Біржан Ахмер. Уақыт нұры тамды, міне, бөктерге…
КВАНТ
Мына Жер – бір ғана тамшысы ғарыштың,
Мына Күн – бір ғана жарығы «ағыстың».
Шексіздік торында уақыт-құс қамалып,
Жатыр ма тіршілік түрленіп,
Жаралып?..
Бір сызық ұшқаны –
Жұлдыздың түскені.
Күн сайын құбылар аспанның түстері.
Кеңістік құшағын тануым мүмкін бе,
Миллиард сөз туса,
«Жан» туса –
Бір түнде?..
Менің де миымда бір ғарыш бар білем,
Һәм соның ішінде беймәлім әлгі
«мен».
Сөйлесем – жұлдыздар ағып бір түсердей,
О, қалқам,
Мен миды
алмадым кісендей!.
Ішкі жан толқиды ғарышты көргенде,
Білемін, Аспан да – мен сынды шерменде.
Көңілдің дауысы,
Өмірдің заңдары,
Бәрі де бар онда,
Түсінсең болғаны…
Бір түске ұқсайды осы таң шырайлы,
Бір түске ұқсайды осы кеш шұрайлы.
Бояуы мың түрлі ғаламым, кеш мені,
Мен сенің – бір түсің,
Ғарыштық көштегі.
Содан соң,
Шертіліп ғаламның сазы ұлық,
Жүрекке тамады бір тамшы Сөз-үміт.
Өзіме қараймын,
Өмірге бағынар.
Уақытқа қараймын,
Оның да
«жаны» бар…
***
Күзгі гүлдердей семіп барады Жан сағым,
Адами сезімдер…
Һәм іштегі аңсар, ым.
Ақыл айтқыш ағаның құлқы басым ойынан,
Маңыздырақ
Санама
Сұлбасы кестеленген арса мұң.
Ал сен,
Көңілдердің құлшынысын байқашы,
Бұл өмір – уақытты өлтірген қылмыскерлердің айқасы.
Адамның миында не қалды? Ештеңе…
Ештеңе жоқ қазір.
Олардың ойында –
Кешкі.
Түскі.
Таңғы асы.
Даурығып қайтеміз ендеше,
Осылай жүректен тама берсінші ой ыстық.
Біздер неліктен болымсыз жаққа ойыстық?
Шындықтан қашудың заманы басталды, меніңше,
Бұл жерді жіберем дегендер шығады әлі райыс қып…
Иә, рас,
«Рухтың дауысы қажеті қанша?» дейтұғын,
Қалыпқа салынған киесіздердің кейпі кім?
О, бастан
Қарашығында жұмбағы тұрған ғаламның,
Мен – бір тылсымның ойымын
Әрі
Еркімін.
***
Қара көздер… сенделеді күз жұққан,
Күрең жолдар – сағыныштың торабы.
Жапырақтар үнсіз, сөзсіз бізді ұққан,
Ұшып келіп жүректерге қонады.
Мұң өседі бақшасында бақыттың,
Толғанды кім ұзақ қарап ғаламға?
Тамырына салқыны өтіп уақыттың,
Жапырақтай сарғаяды жанар да…
Көкіректен тарағанда мұнарға ән,
Аңсарымен қауышады сары алап.
Бірін-бірі жоғалтып ап тұманнан,
Адамдар жүр жат сезімді жағалап.
Тылсым әлем. Маған сырын ашқан ба,
Сағынышын сораптаймын қай жүздің?
Ақыл-ессіз қалықтап тұр аспанда,
Күз ернінен сүйіп алған байғыз түн.
Мына мезгіл – аңсаттырған әз уақыт,
Көз алдыма күнді әкелген кешегі.
Көк пен жердің сағынышын маздатып,
Күрең-сары жапырақтар көшеді.
Көкжиекті шексіздікке жалғаған,
Уақыт нұры тамды, міне, бөктерге.
Сиқырлы әлем жұмбағына арбалам,
Күз қанатын желпіп өтіп кеткенде…
***
Балқытып бойымды барасың қайда?
Бал тілмен баурап ақынды.
Түбінде әйтеуір табасың айла,
Торлап ап мендік ақылды.
Жанарың сенің от үрледі ме,
Жаралды қайдан бұл екпін?
Жарасын жазып отырмын міне,
Еріні күйген жүректің.
Тұрғанда солай бұл жүрек тынып,
Құмықты дерсің көмейі.
«Ұнатам» дегенде үлбіреп тұрып,
Үн қатпай қалдым әдейі.
Сағымның білемін күйік екенін,
Сонда да көңілім өзіңде.
Сүйемін демеймін, сүйіп өтемін,
Сөздердің бәрі – сезімде.