Жалыннан туған тас мүсін
15.10.2019
1020
0

Алматының Достық даңғылын бойлай жүргенде Жамбыл ескерткішін көрмеу мүмкін емес. Текшелене қаланған тастан сылдырай аққан су, домбырасын ұстап, малдас құра отырған «дала Гомері» атанған жыр алыбының бейнесі қала табиғатымен композициялық үйлесім тапқан. Бұл – мүсінші Бақытжан Әбішевтің шоқтығы биік туындысының бірі. Сәттi шыққаны сонша, көргенде бойыңа тыныштық сыйлайды. Атамыз мейлінше қарапайым, ойлы, шынайы бейнеленген.

Пропорциялық, анатомиялық шешімі өте дәл кәсіби шеберлікпен жасалған. Ескерткішті қазақ классикалық туындыларының бірі деп толық айтуға болады. Мемлекеттік тапсырыспен жасалғанымен, Бақытжан Әбішев композицияны өзіндік көзқараспен, шығармашылық еркіндікте орындаған. Жұп-жұмыр, алып-қосары жоқ толыққанды аяқталған шығарма. Жалпы, ескерткiш атаулыға қойылатын талап та жоғары, өйткенi оны көрмеден ғана көріп қоймайсың, әр күні талайлар көз тоқтатып қарайды, ойланады, ой қорытады. Осы талапты мүсінші де жақсы түсініп, ой елегінен өткізген. «Егер де мүсін бір тұлғаға арналатын болса, оның айналасындағы қосымша дүниелер, яғни бүкiл архитектура да, сол бейнені ашуға жұмыс істеуі керек», – дейді мүсінші. Бұл – Бақытжанның негізгі қағидасы әрi тұлғалық бейнені ашуда ұстанатын әдісі. Бақытжан Әбішев Ресейден алған кәсіби білімін ұлттық дүниетаныммен шебер астастыра білген. Сондықтан мүсіндерінен ұлттық нақыш анық аңғарылып тұрады.

Мүсінші әр жұмысында қазақтың салт-дәстүрін, әдеп-ғұрпын, тарихын, рухани танымы мен дүниетанымдық ерекшелігін басты назарда ұстайды. Сондай-ақ, заманауи ырғақты қоса сезесіз. Заманауи ырғақ дегенім – тым қасаң тапсырыстық талапқа бағына бермей, сол тақырыпты ұлттық ерекшелікпен аша білу. Бақытжан Әбішев – рухани тереңдік пен кәсіби шеберлікті тең үйлестіре білген хас шебер.

Қазақ даласы тұнып тұрған өнер. Ол – күйшіге де, ақынға да, суретшіге де, мүсіншіге де рухани бастау. Күмбірлеген күйлер  даланың сазды әуенінен туса, дала көрінісі, оның кеңдігi, т.с.с. басқа өлшемдері көркем өнерге шабыт пен ырғақ береді. Осылайша әр заманның өз ырғағы мен бейнесі өнерде көрініс тауып жатады.

Тас қашау – ең көне өнер түрінің бірі. Тастағы таңбалар, даладағы балбал тастар – бабалардан қалған тарихи-көркем құндылығымыз ғана емес,  бүгiнгi күнге дейiн жеткен дәстүрлер сабақтастығы. Бақытжан Әбішев мүсіндерінде пішін құрастырудың, өлшемділіктің ерекше стилімен қатар, дала дүниетанымымен астасқан өзіндік көркем тілді қалыптастырды. Ресейден білім ал­ған, Еуропаның көркем мектебін жалғастырушы мү­сінші үшін түркі­лік дүниетаным жат емес. Өзі «Мен әлімсақтан түркімін, содан кейін қазақпын», – дейтін. Осы сөзiмен-ақ ол өз шеберлiгiнiң бастауы қайда жатқа­нын көрсетiп берген­дей. Мүсінші үшін кәсі­би шеберлік мүсіннің архитек­тоникалық конструкциясын толық меңгеруден басталады, ал одан кейінгі шығар­машылық ізденістер адамның ой-өрісімен, шексіз көркем қиялымен түрліше құбыла береді. Осындағы ең негізгісі –өнер туындысының рухани ұлттық болмыспен біте қайнасып кетуінде. Бұл ойды ойдан шығарып отырғамыз жоқ. Мүсінші кеңестік үкіметтің тапсырысымен орын­далған бей­не­леріне ұлт­тық на­қышты кәсіби тұрғыда шебер бейнелеп қоса білген. Монументті, кіші пластикалы мүсіндерінің өзі – терең мағыналы туындылар. Әр туындының өзіндік дүниеге келу тарихы бар.

Тоқаш Бокиннің мүсі­нін жасағанда тапсырыс берушілер Бақытжан Әбі­шевке «Ол неге Ресейге қарамай, Қытайға қарап тұр?» – деген сыңайдағы өнерге қатыссыз сұрақтар қой­­ған екен. Сонда ағамыз: «Апыр­ау, егер де мен оны төмен қаратсам, ол неге төмен қарап тұр деген болар еді-ау», – деп таңданысын жасырмапты.

Мүсіншінің кейбір бейнелері кенеттен, ал енді кейбірі бiр жағдайларға қатысты туындайтын. Мысалы, «Ұран» деген жұмысының туындау барысы қызық. Бұл әңгімені Шәмшәгүл апамыз айтып берген еді. Мүсінші отбасымен қазақтың суретшілері, әнші-композиторлары, жазушылары, жалпы айтқанда, өнер зиялылары шоғырланған Қабанбай мен Мұ­ратбаев көше­лерiнiң қиы­лы­сындағы үйде тұр­ған екен. Бір күні сол үйдің жанындағы барак типтес үйден өрт шығып, ел әбі­герге түседі. Бірі бас сауғалап қашып, бірі өрт сөндiрмек болып су алып жүгіреді. Сол кезде апамыз жарын таппай, «Бұл қайда кетті?», – десе, ағамыз лаулап жатқан өртке қарай ентелей еніп барады екен. Біреуге лаулаған жалын ажал оты болып көрінсе, мүсінші оттан болашақ туындының бейнесін көріп, соған есі кетіп, ентелей түсіпті. Көзіне көрінген бейнені барынша жадында сақтап қалу үшін сақтықты ұмытып кеткен. Осылайша қызыл жалын ішінен арпалысқан қазақ рухын көргендей күй кешедi. Сол бiр көрiнiстi тас мүсiнге айналдырған соң оған «Ұран» деп ат береді. Өнердің пайда болу табиғаты – әлі күнге толық түсіндірілмеген феномен. Бұл көрініс те сөзбен жеткізе алмайтын өнер табиғатының бір қыры. Көшеден, ғимараттардан көріп жүрген өнер туындыларының қандай жағ­дайда, қалай туындағанына аса мән бере бермейміз. Кейбіреу үшін ол шебер орын­далған пішін, енді біреуге терең идея, тағы біреуге эмоционалды ассоцияциялар және т.б. Ал негізіне үңілсек, әр туынды – мүсіншінің ішкі тербелісінен туындаған дүниелер болмақ. Өнердің де сан қырлы, терең ойлы мазмұны ішкі сезім пернелеріне әсер етіп қана қоймай, түпкі санаға да ықпал етері сөзсiз. Сондықтан өнердің көркемдік-мазмұндық әсері жай айтылған сөзден әлдеқайда күшті, қуатты. Ол біздің ғасырлар бойғы мүлгіген түпкі санамызды оятып, әрдайым рухани бірегейлікке бағыттап отырады.

«Ұран» мен «Құлагер» мүсіндері – 1986 жылы қоладан құйылған. Екеуі де – өте динамикалы композицияда орындалған, ентелей шапқан жылқы мен қолына жалынды ту ұстаған адам бейнесі өзара тұтаса, қайнаса біткен, күрделі диагоналды композиция. «Ұран» – қолында жалауы желбіреген, қайсар рух бейнеленген аллегориялы шығарма. Ал «Құлагерден» өмір мен өлімнің арпалысын көргендей боламыз. Сақ кезеңін­дегі стильдік композицияны аң­ғара­мыз. Екі туындының да күшті динамикалы және ішкі астарлы мазмұны сексен алтыншы жылғы еркіндік аңсаған қазақ жастарының ойымен қатар келіп тұрғаны қызық. Әсте, тарихи оқиғаның мүсінші шығармаларымен қатар келуі кездейсоқтық болмаса керек. «Құлагерді» мүсінші жиырма жылға жуық жасағанын бiреу бiлсе, бiреу бiлмес. Оның бiр дәлелi – аталмыш мүсiннiң бірнеше нұсқасы бар. Соңғы нұсқаға келгенше мың құбылтқан. Ұзақ жасалуына қарағанда, ол мүсіншіні балалық шағынан мазалаған бейне болуы да ғажап емес. Талай жылғы ішкі арпалысы сексен алтыншы жылғы қазақтың басына түскен шиеленістен соң динамикалы туындыны дүниеге әкелiп ба­рып тыным тап­қан­дай-ды.

Бақыт­жан Әбішев­тің әр жұмысы ерекше, олардың көркемдік құндылығы күн өткен сайын әр қырынан ашыла түсе­ді. Сон­дай шығарманың бірі –  қазақ­тың мерген қызы Әлия Молдағұловаға арналған «Әлия» мүсіні. Ел басына күн туғанда қазақтың қыздары да майданға аттанды. Сондай батыр қыздар бейнесін «Әлиядан» көреміз. Тек қайсарлық қана емес, нәзіктік пен адалдықтың да нышанын дөп тауып бере бiлгенiн баса айту керек.

Әрине, Бақытжан Әбішев туындылары­ның әрбіріне тоқталып, қазақ мәдениеті мен өнері үшін құндылығын жыр ғып, орындалу шеберлігіне таң қалып та, таңданып та айта беруге болады. Дегенмен біз сөз еткен туындыларынан-ақ мүсіншінің өнерге адал қызмет еткенін анық аңғарамыз. Шебердiң кіші пластикалы мүсіндері өз алдына бір төбе, ондағы нәзіктік, жаңаша композициялық шешім мен заманауи пішіндік ізденістер нағыз эстетикалық әсемдікке жетелейді. Әр туындысы әсем қимыл мен әуездi әуенге ұласқандай күй кештiрерi сөзсiз.

 Қалдыкүл Оразқұлова,
Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, философия ғылымдарының

кандидаты, өнертанушы 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір