Қазақтан басқа кімге керекпіз?
25.10.2019
1979
2

«Пруст сауалнамасы» vs «Қазақ әдебиеті»

Алмас Темірбай, ақын

 

Адамның басты қасиеті не деп ойлайсыз?

– Адамгершілігінен айнымай, ар-ұятынан айрылмай, обал-сауапты біліп, ғұмыр кешуі шығар?!

– Ер-азаматтың басты қасиеті ше?

– Бірінші өзінің қамын емес, елінің қамын ойлай жүруі.

– Бақыт деген ұғымды қалай түсінесіз?

– Абстрактылы ұғым ғой. Өз елімде, өз туған жерімде жұтқан бір жұтым ауам да – бір бақыт мен үшін!

– Сүйікті әдеби кейіпке­ріңіз кім?

– «Ақан серіде» – Ақан сері, «Ұлпанда» – Ұлпан, «Ай мен Айшада» – Айша, ал «Абай жолында» – Базаралы… Есенғали көкемнің «Адам» өлеңінде – Көркембай ақсақ!

– Ең басты кемшілігіңіз не?

– Кейде кісі көңіліне қара­май, қатты айтып қалаты­ным, шындықты бетке айтып тастайтыным, қадалған жерім­нен қан алатыным.

– Бос уақытыңызда немен айналысасыз?

– Бос уақыт болмай жүр-ау қазір. Бұрын балық аулап, аңға шығушы едік, бильярд ойнап, жақсы кітап оқушы едік…

– Өмірге екінші рет келсеңіз, кім болуды қалар едіңіз?

– Екінші рет келмейтінімді білемін. Қайта келмей-ақ та қояйын. Десек те, кеп қалсақ – ақын болып, осы өмірімді қайта сүрер ем…

– Қандай елде өмір сүргіңіз келеді?

– Жақсы болсын, жаман болсын, тек қана Қазақ елінде. Қазақтан басқа кімге керекпіз біз?

– Қандай ерекше қабі­лет­­ке ие болғыңыз келеді?

– Қатерлі ісікті толық емдеп-жазатын емшілік қабіле­тім болса ғой, шіркін…

– Қандай сәттерде осалдық танытасыз?

– Ешқандай фобиям жоқ. Ар-намысыма тиіп ашуландырса, көзінің отын жарқ еткізіп жіберуім мүмкін…

– «Ғайыпқа сену» дегенді қалай түсінесіз?

– Жоқтан бар етіп жаса­ған Алланың құдіре­тінің шексіз­дігіне сену.

– Егер өнертапқыш болсаңыз, не нәрсені ойлап табар едіңіз?

– Гиппопотомомонстросесквиппедалионы!

– Не нәрседен жиіркенесіз?

– Өтірік пен екіжүз­ділік­тен.

– Сіз үшін ең ұнамсыз тарихи тұлға кім?

– Сталин және тағы бір диктатор…

– Жиі айтатын қанатты сөзіңіз?

– «Істегісі келмеген адам – сылтау айтады, істегісі келген адам – амалын табады!»

– Көзіңізге жиі жас аласыз ба?

– Өте сирек. Құдай жылат­қан кездерде ғана…

– Үнемі есіңізде жүретін Абайдың бір сөзі?

– «Сақалын сатқан кәріден еңбегін сатқан бала артық», «Еңбек қылмай тапқан мал – дәулет болмас,

Қардың суы секілді тез суалар».

– Қазіргі адамдардың бойынан қандай қасиет­тер жоғалып барады?

– Қазіргі адамдардың 90 пайызы уәдесіне берік емес, екі сөйлейді, өтірік айтады. Баяғыда ата-бабаларымыз еш қағаз-қаламсыз-ақ, келісім-шартсыз-ақ, қол алысып, бір ауыз уәдесімен еларалық мәселелерді де шеше беретін және сол уәдені бұзбайтын.

– Біздің заманымыздың мықты ақыны кім? Мықты жазушысы ше?

– Поэзияда мықтылар көп қой. Ал прозада – Мұхтар Мағауин ерекше.

– Жас қаламгерлердің бойынан қандай артықшылықтар мен кемшіліктерді көріп жүрсіз?

– Әлем әдебиетін оқитын­дығы – артықшылығы. Және де сол әлем әдебиетімен қатты ауыратындығы – кемшілігі. Ақын болып толық қалыптаспай, қазақ әдебиетін тауысып оқып бітпей, шетел шығармаларына құмарту – өте қауіпті. Байқау керек. Ұлылардың рухы олар­дың болмысын жұтып қояды. Өздерін-өздері солай жоғалтып алған жас ақын­дар көп бізде… Есесін жібер­­мегендер – Есенғали, Тыныштықбек, Ұлықбек, Гүлнәр секілді тоқсаныншы жыл­дардағы санаулы алыптар ғана…

ПІКІРЛЕР2
Аноним 30.10.2019 | 18:41

Ағамыз дұрыс айтты. Шетел әдебиетін оқыпап, шекпенен асалмай жүрген жазғыштар көп!

Аноним 30.12.2019 | 02:54

Қыртыл

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір