Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар
14.12.2023
396
0

Елорда секілді үлкен қалаларда тұрмай-ақ, киелі де табиғаты ғажайып өңірлерде ғұмыр кешіп те, өлмес туындыларымен халқының жүрегіне жол тапқан дарын иелері аз ба… Солардың бірі – белгілі әнші-композитор, Қазақ­стан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Қалибек Деріпсалдин жайлы толғаныс.

Тума дарын

Адамды тану үшін көп уақыт­тың керегі жоқ екен. Мен қазіргі таңда рухани сырлас, тіршілікте тілектес, шығармашылықта үндес болып жүрген жан досым Қалибек Деріпсалдинмен таныс болғаныма біраз жылдардың жүзі болды. Шыны керек, әу баста бізді таныстырған да, табыстырған да киелі өнер. Сол кез­де қою қара мұрт­ты жігіт мені өзінің ашық-жарқын мінезімен, қайталанбас талантымен, әсем де сазды даусымен бірден баурап алған-ды.
Ол кез­де біз қай жерден екенімізді сұрап та жатпадық. Бір көргеннен бір-бірімізді түсінісіп, жақсы араласып кет­тік. Уақыт өте оның қазақ халқына біртуар дарындар берген киелі Торғай өңірінен екендігін білдім. Қалекең осындағы ұлтымыздың барлық қадір-қасиеті сақталған Амангелді ауданының Батпаққара ауылында туып-өсіпті.
Бұл өңірді кім білмейді. Осынау жерде қазақтың мақтан тұтар батыры Амангелді Имановты атамағанның өзінде, қазақ өнерінің мақтанышы болған халық әртісі Әнуар Боранбаев, дарынды жазушы, халықаралық Шолохов сыйлығының лауреаты Сәбит Досанов секілді айтулы азамат­тар дүниеге келген. Бұлардың есімдері қазір біздің мәдениетіміз бен әдебиетіміздің тарихында алтын әріптермен жазылған. Қалекең де аталған мекендегі орта мектепті бітірді. Осы білім ордасында жүрген кезінде-ақ оның бойы­нан өнерге деген аса құштарлық сезілді. Ауылдастары «қара бала» деп атап кеткен дарынды жасөспірім екінші сыныпта жүрген кезінде-ақ қазақтың терең ойға қалдырып, сезіміңді селт еткізер күйлерін құйқылжыта орындап, барша ұстаздарын тәнті ет­ті.
Содан 1970 жылы өзі шығарған күйімен облыстық оқушылардың фестивалінде топ жарып, бірінші орынға ие болды. Сөйтіп, өзінің әулетінің де, ұстаздар қауымының да абыройын асқақтат­ты. Дәл сол жылы сонау Алатаудың баурайындағы Алматыдағы республикалық байқауда да лауреат атанып, дарынды жас баланың талантын күллі әділ қазылар алқасы мойындады. Осылайша, оның өнердегі алғашқы қадамдары сәт­ті басталды.
Туған жерге оралған соң талабын одан әрі ұштай түсті. Оның әншілік қабілеті де ерте көрінді. Сол кездің өзінде оның дауысының ешкімге ұқсамайтын сыршылдығы, саздылығы, ұлт­тық бояуы мен нақышы айрықша сезіліп тұратын. Ол әсем әуенді төрт-бес жасынан бастап айта бастады десек, еш қателеспес едік.
Әрине, кез келген табиғи талант­ты жанашыр кісілер дер кезінде көріп, оған қолдау көрсетіп жатса, нұр үстіне нұр емес пе. Өйткені жас дарынға да бап керек деп өнер зерт­теушілер босқа айтпайды. Оның бойындағы осындай қабілет ұшқынын ерте байқаған Амангелді орта мектебіндегі алғашқы ұстазы Аманбай Мұқышев еді. Мен бұл азамат­ты да көзім көрді. Қалекеңнің бір шығармашылық кешіне қатысып, өзінің шәкіртіне деген шын жүректен шыққан шынайы лебізін білдіргені әлі күнге дейін есімде. Сол сәт­те сахнадағы шәкірті де оның жылы лебізіне марқайып, жүрегі толқып тұрды.

Өмірдің мәні – мәңгілік достықта

Балалық шағының ізі қалған елді мекендегі Амангелді орта мектебін бітіргеннен кейін ол Тараз қаласындағы мәдени-ағарту училищесіне қабылданды. Оның бағына орай бұл жерде өнердің нағыз майталмандары қызмет атқаратын. Бұлар да талапты шәкірт­терін Аманбай ағасы секілді дер кезінде көре біліп, оның талантының ұшталуына себепкер болды.
Жас дарын Қалибек осы оқу орнында білім алып жүрген кезінде-ақ Жамбыл облыстық филармониясының «Алатау» эстрадалық ансамблінің құрамында өнер көрсете бастады. Сахнада өзін-өзі ұстауы жағынан, әнді орындау шеберлігінен болашақта қазақ халқының аузында жүрер мәдениет саласының майталманы болатындығын сол шақтың өзінде айқын таныт­ты. Әлгі аталған «Алатау» ансамблін қазақта білмейтіндер кемде-кем шығар.
Ол Тараздағы мәдени-ағарту училищесін бітірген соң, өз мамандығы бойынша қызмет атқарып, кейінгі толқынның нағыз тәлімгері атанды. Жастыққа тән жалын танытып, Торғай өңірінде мәдениет саласын өркендетуге айтарлықтай үлес қосты. Оның өткен кезеңдегі еңбегін жерлестері де жыр қып айтады.
Қалибек Деріпсалдинге Президенті­міздің Жарлығымен «Қазақ­стан Респуб­ликасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» атағы бостан-босқа берілген жоқ. Бұл абырой-беделге ол өзінің ұзақ жылғы адал еңбегінің нәтижесінде жет­ті. Өнердегі жан досы Айтан Сейдахметовпен бірге концерт қойды. Небір боранды айлар мен бет қаратпас аяздарда ат жегілген шанамен, жаңбырлы күндері су таситын көліктермен отарлардағы шопандардың арасында болып, әсем ән-күйлерімен олардың рухын көтерді. Мәселен, ол Қима ауданында мәдениет бөлімін басқарып тұрған кез­де «Гүлдәурен» халық аспаптар ансамблін құрып, аталмыш өнер ұжымы қысқа мерзім ішінде көпшілікке танылды. Іскер де ұйымдастырушылық қабілеті мықты азамат халық ықыласына бөленді.

Кейіпкеріміздің композиторлық қыры

Өнер үшін туылған бауырымызды республика халқы дарынды композитор ретінде жақсы біледі. Алматыға барған бір сапарында шығармашылық кеші жоғары деңгейде өт­ті. Залда ине шаншар орын болған жоқ. Сонда оған Қазақ­станның халық әртісі, атақты композитор Әсет Бейсеуов, Мемлекет­тік сыйлықтың лауреаты Ғафу Қайырбеков, көрнекті жазушы Сәбит Досанов ақ батасын беріп, көрермендердің көз алдында мұны өзінің болашағынан мол үміт күт­тіретін дарынды інілері ретінде таныстырып, әндеріндегі тұнып тұрған әсем лирика мен жүректердің қылын шертетін, ешкімге ұқсамас сыршылдықты баса айт­қан болатын.
Содан бері де талай жылдар сынаптай сырғып арт­та қалды. Оның талантын жоғары бағалайтын әріптестері мен замандастары өзін «Қостанайдың Шәмшісі» деп атап кет­ті. Өйткені ұлы тұлға Шәмші Қалдаяқовтың әндері қандай әсерлі болса, Қалибектің туындыларын да жұрт ұйып тыңдайды. Көптеген мерекелік кештер оның әнінсіз өтпейді. Қарап отырсақ, қазір замандасымыздың әндері жүзден асады. Оның бәріне бірдей тоқталу әсте мүмкін емес. Дегенмен сөздің орайы келгенде, композитордың «Айлы түнде», «Көктем қыздар», «Ерке құсым», «Сағыныш сазы» және басқа да көптеген шығармаларын жерлестері әрдайым асыға күтетіндігін тілге тиек еткеніміз абзал.
Жалпы, кейіпкеріміздің сазгерлік қабілетінің шыңдалуына Алматыдағы тәлімгері Әсет Бейсеуовті мысалға алмағанның өзінде, жергілікті сазгерлер Болат Хамзин, Қайыржан Мақанов, Айтбай Мұздахановтардың ықпалы ерекше. Олардың қалыптасу кезеңдердегі берген ақыл-кеңестерін, көрсеткен бағыт-бағдарын Қалекең әрқашан көпшілік жиналған жерде аузынан тастамай айтып жүреді.
Әдет­те дарын иесінің жазған туындысын халыққа жеткізетін әрі танымал ететін талант­ты әншілер екендігі белгілі. Сырлас бауырымыз Қалибектің «құлақтан кіріп, бойды алар» тамаша әндерін өткен жылдарда Қазақ­станның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов, республикамыздың еңбек сіңірген әртістері Жұмат Махамбетов, Ұлжан Айнақұлова, Ғазиза Жұмекенова, Балжан Жүсіпбеков, талант­ты әншілер Сайлау Ордабаев, Ботагөз Дүбірбаева, Гүлнәр Үсенова, Арыстан Құрманов секілді күміс көмей, жезтаңдай сахна шеберлері орындап, өнерге сусаған жұртшылықтың айызын қандырды. Сондай-ақ композитордың әдемі әндерін республикамыздағы эстрада жұлдыздары «Нұр-Мұқасан» тобы, Мейрамбек Беспаев, Досымжан Таңатаров, Еркебұлан Сәрсенбеков, Есет Сәдуақасовтар репертуарына енгізіп, жұртшылық назарына ұсынды. Қалибектің әншілік, өзге де сан қырлы талантын ұлтымыздың мақтанышына айналған Алтынбек Қоразбаев, Жақсыкелді Сейілов, Жоламан Тұрсынбаевтар жоғары бағалап, туған бауырындай болып кет­ті. Бұл да олардың азамат­тығын, шығармашылық дарынын үлгі тұт­ты.

Үлкен толғаныс, өлмес туынды

Өмірдегі тәжірибеге сүйенсек, жан сарайыңды байытар жақсы ән қашан да композитор мен өлең мәтінін жазатын ақынның ауызбіршілігінен, өзара түсіністігінен туындайды. Біздің Қалекең де есімі ел аузында жүрген көпке белгілі талант­ты ақындармен шығармашылық байланыста болды. Бұл орайда ол халықтың көңілінен шыққан Мәриям Хәкімжанова, Ғафу Қайырбеков, Тұманбай Молдағалиев, Серік Тұрғынбеков, Серікбай Оспанов, Ақылбек Шаяхмет, Нағашыбай Мұқатов, Хамитбек Мұсабаев, Бүркіт Бекетов және басқа да қаламгерлердің поэзиясын ұнатып, дүниеге өміршең туындылар келді.
Біздің пайымдауымызша, өнер де тұқым қуалайды. Текке де қарайтын секілді. Қалибектің әкесі Деріпсалды да өз ортасында сөзге шешен, палуан әрі домбыра шертіп, айналасындағылардың арасында сері жігіт атаныпты. Анасы Мағия да әнші, жыршы, термеші болған. Бұл ардақты апамыз сонау бір жылдары қазақ ұлтының мәртебесін асқақтатқан Қазақ­станның халық ақыны Нұрхан Ахметбеков ұйымдастырған Торғай ауылындағы театрда әлгі есімі аталған біртуар тұлғамен бірге жұмыс істегендігі көпшілікке мәлім.
Қалибек мәдениет пен шығарма­шы­лық­тағы қазіргі көтерілген биігіне тұла бойындағы табиғи жарқын талантымен жет­ті. Өйткені арқа сүйер ата-анасы дүниеден ерте өт­ті. Ғұмырында қаншама қиыншылықтар көріп, жетімдіктің ащы дәмін де тат­ты. Бірақ ештеңеден мұқалып, тайсалған жоқ. Барлық ауыртпалықтарды өжет мінезімен жеңе білді. Торғай мен Қостанай өңірін былай қойғанда, әсем Алматыдағы Шәмші Қалдаяқов атындағы концерт залында екі рет шығармашылық кешін ұйымдастырды. Бұл кез келген өнерпаз азамат­тың басты арманы емес пе?
Халқының құрметіне бөленген Қалибек Деріпсалдин – бірнеше ән жинақтарының авторы. Қасиет­ті Торғай өңіріндегі шығармашылықта рухани үндес болған асыл ағаларының туындыларын арқау еткен кітаптарды баспалардан шығаруға тікелей мұрындық болды. Осы арада ұлтжанды азамат, Қазақ­стан Республикасының мәдениет қайраткері, композитор Жұмағали Өмірбековтің әндері мен күйлері енген «Неткен сүйікті ең» деп аталатын еңбегін мысалға алсақ та жеткілікті болар.
Ән әлемінде өзіндік ерекше орны бар тума дарын көптеген халықаралық және республикалық композиторлар байқауының лауреаты. Қостанай облыстық меценат­тар клубы «Қазына» сыйлығының иегері. Соңғы біраз жылдардан бері Қостанай қалалық мәдениет бөлімі жанындағы «Мирас» ансамблінің әншісі ретінде әріптестеріне өнеге көрсет­ті. Облыс орталығындағы маңызды мерекелердің бірде-бірі онсыз өтпейтін.

Алғашқы тыңдаушысы – жары Айша

Қалекеңмен бір шаһарда тұрып, өнерде бірге жүрген соң, оны осы деңгейге жеткізіп, рухани қолдап, күйеуінің қуанышына ортақтасып келе жатқан асыл жары, жібектей мінезді Айшаны да жақсы білеміз.
Инабат­ты Айша да Торғай өңірінің аруы. Ол да ән мен күй десе ішкен асын жерге қоятын замандасымыздың бірі. Отағасының шығармашылықтағы алғашқы сыншысы да өзі. Өйткені дүниеге келген әнді бірінші болып сол тыңдайды. Ұзақ жылдар қос аққудай жараса ғұмыр кешкен шаңырақ иесінің көңіл күйін қас-қабағынан таниды. Сол себептен де өнер адамының жағдайын, оның жан дүниесін терең түсінеді. Отбасында болып, сырласа қалсаңыз, Қалекеңнің жүрек тебірентер сұлу да сәт­ті ән жазса, жас балаша мәз болып, айрықша қуанышқа кенелетін шақтарын да жасырмайды.
Қазір Деріпсалдиндер әулеті жапырағын тереңге жайған үлкен бәйтерекке айналды. Ерлі-зайыпты Қалибек пен Айшаның бір шаңырақтың астында бақыт­ты өмір сүріп келе жатқандарына жарты ғасырға жақындап қалды.
Елімізге есімі кеңінен танымал әнші-композитор өзінің өнер жолын қуған бауырлары Роза және Жарқынбек Деріпсалдиндерді, Ербол және Бекбол есімді балаларына жастайынан ұлт­тық рухта тәлім-тәрбие берді. Қазір олар үйлі-баранды. Тоғыз немересі де ата-әжесінің көз қуаныштары.
Босағамызды ат­таған Қоян жылының басында жүректі қозғайтын сұлу да лирикалық әндердің авторы, елімізге белгілі әнші-композитор Қалибек Деріпсалдин 70 жасқа толды. Айтулы тұлғаны осы мерейтойымен құт­тықтай отырып, өнерде алар асуларыңыз көп болсын, халқыңызды тың туындыларыңызбен рухани ләззатқа бөлей беріңіз дегіміз келеді.

Оразалы ЖАҚСАНОВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір