Бауыржан Игілік. Күнде жүрміз жүректі жерге көміп…
29.10.2019
1419
0

***

Кірпігіме тұндырып көгілдір шық

Қайда мені салмадың, өмір қырсық?

Ес білгелі мазасыз үміт, күдік

Шортан құсап жатады көңілде ыршып…

 

Еш ортаға сыймаса қошқар басым

Ешкімнің де алмадым көшке арбасын…

Бетке тіліп айтатын дұшпанымнан

Көп көпіріп сөйлейтін достар басым…

 

Мезгілсіз келіп қалып жерде жүрген

Түсінбеймін не қылған пендемін мен?!

Жаутаң қағып өмірді келем сүріп

Жүрегімді құшақтап шер кемірген…

 

Бір басымды жұлмалап мың ойларым

Өтіп жатыр қу тірлік – шыр айналым

Көздеріммен алданып дүниеге,

Жон арқаммен сеземін Құдай барын.

 

Мен де жеріп ақылдан, ел де жеріп,

Күнде жүрміз жүректі жерге көміп…

Менен өзге ермегі жоқ, тағдыр-ау

Тағы қандай сыйың бар?

Бер, көрелік…

«Суицид»

– Қош бол өмір…

Үрей…діріл…күрсініс…

Қып-қызыл қып көзін ашты күншығыс.

Зау биікке қоңыраудай ілініп,

Тәтті өмірді әнге қосты жыршы құс.

 

Саусақ басы бір суынып, бір ысып,

Ауыр-ауыр тыныстайды құнысып.

Жүрек лоблып, сандырақтау басталды

Жұлынының өлім сорып бір ұшын…

 

Бір құтыру билеп болды еңсені…

«Алдамшы өмір, жек көремін мен сені!

Барлығыңа өкпелімін!» – сол өкпе

Өрби-өрби өлім болды ең соңы…

 

Таңғы салқын.

Жан кемірген тыныштық.

Арқасында аунайды аяз күміс түк…

Жұдырығын тарс жұмған… соңғы сәт

сусып кетпек аша салса уысты.

 

Өмір-өлім түйсігінде тербеліп…

Қиялында неше мәрте көрді өліп.

Әлдеқайда көзін қадап тұрды да,

Жан қышқырып жылай салды шерленіп.

 

…Қос жағамен қол ұстасқан зіл-көпір,

Ортасында бес секундсыз мүрде тұр.

Тамырдағы қанын үрлеп суытып,

Ажал қолы аймалайды сұр бетін…

 

Еппен жұмып нұры сөнген жанарын

Бір қадамға бағыттады бар әлін.

Ең бір ұлы шекарада жасамақ

Ең алғашқы һәм ең соңғы қадамын…

 

– қош бол өмір!

Басты қадам…

Ешқайда…

Сезім қайда?! Ақыл қайда?! Ес қайда?!

Тарқамайтын өміріне өкпесі

Соңғы қадам жасалғанда өшті ойда…

 

– құтқарыңда-а-р!!!

Амалсыздық… сорлы үміт…

Құлағында ысқырады жел күліп.

Түпсіз аспан – дүниенің көзіне

Қимай-тоймай бір қарады телміріп…

 

Қазір оған жетеді ажал қағілез

Жарым секунд…

Жарты тыныс…

Жарым ес…

Бәрін-бәрін болар еді түзеуге

Бәрі де енді…

Бәрі де енді…

Бәрі кеш…

***

Көктем келді, жаз – таяу… Шыда жүрек!

Көптен бері екеуіміз құлазып ек.

Біз алданар бақыттың біразы алда,

Бізге жақын адамның біразы жоқ…

 

Жоқ біразы…

Қайда еді?!

Жалмады күз!

Қыдырсақ, қабір болды-ау барғанымыз?!

Жалған өшті олардың жанарында,

Таңдайда қап тамсаған арман-уыз.

 

Бәрі алдамшы дегенді жүрсем де естіп,

Марқайтатын үмітті бір сенбестік.

Өмір деген білгенге – қиын өткел

Тайып, құлап, тасырқап, құм, сор кештік.

 

Тағы көктем…

Тағы да құзғынсәрі…

Енді тоят тілеме түз құрсағы!!!

Қыстай сұлқ жүргенде есеңгіреп

Әзірейілде болыпты-ау біздің шабыт?!

 

Кел, жүрегім, қарсы алып бұл көктемді,

Алданайық уақытша дүрмекке енді.

Өлілерді білеміз сағынуды,

Үйренейік тіріні құрметтеуді…

 

***

Ғұмырымның баянын желге жаздым.

Елмен толып бүйірім, елмен аздым.

Бала мінез басыма бәле әкеліп,

Үлестіріп барымды, кемге мәзбін…

 

Ғұмырымның баянын желге жаздым.

Марапатқа мастандым көрген аз күн.

Қу тіршілік қысқанда кеңірдектен,

Өлеңімді өлтіріп, көр де қаздым.

 

Бірақ өлең өлмеді, өлдім өзім…

Тамып түсер тағдырға толды көзім.

Езуін жырттым асау ашуымның,

Кер ағашқа таңар деп кермінезім.

 

Бір «мұғжиза» күтеді біздің маңдай

Миғраж түсіп, Мариямды қыз қылғандай…

Ертегіге еліктеп өмір өтті

Жүз жыл жүрсек бір сәрі құзғындардай.

 

Өмір өзі – тон еді олақ пішкен,

Қырсық атып, қолыма шолақ түскен.

Баянсызға басымды тіге-тіге

Шемен қоздап, шерленіп шарап та ішкем.

 

Шарап түгіл, толтыршы ұртыңды уға,

Былқ етпейді еліккіш жұртың дуға.

Өзіңмен-өзің қалып жынданасың,

Айналып ұйқың – құмға, күлкің – буға.

 

Қайран біздің қадірсіз «алтын кәллә»

Тірелді-ау алдың – тұйық, артың – жарға.

Оралыңның барында ойна да күл,

Түбі тыныш өлмейсің, халқың барда…

 

***

Беу, дүние, бос таптап ақ төріңді,

Түк тындырмай, текке өткен сәттерімді

Сыйлай салар мүмкіндік болса, шіркін,

Қимай жүрген жандарға тәтті өмірді.

 

Ойхой, менде уақыт көп өткерген бос,

Өкінгеннен не пайда, өткен келмес.

Жұмырына және оны жұқ көрмейді-ау

Біреу үшін ең соңғы боп келген кеш…

 

Мойынына ай, күндер, жылдарды іліп,

Жылжып өмір барады жылдам жүріп.

«Енді қайтіп келмеймін» –дейді маған

Әр секундтың ішінде бір мәңгілік…

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір