ҚОШ, ҚАЙРАН ӘБЕКЕ!
14.02.2022
1150
0

Ұлттық руханиятымыздың бір ғасырлық дәуірі тарихқа кетті. Қазақ әдебиетінің негізін қалаған, Мұхтар Әуезов бастаған алыптар тобының ең соңғы тұяғы, әйгілі жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов қайтыс болды деген хабар жетті.

Біздер оның  «Қан мен терін» оқып, көркем әдебиеттің құдіретін түйсініп, шығармашылық өнердің жанкешті еңбек пен ымырасыз күрестен тұратынын көріп, жаңа түсінікпен әдебиетке келген ұрпақтың өкілдеріміз.

Әбекең әдебиеттің шыншылдығың, шынайылығын, стилдік тазалығын талап етті; қаламгердің хақысы үшін күресті, әр шығармасы үшін, әр сөйлемі үшін күресті. Өзінің шығармашылығына дәл мұндай ерекше жауапкершілікпен қарайтын жазушы кем де кем шығар. Тіпті біреудің шығармасын оқығанда да, қолына қалам алып, астын сызып, ұнаған жеріне «ұнады» деп, ұнамаса, «ұнамады» деп жазып отыратын ыждағаттылығын қайтерсіз! Тоқсаннан асқан шағында да жазуын доғарған емес. Әлде қалай сәлем беру үшін үйіне бара қалсаң, сені отырғызып қойып, жазып жатқан затын ұзақ оқып, самолеттен қалып барам дегеніңді тыңдамайтын кезін талай көрдік.

Әбекең өз замандастарының еш қайсысына ұқсамайтын. Өзінің шығармашылығынан басқа ештеңені мойындамайтын, өзіне де, өзгеге де қатал суықтау мінезбен, тынымсыз ізденіспен ғұмыр кешті. Оның ең соңғы романы «Соңғы парыз» осындай ізденістердің нәтижесі еді. Арал теңізінің экологиялық қасіретін адамның жан дүниесіндегі экологиялық қасіретпен қатар суреттеген осынау тамаша психологиялық туынды дүние жүзі халықтарының көптеген тілдеріне аударылып, қайтпас, қайсар қарт жазушының ең үлкен жеңістерінің біріне айналды.

Айтып-айтпай не керек, әдебиетімізді әлемге танытқан ұлы тұлға дүниеден өтті. Алдымызда асқар таудай болып тұрушы еді. Көңіл шіркін қия алмайды.  Дүниенің өткіншілігін айтып, зарлануға құдайдан қорқып отырмыз. 98 деген жас, бір қарасаң, арман секілді. Әбекең шын мәнінде арманына жеткен адам. Халықтың алтын қазынасына қосылатын мұра қалдыру, еліңнің тәуелсіздігін көру, халықтың  мақтанышына айналу, ыстық ықыласына бөлену, ғасырға жуық жемісті ғұмыр кешу – бұдан артық қандай бақыт болуы мүмкін!

Қош, қайран Әбеке! Жаныңыз жаннатта болсын! Барша қазақ халқына, марқұмның артында қалған ұрпағына, туған-туыстарына амандық тілеп, көңіл айтамын!

Төлен ӘБДІК, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың иегері  

 

                             ҚАЗАҚ СӨЗІНІҢ СЕРГЕК САҚШЫСЫ  ЕДІ

 Қазақ әдебиеті үшін, қазақ мәдениеті үшін, қазақ рухы үшін Әбдіжәміл Нұрпейісов арқа сүйер бәйтерек, алып еменіміз еді. Қайда барсақ та, Әбекеңді бетке ұстаушы едік. Қазақ сөзінің қызғанышпен қарайтын сақшысы еді. Бір сөзің ағат кетсе, кешірмейтін. Ұрысатын және өзіне де солай қарайтын. «Қан мен тердің» 17 нұсқасын жасау тек Әбекең сияқты адамның қолынан келеді. Ол шығармашылық ғұмырының тең жартысын туған жері – Аралға арнады. Өзінің философиялық толғамдарында адам мен табиғаттың байланысын терең суреттеп, Арал проблемасына үңіліп отырды. Қазақ әдебиетін әлемге, бүкіл Кеңес Одағына керемет танытты. «Роман- газета» деген газет болды кезінде. Оған екінің бірі шыға алмайды, соған тұңғыш рет Нұрпейісовтың «Қан мен тері» жарияланып, 1,5 млн. тиражбен тарады. Сөйтіп, қазақ әдебиетінде Әуезовтен кейін үлкен марапатқа ие болып, «Қан мен тер» мен «Соңғы парыз» 48 елдің тілінде сөйледі, ең соңғы аудармасы Америкада басылды.

Нұрпейісов – менің ұстазым, өмірдегі ақылшым, абызым, замандасым және құрдасым. Қалай қалжыңдасам да, жанына бататын әзіл айтсам да, басқа біреуге шап ете қалатын Әбекең маған күліп қана қоя салушы еді. Қазақстанда басқа жер жетпей қалғандай, Беларанда моласын салдырып қойды. Бір күні барсам, бұлқан-талқан ашуланып отыр.

– Беларандағы моламды былтыр көріп едім, мола сиқы жоқ. Құмға батып кеткен, әріптері түсіп қалған, – деді.           

– Беларанға барып жататын болсаңыз, ешкім бармайды. Әбеке, ол ауданның әкімін боқтауға болмайды. Өйткені, ауданның бюджетінде тірі адамның моласын жөндеуге ақша қаралмаған. Моланы бульдозермен бұздырайын, бұздырғыңыз келмесе, ол жерге анда-санда барып жатып тұру керек, – дедім.

…Бұл күнді де бастан кешіруімізге тура келді. Адам жүз жасай ма, Лұқпан Хакім сияқты мың жасай ма – о дүниеге аттанғанда бәрі үшін қайғы. Әбекең жайлы айтылар сөз көп. Бір ғасыр жасаған, бір ғасырды түгел әдебиетке ғана арнаған, басқаға мойын бұрмаған, бір сөзі үшін кітаптарын бір айға тоқтатуға дайын Әбекең – бәріміздің ұстазымыз. Маған телефон соққанда «Әй, бала» деуші еді. «Тапқан екенсің 78-дегі адамды бала деп…» — деп күлуші едім. Енді «әй, бала» деп телефон соғатын ешкім жоқ – жетім қалдық, қартайтып кетті.

Ал енді, Әбеке, қайыр қош. Баяғы қазақтың ұлы адамдарының ең соңғысы едің. Енді өзіңіз де солардың соңынан аттандыңыз. Артыңызда еліңіз бар. Қазақ халқыңыз бар. Солар барда сіздің сөзіңіз, Қазақтың Сөзі өлмейді.

Дулат ИСАБЕКОВ

   

СОҢҒЫ СӨЗ

Әбені соңғы рет екі жеті бұрын көрдім. Үйінде төсегінде сарғайып, құр сүлдері жатыр екен. Мені көріп түсі жылып төсектен басын көтергісі келді. Басын сүйеп төсегіне отырғыздық. «Ер арыса аруақ» деген. Қаңқасы қалыпты. Сөйлей алмады. Ауызына «Айналайын!!», деген сөз түсіп соны қайталай берді. Қайталай берді. Мен іштей тіксініп: «Ойпыр-ай, бұ шал маған бұлай деп мейірленбеуші еді ғой!! Бұнысы несі?!» деп, секемдендім. Секемденген үстіне секемдендім. Ол бұзылған патефондай сарнай берді. Әлгі сөзді қайталай берді. Мен, ақыры, бір нәрсені ұқтым. Бұ кісінің бұл бақылдасу сөзі екенін ұқтым. Бақылдасу керек екенін ұқтым.

– Әбе! – дедім, қолын қысып. Ол сонда да «айналайынды» тоқтатар емес.

– Әбе!- дедім тағы. – Азды-көпті жарты ғасырдай аға-іні болыппыз. Өмір деген ойқы-шойқы нәрсе ғой. Бірде болмаса бірде көңіліңізге тиіп ренжіткен болсам, кешіріңіз!!! – дедім.

Ол мені есітті ме, есітпеді ме, білмеймін. «Айналайынды» қайталай берді. Қайталай берді. Жарты сағаттай қайталады. Мен қоштасуға ынғайландым. Сонда ол:

– Әй! – деді, маған көз қиығын салып. – Үмітім бар!! Үмітім бар!! – деді.

– Әумин! Айтқаныңыз келсін, Әбеке!! Айығып кетіңіз! – дедім.

Басын сүйеп жастығына жатқыздық. Ол тесіліп қарап қала берді. Осылай қоштастық. Ақпаның бесі күні таңертең келіні Айгерімнен хабар келді. «Ата дүниеден өтті» деген. Біз сонда түсіндік. Сөйлесуге тілі келмей жатып абыздың соңғы сөзі неге «айналайын!» болғанын түсіндік. Бұл сөз, екі дүниенің арасында жатқан Әбенің біз арқылы алыс-жақын ағайынға, халқына деген аманаты, соңғы сөзі екенін сонда түсіндік. Құрметті ағайын! Әбе сіздердің бәріңізге «айналайын!» деп өтті өмірден. Жүрегі халқына деген махаббатқа толып өтті. Алла ағамызды алдынан жарылқасын!

Смағұл ЕЛУБАЕВ

ҚАЛАМ ҰСТАСЫ, ҰЛЫ ҰСТАЗ

 Бүгін қазақ көркем ойы абыз қариясынан айрылып, жетім қалғандай күйде. Өмірден Әбе озды. Онымен бірге тұтас бір дәуірді қамтыған қазақ әдебиетінің нұрлы бір беті календарь парағындай тарих тұңғиығына төңкеріліп түсті. Ол енді жоқ. Бірақ Бар. Мәңгілік Бар! Өйткені Ол – «өлмейтұғын Сөз қалдырған» ұлы қалам иесі, қайталанбас суреткер. «Қан мен тер» һәм «Соңғы парыздың» әр бетінен Оның рухы шалқып, сөз ұғар есті ұрпақтың жүрегінде мәңгі жасай берері хақ.

   Құдайдың өзін көзіне көрсетсе, оның бойынан да мін тауып, саусағын шошайтар бұл қазекем қай жақсысын оңдырған. Тірісінде Әбенің де көрмеген құқайы, естімеген ғайбаты жоқ шығар. Сыбыр-сыпсыңның шетін біздің де құлағымыз шалатын. Ләкин, әр кім базарды өз алған затына қарап бағалайды ғой, өз басым үшін Әбенің қаламы да, әр басқан қадамы да өнеге еді. Туындыларына отығып өссек те, жанасып-жақындасуға әлемге асқақтаған атағынан айбындық, әңгімелесіп, пікір алмасуға өз бойымызды шақ көрмедік. Өмірімде ол кісімен екі-ақ рет оңаша жолығыппын. Онда да Әбе өзі шақырып алған. Әлдебір шығармамды оқып, соған ризашылығын білдірмек екен… Иә, аз кездестік, бірақ мен көп алдым. Байып қайттым. Көкірегім қазынаға толып, молығып қайттым!

  Сол ұшырасудағы ұстаздың екі ғибраты әлі есімде. Әбе «Қан мен тердің» қазақша онсегізінші басылымын баспаға даярлап жатыр екен. Үстел үстіндегі кітапты парақтай бастады. Әр бет көкала шимай. Қосылған сөз-сөйлем бірен-сараң. Көп жол, абзацтар тұтасымен сызылып тасталған. Талай оқыған кітабым. Ешқандай мін көре қоймап ем. Мұнысы қалай деп таңғалдым. «Арам безден арылтып жатырмын, – деді жазушы. – Әр жолы күзеп, түзетемін, сонда да кетіп қалады, құрғыр!» Мен еріксіз сөреге қарадым. Расында да, атақты трилогия әр басылған сайын жұқара түсіпті. Мен: «Біздің классиктеріміздің томдары басылған сайын жемге ұстағандай қампайып семіре түссе, сіздікі арықтай түседі екен ғой, аға?» дедім күліп. «Шығарма бір қырым артық еті жоқ, бауырынан жараған арғымақтай шиыршық атып тұрсын. Сонда ғана көркем, мінсіз болмақ, – деді ұстаз өз кредосын тәлім ғып. – Әр жазғаның өзіңе аяулы, алтын боп көрінуі бек мүмкін. Бірақ жазушы өзін аямауы керек. Сызылғанша сыз, қысқарғанша қысқарт. Жұрт сүйсініп оқыр бір кітабым қалса, сол – мұрат!» Екінші барғанымда, қолыма компьютерге басылған төрт беттей қағазды ұсынды, орысша жазылған. Үкімет басшысына хат екен. «Қазақтың таңдаулы алты жазушысының бір-бір кітабын ағылшын тіліне аудартып, шетелге насихаттау үшін екі миллион доллар бөлуін сұрап отырмын» деді. Ауыру меңдеген денесін әзер сүйреп жүрсе де, тоқсаннан асқан қарияның алаңы, жүрегінің мұңы! Өзім демейді, асылымызды әлем таныса екен деп өзегі үзіледі…

  Ақтық демі біткенше туған әдебиетіміздің қамын ойлап, болашағына алаңдап өткен сол аяулы Әбені міне, жылаулы жүрек, жасты көзбен қара жердің қойнына тапсырып тұрмыз. Қош, Қалам ұстасы, ұлы ұстаз, әзиз аға! Алдыңнан пейіштің нұры шалқысын!..

Тұрысбек СӘУКЕТАЕВ

                                                                                                               

   

АРТЫНДА ӨЛМЕС ӨРКЕНДЕР ҚАЛДЫ

Қазақ әдебиетінің ғана емес-ау, қазақтың рухани монолитінің тұтас бір қабырғасы сөгіліп, алып бір дәуірі көшіп бара жатқандай бүгін.

Ғалами саналарды сан-саққа салып, әлем қасіретінде дүйімді күңіренткен қайран Аралының соңын ала, мына фәни-жалғаннан Әбдіжәміл аға да бақиға ұзады. Дауылды күнгі кең шалқардың ақ бурыл толқындарына қатты ұқсайтын аппақ шашын теңіз желі тарштаған абзал аға жоқ енді. Өкінішті. Қасіреттің қара бұлты тұтасқан сәт бұл. Осы сәтте, бір шетте Көлқора шоқы күрсінеді. Мына тұс Беларан биігі егіледі. Ал бір кездегі азамат, жазушы ойы мен қиялын сан қиырға шақырып, биіктерге қанат қақтырған қайран Аралының мына суалған көз шарасынан енді ақ заһар сор өнбесе, мөлдіреп мұң жасы да шыға алмайтындай.

Ғасырдай бір ғұмыр-тағдырға куә-дүр дүние қайғыда бүгін.

Тұлға еді. Алып еді. Тасқа таңбаланғандай әр сөзі ғана емес, бар болмысы, бітім-тұлғасы қара жердің өзіндей сенімді, қарқара таудай орнықты еді. Соңғы сәтіне шейін сондай заңғар тұғырда тұрды ағамыз. Сонан ба, мына біз сонау алыс жақтарда, Аралдың сортап ұлтанында да өзін ес тұта жүріп, бұл кісінің барлығына марқайып, арқа сүйегендей бір бекем-жарқын ішкі сенім күшін сезіне жүруші едік…

Іні болдым. Кемді күн тіршіліктің кей сәттерінде қасында жүрдім. Ретті жерлерде аз-кем қолқабыс-көмекке жарадым. Бергенімнен алғаным көп. Болмыс туралы асыл-кеніш ойларынан, әдебиет, шығармашылық туралы сарабдал-сарас пайымдарынан, өмірден жинаған қаттаулы қазынадай тіршілік-тәжірибелерінен, тіпті, жай ғана адами тұлғасының өзінен сарқылмастай өнеге-үлгі көзін көру ғанибет еді… Өмір өзінің өткіншілігін тағы да сездірді. Тағдыр тебіренбес-аяусыз кеспірін тағы бір көрсетті.

Әйтсе де, ұлы тұлға артында жалғаса жайылған өміршең өркендер қалды. Алғысты-баталы дүйім ел-жұрты қалды. Сол хазіреті қауыммен мәңгілік көзайымда сонау алғашқы қанатқақты дүние – «Күткен күн», онан кейін әлем игілік еткен «Қан мен тер», жазушы-азаматтың ел мен жер алдындағы соңғы парызын атқарған іспет «Соңғы парыз» еңбектері қалды. Ұрпағымен мың жасаған Лұқпан Хәкім өмірі секілді, енді жазушы өмірі осы туындыларымен жалғасады. Ол болмыспен бірге жасасардай ұзақ та мағыналы ғұмыр болмағына мен сенімдімін.

Бұл дүниенің бейнеті – бақи дүниенің зейнеті болар…

Жақсы адамның амал дәптерін Жаратқан оңынан бергей!

Алдыңнан жарылқасын, абзал аға!

Сайлаубай ЖҰБАТЫРҰЛЫ

 

КІМГЕ ЕРКЕЛЕЙМІЗ?..

Ерке дейміз-ау… Мен білетін еркенің үлкені Әбең еді ғой. Ашуланған кезінде: «Ал жазбаймын, кітап та шығармаймын…» деп бір ай дайындаған қолжазбаны есікке қарай атып жіберетін Әбең. Баспаға дайын тұрған тұтас кітап сыз-е-еп, сыз-е-еп тастайтын Әбең.

     Зигмунд Фрейдтің ғылыми айналымға енгізген қағидасы; «адам-пенденің бар болмысы бала күнде қалыптасады, қалыптасқанда біржола қалыптасып бітеді» дегенге саяды, Сол қалыптасу кезінде еркелетуге зәру болғандықтан шығар, жасым жетпіске таяса да сол еркеліктен арыла алмай келе жатқан секілдімін. Бал күнде еркелеткен ұстаздарым Дүйсенбі Смайылов пен Қанапия Дәрібаевтың дауыстары әлі күнге құлағымнан кетпейді.. Студент атанған шағымда ұстаздарға бір адамдай-ақ еркелеген екенмін. Азуы алты қарыс ұстаздарға: «Мен сізден оқығым келмейді» деп есіктен шығып жүре берген кездерім болған. «Жалын» журналында жарияланып «вундеркинд» атанып жүрген кезде Дулат, Оралхан, Төлеген ағаларым еркелетті. Сексенінші жылы ауылдан Алматыға қайта айналып келген кезімде екі жылда бес қызмет ауыстырыппын. Осыған ренжіген Қалдарбек Найманбай ағам: «Бүкіл қазақ болып сені адам қатарына қоса алмадық-ау» дегені есімде.

     Сол еркелік бүгінде де баста бар. Тіптен бар-ау ағаларды қойып қойындағы қатынға, тіптен бар-ау інілер мен немерелерге еркелейтін болдық. Менің ең көп еркелеген адамымның бірі – Әбең. Әбеге бір мен емес, түтас ұрпақ еркеледі.  Ішінде алпысқа, жетпіске, тіптен тоқсанға келгендері де бар. Олар жүзге келген Әбенің қасында өздерін жігіт сезінетін жөндері бар еді. Енді жетпістегі Смағұл, сексендегі Дулат, сексен бестегі Асанәлі, тоқсандағы Әкім ағаларым кімге еркелейді.

     Кімге?.. Кімге еркелейміз?.. Қысып бара жатқан заман мынау, бәлкім, етек-жеңді жинайтын уақыт келді ме екен?

Серік БАЙХОНОВ

                

 

                                          

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір