Сыпыра жыраудан Сүйінбайға дейін
25.10.2015
3402
0

566526_1986813585_ayherlar_tobelesi«Ар жағы ежелгі түркі дәуірінен басталатын қазақ әдебиетінің мың жарым жылдық дәйекті мәдениетін» (Едіге Мағауин) қалпына келтіру мәселесін алғаш көтерген ұлы Бейсекең – Бейсенбай Кенжебаев өзінің аспиранты жас Мұхтарға – Мұхтар Мағауинге ХV-ХVІІІ ғасыр­лар­дағы қазақ ақын жырауларының поэзиясын зерттеуді сеніп тапсырыпты. Сол жас Мұхтардың арқасында біз әлемдік поэзияның озық үлгі­лерінен артық болмаса, еш кем емес жыраулық үлгідегі қазақтың ға­жайып поэзиясына қайта оралдық. Сыпыра жыраудан Сүйінбай ақын­ға дейінгі қазақ өлеңінің өкілдері жасаған әдебиет елдік, ұлттық мүд­дені басты орынға қойды да, бұл дәуірдегі қазақ ақын жырауларының шығармашылығы өзіндік түр тауып айқын ұлттық сипат қалыптастырды. Алаш­тың өршіл рухын бедерлей таңбалады. Ол эстетикалық-поэти­калық биік көркемдік талғамға көтеріліп, жауынгерлік пафосқа толы өршіл алашшыл рух, асқақ философиялық романтикамен ерекшеленді. Қара қылды қақ жарған турашыл да өткір, өжет те өр мінезді қазақтың ақын жыраулары өзінің өмір сүрген заманының шындығын ащы да бол­са билік тұтқасын ұстаған хандарға ашық та батыл айта біліпті. Бы­лай қарасаңыз, қазақтың ақын жыраулары сол заманның идеологтары болыпты.
Жыраулар поэзиясын қайталап оқыған сайын таң қалмасқа шараң жоқ. Бұл дәуір поэзиясының сырлы сезілетіні неге деген сұрақ тұрады жүре­гінің түкпірінде. Сонымен, өршіл алашшыл рухқа шақыратын жы­рау­лар поэзиясына қазақ оқырманы тағы бір қайта оралсыншы деген ниетпен газеттің бүгінгі нөміріне Сыпыра жыраудан Сүйінбай ақынға дейінгі қазақ ақын жырауларының шығармашылығының бір парасын ұсынуды дұрыс деп таптық.

СЫПЫРА ЖЫРАУ
(ХІІІ-ХV ғасырлар)

Мен жыраумын, жыраумын,

Шөп басында қыраумын.

Хан қасында төремін,

Ханға кеңес беремін.

Би қасында биікпін,

Ел ішінде иықпын.

Сөз бар жерде жүйрікпін,

Шөлде жүрген киікпін.

Көл бар жерде сүйрікпін,

Құс бар жерде қанатпын,

Күш бар жерде қуатпын,

Өсек сөзден жырақпын.

Көп хандарды мен көрдім

Елін, халқын жылатқан.

Қарағай сапты ақ найза

Батырларды құлатқан.

Даналар айтқан асыл сөз

Елді аузына қаратқан.

Сары жай атқан сансыз оқ

Көп халықты жылатқан.

Алла тағала адамды

Тату бол деп жаратқан.

Мен дүниеге келгенде

Әділетсіз хан көрдім,

Бейкүнә өлген жан көрдім,

Сауға болған дұшпанға

Есепсіз жүрген мал көрдім.

Алла тағала әмбеге

Бөліп берген ырысты.

Соның үшін, хан ием,

Көксемегей ұрысты.

Бейнетпен мал жинаған

Мәртебесі мол болар.

Бейнетқордың малы өсер,

Тама-тама көл болар.

Момын елдің жаны өсер,

Ақырында ел болар.

Жанжалкеш ел жауласып,

Жұрт арасы қан болар,

Қара жермен тең болар.

Ұрысты онша көксеме,

Етек тарылып жең болар.

Бағы тайса еліңнің,

Қақаған қыс болса да,

Мұз айырылып сең болар.

Момын елге тимегін,

Кеуілінде мұңлы шер болар.

Ерегісіп қоймасаң,

Ызалы ел бірігіп,

Қылыш алып қолына,

Қатыны да ер болар,

Сеніменен тең болар.

Күшейіп кетіп ел сенен,

Етең-жеңің сел болар.

АСАНҚАЙҒЫ
(ХV ғасыр)

…Қырында киік жайлаған,

Суында балық ойнаған,

Оймауыттай тоғай егіннің

Ойына келген асын жейтұғын,

Жемде кеңес қылмадың,

Жемнен де елді көшірдің.

Ойыл деген ойың-ды,

Отын тапсаң, тойынды.

Ойыл көздің жасы еді,

Ойылда кеңес қылмадың.

Ойылдан елді көшірдің.

Елбең-елбең жүгірген,

Ебелек отқа семірген,

Екі семіз қолға алып,

Ерлер жортып күн көрген

Еділ деген қиянға.

Еңкейіп келдің тар жерге,

Мұнда кеңес қылмадың.

Кеңестің түбі нараду…

Нәлет біздің жүріске,

Еділ менен Жайықтың

Бірін жазға жайласаң,

Бірін қысқа қыстасаң,

Ал қолыңды маларсың

Алтын менен күміске!..

ҚАЗТУҒАН ЖЫРАУ
(ХV ғасыр)

Алаң да алаң, алаң жұрт,

Ақала ордам қонған жұрт,

Атамыз біздің бұ Сүйініш

Күйеу болып барған жұрт,

Анамыз біздің Бозтуған

Келіншек болып түскен жұрт,

Қарғадай мынау

Қазтуған батыр туған жұрт,

Кіндігімді кескен жұрт,

Кір-қоңымды жуған жұрт,

Қарағайдан садақ будырып,

Қылшанымды сары жүн оққа толтырып,

Жанға сақтау болған жұрт.

Салп-салпыншақ анау үш өзен

Салуалы менің ордам қонған жер,

Жабағылы жас тайлақ

Жардай атан болған жер,

Жатып қалып бір тоқты,

Жайылып мың қой болған жер,

Жарлысы мен байы тең,

Жабысы мен тайы тең,

Жары менен сайы тең,

Ботташығы бұзаудай,

Боз сазаны тоқтыдай,

Балығы тайдай тулаған,

Бақасы қойдай шулаған,

Шырмауығы шөккен түйе таптырмас,

Балығы көлге жылқы жаптырмас,

Бақасы мен шаяны

Кежідегі адамға

Түн ұйқысын таптырмас,

Қайран менің Еділім,

Мен салмадым, сен салдың,

Қайырлы болсын сіздерге

Менен қалған мынау Еділ жұрт!..

ДОСПАМБЕТ ЖЫРАУ
(ХVІ ғасыр)

Айналайын Ақ Жайық,

Ат салмай өтер күн қайда?!

Еңсесі биік боз орда

Еңкейе кірер күн қайда?!

Қара бұлан терісін

Етік қылар күн қайда?!

Күдеріден бау тағып,

Кіреуке киер күн қайда?!

Күмбір, күмбір кісінетіп,

Күреңді мінер күн қайда?!

Толғамалы ақ балта

Толғап ұстар күн қайда?!

Алты құлаш ақ найза

Ұсынып шаншар күн қайда?!

Садақ толған сайгез оқ

Масағынан өткеріп,

Басын қолға жеткеріп,

Созып тартар күн қайда?!

Кетбұғадай билерден

Кеңес сұрар күн қайда?!

Еділдің бойын ен жайлап,

Шалғынға бие біз байлап,

Орындықтай қара сабадан

Бозбаламен күліп-ойнап,

Қымыз ішер күн қайда?!

ШАЛКИІЗ ЖЫРАУ
(1465–1560)

Алаштан байтақ озбаса,

Арабыдан атты сайлап мінбен-ді!

Күлікке тастай болып тимесе,

Үстіме көбе болып кимен-ді!

Күмістен екі қолтық жоқ болса,

Сыпайшылық сүрмен-ді!

Алғаным ару болмаса,

Алдыма алып сүймен-ді!

Дулығамның төбесі

Туған айдай болмаса,

Батыршылық сүрмен-ді!

ЖИЕМБЕТ ЖЫРАУ
(Х–V ғасыр)

Еңсегей бойлы Ер Есім,

Есім, сені есірткен

Есіл де менім кеңесім.

Ес білгеннен, Есім хан,

Қолыңа болдым сүйесін,

Қолтығыңа болдым демесін.

Ертеңгі күн болғанда,

Елің кеңес құрғанда,

Айналып ақыл табарға

Есіктегі ебесін,

Сонда, ханым, не десін?!

Мен жоқ болсам, Есім хан,

Ит түрткіні көресің.

Жиембет қайда дегенде,

Не деп жауап бересің?..

Меніменен, ханым, ойнаспа,

Менің ерлігімді сұрасаң,

Жолбарыс пенен аюдай.

Өрлігімді сұрасаң,

Жылқыдағы асау тайыңдай.

Зорлығымды сұрасаң,

Бекіре менен жайындай.

Беріктігімді сұрасаң,

Қарағай менен қайыңдай.

Көруші едім, Есім хан,

Ханымды күнім, сізді айымдай.

Сырым саған түзу-ді

Садаққа салған бұлыңдай.

Жұмыскерің мен едім

Сатып алған құлыңдай.

Жүруші едім аранда

Өзіңнің інің менен ұлыңдай…

Мен, өлсе, құнсыз кетер деме сен

Кешегі өзіңнің ұрып өлтірген

Тілеуберді құлыңдай!

Тілеуберді құлың мен емес,

Мұның, ханым, жөн емес.

Менің ер екемді көргенсің,

Әуелден бірге жүргенсің,

Дегенімді қылғансың,

Қайратымды білгенсің.

Ағбытпа, ханым, күннен соң,

Сіздің естен кеткенмен,

Біздің естен кеткен жоқ:

Қалмақтың Бөрі ханы келгенде,

Соқыр бурыл байталға

Сонда бір жайдақ мінгенсің…

Қалмақтың Бөрі ханы келгенде,

Қаланың қасы бүлгенде,

Хандар қалаға қылаған,

Сұлтандар суға сылаған

Қаз мойынды ханшаңыз

Қалада тұрып жылаған…

Тал шарбаққа мал сақтап,

Тас қалаға жан сақтап,

Тасқан екен мына хан!

Қайырылып қайыр қылуға

Қылығың жоқ ұнаған.

Қайратым қанша қайтса да,

Мұныңа, ханым, шыдаман!

Арқаға қарай көшермін,

Алашыма ұран десермін,

Ат құйрығын кесермін,

Ат сауырын берермін,

Алыста дәурен сүрермін,

Қарамасаң, ханым, қарама,

Сенсіз де күнімді көрермін!

МАРҚАСҚА ЖЫРАУ
(ХVІІ ғасыр)

Ей, Қатағанның хан Тұрсын,

Кім арамды ант ұрсын!

Жазықсыз елді еңіретіп,

Жер тәңірісіп жатырсың.

Хан емессің, қасқырсың,

Қара албасты басқырсың.

Алтын тақта жатсаң да,

Ажалы жеткен пақырсың!

Еңсегей бойлы Ер Есім

Есігіңе келіп тұр:

Алғалы тұр жаныңды,

Шашқалы тұр қаныңды!

БҰҚАР ЖЫРАУ
(1668–1781)

ХАНҒА ЖАУАП АЙТПАСАМ

Ханға жауап айтпасам,

Ханның көңілі қайтады.

Қандыра жауап қатпасам,

Халқым не деп айтады?

Хан Абылай, Абылай,

Қайғылы мұндай хабарды

Сұрамасаң не етеді?

Сұраған соң айтпасам,

Кісілігім кетеді.

Енді айтайын, тыңдасаң,

Маған қаһар қылмасаң.

Қарағай – судан қашықтап,

Шөлге біткен бір дарақ.

Шортан – шөлге шыдамсыз,

Балықтан шыққан бір қарақ.

Ойлама шортан ұшпас деп,

Қарағайға шықпас деп.

Күнбатыстан бір дұшпан

Ақырда шығар сол тұстан.

Күншығысқа қарайды,

Шашын алмай тарайды.

Құдайды білмес, діні жоқ,

Жамандықта міні жоқ,

Өзі сынды бір кәпір

Жаяулап келер жұртыңа!

Жағалы шекпен кигізіп,

Балды май жағар мұртыңа.

Жебірлерге жем беріп,

Ел қамын айтқан жақсыны

Сөйлетпей, ұрар ұртына.

Бауыздамай ішер қаныңды,

Өлтірмей алар жаныңды,

Қағазға жазар малыңды,

Есепке салар барыңды,

Еліңді алар қолыңнан,

Әскер қылар ұлыңнан!

Бұл айтқаным, Абылай,

Болмай қоймас артыңнан.

Тексізді төрге шығарып,

Істетер сұмдықты ұйғарып.

Асан сөзі осылай

Бүгін үшін аһ ұрған.

Жауабыма қандың ба,

Естіп болып қартыңнан?!

АҚТАМБЕРДІ ЖЫРАУ
(1675–1768)

Жағалбай деген ел болар,

Жағалтай деген көл болар.

Жағалтайдың жағасы

Жасыл да байтақ ну болар.

Атадан алтау туғанның

Жүрегінің бастары

Алтын менен бу болар.

Атадан жалғыз туғанның

Жүрегінің бастары

Сарыда жалқын су болар.

Жалғыздық сені қайтейін!..

 

ҮМБЕТЕЙ ЖЫРАУ
(1706–1778)

БӨГЕНБАЙ ӨЛІМІНЕ

Уа, Алатаудай Ақшадан

Асып тудың, Бөгенбай!

Болмашыдай анадан

Болат тудың, Бөгенбай!

Қалақайлап дулатқан,

Қалдамандап шулатқан

Қалмақты алдың, Бөгенбай!

Құбыла көшкен байтақтың

Ордасындай Бөгенбай!

Темір жұмсап, оқ атқан

Қорғасындай Бөгенбай!

Қолтығы ала бұғының,

Пәйкесіндей Бөгенбай!

Жалаңқия жерлерден

Жазбай түсіп түлкі алған

Білегі жуан бүркіттің

Тегеурініндей Бөгенбай!

Баянаула, Қызылтау,

Абыралы, Шыңғыстау,

Қозы Маңрақ, Қой Маңрақ

Арасы толған көп қалмақ;

Қалмақты қуып қашырдың,

Қара Ертістен өткізіп,

Алтай тауға асырдың!

Ақшәуілге қос тігіп,

Ауыр қол жидырып алдырдың;

Қалмаққа ойран салдырдың!

Қабанбай мен Бөгенбай,

Арғын менен найманға

Қоныс қылып қалдырдың!

ШАЛ АҚЫН
(1748–1819)

Жарға біткен жантақты

Жаннан безген мал жейді.

Қабырғадан саз кешіп,

Жүк сүйреген нар жейді.

Кеудесінен оқ тисе,

Уһ демеген ер дейді.

Өткен қайтіп келмейді,

Алғанын құдай бермейді.

ДУЛАТ БАБАТАЙҰЛЫ
(1802–1871)

АЗҒАН ЕЛДІҢ БЕКТЕРІ
(Бараққа)

О, Барақ жас, Барақ жас!

Жегенге тоқ, ішсең мас.

Жақсы болса ұлығы,

Өз елін жаудай таламас.

Қасқыр тартып, қан шықса,

Жаман ит жұлып жей берер,

Алды-артына қарамас.

Жақсы иттің белгісі –

Жұлмақ түгіл, жаламас.

Азған елдің бектері

Қан шықса, елін жұлмалар

Қасқырменен аралас.

Қазіргі қазақ ұлығы

Жаман иттен несі кем –

Жемтік көрсе, қан көрсе,

Айрылар мүлде есінен.

Сендер атқа мінген соң,

Тандыр болып суалды

Шалқар көлдей несібем.

Әбілпейіз арғы атаң

Алтын тұғыр сұңқар-ды.

Еріктіріп батырын,

Қуантып еді тұлпарды.

Тұсыңда сенің, хан Барақ,

Азулы бейне аң Барақ,

Содырлы, сойқын төлеңгіт

Елге қарай анталап,

Ашынғанды таптады,

Ел етегін қымқарды.

Алтын еді бір кезде,

Ағаш болды тұғырың.

Тыюсыз, тентек төлеңгіт

Шығарды елдің ұрлықпен

Дығыры мен ығырын.

Адалға қарсы хан болдың,

Тентекті сүйеп неғұрым.

Азған сені көргенде,

Қайнайды менің зығырым.

Өгізі болдың жегілген,

Арамдыққа егілген.

Айдайтұғын шығырың.

Құрық бердің ұрыға,

Момынды алдың қырыңа.

Малсыздарды таптадың,

Малдыларды жақтадың,

Тентекті жасқап қақпадың,

Арамдарды ақтадың,

Өсекшіні мақтадың,

Арамдық болды баққаның,

Орыс болды жаққаның.

Қашан сенің ашылар

Момындарға құрылған

Қанды қара қақпаның?

Қарағысыз ел мен жұрт

Төрелік түскен шағыңа.

Ие болмай айрылдың

Атаңның алтын тағына.

Қара толқын жау толды

Шығыс, батыс жағыңа.

Тұлпардан туған тұқым ең,

Ере алмадың жабыға.

Етегін ашып кім күлмес

Азғындаған шағыңа.

Алдыңа келсе жүгініс,

Қарамай қара, ағына,

Адалды сатып параға,

Болыстың арам жағына.

Рухына нәлет келтірдің

Қабың менен сабыңа.

Бұзықты құрап ел етіп,

Қондырдың оң жағыңа.

Ұрыңа елді тонатып,

Бүлдіре бер тағы да!

МАХАМБЕТ ӨТЕМІСҰЛЫ
(1803–1846)

ҚЫЗҒЫШ ҚҰС

Ау, қызғыш құс, қызғыш құс!

Қанатың қатты, мойның бос.

Исатайдан айрылып,

Жалғыздықпен болдым дос.

Ау, қызғыш құс, қызғыш құс!

Ел қорыған мен едім,

Мен де айрылдым елімнен;

Көл қорыған сен едің,

Сен де айрылдың көліңнен.

Аспандап ұшқан қызғыш құс!

Сені көлден айырған –

Лашын құстың тепкіні.

Мені елден айырған –

Хан Жәңгірдің екпіні.

Айтып-айтпай, немене,

Құсалықпен өтті ғой

Махамбеттің көп күні!

ШЕРНИЯЗ ЖАРЫЛҒАСҰЛЫ
(1807–1867)

БАЙМАҒАМБЕТ СҰЛТАНҒА АЙТҚАНЫ

Ар жақта Арғынғазы дүмбірлеген,

Байеке, елің бар ма бүлдірмеген?

Төре кетіп, төбеде төбет қалып,

Туып тұр ел басына бұл күн деген.

Кешегі Исатайдай есіл ерді

Кәпірге ұстап бердің тіл білмеген.

Қазақтың қара жұртын быт-шыт қылған,

Төре емессің, төбетсің дым білмеген…

Айдаттың жалғыз бауырың Исатайды,

Сенен де қалмақ жақсы шүлдірлеген.

Па, шіркін, Исатайдай сабаз тумас!

Қас итсің, қасыңа да адам жуымас!

Ел ұстап, жұрт билейтін қылығың жоқ,

Хан емес, қас қатынсың, мұндар қу бас!

СҮЙІНБАЙ АРОНҰЛЫ
(1822–1895)

БӨРІЛІ МЕНІҢ БАЙРАҒЫМ

Бөрілі байрақ астында,

Бөгеліп көрген жан емен.

Бөрідей жортып кеткенде,

Бөлініп қалған жан емен.

Бөрілі найза ұстаса,

Түйремей кеткен жан емен.

Бөрілі байрақ құласа,

Күйремей кеткен жан емен.

Жау тисе жапан далада,

Бөрілі найза атамыз

Қарасайлап шабамыз,

Қызыл қанға батамыз.

Бөрілі байрақ астында

Ту түсіріп, жау алған

Қазыбек, Қастек атамыз.

Бөрілі байрақ көтерсе,

Жоқты жонып табамыз,

Бөрілі байрақ астында

Ту түсіріп, жау алған

Шапырашты батыр бабамыз.

Бөрі басы – ұраным,

Бөрілі менің байрағым.

Бөрілі байрақ көтерсе,

Қозып кетер қайдағым.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір