Сүйінбай жүрген жолменен
Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған ұлы той өтіп жатқан күндердің қарсаңында Алматыдан Сүйінбай атамыз жатқан Қарақастекке бір топ қаламгер жаяулап шықпақ екенін естіп, сұхбат ұйымдастырмаққа қамдандық. Топ құрамындағы филолог-ғалым Жолдасбек Мәмбетовпен жол үстінде сөйлесудің сәті түсті. Біз хабарласқан ұлы сәске Сүйінбай баба рухына тағзым етуші топ жол ортасына таяп қалған кез екен…
– Марафоншылардың көңіл-күйі қалай, аға?
– Өте жақсы. Бізді бастап келе жатқан баяғы 1986 жылғы көтеріліс туралы «Жетісу» газетіне жариялап жіберген жалғыз редактор Мамадияр Жақып ағамыз. 78-ге келген жасын айтпағанда, жақында отадан шыққанына қарамай Сүйінбай бабамыздың 200 жылдығы, Қазақ ұлысының 550 жылдығы тойланып жатқанда үйде қарап жата алмай, – қолында таяғы, – көшімізді бастап келеді, әне. Алты адамбыз. Мамадияр аға, Дәулет Сейсенұлы, Орысбай Әбілдаев, Манарбек Ізбасаров, Өмірбай Өмірзақов және мен. Мамадияр ағамыздың оныншы сапары екен бұл. Аталғандардың ішінде осындай сапарға бұрын да қатысқан Дәулет Сейсенұлы мен Манарбек Ізбасаров.
– Қазір қай жерге жеттіңіздер?
– Кеше таңертең шықтық. Қаскелеңге жетіп, қондық. Ал дәл қазір Шамалғаннан шыққанымызға екі сағаттай болды, Бекболат Әшекеев ауылының тұсынан өтіп барамыз. Алды-артымызда МАИ қызметкерлерінің көлігі.
– Шамамен қанша шақырым жүрдіңіздер?
– Нақты есептеп жатқан ешкім жоқ-ау деймін. Жобалап айтуларынша, 40 шақырымнан асып жығылатын шығар. Сүйінбай атамызға жеткенше 80-85 шақырым жүреміз деп жатыр. Бұл айтқанға оңай болғанмен, қиналмай жүріп өте салатын жер емес екен. Үлкен кісілерге қалай болар екен деп ойлап едік, ешкім сыр берер емес. Мамадияр ағамызға 85 шақырымың түк емес, Махамбеттің 200 жылдығында 300 шақырымға жуық жолды жаяу жүріпті. Түркістанда 200-ден асып жығылыпты. Абай, Шәкәрім, Жамбыл, Мұхтар, Қаныш, Ғабит сияқты тұлғалардың мерейтойларында жаяу жүріп, әбден шыныққан ғой (күлді).
– Жолды қандай әңгімемен қысқартып келесіздер?
– Кеше Қаскелеңде оқушылармен, әкімшілік өкілдерімен кездестік. Шамалғандағы президентіміз бастауышта оқыған мектебі бар екен, сонда болдық. Музейге соқтық. Мешітке кіріп, құран оқып, дұға бағыштап шықтық. Ал әңгімеге келсек, негізгі сөз Сүйінбай жайында. Оның өмірі, айналасы, өнері жайында. Осы өлкенің тау мен тасы туралы айтылып келеді. Біз келген жеріміз жайлы сұраймыз, Орысбай аға көсіліп береді. Бұл кісінің әкесі халық ақыны болған, Сүйінбай, Жамбылдар айтқан жырларды сақтап қалған санаулы кісілердің бірі екен. Орысбай ағаның өзі де жатқа соғады. Түнде шаршап келіп, құлап түсетін шығармыз деп едік, оған қайда, біраз уаққа дейін жыр айтып, әңгіме айтып, әрең тоқтадық. Қазір Бекболат Әшекеев туралы сөз болып келе жатыр. Оны патша өкіметі қалай қудалады, қалай өлтірді, Жамбыл мен Бекболат арасындағы қарым-қатынас жайында біраз тарих пен аңыздар ақтарылуда.
– Бабаның басына көлікпен талай барған боларсыз. Жаяу барғанда не сезіндіңіз?
– Тәу ету ғой мақсатымыз. Гүлді көлікпен апарып та қоя салуға болады ғой. Бірақ жаяу жүріп, жаныңды қинап, шаршап-шалдығып жетудің әсері басқа болса керек. Меккеге жаяулатып барғанның қадірі жоғары ғой. Сол сияқты. Айшылық алысқа әп-сәтте жетіп баратын бүгінгі заманның адамы үшін баяғы бабалардың осы жолды қандай азаппен жүріп өткенін сәл де болса сезіндіреді екен. Сүйінбайлардың табаны тиген жер ғой, осы жолмен талай жүрген де болар, бәлкім. Соны ойлаудың өзі зор мәртебе екен.
Қазақ жалпы жаяу жүрмеген ғой. Жаяу-жалпы жүру дегенде «Ақтабан шұбырынды» еске түседі. Одан бергіде қазақ босқан ашаршылық… Сол кездегі боздақтар еске түседі екен. Біздікі бейбіт, тоқшылық заманда бабаға деген құрмет қой. Ал олар… Қазақтың 550 жылдығы қарсаңында тарихымыздың осындай беттерін де ұмытпауымыз керек қой. Осы сапар соны сезіндірді.
– Бүгінгі меже?
– Ұзынағашқа жетеміз. Біздің мақсат тіке тартып бара салу емес, арнайы бағдарламамен, жоспармен шықтық. Сүйінбай бабамыздың басына ертең кештете жетіп қалармыз деп отырмыз.
– Жол үстінде берген жедел сұхбатыңызға рахмет. Жолдарыңыз болсын!
Сұхбаттасқан
Алмас НҮСІП.