ЖҰМАБАЙҒА ТҮСЕТІН КҮНДЕ БІР ОЙ
Жұмабай Шаштайұлы азаматтық тұлғасымен, адамгершілік қадір-қасиетімен кез келген ортаның көркіне айналатын. Сабыр, салмағын сақтай отырып айтатын әзілдері де жарасымды еді. Басқосу, жиын, отырыстарда өзек болған әңгімелерден түйін түйе қоятын. Ұлттық әдебиетіміздің қадау-қадау жетістіктерін әлемдік әдебиеттің озық үлгілерімен салыстыра екшейтін. Ақын Қасым Аманжоловтың «дауылдай өртке тиген» өлеңдерін жатқа соға отырып, астарын ақтаратын. Қасым шығармашылығының кейінгі-соңғы тұрғыластары арасында Жұмабайдан асқан зерттеушісі бар дегенге өз басым иліге қоймаймын. Туған әдебиетке деген танымы еш кірбіңсіз еді.

Өзі «әдебиетіміздің абызы» атандырған Әбіш Кекілбаевтың: «Өзгелерге қарап «емінеміз» деп туған әдебиетіміздің барын базарлай алмай жүрміз», – дегенін тіліне тиек ете отыратын. Шығармашылыққа адал, жазуға құл еді. «Қазақ әдебиеті» газетінде Бас редакторлық қызмет атқарған жылдары бұрынғы жазғандарын қайта қарап, шымырлап, жүгін ауырлатып, маңызын салмақтандыра қоюландырып, баспадан кейінгі нұсқасы шыққанша мазасызданды. «Қызыл қар» повесі мен «Біздің заманның Аяз биі» романын мұқият өңдеді.
– Оқырмандардан да, әдебиет сыншыларынан да, солақай сойыл иелерінен де бағасын алып қойған төлтумаларыңа неге шұқшия бересің? – деймін ілікке итермелеп.
– Еркін, етқызулы кезде «қиялай шауып» қисындырған, солақай саясаттың «самалы» тиген тұстарымыз да болыпты. Қазіргі зерделілер оны қабылдамайды ғой. Қалам сиясының обалына қалмайық дегенім…
Бәз баяғы қалпындағы жылы жымиыс. Аз-кем үнсіздіктен соң:
– Еркін-ау, кейінгілер естеріне ала жүрер «із» қалдырсақ дейміз… Ертең әдебиетте Аяз би құрлы орным болар ма екен?
Өңіне сәл абыржу пайда болды.
– Жүке, биіктегі басыңды төменге тартпа. Қазірдің өзінде ұлт әдебиетіндегі орның – төрде, – деймін шын пейіліммен.
– Бұл сенің жеке ықыласың ғой. Жұртшылық не ойлайды!?
Мен Семей қаласында болған бір жайды есіне түсірдім. Екеуміз Семей қаласындағы «Семей» қонақ үйінің алдында кездесе кеттік. Ол «Социалистік Қазақстан» қазіргі («Егемен Қазақстан») газеті тарапынан, мен «Қазақ әдебиеті» газетінен басылымдарымыздың жазылым жұмысы түйістірген екен. Кешкі мезгіл. Аман-сәлемнен соң:
– Жүр менімен бірге, – дедім. Цемент зауытында істейтін Елубай есімді күйеубала, Бақаш қарындасым шайға шақырып қойған еді. Бір сөзге келместен, еш сылтау айтпастан:
– Кеттік! – деді. Такси ұстап барып жұмысшылар жатақханасындағы күтіп отырған отбасының есігін қақтық. Табалдырықтан аттай бере жазушы досым екенін, сол тұста оқырмандарды дүрліктіріп жатқан «Қызыл қар» повесінің авторы екенін ескертіп те үлгердім. Біз шайынып, дастарқанға малдас құрғанымызша 3-4 жігіт иіле сәлем беріп кіріп келді.
– Біз газет арқылы сіздерді жақсы білеміз. «Қызыл қардың» талдау, тартысты жиынын да өткізгенбіз. Ертең зауыт жұмысшыларымен кездесу өткізуге уақыт табыңыздар, – дейді өзін Берік деп таныстырған сөзі орнықты жігіт. Кәсіподақ комитетінің төрағасы екен. Баспасөзге жазылым мәселесімен жүргенімізді көлденең тартып жатырмыз.
– Партия комитетінің хатшысы да қатысады. Жазылым жайына алаңдамай-ақ қойыңыздар!
Көктен сұрағанымыз жерден табылып жатса, неге келіспеске. Ертең кешкі сағат 6-да – жұмыстан жұрт шыққан уақытта зауыттың конференция залында жолығысатын болып, қол алыстық. Сол түннің өзінде екі-үш отбасының дастарқанынан дәм таттық.
…700 орындық зал лық толы. Бұл шығарманы жазуға кім итермеледі, біз де қойшы ауылдың балаларымыз. Шындықды жазған Сізді неге кінәлайды, шындықты жазудан енді бетіңіз қайтып қалған жоқ па сынды сұрақтармен Шаштайұлын біраз «сабалады». Сілкінтіп-сілкінтіп шыққанында арнайы жасалған қонақжайлылық есін жиғызды. Бір-бірімен байланыстағы азаматтар оның ертеңінде құрылысшылардың ортасында, одан арғы күні Ет комбинатының бір зауытында «көкпарға» салды. Үш күндегі әдеби де мәдени жүздесулердің соңы көркемөнерпаздардың ән-күйіне ұласып жатты. Біздің табысымыз – үш тәулік ішінде әрқайсымыз 3700 данадан газет жазылымын жасатуға қол жеткіздік. Сол күндерді көз алдыңа елестеткенімде:
– Әй, с….-ай, сенің «бүлдіргі» ісің еді-ау! – деп мұрты тікірейе мәз болды.
– Былайғы жұртың – солар. Құрметті көзіңмен көрдің емес пе!…
– Сенің-ақ дегенің болсыншы, жүр шай ішейікші…
…ЮНЕСКО деңгейінде өткен Абай атамыздың туғанына 150 жыл толу ұлы дүбірлі тойында іргелес киіз үйде қонақ болдық. Той тарқарда той кәдесі ретінде тарту етілген өрнекті домбыраны құшағына қысып тұрып:
– Ереке-ай, менің әнші, жыршы, сазгер, айтыс ақындарының ұрпағы екенімді ұлы той иелерінің ескеріп жатқаны-ау. Ризамын Абай еліне, – деп көзіне жас ала тебіренген еді.
…«Қазақ әдебиеті» газетін басқарған жылдары іскер де мінезді, ойшыл да жазғыш жастарды қызметке тартып, оларды өз ұстаным, тағылымымен тәрбиеледі. Биікке қанат қақтырғандарының бәрі де – жұртшылыққа танымал қаламгер, республикалық газет-журналдардың, басқа да ақпарат құралдарының басшылары.
«Саналыға түседі күнде бір ой» демекші, Жұмабай қашан да ой жинақтап жүретін. Бәйгеге қосылар тұлпардай жарау қалпын сақтайтын. Лездемелерде ұжымдастарына тың тақырыптар, жаңа айдарлар ұсынып, әріптестері алдында талқыға салатын. Өзгелерді де тыңдай білетін. Тоқайласқан пікірлердің қай уақытта жүзеге асуы тиісін шегендейтін. Ізбасарларына:
– Қаламды еркін сермеңдер. Өз стильдеріңді қалыптастырыңдар. Ертең оқырмандар сендерді стильдеріңнен танитын деңгейге жетіңдер, – дейтін.
Қызметке ұжымдастары қатарлы келетін. Кешігіңкіреп жатса:
– Біз «тығынға» тығылып қалдық, келе жатырмыз, – дейтін телефондап.
– Машинаң қап-қап ойларыңды тарта алмай жатқан шығар.
Жақсы қалжыңдасушы едік.
– Қызмет бабындағы міндетімді атқарып жүрмін ғой. Жастарға еркіндік бере жүріп, тереңнен толғаттыру керек.
Демалысқа шыққаннан кейін де жиі хабарласып тұрдық. Кейінгі жолыққанымызда сол нәумездеу көрінді.
– Жүке, 75-ің де бел астында. «Көрінген таудың алыстығы жоқ». Атап жібермейміз бе! – деймін. Шай үстінде отырып:
– Мерейтой, мерейтой дейсің, сен не әкелмексің, соныңды айтшы, – дейді мәз бола «мұқатқан» болып.
– Бірге жүргенде түстік асқа деп ұсынатын екі мың теңгелерің болушы еді ғой, соларыңды жинап апарамын. С…. сусындатып алып:
– Сөйлегенде не айтпақсың?
– Алғашқы әңгімеңді оқыған біртуар ұстаздарың Рымғали Нұрғалиевтың: «Осындай тағы тоғыз әңгіме жазсаң, қазақ әдебиетінің классигі боласың»; Мұхтар Мағауиннің: «Ізбасарларымның ішіндегі стилімен дараланған шебер қаламгер сенсің», тағы басқалардың «дегендерін» ақтарамын ғой…
– Әйтеу маған адалсың… Той өткізу ойыма түссе, қатты қиналамын.
– Тойға бергісіз талай жиындарыңды өткізіп беріп жүрген Махаббат Садуақасов інің бар емес пе! Несіне абыржисың?
– Барлық шаруаларды айтқызбай тындырып жүреді. Нар тұлғалы ондай азаматтар сирек қой. Кейде алдында қысыламын.
– Сен де сирек тұлғасың, еркелігіңді көтереді ғой…
– Ереке, ұзақ әңгімені қысқартып, қас қараймай тұрғанда Ұзынғашыма жетіп алайын.
Бірақ… Досым туралы таяу күндері еске алу естелігін жазам деу өңімді қойып түсіме де кірмепті. Жазмышқа не дауа!..
Еркін ЖАППАСҰЛЫ