УАЙ, ОТАНЫМ – РАХМАН НҰРЫ ТӘҢІРДІҢ…
(«Жансыз жағалау» және «Қара гүлдің аппақ тікені» – кітаптарынан)
Валерий Михайлов – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Қарағанды қаласында туған, Қазақтың орыс шайыры. Өмір-салты, ғұмыр-ғұрпы, мінез-құлқы, өлең-жыры, қайғы-мұңы, көңіл-аптығы, шадыман-шаттығы – бәрі-бәрі қазақша. Ұзақ жылдар бойы «Простор» әдеби-көркем журналының бас редакторы болған азамат. «Қазақ әдебиетінде» бұрын-соңды жарияланбаған автор. Валерий – әлем ақыны жақында Италияға сапар шекпек… мен оның осынау тылсым-жұмбақ өлең-жырларын рухани сұраныстарына сәйкестендіріп, аса мәртебелі оқырман назарына ұсынып отырған аудармашы – ғанамын…
Иран-Ғайып.
Валерий Михайлов
* * *
Ол, тек – жүрді,
арып-талмай арманданып,
Қар түспей, жаңбыр жаумай,
малманданып.
Ол, өмір сүрді алаңсыз, аласұрмай,
Қыбыр-жыбыр, сыбырға болмай зарық.
Сен, тоқ – жүрдің,
барып-келіп бұлғақтанып,
қар борап, құйса нөсер, құрғақтанып,
күтуін, күткен жоқсың, күткізбедің…
тайраңдап, тасыраңдап, сырғақтанып.
* * *
Тарихаттың қойын-қонышын ақтардым,
Уақыт-Жүрек – сырқат…
соғып-соқпаған.
Еуропа – әлде-қашан батқан Күн,
Америка – әдірем-таң атпаған.
Таба алмадым – сұрағымның жауабын,
Батыс – Түнек, Шығыс – «Түннің ұяты».
Тауқыметі тарс-жарған талағын –
Тіршіліктің жоқ сыңайлы мияты.
Сай келмеген әзиз-аты затына,
Табиғаттың таусылғандай талқаны:
Солтүстіктің салқын-шапағатына –
Ресей байғұс жан-жалдауға қорқады.
* * *
Кездік тынбай тау-тасты,
Салмақ сап қол-аяққа.
Санамызды мау басты,
«Тапқанымыз» – қаяқта.
Қудық –
Жетпей қашқанға,
Қасіретіміз зорайып.
«Кресіміз» –
Аспанға,
Қарайтындай алайып.
Қу-Медиен –
Құрлықтың,
Жусан иісі –
Қыр-құлақ:
Шыққалы тұр Тірліктің –
Шыбын жаны шырқырап…
* * *
Қайтқан құстай –
Зымыран-Көкті сыналап,
Өзім-Қолым –
Өз-Жағама жеткенше;
Көкірегімнің –
Саңылауын сығалап,
Қашан –
Шыбын-Жаным шығып кеткенше.;
Мүмкін,
Жадап…
Бәлкім,
Жаздым-жаңылдым:
Сағынышым –
Симастай Кең-Далама.
Уай,
Отаным –
Рахман Нұры Тәңірдің,
Шуағыңды –
Төккей,
Шайыр-Балаңа.
Тыныс-Демің –
Дауа дертті-денеме,
Құс-Мамықтай –
Мұз құрсанған Қияның:
Әз-Халқымның –
Қасіретінің шөліне,
Жүрек-Қаным –
Көз-Жасымды құямын…
* * *
Ахматова –
«Арғын-Қаз»:
Қанатының Асты –
Күйік,
Қап-қара…
Цветаева –
«Ақ-Шағала»:
Теңіз қорып,
Толқын қуған,
Пәк-Пана.
…Қос-Шырағдан,
«Бейіт-Аяны» –
Бұлардың;
«Аһ» –
Ұрады,
Саңылауынан –
Храмның.
* * *
Күн артынан өткен Күн,
Білмейді ешкім –
«Нетерін».
Сезем,
Тағдыр-Өктемнің –
Ақыр-Түбіме жетерін.
Өмірім –
Жәй… әншейін,
Тайқытқан –
Сор-Маңдайды:
Басылмайды тән-шөлім,
Жан-құмарым
қанбайды.
Күлемін де жылаймын,
Қуанамын-қайғырып.
Сүрінемін-құлаймын –
Қыр-Арқамнан майырылып.
Бұғынғаным –
Мақұл-ды,
Атқан-Оқтай –
Сөздерің.
Білем,
Мендей-Ақынды:
Өлтіретін –
Өздерің…
* * *
«Не көрмедім мен байғұс…» –
Н.Заболоцкий.
Өмір сүріп келемін –
Шалғай шетте мінәжат.
Несін айта беремін,
Ұжымақты тозақ бұл азап.
Құшағыңа симадым,
Сорым қайнап, Орысым.
Үйіріліп Иманым,
Отқа оранам сол үшін.
Күнім – Күрсін-Ғұмырым,
Ғасыр бейне Ғарасат.
Құрсандағы Бүгінім –
Крестеулі Болашақ.
* * *
Белгісіз һәм бей-мәлім,
Саңырау-Мылқау-Аралда,
Жайып құшақ,
Мен жаттым құмда кем-түс.
Бұзып –
Өлі-Тыныштықты,
Ой, Алла,
Күн-шоғына қақталып,
Тулады – Ертіс.
Танау жарған –
хош-иісін Жусанның,
Есірік-Жел –
әкетті ме сауғалап.
Сезімім бе,
Әлде, өзім бе, құрсанның –
Құрбандығы болған,
Басыр-Жарғанат.
Өзім емес,
Өзен екен – малтытқан,
Сезім емес,
Кезең екен – Кемел-Зар:
«Жетемін» деп,
Жағалауды жар-тұтқан,
Өмірім – Бар
және
Өлмес-Өлең – Бар…
* * *
Елеген жан көргем жоқ – өмірімді:
Қап-қараңғы, жап-жарық – көңілімді.
Мен – Өзіңмін, есіңе сақта мәңгі:
Жап-жарықты, Дүние, қап-қараңғы.
Зарықпын – шыққан Күндей бата-тұғын,
Ғаріппін – тастай қатып жата-тұғын.
Күліп тұрып – жылаймын, жылап тұрып –
Күлемін… Күллі-Әлемге – құлақ түріп.
Қап-қарамын, неліктен,
жап-жарықпын…
Жатыр дейсің, тәйірі, аңғарып кім?
* * *
Баян құшқан бейбіт өмір зарығы –
Бізге қарсы тоқталмайды Соғыстар.
Жаратушының өшпей-тұғын жарығы:
Ресей – Жан… Жан-Кештілер – Орыстар.
Жаттың жемі – тағдырымыз талайлы,
Зұлматтар – талап,
зымияндар – тонайды.
Аз – шыдалық…
Мәжбүриятпыз – көнуге:
Бұл Дүние Тозағынан –
Құтылып,
Бейішіне –
Енуге…
* * *
Соғысудан басқа ойламайтын –
Безіп қашқан Ауғаннан,
«Мәң-Құстарын» –
Сайрамайтын,
Жоймай –
Дүние-Жалғаннан:
Қонған –
Беріш-Берігін,
Құлатпасақ –
Нетеді;
«Бомбаланған –
Өмірін»,
Жылатпасақ –
Нетеді;
«Қырық Жыл Қырғын» –
Болса да,
Өтеді де Кетеді…
* * *
Сылдырап –
«Ән салатын», –
Сулар –
Неткен Бақытты:
Ерте тұрып –
Ұйқымнан,
Жалқын-Бетін –
Шығыстың,
Жарқыратып –
Жәннаттай,
«Жусам» –
Деп ем,
Қайтейін.
Қырқып –
Қайғы-Қанатын,
Босқа –
Өткізбей,
Уақытты:
Аңдыған –
Ту-Сыртымнан,
«Жын-Шайтанын –
Ібілістің»,
Алды-артына –
Қаратпай,
«Қусам» –
Деп ем,
Қайтейін…
27 – 29. 09. 2024
Алматы.