуіт, елге қайтамыз. Туған елдей ел болмас, туған жердей жер болмас. Міне, Сталин жолдастың бізге деген үндеуі мен жарлығы. «Отандастарым, елге оралыңдар. Бейбіт еліміз соғыстан қалжырады. Соны көркейтейік, бауырларым», – депті Сталин жолдас, – деп орысша сөйлеп, маған парақ-парақ қағаздар берді.

Қасындағы екі капитан да жылы жүзді, жайдарлы жандар екен. «Правда» газеті мен журналдарды ашып тұтқыннан қайтқан­дардың бүгінгі жақсы тұрмысы жайлы фотосуреттерді көрсете бастады.

– Оқуымызды жалғастыруға да мүм­кіндік беріп отыр. Міне қарашы, оқышы өзің, – деп Зәкір де тықпалап қоймайды.

– Дәл қазір өзіңе Совет солдаты формасын кигіземіз. Сталин жолдас барлығымызға кешірім жариялады, – деп тапалдау капитан рюкзакты қолыма ұстатты.

Зәкір мені шешіндіріп, форманы киін­діре бастады. Үр жаңа киім құйып қойғандай тұп-тура.

– Бір минут үйге кіріп, қоштасып шыға­йын, – деппін сасқанымнан.

Совет солдаты киіміммен кіріп келгенде фрау Мария жылап жіберді.

– Кетеріңді білгенмін. Қайтемін, Дик. Аман-сау бол. Бекер сенесің, радиода, газетте күнде айтып жатыр ғой ол жақты. Үй-жайың, адресің қалай?

– Жамбыл ата ауылы. Ақын.

– Джамбул ата, – деп күбірледі ол.

Еңкейіп, үстелдің астынан подсигар және екі қорап сигарет алып берді. Подсигардың бетіне «Мариядан ескерткіш, 1945 жыл. Август»– деп жазылыпты.

– Балаң дүниеге келгенде осыны саған сыйлайын деп едім… Перзентіңнің атын кім деп қояйын?

– Ұл болса – Бүркіт, қыз болса Фатима деп ата.

Машина бипілдеп, мені шақыра бастады. Айна алдында тұрған Марияның алақандай ғана кішкентай суретін алып, қатты қағазға орап төсқалтама салдым.

Ол көзі боталап, далаға да шығарып сала алмай құшақтап сүйіп:

– Даут, қош бол, қош! – деп нағыз атымды енді атап, жылап қалды.

Сырттағы үшеуі үш жағымнан қаумалап, машина қорабына секіріп міндім. Қасыма мені құшақтап Зәкір отырды.

– Біз Мәскеуде оқимыз, Дәуіт. Әлі алдымызда тамаша уақыт бар, – деп ол мәз болып, болашағымызды қиялдап кетті.

Фрау Марияның әппақ үйі бұлдырап, қалың ағаштан көрінбей қала берді.

Пойызға мінер тұста Мырзалыны жолық­тырдық. Екі бетінің ұшы қызарып, үстінен жаман күлімсі иіс кетпейді. Бізді көріп еңіреп жылап жіберді.

Әр-әр жерден тоқтап өзіміздей тұтқын­дарды теріп, жуындырып, киіндіріп, ұзын эшалон ысқыра қозғалып, шығысқа қарай бет түзеді.

«Туған елге жетсек» деген көңіліміз алып ұшады. Зәкір, Мырзалы үшеуміз бір вагондамыз. Орысша, қазақша ән саламыз. Бүкіл эшалондағы қазақтармен шұрқырасып, танысып мәре-сәре мәзбіз.

Баяғы екі капитан тоқтаған жерде жинап, әңгіме өткізеді. «Бәріне кінәлі сатқын генерал Власов, сендердің түк кінәларың жоқ. Өз ауылдарыңа, үйлеріңе барып, туған-туыстарыңмен қауышып, жұмысқа тұрасыңдар. Оқып жүргендер оқуларын жалғастырады», – деп, Зәкір екеумізге қарап жымиып қояды.

СССР шекарасынан өткенде шуылдасып, жүрегіміз жарылардай қуанғанымыз-ай! Совет жеріндегі алғашқы станцияға тоқтағанымызда, автомат асынған, овчарка иттері арпылдаған солдаттар әр вагонның есігінің екі жағына тұра қалып:

– Қолдарыңды көтеріп, бір-бірлеп өтіңдер, – деп әрқайсымызды жеке-жеке тексеріп, алдын-ала дайындаған түрмеге қамады.

Баяғы бізді алып келген екі капитан формаларын өзгертіп киіп келгенде білдік – НКВД-ның офицерлері болып шықты. Бізді алдап қақпанға түсіріпті, Жаналғыш әзірейілдей сұрланып, қандарын іштеріне тартып, түні бойы сұраққа алып:

– Отанын сатқан опасыздар! Неміс фашистерінің құйыршықтары! – деп былш-былш тебеді.

Мария фрау берген портсигар мен суреті бәле болып жабысты. Немісше білетінім, аудармашы болғаным жайлы Мырзалы жырдай ғып айтып беріпті. Ұрып-соғып, ұйқыдан айырып, есалаң жандай сенделтіп берген сұрағына бас шұлғып, қол қоюдан басқа амал қалмады. Әбден есеңгірегенде тірлігіңнің құны бес тиын болмай қалады екен.

Топ-тобымызбен әскери сотқа апарып, Зәкір екеумізді жиырма бес жылға, Мырзалыны он бес жылға соттады. Бізді Магаданға айдады, онда да тұрақтамай ары Тундрада мұздың астындағы мәңгі тоң боп қатқан жерді қазатын ерекше зонаға іліктік. Ерекше дейтінім, аштан, суықтан өлсек құнымыз жоқ, тапсырманы орындамасаң атып тастай салады, ауырсаң – емдемейді, суыққа қатырып, шанаға тиеп қалың орман ішіне жыртқыш аңдарға жем қылуға апарып тастайды.

Тундрада жердің астындағы тау-тастарды жылдар бойы тесіп-қазып, қураған шыбықтай жіңішкеріп, енді біттік-ау дегенде амнистия жарияланды.

Ішінара кейбіреулерді босатып жібере бастады. Ақыры он екі жылдан кейін ғана Зәкір екеумізді босатты.

Ауылдағылар тірі әруақтай тұрпатымызды көріп, бізді танымай қалды. Сталин өлгеннен кейін-ақ Мырзалы елге қайтыпты. Ол – ауылда ысқырған бригадир, Зәкір екеуімізге әкіреңдеп, колхоз жұмысына салып қойды. Көтерем арық жылқыдай ыңыршағымыз шығып жүрсек те, жұмсаған жағына бара бердік. Көргенде қорлықты Мырзалыдан көрдік. «Әй, неміске сатылған опасыздар, сатқындар!» – деп сасық күзенше шаңқыл­дап, жұрттың көзінше бізге жөні жоқ тиісетінді шығарды. Әбден запыс болып қалған мен үндемей құтыламын. Зәкір бірде шыдамай кетіп «Мырзалы, сені сасып өлейін деп жатқан жеріңнен суырып алып қатарға қосқан мен емес пе едім» – деп еді, Мырзалы шарт ете түсті «Контрсың, сатқынсың, немістің формасын киген фашист», – деп қамшымен тартып жіберді де, шапты да кетті.

Ауылға келгенімізге төрт ай болғанда бізді қайта апарып қамады. «Аса қауіпті шпион» деп Мырзалының жазған арызына орай қайта сот болып, екеуімізге бес жыл беріп, Мурманскіге айдады. Үш жылдан кейін Хрущев амнистия жариялап, туған жерге табанымыз қайта тиді.

Зәкір тұралап ауырып оралды, күрк-күрк жөтеліп, содан көтеріле алмай қайран азамат көз жұмды. Мен Алматыдағы екі жылдық мұғалімдер институтын бітіріп алдым. Мектепке жұмысқа тұрып, үйлі-баранды болып, ел қатарына іліндім. Іскерлігімді көріп, интернатқа бастық етіп қойды.

Міне сол жылы сен интернатта мектеп бітіреді екенсің. Әп-әдемі жұмыс істеп жүр едім, үстімнен тағы арыз түсті. «Отанын сатқан, пленде болған жан қалай жас ұрпаққа тәрбие береді», – депті. Тексерушілер келіп, бар ісімді асты-үстіне шығарып, қанша қазбаласа да, ештеңе таба алмады. ОблОНО-ның бастығы, қасында жәй киініп алған КГБ-ның екі қызметкері интернат тәрбиеленушілерінен сені шақырып сөйлескенде, «Исаев Дәуіт ағайдай білімді, үлгілі ұстаз, интернат бастығы бізге керек!» – дегеніңде бәрі отырып қалғаны әлі есімде. Ақыры мені КГБ ұсынысымен жұмыстан босатып, интернаттың бүкіл шаруашылық жағына қарайтын завхоз етіп қалдырды. Қарамағымда жирен ат, бір шана, бір арба бар, өзің білесің, қысы-жазы су тасыдым, асханаға болыстым, бітпейтін жұмысты ақырын атқарып жүре бердім. «Сатқын, шпион, пленге түскен» деген суық сөз жүрегімнен өтіп, той-томалаққа да бармаймын, тартынып арақ-шарап та ішпеймін, ешкіммен сырласып, бейпіл сөйлеспеймін, өз-өзімнен ішімнен тынып, томаға-тұйықтанып алдым. Үш ай сайын қалаға комендатураға барып, есепке тұрамын.

Бірде түнде үйге келіп мені алып кетті. Алматыдағы өзіме таныс Дзержинский көшесіндегі КГБ абақтысына екі күн қамап қойды.

КГБ-ның үш тергеушісі кезек-кезек сұраққа алады.

– Сенің ФРГ-да қызың бар ма?

– Фрау Мюллер Мария деген әйелің болды ма?

– Олармен хабарласып тұрасың ба?

Әбден зәрезап болып қалған байғұс басым не дерімді білмедім. Тайсақтап көріп едім, қолыма хат берді. Немісше жазылған бұл хатты Мюллер Марияның қызы Фатима жазыпты. Хатты оқып жатып, көзім бұлдырап, көрмей қалды. Көңілім күрт босап, шұбырған көз жасымды тыя алсамшы. Фатимаға шешесі әкесінің Исаев Дәуіт, Жамбыл ата ауылынан екенін нығарлап айтыпты.

Фатима – үлкен фабрикант, отыз бесте әкесін іздеп хат жазыпты.

Менен баяғы тәркілеп алған фрау Марияның және шашы қара, қасы қара бір әдеміше қыздың фотосуретін көрсетті. Қайран Мариям-ай, қандай асылзада перизат едің? Сен қыз тауып, атын Фатима қойып, әкесі кім екенін ақиқаттап айтқандығың қандай? Қызым да нағыз жаужүрек батыл, мені іздеп, сұрау сап, хат жазғанын көрмейсің бе? Шешесі былтыр қайтыс болыпты, басқа күйеуге тимей, бар ғұмырын жалғыздықта өткізіпті. «Әкемді бір көрсем – арманым жоқ», – депті қызым хатында.

Жүрегім езіліп, қанжылап отырып оқыдым.

Үшінші күні мені әбден қысып-қысып, ешкімге ештеңе айтпау жөнінде қолхат алып, әзер босатты. Германиядағы Фатима Мюллер ханымға «мұндай адам бұл өлкеде тұрмайды», – деп хат жазып жіберді.

Арада үш жылдай уақыт өткенде бір үлкен оқиға болды. Үйге бір топ жалаңдаған адамдар кіріп келіп, бәрімізді даладағы автобусқа апарып отырғызып, ауылдың сыртына алып шығып кетті.

Отбасымызды көрсетпеу үшін КГБ қыз­меткерлері көзімізді жоғалта тұруға сыртқа әкеткен екен.

Үйімізге өздерімен келген бір әйелді кемпірше киіндіріп отырғызып қойыпты. Мені баяғыда өліп қалған деп, ал мына кемпір әйелі, балалары жоқ депті.

Бірақ Фатима елеусіздеу рамада тұрған менің суретімді фотоаппаратымен түсіріп алыпты да, жылап қайтыпты. Үйіме бір бума ақша – марка тастап кетіпті.

Мұның бәрін сол бойда мені алып кетіп, тергеген кгбшниктер айтып берді. Қызым­ның жүрген-тұрғанын, бәрін-бәрін суретке түсіріп алыпты, соны көрсетті. Әкеліп берген ақшаны өздері алды.

Ақыры мені бес жылға Түркменстанға жер аударды, бүкіл отбасымды көшіріп алып кетіп, сол жақта болып қайттым.

Құдайдың берген үш ұл, екі қызым бар. Әйелім жуас, шаруаның адамы. Олар ештеңе білмейді де, сезбейді. Мен бұл жайлы тіс жарып жан баласына айтпадым, айтуға хақым да, хұқым да жоқ.

Кеше Алматыға КГБ тағы шақырыпты. Баяғы фрау Мария маған сыйлаған портсигар мен кішкентай алақандай суретін көрсетті. Фатима Мюллер «жол апатынан қайтыс болыпты» деп хабарлады. Мен селт етпедім, олардың өтірік айтып тұрғанын анық білдім. Іс-әрекеттерін көре берген соң солардың өздеріндей қуланып, дағдыланып алады екенсің.

Фатима қызым тірі, ол Мария екеумізден туған, өткірлігі тас жарады. «Ірі бай, буржуй, шіріген капиталист, ел қанаған фабрикант өліпті», – деп соғып отыр. Іштен тынып, үндемедім.

Өзім үйренген сұрғылт үйдің подвалын­дағы абақтысына үш күн түнетіп, бүгін жі­берді. Сол жаққа барып шыққаннан кейін денем қышып, үстіме керосин жаққандай жаман әсер аламын. Моншаға әдейі келіп түскенім ғой.

Екі күннен кейін Ұлы Жеңістің отыз жыл­дығы, соғыс біткеніне міне отыз жыл. Мен замандастарым секілді көшеге ол күні шық­паймын, үйде тығылып отырамын.

* * *

Ол кісі тағы темекісін алып тұтатып, құшырлана сорды. Екеуміз екі бөтелке «Портвейн» шарабын тауыстық. Ол төңірегіне күдіктене қарап шықты. Терін асықпай сүртінді.

– «Мұны маған неге айтты?» деп отырсың ба? Ішім тола жасырын шер мен зар ғой. Алтын құрсақ әйелдің ішінде бесігімен ұл жатады, арманда жүрген еркектің ішінде ат басындай шер жатады. Тұңғыш рет өмірімді айтып, шерімді тарқаттым. Тұншығып өліп кете жаздаймын. Тек түсімде көріп шығамын, немісше сөйлеп жатамын. Фрау Мария екеуміздің мәңгілік махаббатымыздың айғағы – Фатима қызым алғыр боп өсті. Ол талай жерді жарып шығады, сендер көресіңдер соны, әлі.

– Иә, мұның бәрін, сырым мен шынымды, қара тас боп қалған шер-шеменімді саған айтып отырғаным – сенің зейінің бар. Адам танысам, әлі талай-талай асуларды асып, биіктерге шығасың, қарағым. Тек бұл сырымды жан баласына айта көрмегін. Жарай ма?

– Ешкімге айтпаймын аға. Мырзалы қайда қазір?

– Қойға шығып кеткен. Құм ішінде жеке отырады, қой бағады. Жас әйел алған.

– Кейін көрдіңіз бе?

– Көрмегенде ше? Түк болмағандай арсалаңдап амандасып, жырқ-жырқ етеді. Әлі күнге дейін үстінен күлімсі жаман иіс шығып тұрады. Әлде маған солай көріне ме!? Қай заман келсе, сол заманның иті болып үретіндер ғой. Тұншықтырған шерімді бір шығарып, жасап босап қалдым-ау… Мен татып алмаймын ғой, ауырмайтын жерім жоқ, қауқиып жүрген құр кеудем, сүлдем ғана.

Бүгін сенімен ішкім келгенін, бәрін ақта­рып айтқым келгенін қарашы. Сәтті болды, қасіретімен буындыра буып қамаған қайғым сейіліп, бір рахатқа түскенімді қарашы. Қой, мен ауылға қайтайын, автобус кетіп қалар.

Ол екі ұмтылып, орнынан әзер тұрды.

–Нариман, қайыр-қош. Жаман ағаң бірін айтам деп бәрін айтты. Пенде ғұмыр деген осы-ау, сірә…Шығарып салмай-ақ қой.

Ол қолымды алып, қоштаса бастады. Алақаны өрттей ыстық, ылжырап терлеп тұр. Қалың ой қамалаған мен орнымда балбал тастай қатып қалдым.

Арада екі айдай уақыт өткенде Дәуіт Исаев ағайдың қайтыс болғанын естіп, қатты қайғырдым.

* * *

Кеше үйіме келіп қонып кеткен, баяғыда интернатта бір сыныпта бірге оқыған Айқымбай досыма осыны айтып беріп едім, ол мұңға бата, тіпті көзіне қайта-қайта жас алып, шексіз әсерлене тыңдады.

– Сен мұны жаз. Тағдыр ғой, заман басқа салған қасіретті қарғыс өмір ғой, – деді ол үніне діріл араласып.

Адам қартайғанда көңілі бос, жылауық келеді-ау.

Ол кеткен соң түні бойы тапжылмай отырып, осыдан қырық бес жыл бұрын «Голубой Дунай» деген кафеде Дәуіт ағамның айтқандарын мұртын бұзбай түгел қағазға түсіре бастадым.

 Адам өмірі бір тал оқпен өлшенетін соғыс қасіреті мен оның тыртығы мәңгі-бақилық жүректерде шер болып қатып қалған зауал шақтар-ай…

Тамыз, 2019 жыл.

ПІКІРЛЕР5
Аноним 16.02.2020 | 14:41

Озим из бала кунимизден ауылда курыметтеп, сыйлап оскен аяулы агаларымыздын тврихы мен тагдыры Совет укмети заманында осыншвлыкты киын да курдели омир кешкенин билмеппиз-ау!

Аноним 16.02.2020 | 14:48

Ангиме оте терен, тартымды жазылып ты. Жан-дунием тебирене , козиме жас ала отырып окып шыктым.

Аноним 16.02.2020 | 14:51

Нагашыбек ага, осындай керемет ангимелериниз ушин улкен рахмет сизге!!!

Аноним 15.04.2020 | 12:47

Тура осыган уксас окиганы ертеректе»Алтын кус»деген ангімеден окыганмын.Кітаптын авторын есіме тусіре алмай отырмын.Есімі белгілі жазушы,согыска катыскан,жанылмасам туткында болган.

Аноним 08.01.2024 | 16:50

Иә, басыңа салғанды көресің де көнесің. Небір азаматтардың сағы сынды ғой. Ұрпақтары бір—бірін іздемеп пе?

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір