Әбубәкір Қайран. БЕСАСПАП
09.10.2019
1455
0

«Балдырған» журналында поэзия бөлімінің редакторы болып қызмет істейтін кезім. Ұмытпасам, 1985 жылдың жазы. Проза бөлімінің редакторы Құрманбай аға Толыбаев екеуміз бір кабинетте отырамыз.

Ақыпбеков

Бір күні бейтаныс бір адам «Ассалаума­ғалей-кө-өм!» деп есіктен кіріп келе жатты. Ақ көйлек, ақ шалбар киген, күмістей аппақ қайратты шашы өзіне бек жарасқан, үшбұрыштылау келген қой көздері тым мейірімді, келбетті өңі мен сымбатты тұлғасы кімнің болса да көзіне түспей қалмайтындай жігіт ағасы екен.

Амандасып болған соң, Құрағаң:

– Бұл – Өтепберген Ақыпбеков деген ағаң. Балалар ақыны. Талдықорғаннан келіп тұр, – деді.

– Анау бір кездері өлеңдерін жарияладық қой, – деп, мен де бұл кісіні сырттай білетінімді мәлімдеп үлгердім.

– Бұл Әбубәкірді білемін, – деді мейманымыз маған күлімсірей қарап, – жас перілердің бірі ғой. Семейлік емессің бе?

– Иә. Отырсаңызшы.

Біздің кабинеттің төрінде тұратын кішірек дивансымақ болушы еді, Өтекең соған жайғасып, екі қолын екі жағына созып жіберіп, кеудесін керіңкіреп, шалқалай отырды. Осы отырысы өзіме қатты ұнап кетті-ау деймін:

– Сіз Ілияс Жансүгіровке кәдімгідей ұқсайды екенсіз, әсіресе – мұртыңыз, – дедім қарап отырмай.

– Ілекең менің аталас ағам ғой, – деді Өтекең, танауының астындағы төртбұрышты, бар­мақ басындай ғана қара мұртын сипап қойып.

– Шашыңыз күмістей, мұртыңыз көмір­дей екен, – дедім әзілдегенсіп, – Боятып алған жоқсыз ба?

– Әй, Әбубәкір-ай, Өтепберген ағаңның жастық шағынан қалған бір белгісін көре қалдың-ау, – деп Құрағаң кеңкілдеп ұзақ күлді.

Өтекеңнің өңі сәл алабұртып, онысын күлкісімен жасырғандай болып:

– Осының ағармағанына өзім де таңмын. Жұрттың бәрі сен сияқты ойласа, ыңғайсыз ғой, – деді.

Сол күні түстен кейін өзіме ұнап қалған ағамды қояр да қоймай, «Малая стани­цадағы» жалдап тұрып жатқан үйімізге алып келдім.

Бізге, біздің ортаға балалар ақыны ғана болып танылып жүрген Өтағаңның әрі әнші, әрі домбырашы екенін, гармон, баян, мандолинның құлағында ойнайтын бесас­пап екенін сол алғашқы танысқан сәтте­рі­мізде-ақ біліп алып, бұл адамның бойын­дағы барша қасиетке басымды игендей болдым.

Өтағаңның әндерін тыңдап, келіншегім Гүлзия да, біздің кішкентай балалар да бір мәз болып қалды. Өзі өте балажан адам екен. Оның үстіне, бұл ағамыз тек балаларға ғана емес, үлкендерге де арнап өлең жазатын болып шықты.

– Егер мұның соңына түссеңіз, сізден тамаша лирик ақын шығар еді, – деп  кейбір өлеңдеріне талдау да жасап жібердім-ау деймін, сонда.

Ән мен жырдың әлемінен шығып, әңгімеге ауысқаннан кейін-ақ мен ол кісінің өмірбаянымен де таныс болып қалдым. Бұл кісі сол кезде атағы шығып жүрген айтыс ақыны Жұмаш Оспанбекованың күйеуі екен. Бұл да мен үшін бір үлкен жаңалық болды. (Кейіннен Жұмаш жеңешемнің қолынан талай рет дәм таттым.) Өтағаң өзі туралы әңгімелей отырып, еңбек жолын тракторшылықтан бастағанын айтқанда, мен шын тебіреніп отырған адамдай болып, қонағымның көпшігін биіктете түсейін деп:

– Осы таланттардың көбі трәктіршілерден шығады-ау деймін, Өтаға. Оралхан Бөкеев те, Мұхтар Шаханов та еңбек жолын трәктір айдаудан бастаған ғой. Міне, сіз де… – деп, бір көтеріп тастадым.

Өтағаң сол кездері Талдықорған облы­сының Қапал ауданындағы Қызыл­ағаш ауылында дүниеге келген екен. Біраз уақыт­ трактормен айналысып, одан кейінгі уақыт­тарда, ауданға танымал өнерпаз болғандықтан, клуб меңгерушісі болыпты. Содан соң Алматыдағы жоғары партия мектебінің журналистика бөлімінде сырттай оқып, өз ауылындағы комсомол комитетінің хатшысы дейітін кішігірім лауазымға да ие болыпты.

Оқуын бітіргеннен кейін Қапал аудан­дық «Қапал еңбеккері» газетіне орналасып, қазір сонда қызмет істеп жүрген кезі екен.

– Алматыға келіп жүргенім, осы таяуда «Қазақ әдебиетіне» орналасатын түрім бар. Оралханға кіріп шықтым, – деді сөз арасында. Мұны естігенде біз үй ішімізбен қуанысып қалдық.

– Болашақ жаңа қызметіңізге алдын-ала, елден бұрын құтты болсын айтамын! – деп тост көтеріп жібергенім де бүгінгідей есімде…

Сол бір алғашқы таныстығымыздан кейін Өтағаң екеуміздің жұбымыз жазылған жоқ. Ол кісі Астанаға қызмет бабымен       ауысып кеткен шақтарда да жиі хабарласып тұрдық. Тіпті, менің Алматыдағы «Ғалымдар үйінде» өткен шығармашылық кешіме де соноу Астанадан арнайы  ат сабылтып келіп, жиналған жұртшылыққа жүрегін жарып шыққан мен туралы сөздерін тыңдатты. Сол кезде Парламент Мәжілісінде жұмыс істеп жүрді-ау деймін.

Өтепберген аға Алматыда тұрған уақы­тында – «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жалын», «Денсаулық» журналдарында, кейін­нен «Халық Конгресі» газетінде бас редактордың орынбасары болып қызмет атқарды.

Осы кездерде жиі кездесіп, жиі сауық құрып жүрген дос ағамның бірі болған соң, мен Өтепберген ағаның сан қырлы өнерпаз ғана емес, жандүниесі қатпар-қатпар қазынаға толы, табиғаты тап-таза азамат екендігіне, адам жанын нәзік түсініп және тек өзінше ғана байлам жасайтындығына көзім жетті. Ол кісінің қандай көңіл күйде тұрғанын мен де кездескен сәтінде-ақ түсіне қоятынмын. Қабағынан сәл кірбің байқасам, қайдағы бір қалжыңдарды айтып, күлмейін десе де күлдіріп, сергітіп жіберуге тырысатынмын. Өзін «Ақтангер ағам» деп атап, кездескен жерде «Асаллаумағалейкүм, Ақтанкерім, Ақтангердің бәйгесін шаппай бердім», – деп амандасатынмын.

Өтепберген ағаның қартайған анасын да көрдім. Көрдім дегенім аз болар, ол кісіні сүйемелдеп әкеп, дастархан басына отырғызып қоятынбыз. Кейуана шешемізбен алғаш таныстырғанда, Өтағаңның мені мақтағаны-ай! Сол жерде ең керемет ақынның бірі мен болып шықтым. Ағамның бұл мақтауын ақтайын деп, мен де небір үлкен адамдарға лайықты-ау деген өлеңдерімнің тізгінін босатып кеп жібердім. Сонда анамыз қатты еміреніп, маңдайымнан сүйіп еді.

Сол кейуана, ұмытпасам, тоқсаннан асып барып қайтыс болды ғой деймін. Жаны жұмақта шығар жарықтықтың!

Өтепберген аға – қазақ балалар әдебие­тін­дегі ақындардың ішіндегі шын дарабоз­дың өзі еді. Ол балалар поэзиясын түрлен­діруге, гүлдендіруге ұмтылып, тынымсыз ізденіс үстінде жүрді. Егер оның артында қалдырған мол мұрасын түбегейлі зерт­тейтін әдебиетші-ғалым табыла қалса, өлең жазу үрдісіндегі сан түрлі сипаттағы қызық­ты тәсілдері мен өзгеше өрнектерін бүкіл оқырман қауымның алдына жайып салар еді.

Осындай мұң аралас тәтті үміттерге малшынып отырып, «Осы Өтағам іздеусіз қалып бара жатқан жоқ па? Балалар әдебиетінің төңірегінде жүрген ақын-жазушылар мен әдебиетші-сыншылар неге ғана естерінен шығарып алуға тиіс?!» деген сияқты сауалды ойларға батып кетемін.

Біз, Гүлзия екеуміз, Өтағаңның бірталай өлеңдерін өз балаларымызға кішкентай кездерінде жаттаттық. Үйге қонақтар келгенде сол тақпақтарды айтқызатынбыз. Әсіресе, менің есімде қалғаны – «Кері санамақ» деген өлеңі.

Он ойланып,

Тоғыз толғанып,

Сегіз рет сызып,

Жеті рет бұзып,

Алты рет қарап,

Бес рет санап,

Төрт түйме қадап,

Үш үкі тағып,

Екі қолым талып,

Бір бөрік тіктім,

Зорға деп біттім.

Бұл өлең, авторын білмейтін адамға, ауыз әдебиетінің бір үлгісі сияқты болып көрінеді. Біз осы «Кері санамақты» немерелерімізге күні бүгінге дейін жатқа айтқызамыз.

Өтепберген аға – өлеңнің сыртқы формасын құбылта отырып, ішкі мән-мазмұнын ашып беруге тым шебер ақын. Кітаптарының тартымдылығы, қызықтылығы мұқабасында тұрған атауларынан-ақ айғайлап тұрады.

Мысалы, «Жарыс», «Жарыстан соң жарыс», «Қырық қызық», «Балдай тәтті әліппе», «Қызықты әліппе», «Айдындағы әліппе», «Керек кітап» деген сияқты кітаптар мен кітапшалардың атаулары бала көңілін бірден тартатыны даусыз емес пе?!

Өтағаңның мінезіндегі сан түрлі құбылыстарды білмейтін адам ол кісіні тым салмақты, салқынқанды, көп сөйлемейтін адам деп ойлап қалар еді. Алайда ол кісінің әзілқойлығы мен қалжыңбастығында, айтқыштығында шек жоқ болатын. Өзі жаратпайтын адамдарға ат қойып, айдар тағып қоюды да тәуір көретін. «Шойынбас», «Мысықбет», «Ашмаса»,  «Жүнсақал» деген сияқты аттарды бір-ақ сәтте әлдекімге жапсыра салу ол кісі үшін түк емес. Бір отырыста өзінен бес жас үлкен жерлесі Жұматай ағасына (Жақыпбаев) қаратып: «Отыр, міне, бір ақын – оймақ ауыз, ойлы көз» деп өлеңдетіп, Жұмағаңды қатты шамдандырып алған.

Кейіннен Астанадан бір келгенінде, шашын қараға боятып алғанын көріп, онша ұнатпай: ««Кәрі боз қартайғанда жорға шықты» деген осы екен ғой», – деп, мен де Өтағаңды ренжітіп алған едім. Ол кісі менен сегіз жас үлкен ғой.

Ол кісі құрбылас келіншектерге де, өзінен үлкендеу әйелдерге де, тіпті, еркектерге де «Әй, қыз-ау» деген қаратпа сөзді қолданғанда, естіп тұрған жұрттың бәрі күлуші еді.

Өтепберген аға домбыра, гармон тартып отырғанда, суырып салып өлеңдете беретін. Қасым Аманжоловтың «Дариға, сол қызын» Өтағаңдай айтатын әншіні сирек көрдім.

Екеуміз екі жақта, арасы алшақ қалалар­да тұрған соң ба, әйтеуір, ол кісінің өмірінің соңғы жылдарында сирек хабарласатын болдық. Дауасыз дертке шалдыққанын да тым кеш естідім.

Өтепберген аға қайтыс болғанда жүрегім егіліп отырып, «Ақтанкер» деген өлең жазып «Қазақ әдебиеті» газетіне жариялаттым.

Ақтанкер ақынның өмірден өткеніне де он үш жыл уақыт өтіпті. Атқан оқтай, шапқан аттай «жалған» деген шіркінге не дауа?!

Аяндай боп сертің мен антың маған,

Көп сағынтар көңілің аңқылдаған.

Көгілдір көл кеудемде күтіп жатыр –

Қоңыр қаз боп оралшы қаңқылдаған!

 Суретіңде сүйсініп, күліп тұрсың,

Бейнең осы тағы бір сыр ұқтырсын.

Түсіме де кіріп қой анда-санда,

Жоқтығыңды сол түстер ұмыттырсын!

– деген сиқты өлең жазғым келіп отырғанын қарашы.

Жақсы көретін адамдарыңды жоғалтып алғаннан кейін, оларды еске алып отырып, естелік жазу да бір ғанибет екен ғой.

 

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір