БІЗ ОСЫ КІМГЕ ЕЛІКТЕЙМІЗ?
16.08.2022
727
0

Осы біз ұлт ретінде, қазақ ретінде кімге еліктеп жүрміз? Еліктеп жүрміз бе, әлде солықтау үстіндеміз бе?

Автобуста орындықта сексендер шамасындағы ата мен апа қатар отыр. Жастардың музыка тыңдағыштарының біреуін екі айырып, бір-бір құлақтарына қадап алған. Музыкаға еліктегендей, ұйқылы-ояу тыңдармандарша көздерін ашып-жұмып қояды. Кезінде қызметтің құлағын ұстағандары киім киістері мен сыры кетсе де сыны кетпеген өңдерінен аңғарылып-ақ тұр. Апа ән ырғағына қатты әсерленетін болса керек, аракідік иықтарын қиқаңдатып, бишілерге тән қимыл байқатып қояды. Қарсы алдарында отырған жиырмалар шамасындағы қыз бен жігіт олардың әрекеттерін бағып мәз. Ол екеуінің ғана емес, автобус ішіндегілердің барлығының назары сол қария мен кейуанаға ауған. Жанасалай барып:
– Апа, не тыңдап отырсыздар? – дедім.
– Немерем жаңасын алған. Мынау соның бұрынғылары ғой. Көрсетіп, үйретіп кетіп еді….
– Түсініп отырсыздар ма?
– Айналайын-ау, қай тілде екенін қайдан білейін. Әйтеуір ырғағы тәуір секілді.
– Шоудың шыңғыры жүйкелеріңізді жүндей түтпей ме?
– Осы сендер жеттік, жетілдік деп жүрсіңдер ме?! Үлкендерді кемсітуді неге қоймайсыңдар?
Апамның көзі шатынап шыға келді.
– Кемсітіп емес, қызығып, қызықтап тұрмын ғой.
– «Көпшілік ортасындағы мұндай көріністеріңіз ұяттау болады», – дейді келінім де. Ақылдымсымай аулақ жүріңдерші!
Кейуана ашуға булықты. Мен бұрылып жүре бердім.
…Жігіт ағасының мына бір әрекеті де жолаушыларға жағымды әсер қалдыра қойған жоқ. Қалта телефонын құлағына жапсырып алып:
– Дұрыс па, қате ме, онда сендердің шаруаларың болмасын.., – қолын сермеп, айқайға басып, орындығынан тұрып кеткен.
– …
– Мен айттым – бәрі орындалуы керек. – Тісін қайрайды.
– …
– Жеп жүрген нандарыңнан айрылып, көшеде қаңғып қалғыларың келмесе, орындаңдар! Бітті! – Көпшілік ортасында тұрмын-ау деп қымсынудан жұрдай. Жаудың бетін қайтарғандай айналасына айбарлана қарайды.
Күнде көз алдыңнан кинотаспадай тізбектеліп өтіп жатқан тіршілік тынысы әр саққа сүйрелейді.
Қос құлағын бітеп алған жетпіс бестер шамасындағы әжесін етекке тартқылаған бес-алтылар шамасындағы жеткіншек сұрақ қоюын тоқтатар емес.
– Әже, Юрий Гагарин деген кім? – дейді немересі.
– … – Жауап жоқ.
– Мұхтар Әуезовті танитын ба едіңіз?
– …
– Әже, Абай мықты кәсіпкер болған ба? Көшесі үлкен ғой.
– …
– Даңғыл деген не?
– …
– Қаныш Сәтбаев менің атам секілді мұғалім болған ба?
– …
– Интеллигенттер ауылынан екеніңізді нұр-жүзіңіз айтып тұр. Немереңіздің сұрақтарына жауап бермейсіз бе? – деймін өтірік күлімсіреген болып.
– Үйде де, түзде де мазамды алып, ананы, мынаны сұрай береді.
– Абай атамыз айтқандайын ынталы, білгісі келетін бала ғой.
– Осылардың ертеңі бұлыңғыр-ау…
– Олай деп бал ашпаңыз. Кежегесінен кері тартпай, алдыға сүйресеңізші. Қойған сауалдары да – салмақты. Әрі қалада тұрса да қазақша сайрап отыр.
– Балам да: немерең талантты ғой, «Тәрбиелесеңізші», – дейді.
– Сұрақтарына қысқа да болса түсінік берсеңіз, немереңіздің өресі кеңейе түседі ғой.
– Әжем көшеде шоу музыка тыңдайды. Үйде отырса, бірінен-бірі аумайтын бірін-бірі зар қақсатып жүрген шетелдік қаптаған сериалдарды тамашалайды. Кейде қызықтап жатып ұйықтап кететіні бар, – деп немересі ыржалақтап күлді.
– Әй, көктүйнек, менің бар құпиямды қопардың-ау… – немересін иыққа нұқып қойып әжесі мәз.
– Әжең сонда саған жатарда ертегі айтып бермей ме? – деймін.
– Жо-ға, әжем «современная» ғой. Киноларды қалт жібермей қарайды.
…Мен ойға кеттім. Әкем марқұм қой бағатын. Кешке малдарды рет-ретіне қарай жайғастырып тастап, белін шешіп, шайға отырысымен:
– Ал, балам, кеше қай жерге келіп тоқтап едің, жалғастыра ғой, – деп «Батырлар жырын» иегімен нұсқайды.
– Тайбурылға шу деді,
Тайбурыл сонда зулады.
Табаны жерге тимеді.
Алдында жатқан көк тасты
Саз балшықтай иледі…
– Тұра тұр, балам. «Алпамыс батырдағы» әкесі жеті жыл зынданда жатып, Кейқуат пен Байшұбардың көмегімен қайтып оралғанда көкпарға беріп, лақ қып тартып жатқанда Жәдігер не дейді?
– Тарта бер, жұртым, тарта бер.
– Міне, көрдің бе? Ел қорыған батырдың да баласы – текті. Басқа көкжасық балалардың бірі болса, «Ойбай, мен адаммын ғой, өлтіресіңдер ме, аясаңдаршы!» деуі мүмкін. Жәдігер жаны ауырып бара жатса да: «Тарта бер, жұртым, тарта бер!» – деп, қайсарлық танытады. Тағылым алатын жері – осы. Диуана болып киініп келген Алпамысқа сөз айтатын ана бір сақау қатынның аты кім еді?
– Бадамша.
– Ол Алпамысқа не дейді?
– Шашпау тұғый
дамбайымның бауы жібек.
Тісіңменен тістеп шешші,
Ей, диуана, не қыйады…
– Көрдің бе, аз күндік «еркіндікке» есірген құл мен күңнің жеткен өресі. Бұлардан безіну керек. Ақыры не болды?
– Құлды да, күңді де Алпамыс найзаға шаншып өлтірді.
– Алды-артын ойламайтын ессіздік ешқашан мұратқа жеткізбейді. Әйтпесе, қанша жабу жабылса да батырдың астындағы Байшұбарды ауыл жұрты тануы керек қой. Кез келген жырдың, басқа да шығармалардың өзіндік тағылымы болады. Соны ұмытпа. Әрі ажырата біл.
– Түсіндім, әке.
…Ал енді, көз ұйқыға кетерде шешеміздің ертегісі басталады.
– Кеше қай ертегіні айтқан едік?
– «Тоғыз тоңқылдақ, бір шіңкілдек…»
– Ол немен аяқталды?
– Су астындағы қойларды қайырып, қуып келесіңдер деп қалталарына тасты толтырып салып беріп, өздерін суға батырып жіберді Шіңкілдек.
– Байқадың ба, балам. Тоғызы бірігіп өлтіреміз деп жүрген жалғыз Шіңкілдек бәрін жеңіп, барша мұратына жетті. Ой, ақыл-айла бәрін де жеңбек. Оның алдында айтылған ертегінің аты қалай еді?
– «Жарғақбас, Қылкеңірдек, Шиборбай».
– Аттарының өзі-ақ олардың тағдырларын баяндап тұр. Қазір ұйықтай ғой. Ертең «Ұр, «тоқпағымды», ұрды» айтамыз.
– Жарайды, апа.
…Міне, біз осылай тәрбиеленіп едік. Ештеңеден кемдік көре қойғамыз жоқ. Әсіресе биік қорғандардың қамауында не ойнайтын, не пікірлесетін, не ойласатын ортасы жоқ, «тұтқындағы» балалардың ертеңі не болмақ?

 

 

 

Еркін ЖАППАСҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір