Қуаныш Жиенбай. Шеткі бөлме әдеби салон секілді еді…
06.11.2019
1036
0

Биыл қазақ руханияты мен ақыл-ойының алтын қамбасы – «Қазақ әдебиеті» газетінің 85 жылдығы. Ғасырға тақау уақыт тарихы бар ата басылымда қазақ жазба әдебиетінің қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан барлық буынның қолтаңбасы, ой өрнегі, арман-мұраты, қилы тағдыры қаттаулы. Редакция ұжымы 85 жылдық мерейтой аясында бұған дейінгі архивтерді ақтарып, корифейлер жазған хаттарды, оларды толғандырған замана кейпіне қатысты ойларын берген еді. Сол үрдісті қайта жалғас­тырып, «Біздің шежіре» айдарын ашып отырмыз. Мақсатымыз – басылымның әр жылдардағы бағыт-бағдарын, «тар жол тайғақ кешуін» қайта бір еске түсіріп, қызығы мен шыжығы мол, қуанышы мен өкініші енші тарихын оқырмандарға ұсыну. Айдардың алғашқы қонағы – жазушы Қуаныш Жиенбай.

Өткен күндерден белгі қалатыны рас. Бәрі, барлығы кеше ғана болғандай, ал өзің де сол ұмытылмас сәттердің бел ортасында жүргендейсің. Уақыт ырғағы солай болды ма, әлде шығармашылық үйлесімділіктің әсері ме, әйтеуір, тоқсаныншы жылдардың аяғы, үшінші мыңжылдықтың басында «Қазақ әдебиеті» газетінің ұжымында өңшең, «сен тұр, мен атайын» дейтін қабырғалы қаламгерлер қызмет істеді. Қызық, қызық болатын себебі, басқаны қайдам, шығармашылық еркіндікті өз басым осы жерде ғана анық сезіне бастадым. Бас редакторымыз – жазушы Ахат Жақсыбаев. Жазушылық қырынан елге кеңінен танылған және таланттыларды жазбай тани білетін Ахаңның жүріс-тұрысынан, істеген ісінен, тіпті киім киісінен де жинақылық пен шалт қимылдың иісі аңқып тұратын. Газеттің кезекті саны жарыққа шыққалы жатқан тұста, күн кештете, жұмыс аяғында жаяулап барып, «Дәуір» баспасынан бір шаң беріп қалу – Ахаң үшін түк емес-ті. Осы кісінің бойындағы қарапайымдылықтан көп нәрсе үйренгенімді ылғи айтқым келеді, ылғи жазғым келеді де тұрады. Оның да бір реті келер.

Редакцияның күн батыс бетіндегі шеткі бөлмесінде Иранбек Оразбаев, Исраил Сапарбаев, Әмірхан Меңдеке, төртеуміз тізе қосып, бірнеше жыл бірге қызмет істедік. Көрші бөлмеден Мейірхан Ақдәулетов пен Әлия Бөпежанованың жарқын-жарқын күлкілері естіліп жататын. Жүсіпбек Қорғасбеков – бас редактордың орынбасары, Еркін Жаппас – жауапты хатшы. Айтайын дегенім, сол кезде шағын ұжымдағы еркіндік, шығармашылық аура аспан тірейтін. Газетке керекті мақала үйде жазылатын еді де, сол шағын бөлмеде әдебиетке қатысты арғы-бергі естеліктер; әлдекімнің жаңа шығармасы жөніндегі «ыстығы көтерілген» пікір-талас, әзіл-қалжың, ертеңгі күні жарыққа шығатын поэзия бетіндегі жас ақындардың өлеңдер топтамасы; тосын ойлы, биліктің назарына ілігетіндей ащы шындықты ашық айтқан публицистика, әлем әдебиетіндегі мойны озық туындының өмірге келуі… қойшы құрысын, сол қуықтай бөлмеде не айтылмады дейсің! Сол бөлме маған қашанда ыстық. Жолым түсіп, одаққа бара қалғанда өзім отырған үстелге құйрық басып, қазіргі таңда қызмет істеп жатқан жас әріптестеріме: «міне, мына жерде Ирағаң, Иранбек ақын түнде қағазға түскен өлеңін бұрқыратып оқып тұратын еді», – деп еске түскен штрихтарды айтып кетемін. Рахаттанып, кәдімгідей жеңілденіп қаласың.

Гер-ағамыздай (Г. Бельгер) қағазға деген ұқыптылық бәріміздің бойымыздан қайдан табыла берсін. Әдеби салонымызға айналған сол бөлмедегі айтылған ойларды өзім үшін де, өзгелер үшін де түртіп жүрмегеніме әлі күнге дейін бармақ тістеп өкінемін. О кезде бүгінгідей компьютер атымен жоқ-ты. Жазған-сызғанымыз машинкаға басылатын еді де, газет шыққаннан кейін бір азаптан құтылғандай сезініп, қолжазбаның корректордың суырмасында ұмыт қалатындығымен де санасып жатпайтынбыз. Жазған басымыз, соларды да жинастырмаппыз-ау! Ал бізден басқа пысықтау біреу болғанда сол салондағы әдеби ахуалды диктофон таспасына жазып та қояр ма еді… Бүгінгі мереке тұсында бәріміз жабылып, сол жанды дауыстарды тыңдаған болсақ, шіркін, әсерін айтып тауыса аларсың ба?! Эх!..

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір