«Жазушының тірі кезінде өлуі қиын»
24.10.2019
1439
0

Еліміздің теріскейдегі Тобыл-Торғай өңірі – қазақ елінің киелі де қастерлі пұшпағының бірі. Алаш арыстары Ахаң (Ахмет Байтұрсынов) мен Жақаңның (Міржақып Дулатов) кіндік кескен жері, төл әдебиетіміздің корифейлері – Сырбай Мәуленов пен Ғафу Қайырбеков, Кеңшілік Мырзабеков бастаған көптеген ақын-жазушылардың дүниеге келіп, құтты мекені болған аймақ – осы аймақ. Ал облыстық «Қостанай таңы» газеті – қазақ журналистикасының атасы Мұхамеджан Сералин мен көркем сөздің зергері Бейімбет Майлин іргетасын қалаған, жарық көргеніне 97 жыл болған абыз басылым. Бүгінде Биағаңның шабыт қайнарының бір ордасы болған осы газеттің тізгіні Қазақстан Жазушылар одағының Қостанай облысы бойынша филиалының басшысы, әдебиет сыншысы Жанұзақ Аязбековтің қолында. Сәтін салып біз әріптес ағамызбен сұхбаттасып едік.

Қазір кітап бетін ашпай-ақ пікір жазатындар көбейді

– Жәке, төл әдебиетіміздің небір тарландарының ізі қалған қарашаңыраққа қазіргі шығармашыл замандастарымыз қаншалықты үйір?

– Сауалың салмақты екен. Сонау өткен ғасырдың 1923 жылы осы газетке қызметке тұрғанда Би-ағаң (Б.Майлин) күндіз күнұзақ газетке мақала дайындаумен болса, кешқұрым бойында әдебиетке деген шын ықыласы бар жастар мен тұрғыластарын жинап өлең, әңгіме оқытып, талқылап түн жарымына дейін отырып қалады екен. Сенбі, жексенбі күндерінде де жазарман қауымды үйіне шақырып, әңгіме-дүкеннің көрігін қыздыру әдетіне айналса керек. Сөз зергерінің әйгілі «Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз» секілді өлеңдері, «Әйт, шу, ала атым!» «Талақ», «Түйебай», «Айранбай» атты әңгімелері мен «Раушан коммунист» повесі осы газеттің қабырғасында жүргенде дүниеге келіпті. Биағаң сонда 29 жаста екен.

Газет шежіресіне көз жүгіртсек, өңірде туып-өскен ақын-жазушылардың ішінде басылым редакциясында қызмет атқармағаны кемде-кем. Олардың аты-жөндерін түгендемей-ақ қоялық. Ал енді әдебиет пен өнер газетіміздің айнымас бөлігі екеніне ғасырға жуық шежіресі куә. Бүгінде сол дәстүрдің жалғасы – «Шұғаның белгісі» атты апта сайын шығатын айқарма беттері. Бұны облысымыздағы шығармашыл қауымның туындылар айдыны деуге әбден лайық. Облыс пен республикаға таныла бастаған Дәмер Әбіш, Бәкеш Айсин, Абай Қажи, Абылай Мауданов, Жандос Жүсіпбеков, Қасқырбай Қойшыманов секілді авторлар аталған айдардан талай туындыларын оқушыларға үкілеп ұшырған. Өлең-жыр, әңгіме-хикаят редакция поштасына үзілмей түседі. Әрине олардың сапасы бөлек әңгіме.

Оқи отырыңыз!

Біз деградациядамыз…

– Сіз көркем әдебиет сыншысысыз. Әдеби басылымдарда салиқалы көркем сындарыңыз басылды. Айталық, «Бальзак неге жылады?» дейтін әдеби сынды жазуыңызға не түрткі болды? Осыған ілестіре қояр тағы бір сауалым: неге аз жазасыз?

– Есіме түсіп отыр, оныншы сыныпта оқып жүргенде «Жұлдыз» журналында (1972) «Жастық жалыны ма?» деген рецензиям жарық көрген. Содан бастап көркем әдеби сынға деген ықыласым ауды. Университет қабырғасында студент бола жүріп, Мәскеуден шығатын «Вопросы литературы» деген журналды жаздырып алып оқыдым. Кейін бес курсты бітіріп, диплом қолға тигенде таудай болып үйілген сол журналдарды қазір белгілі жазушы-драматург Жолтай Әлмешовтың (ол кезде төменгі курс студенті болатын) ағасының балконына қалдырып кеткен едім. Алматыдан аттанып, сонау Қостанайдан бір-ақ шыққасын ол журналдар ұмытылды. Арада қырық жыл өткенде жазушы інімнің Қостанай қаласындағы театрда драмасы қойылып, жүздескенімізде есіме салғаны бар. Айтайын дегенім, сонау жастық кезден-ақ әдеби сын шығармашылығымның ажы­рамас бір бөлігіне айналған екен. Біле біл­генге көркем туындыны талдау мен тал­ғау, шынайы баға беру – екінің бірінің қолы­нан келмейді. Сондықтан да бізде «сын жоқ, дамымай жатыр» деп алаңдайтыным бар.

 Ес білгелі көркем әдебиетке құлай берілгендердің сойынанмын. Сонау Совет өкіметінің заманынан бері әдебиет дейтін киелі табалдырықты аттап алып, киесіз дүниемен айналысатын жазармандарға өкпелімін. «Әдебиет – ардың ісі» екенін біле тұра арзан шығармаларды үсті-үстіне шығарып, қолдан мақтатып, биліктің күшімен жарнамалап, елдің көз алдында көлбеңдеуді әдет қып алғандар жол бермейтін болды. Осындайда төрткүл әлемге әйгілі болған туындылар мен туындыгерлердің тағдыр-талайына барлай қарасаң, шындыққа көз жеткізетін жағдаяттар аз емес. Айталық, «Горио әкей» романының соңғы нүктесін қоя салып, басты кейіпкері Гория әкейді романда өлтіргеніне бола Бальзак ағыл-тегіл жылап, отырған үстелінен құлап қалыпты. Бәлкім, бұл бальзактанушылардың әсірелеген аңызы болар, әйтсе де, ең бастысы – жан терлемей, жүрек толғанбай шынайы туынды шықпайды дегенді айту. Мен ұзақ жылдар бойы Бальзактың романдарын, ол туралы жазылғандарды оқып келемін. Соның нәтижесінде 2011 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің қатарынан екі нөмірінде (№ 23,24) тұтастай беттерін алып «Бальзак неге жылады?» деген атпен әдеби-сын материалым жарық көрді.

Аз жазатыным рас, көп уақытым оқуға кетеді. Қазір автордың кітабының бетін ашпай-ақ, ешкімнен қымсынбастан сала құлаш пікір жазып тастайтындар жиілей бастады.

Қазаққа бес күн жалған дүние таңсық емес

Елге белгілі әдебиет сыншысы: «Постмодернистік ағымға қазақ қаламгерлері әлі де сенбей келеді. Мен де сенбеймін», деп төтесінен айтыпты. Сыншылардың айтып жүргеніндей, ол расымен, ұлттың рухани құндылықтарын жоққа шығаратын ағым ба?

– Бұл жерде постмодернизмге сену немесе сенбеу маңызды емес. Постмодернизм – ауқымды бағыт, ағым. Бұл – әдебиет тарихындағы классицизм, романтизм, сентиментализм, символизм, авангардизм, реализм, тағы сондай «измдер» секілді заман тудырған құбылыс. Бірақ мұның тұрпаты бұрынғыдан ерекше.Әдебиеттегі бұл ағым адамзат қоғамының жоғары даму сатысында дүниеге келді. Постмодернизмнің табиғат заңдарына қарсы тұру, Құдайды мойындамау, дәстүр атаулыны жоққа шығару т.с.с көзқарастағы сипаты басым. Ал қазаққа мынау ғұмырдың бес күн жалған дүние екенін ақын-жырауларымыз өткен ғасырларда-ақ айтып, жырлап кеткендіктен таңсық емес. Сондықтан да тамыры тереңге кеткен дәстүрлі әдебиеті бар елдер мұны қабылдай қоймауы заңды. Өйткені әр қоғамның даму деңгейі әртүрлі. Дамыған, озықпыз деген елдердегі киберәдебиет, яғни ғаламтор кеңістігінде пайда болған технологиялық, желілік әдебиеттің болмысы мүлдем бөлек. Қазір айтып жүрген постмодернизмнің салқыны солардан келді. Бұл әл-әзір қазақ топырағында өсіп-өніп көктей қойған жоқ. Бірақ бұл аталған көріністер бізде болмайды дегенді білдірмейді. Заманында Абай поэзиялық модернизмнің қазақы үлгісін жасады. Кемелденген социализмде Төлен Әбдік «Оң қолын» жазды. Тәуелсіздік кезеңінде Мұхтар Мағауин «Жармақты» ұсынды. Дәстүрлі әдебиеттің уызы аузынан кетпеген біздің оқушыға мұның бәрі бірдей оң жамбасына келеді дей алмаймын. Радикалды постмодернизмнің үркітіп отырғаны: ол – дәстүрлі әдебиетті күресінге тастап, көркем ойды жоққа шығарды. Сырт көзге жаңғыру – жаңару секілді көрінгенімен, шын мәнінде, адам ойына келгенін істеп, табиғи құмарлығы мен құштарлығына шексіз еркіндік беру деген тобырлық санаға мәтіби. Постмодернизмнің мұндай сипатын алғанда, «рухани құндылықты жоққа шығарады» деуге де қисын бар.

 Өмірде де, әдебиетте де адамдардың, әдеби кейіпкерлердің бәрі бір қалыптан шыққандай болып барады. Неге?

«Адам – стандартты» деген ұғым бар. Ол – адамның тіршілік-тірлігінен туатын өмірлік қалыптар жиынтығы. Пендеңіздің сыртқы болмысы мен ішкі болмысының біте қайнасуынан пайда болатын типтерден қоғам құралады. Сен даралықты, тұлғаны іздеп отырсың. Жазушы Жұмабай Шаштайұлы: «Жалпы, адам көшiргiш келедi. Адам өзiнiң табиғи болмысын табуына, өзiн-өзi табуына көп уақыт кетедi. Бiреудi оқиды, бiреудi көредi, бiреудiң жазғанына сүйсiнедi, бiреудiң бiр сөзiн көшiредi. Соның бәрi жинақталып келiп, сенiң өзiңнiң болмысыңды табуыңа көмектеседi», – дейді. Қазір сырт қарағанда дәл осындай күйде жүргендер баршылық. Бірақ соңғы кезде шығармашылық иесінің өнер ортасында өз болмысын таппай жатып-ақ, тіпті оған тапқызбай-ақ «классик» деп, «ұлы» деп, көркемдік биіктіктің ұшар басына жеткізбей, қондырмай, жарым жолдан тоқтатып, «болдың, толдың» деп, өтірік әлпештеп, жалғандыққа даңғыл жол бердік. «Ұлтан сұлтанға айналып, сұлтан ұлтанға айналды».

«Әдеби ортаға танылу» деген өте қиын болатын едi бiздiң кезiмiзде. Қазiр әдеби ортаның тануы шарт емес. Танылу, мойындалу – соншалықты маңызды емес сияқты көрiнедi маған», – дейді тағы бір қаламгеріміз. Рас, бүгінде танымалдықтың қадірі қашқан. Салмағы жоқ, аузының дуасы жоқтай. Тұлғаны пір тұту жоғалып, оны пақыр пенде деп, натуралды фактурасына қызығу басым.

Қазір қаламгерлердің дені өзіне өзі қатаң талап қоя алмайтын күйде. «Өзiмнiң екi томдық шығармалар жинағымды дайындап жатырмын. Сол екi томдықты оқып отырып, өзiме деген алпыс пайыздай жақсы көру сезiмiм төмендеп кеттi. «Өле бастаған екем» деп ойладым. Жазушының тiрi кезiнде өлуi деген өте қиын. Ол – үлкен трагедия. Гоголь өзiнiң шығармасын өртедi. Бiрақ олардың шығармалары осы күнге дейiн оқылып жатыр. Осы мәселе менi ұзақ ойландырады. Толстой: «Менiң шығармам жиырма бес жылдан кейiн адам жүрегiн толқытса, онда менiң өлмегенiм» деген екен. «Өзiм ұзақ жасайтын сияқтымын да, шығармаларым өлiп қалатындай қорқам», – дейді Ж.Шаштайұлы. Бұл – сөз өнерінің киесін ардақтайтын адамның айтар сөзі. Кейде мынандай бір пенделік ой келеді: қазақ әдебиетіндегі шығармалардың шет тілдеріне аударылмағаны қандай жақсы болған. Әйтпесе, қазақтың таңғажайып пәлсапалық ойларын, көркемдік танымын бөтен ел танып алып, тонын айналдырып, өзінікі етіп өз аттарынан жариялап жіберсе, біз не істей алар едік? Өз елімізде өзімізді өзіміз мойындата алмай ырду-дырдумен жүргенде былайғы қаймана жұртпен дау-шарға түсуге шама-шарқымыз да келмейді.

Әдебиет ұлттық болмаса, онда ол жалпыадамзаттық бола алмайды

– Сіздіңше, қазіргі төл әдебиетіміздің ең бір жанды жері деп нені айтуға болар еді?

Мұның пәлендей құпиясы жоқ, айтылып та, жазылып та жүр. Бірақ ешқандай қорытынды шығармаймыз. Әдебиетімізде талдауға татымайтынды мадақтап, талантты дүниені үнсіздікпен өлтіретін әдет қанымызға сіңіп барады. Мысалы, «Жас Алаш» газетінде былтыр қыркүйекте «Қала мен қазақ» деп аталатын прозшылар байқауы болып өтті. Сол бәсекеде бірінші орынды Темірхан Қылышбек деген жас жігіттің «Лифт» әңгімесі алды. Ал енді сол әңгімені оқып көріңіз,   кездейсоқ лифтіде жүздескен екі жастың ошаққасы қиқым тірліктері ащы ішектей шұбатыла баяндалады. «Күлсалғышқа темекінің жантәсілім еткен шоғын жерледі», – дегеннен кейін-ақ, одан әрі жөні дұрыс толыққанды сөйлем іздеу қайда, көңілің құлазып қалады екен. Менмұндалап тұрған идеяны табу күшке түседі. Бірақ бүгінгі талғам-талапқа, фэнтези жанрына ұқсайтын осындай шығармалар әдебиетті қолдайтын әлдекімдердің қолайына жағатынын білдік. Сөйтіп, қомақты қаржы қор болды.

Ал үнсіздікке келсек, мысалы, танымал прозашы Жолтай Әлмашұлының қалың-қалың дәстүрлі туындыларын емес, пышақтың қырындай ғана заманауи модерн романдары хақында тиіп-қашты айтылғанымен, сыншылар ол кісінің шығармашылығына бар зейінімен назар аудармады. Мұнда жаңалық бар еді. «Бақидан келген келіншек», «Бумеранг», «Жалпыпланеталық жігіт» секілді дүниелерін тілді, ділді, роман-хат, роман-модерн, роман-драма деп жанрлар симбиозы айшықталған қазіргі қазақ прозасындағы айтары бар туындылар дер едік. Бірақ іштарлық па, қызғаныш па, күнде көріп ет үйренгендік пе, салмақты әдебиетшілер тарапынан салиқалы әңгіме айтылмады. Осы секілді есімі таныс та, таныс емес те көптеген авторлардың сәтті туындылары елеусіз қалуда.Тіпті, көзге шалынған талантты дүниелер туралы пікір айтуға құлық жоқ, бір селқостық жайлаған кезеңге тап болдық.

– Өзін кәсіби әдебиетшімін дейтіндер: «Бүгінгі заманда әдебиет ұлттық емес, жалпыадамзаттық болуы міндетті. Әдебиет – әдебиет үшін» дегенді айтады. Сіз бұған не айтасыз?

Егер әдебиет ұлттық болмаса, онда ол жалпыадамзаттық бола алмайды. Айталық, Акутагаваның әлемге әйгілі әңгімелерінің қай-қайсысын алсаңыз да жапонның исі аңқиды. Әрбірінде жапон психологиясы, жапонша қам-қаракет тұнып тұрады. Ал біздің «әдебиет – әдебиет үшін» деген түсінікке енді ғана мойын ұсынуға ықыласымыз аууы ықтимал. Өйткені дәстүрлі әдебиетімізде саясаттың, насихаттың ықпалы басым болды. Шығармаларды талдап-таразылап, таза өнер туындысы деп ақ-қарасын аршитын ұрпақ енді келе жатыр.

– Жастардың аяқ алысына көңіліңіз тола ма?

Жаңа толқынның арасынан жарқ етіп, оқ бойы озып тұрғанды әл-әзір көрген жоқпын. Осы заманның ыстық лебін, қоғамдық сананың сапырылысын сөзбен бедерлеуге икемді жастар баршылық. Бірақ көбі постмодернистік көзқараспен жазуға ұмтылады да, қазақы оқырманды сендіре алмайды. Қазақы тамыры жоқ шығарма ұзаққа бармайды. Өзегі бірыңғай жылауық, күйреуік, бойкүйез, торығу болып келетін шығармаларды қабылдау қиын. Меніңше, кез-келген туынды қарапайым халыққа, қазаққа түсінікті болуы керек. Жоғары интеллектуалға деп жазғаныңыздың өресі биік болмаса, интеллектуалдар оқымайды, менсінбейді. Прозада баяндаудан гөрі суреттеу құнды. Суреттеуге шорқақпыз. Ш.Елеукеновтың қойын дәптерінде: «Жазушының жалғыз міндеті – адамның жанын ояту» деген сөз бар екен. Осы тұрғыдан келгенде жастар да, жасамыстар да әлсіз. Бүгінгі қазақы болмыстың, түйсік-сананың қайсысын шығармаға арқау етудің ретін білмейтін секілді. Қазақтың жанын оятып, санасын сергітуден артық әдебиеттің мақсаты болуы мүмкін бе?!

– Әңгімеңізге рақмет

Әңгімелескен Қасқырбай Қойшыманов,

Қостанай қаласы

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір