«МЕН АЙДАУДА ЖҮРГЕН ЖАЗУШЫМЫН»
16.08.2022
655
0

Бір уақытта жарым дүниені алақа­нында ұстаған түріктер береке-бірлігі, ынтымағы сетінеген соң, ішкі алауыздық пен сыртқы ықпалды күштердің ашкөздігінен ұлан-ғайыр даласынан құнарлы топырағынан айырылып, қаңғып, босып кетті. Талайлы түрік баласы Тұранның сол бір мамыражай заманын аңсайды, сағынады… Түрікменсахра деген жеріміз болған-ды. Бүгінде Иранның қарамағындағы жер. Сол Түрікменсахрадан шыққан Абдурахман Девежи (Түйеші деген мағына) деген жазушы бар. Тағдыры ауыр эмигрант жазушымен әңгімелесіп, сырласып едім. Абдурахман Девежи – 1967 жылы Иранның Түрікменсахра аймағында туған түрікмен жазушысы, ғылым докторы, доцент. 1988 жылы Тегеран университетінің Көркем өнер факультетін тәмамдаған. «Құтырған ит», «Айта алмадым…», «Бұл түнде ұйықтама, Айназ!» романдарының авторы. Жазушының үш томдық прозалық шығармалары мен әдеби-тарихи зерттеулері жарияланған.
Абдурахман Девежи қазіргі таңда Түркияда тұратын университет оқытушысы.

 Жүрегіме түскен қайғы менімен бірге есейді, менімен бірге өсті

– Аға, армысыз! Ең алды­мен сұхбат беруге келіс­кенің­ізге алғысымды білдіремін.
– Қайырлы күн, қазақ бауырым! Оқасы жоқ, сырласайық, сөйлесейік!
– Аға, Сіздің «Айта алмадым…» деген романыңызды оқып шықтым. Қазақ қызының тағдырына арналған роман екен. Тілі де, көркемдігі де ұнады. Мені қызықтырғаны – шығарманың композициялық құрылымы мен сюжеті. Айтыңызшы, романның оқиғасы шынайы өмірден алынған ба?
– Алдымен мен тұратын аймақта, яғни Иранның Түрікменсахра деген жерінде, екі миллионнан астам түрікмен тұратынын айта кетейін. Түрікменсахра – бұрынғы түрікмендердің территориясы және іс жүзінде Түрікменстанның жалғасы. Карл дәуірінде түрікмен жері екіге бөлініп, Түрікменсахра мен Түрікмен­стан арасында шекара сызылған. Түрікменстан Ресей патша үкіметінің құрамына еніп, Түрікменсахра Иранның билігіне өткен. Түрікменсахра өңірінде бірнеше мың қазақ ағайын да бар. Олар коммунистік режимнен қашып, түрікмендердің арасына қоныстанған. Біз солармен бірге тұрғанбыз. Мектепте қазақ балаларымен бір сыныпта оқыдым. Менің көйлектес бірнеше жақсы достарым болды. Балабақшадан естіген «қазақы махаббат» деген сөз санама сіңіпті. Түрікменсахраға келген қазақтар сондай мейірбан, жомарт болатын. Біздің шалдар адамның бойынан жақсы бір қасиетін байқаса, «Бәрекелді! Қазақы махаббат осындай болар!» деп отыратын.
Ал романның тарихын түсіндіру мен үшін оңай емес. Осынау шығарманы оқығаннан кейін бәрі әуе­лі «Бұл оқиға өмірде болған ба?» деп сұрайды. Шынайы емес десем – өтірік, рас десем тағы да басқа сұрақтар туындайды. Иә, шығармадағы Ыдырыс ағаның Ауғанстаннан кетуі, полковниктің өлімі, Ыдырыс ағаның шекарада жүрек талмасы ұстап қалуы, қазақ қызы Гүлжамалдың тағдыры, т.б. сюжеттер – шынайы өмірден алынған оқиғалар. Бірақ бірде-бір қаламгер шындықты дәл сол күйінде жазбайды, ол өз қиялымен тақырыпты дамытуы керек. Бұл жұмыста мен екі бөлек шытырман оқиғаны бір шытырман оқиғаға топтастырдым. Романдағы кейіпкерлерімнің шын есімдерін өзгерттім және мәдениетіміз бен әдеп-иба, әдет-ғұрыпқа сай көп нәрсені ашып жаза алмадым. Адам айтса сенгісіз зорлық-зомбылық, хайуаннан да ары төмендеп кеткен топастардың қылығын жазушы ретінде шығармашылық шеберлігіме қарай суреттеп, бейнеледім.
– Аға, сіздің шығармашылық зертханаңыз мені қызықтырады. Байқауымша, шығармаларыңызда тарих, махаббат, уайым мен сағыныш сарыны бар. Жалпы жазушылық жолыңыз, алғашқы шығармаңыз туралы айтып өтсеңіз.
– Мен бала жасымнан ертегілерді оқып өстім. Біз бала күнімізден қорлық көрдік. Иранның үстем табы тырнағын батырудай-ақ батырды. Жүрегіме түскен қайғы менімен бірге есейді, менімен бірге өсті. Шынымды айтсам, өз көзіммен көрген өмір шындығы әңгімелерімде көрініс тауып келеді.
Бастауыш сыныпта оқып жүрген шағымда-ақ жазушы болғым келетін. Өйткені мен жазушыларды әлемдегі «жалғыз періште» деп санадым. Әлі есімде, бір қызық оқиға болған. Бастауыш сыныпта мұғаліміміз бәрімізге қарап,«өскенде кім болғың келеді?» деп сұрады. Бұл сауалға басқа оқушылар дәрігер, инженер және ұшқыш т.с.с. мамандықтарды таңдап, жауап берген. Ал мен болсам, ойланбастан нық сеніммен «жазушы боламын!» дедім. Бала күнімнен көп әңгіме оқитынмын. Сондықтан әдебиетке қызықтым. Арманым ұстазымды таңғалдырды. Сөйтіп, мұғалімім мені әдебиетке баулып, көркем жазудың қыр-сырын үйретті.
Он жасымда «Ақша» атты алғашқы әңгімем ирандық балаларға арналған «Кехан Беччеха» журналында парсы тілінде жарық көрді. Алғашқы әңгіме кітабым шыққанда жиырма жаста едім.

Романымның қазақ тіліне аударылып, жарық көргенін қалаймын

– Жазушы ретінде есіміңізді танытып, көптеген әдеби марапаттарға ие болған шығармаңыз қайсысы?
– Мен өзімді танытқым келмеді (Күліп – Е.Т.). Журналдарда жарияланған көптеген әңгімелерім мен кітаптарым мені Иранда кітаптарына айрықша мән берілген авторлардың қатарына қосты. Әсіресе балалар мен жасөспірімдер жазушыларының арасындағы көп оқылған қаламгер ретінде атым шықты. Мен расында өзімді таныстырғым келмеді. Бірақ ерінбей еңбек етсең еріксіз танылады екенсің. Иә, менің екі кітабым Иранда авторлар мен баспагерлер сыйлығын алды. «Құтырған ит» романым «Әлем ертегілері» деген жүлденің иегері. Алайда бүгін қарасам, осы атаған кітаптар – менің сүйікті кітаптарым емес. 20 жылдан астам уақыт өткендіктен болар…
Бүгінгі таңда сүйікті кітаптарым деп Түрікменстан мен Түрікменсахрадағы түрікмендердің бөлінуі, шекараның тартылуы, Түрікменсахра халқының азаттық күресі, соғыстағы қайғы мен махаббат туралы жазылған соңғы екі томдық «Жер иелері» деген 1100 беттік тарихи-саяси романымды айтар едім. Мен бұл кітапты Иранда басып шығара алмадым, өйткені ол ондағы саясатқа, мемлекеттік идеологиялық цензураға сәйкес келмейді. Дегенмен оны цифрлық кітап етіп интернетке орналастырдым. Кітапты мыңдаған адам оқыды, оқырмандардан он мыңдаған хат келді. Қазір түрік тіліне аударып жатырмын, Түркияда басып шығарамын деп үміттенемін. Менің ойымша, бұл роман Ирандағы оқырмандар арасындағы ең қызықты шығарма болды.
Содан соң «Айта алмадым» деген романымды айрықша ұнатамын. Бұл еңбек парсы және түрік тілдерінде Иранда (Гүлжамал атымен) және Түркияда да басылды. Түркияда оқырмандарым мені «Айта алмадым Гүлжамал» деп біледі, солай таниды. Тебриздік досым әзербайжан тіліне аударған. Осы романымның қазақ тіліне аударылып, жарық көргенін қалаймын, өйткені оның басты кейіп­керлері қазақ және Қазақстандағы көптеген оқиғалар қамтылған-ды.

– Қазіргі бауырлас түрікмен әдебиетінің даму деңгейі туралы не айтасыз?
– Түрікменнің классикалық әдебиеті өте бай. Түрікмендердің ең ірі классик ақыны Махтумқұлу Фираг (Мақтымқұлы Пырағы – Е.Т.) – әлемдік деңгейдегі ақын. Айтпақшы, Мақтұмқұлының туып-өскен, өмір сүрген жері, мәңгілік дамыл тапқан жері – біздің өңір, яғни Түрікменсах­ра. Советтік кезеңде Түрікменстан түрікмендерінің арасынан ұлы ақын-жазушылар шықты. Әсіресе поэзияда Керім Гурбаннепестің алатын орны орасан. Түрікмен халқына Гурбанназар Эзизов, Гара Сейітли, Берді Назар Худайназаров сынды ұлы ақындар мәңгілік шығармалар қалдырды. Роман жанрында Берді Кербабаев, Хедер Деряев, Нұрмұрат Сарыханов, Ата Говшудув, Агагелди Алланзаровтар үлкен шығармалар жазды. Әдебиетіміздің көкжиегін кеңейтті.
Алайда қазіргі түрікмен әдебие­ті өзін әлемдік деңгейде таныта алмады, мұның көптеген себебі бар және оны тарқатып, түсіндіру көп уақытты алады. Түрікменстан әдебиеті тәуелсіздік алғаннан кейін тақырыптық шектеу мен еркіндікке шектеу қою мәселесіне тап болды. Ең өкініштісі, әдеби шығармалар сол шекарадан өте алмады. Негізі түрікмендер түркі әлемінде өзін жеткілікті түрде таныстыра алмады. Әрине, кейде түрікмен авторларының кітаптары Түркияда да шығады. Дегенмен бұл жерде түрік әлемінде, ұлттар арасында мойындалуы тиіс әдебиет туралы айтып отырмын. Шындығында, басқа түркі республикалары жазушыларының жағдайы түрікмендікінен әлдеқайда артық. Амал нешік, Түрікменстанның саяси жағдайы әдебиеттің дамуына зор тосқауыл болып отыр…

Соңғы романымды алдымен парсы тілінде жаздым, қазір түрік тіліне тәржімалап жатырмын, содан соң ана тіліме аударамын

– Сіз қазір Түркияда тұратын жазу­шы­сыз. Шығармаларыңызды қай тілде жазып жүрсіз?
– Тіл – мен үшін әрқашан үлкен мәселе. Үй ішінде ана тіліміз – түрікмен тілінде сөйлесеміз. Парсы тілін Иранда мектепте оқып жүргенде үйрендік. Өмір сүрген мемлекетімнің ресми тілі – парсы тілі болғандықтан, әңгімемді парсы тілінде жазуға тура келді. Бірақ әңгіме жазу үшін тіршілік тілін білу жеткіліксіз, әдеби тілді де білу керек. Үйренуімізге жылдар керек болды. Парсы тілін әдеби деңгейде үйреніп, кітап шығарған соң, Ирандағы әлеуметтік-саяси мәселелер мен қысымға байланысты Түркияға кеттім. Ыстамбұл университетінің парсы тілі әдебиеті кафедрасында ұстазымыз Серпіл Коч Конуксевер менің «Құтырған ит» романымды түрік тіліне аударып, басып шығарды. Осыдан кейін мен өз кітаптарымды түрік тілінде жазуды жөн көрдім. Бірақ әдеби тілді үйренуге әлі де көп уақыт керек еді. Негізі парсы тілінде жазғандарымды аударып, сосын редакциялап, түзетуді жөн көрдім. Жаңа шығармаларымды парсы тілінде жазбасам, кітаптарым оқылмай қалуы да мүмкін еді. Өйткені түрік тілінде жазсам да, өз сезімімді дұрыс жеткізе алмай, тілдегі көптеген ырымдарымды жоғалтып алдым. Осы себепті мен алдымен парсыша жазып, кейін түрік тіліне аударамын. Мысалы, соңғы романымды алдымен парсы тілінде жаздым, қазір түрік тіліне тәржімалап жатырмын, содан соң түрікмен тіліне аударамын. Сондықтан мен үш тілде жазамын деп айта аламын. Қиыны сол – өз тілімде, яғни ана тілімде жазған шығармам екі елде де оқыла ма деген сауал жанымды ауыртады…

– Ортақ түрік әдебиетінің болашағы туралы не айтасыз?
– Меніңше, ортақ түрік әдебиеті үшін алдымен ортақ түрік тілі болуы керек. Ал бұл үшін барлық түрік халықтары өз тілін тастап, жаңа түрік тілінде сөйлеуі мүмкін емес және оны ешкім қабылдамайды. Біздің бір жазушымыз бір жиналыста «Ортақ түрік тілі» деген сияқты сөздерді айтып жүр еді, өйткені қазақ ешқашан «Ж» әрпінің орнына «Й» әрпін қосып айтпайды немесе түрікмен «Әженің» орнына «Ана» деп айта алмайды…
Жалпы тіл дегеніміз – әркім өз тілінде, өз диалектісінде сөйлей салысымен ортақ тілді меңгереді. Мысалы, түрікмендер советтік дәуірде түрікмен, қазақ қазақ, қырғыз қырғыз тілдерінде жазғанымен, бәрі орыс тілін де білген, яғни орыс тілі ортақ тіл болған. Бүгінде Түркияның түрік тілі ортақ тіл рөлін атқара алады. Өйткені Түркия түріктері экономикалық, мәдени, технологиялық және білім беру себептерімен түрік әлемінің көптеген жерлеріне, әсіресе жастарға еріксіз жол тартты. Әрине, Түркия түрікшесінде көптеген араб, парсы сөздерінің орнына асыл түрік сөздері болса, бұл түрік әлеміндегі бірлік сезімін нығайтар еді. Әдебиетпен де бірігіп айналысып, бір-біріміздің жазғанымызды оңай түсініп, оқырмандарымыз көбейер еді ғой. Сол күнді тілеймін! Өкінішке қарай, қазір оғыз диалектілерін түсінсек те, қырғыз, татар, қазақ сияқты қыпшақ диалектілерін түсіну қиынға соғып жатыр. Керісінше де шындық. Бізге бір-біріміздің әдебиетімізді түсінетін, кітап-журналдарды бірге шығаратын ортақ тіл керек. Бүкіл түрік әлемінде жарамды болатын ортақ тілге шын зәруміз.

– Аға, жазушы ретінде нені армандайсыз?
– Бауырым, мен айдауда жүрген жазушымын. Менің елге бармағаныма он бес жыл болды. Әкем қайтыс болғанда да бара алмадым. Туған жерімнен жырақтап кеттім. Бұл жағдай менің қалауларыма және армандарыма әсер етеді. Туып өскен жерімді сағындым. Түрікменсахраға оралып, бір күн сонда өмір сүруді жалғастыру – менің үлкен тілегім. Сондықтан жер аударылғандар мен босқындардың азабын жақсы түсінемін. Бұл дүниеде Ыдырыс аға, Гүлжамал, Абай сынды соғыс, зорлық-зомбылық пен геноцидтен зардап шеккендер аз емес. Барша халыққа, әсіресе олар сияқты босқындарға бейбітшілік пен тыныштықта, соғыстан алыс өмір сүруді тілеймін!
Алпауыт державалардың кішкентай халыққа, ұлт пен ұлысқа қысым көрсетуіне жол бермейік, импералистік санадан арылу керек. Өйткені кішкентай ұлт та адам және басқа державаның адамдары сияқты олар да өздерінің сезімдері мен эмоцияларымен өмір сүреді. Дүниежүзіндегі саяси ахуалды ойласам, көз алдыма сәби мен қауқарсыз ана елестейді… Туған топырағынан айырылып, қаңғып қалған жұртты көрем… (Осы жерде жазушы сезіміне ерік берді – Е.Т.).

– Иә, аға, өте дұрыс айтасыз… Көзіңізден мөлдіреп жас та ақты. Мұңызды, сырыңызды жаныммен ұқтым, ағажан! Сізді де қинамайын, әзірге әңгімені осы жерден тоқтатайық… Кейін тағы бір сәті түсер…
– Жақсы, бауырым! Бүтін түркі халқы аман болсын! Ешқашан жамандық көрмесін! Ең бастысы – Тұранның әрбір жері, топырағы, пұшпағы түрікке, иесіне ғана тиесілі болсын! Бұл – менің шын дұғам, ниетім.
– Әумин! Айтқаныңыз келсін!

Сұхбаттасқан
Елдос ТОҚТАРБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір