Бесаспап
22.02.2023
564
0

Еліміздің кәсіби сәндік-қолданбалы өнері әлеміне өзіндік қолтаңбамен келген Құттыбек Жақып – өз шығармашылық шырағын кілем тоқу, киіз басу, тері өңдеу, ағаш өрнектеу секілді қазаққа тән, төл кәсіптің тап ортасынан шыққан адам. Жалт етіп сөнген кесек таланттың* ісін әрі жалғап, әрі жетілдіріп, ілгері жылжыту жолында барын сарп еткен, талайы бөлек жан. Һәм айтулы, атақты дейтін өнер адамдарының назарына шығармасы дер кезінде ілігіп, олармен тізе қосып, бірге жұмыс істеп, ол кісілермен сапарлас, дәмдес болу бақыты бұйырған, өзгеге ұқсамас тағдыр иесі.

Құттыбек – әуелде график. Артынша әлгі сызба графиканы гобелен, тоқыма, текеметке айналдыра білетін ісмер. Майлы бояуын кенепке емес, кепкен теріге түсіре алатын өзгеше-өңгеше кескіндемеші. Батик, түкті тоқыма, гобелен, текемет, басқұр жасай алатын, мозаика өре алатын бесаспап. Сыза, тоқи біліп, өріп, өңдеп, илеп, тігіп, сызып, соның бәрін бір жүлгеге, ортақ жүйеге бағындыра білген мастер. Тынбай, зейіні сарқыла, көз суырыла істеген бейнеті өз алдына, оның материалдық сұранысын қанағаттандырып, іске орайлас уақыт тауып, тіршілік мехнатын шығарма жазумен сәтімен үйлестіре білген еңбекқор (заманның өзімен ала келген жаңалығы мен мүмкіндігін мейлінше пайдаланғаны – бір төбе-дағы, жасалып болған жұмыстарын әрі қарай дизайнмен ұштастырып, қолынан шыққан бұйымдарының багет-рамаларын ерекше қылып жасау – Құттыбек өнерінің ерекше бір қыры. Елде жоқ багет істеп, оны неше түрлі формаға келтіріп, қоңырау іліп, шашақ тағу, жиектеріне кесте фрагменттерін жапсыру – басқаларда қайталанбайтын әдіс).
Еткен еңбегі ешкімге керегі жоқ сұрқылтай уақыт туғанда, «байтал түгіл бас қайғы» заманда кәсіпкерлікке де кетіп, орайымен тапқан табысын өзіне ғана емес, өнер жолына жұмсаған тұлға. Дүние кезсем, Барселона барып, Грек жерін араласам, көргенім мен түйгенімді қазақ өнерін өркендетуге жұмсасам дейтін, Оңтүстік өңірінде суретшілік дәстүрді өзгеше дамытып, этюд-плэнерге лайықты, әсем көріністі жер алып, «Суретшілер үйін» ашқан, жанына қазақтың көне киіз үйін қоса тіккен, тумысы бөлек жігіт.

***
Құттыбектің қолынан шыққан бұйымдарды салыстырмалы түрде үш бағытта өрбітуге болады десек, оның әуелгісі – гобелен тоқу. Ширек ғасырдан оза, ұзара созылған суретші тағдырына тиесілі желіге қатарлай ілінген еңбектеріне назарыңыз тіктелсе, әне, Құттыбек суретші гобеленді тақыр қылып та түкті қылып та тоқып, олардың түстер үйлесімінен де бір жаңылмайды екен. Тік сызықтар мен ирек сызықтарды қиыннан қиыстырып, сан алуан бояулы жіптердің қарама-қайшылығын шебер үйлестіріп, бірде солғындатып, енді бірде айшықтатып, өріп, тігіп, тоқып, бұрап, созып әкете береді. Сонда, тоқыған гобелендері оның құмығыңқы жұмсақ табиғатына қарама-қайшы қалыпқа келіп, андағайлана, сонадайдан көзге ұрып тұрады. (Һәм тоқыған бұйымдарын суретке түсіріп, шаршылап бөліп-бөліп фрагмент қылып көрсе де міні құрымай, қайта абстрактілі картина секілді көздің жауын алып, жайнап-жанып тұрады екен. Әсіресе «Ұлы дала» гобелені – әрбір бөлшегі бір-бір картинаға сұранып тұрған ерекше шығарма.)
«Атамекен» деп атап, түкті тоқымамен жасап шыққан гобелені – санаулы ғана түстердің өзара ынтымағы арқылы өмірге келген сәтті шығарма. Иректеле аққан өзен, бүктетіле орғыған киік, самғап ұшқан құс, аспан, тау өз ишарасын тауып, бір-бірімен сәтті жараса кетеді. Сызығын таңдақ-дақ жалғап, дөңгелегін үшбұрыш, ромб толықтырып, үшкір сызықтарды доғал, имек сызықтар қолдап, толыға-толыса, шымыр композиция құрайды. «Бәбісек», «Аударыспақ», «Айбат шегу», «Күрес», «Үйір», «Жаңғырық» тәрізді монохром түстермен шешілген жұмыстары осы сөздерімізді айқындай-айғақтай түседі.
«Жаңғырық» демекші, астанада, «Назарбаев орталығында» ілінген бұл гобеленде негізгі кейіпкер болып, шығарманың тап ортасында күн арқалаған, көшпелілердің негізгі түлігі – жылқы тұр. Онда ақ пен қара түс шарпысады. Екі түстің өршіл динамикасы байсалды тыныштықпен қосақтала, өзгеше синтез түзеді. Бұл әдіс картинаға контраст сыйлап, өнбойына үздіксіз қан таратып тұрады. Мұнда мәңгілік жақсылық пен үзілмес жамандық арбасады. Жауын мен шуақ, дауыл мен дамыл болып алмасады. Ат аяқтарынан нық тұрса, жылан иректеле шұбатылып жатыр. Зұлымдық әбжылан болып уын төксе, жақсылық оны салмағымен жаншып-басып, атқа айналып, әлемге шаттықты арқырай кісінеп, қуана паш етеді.
Жануар тау арасын жаңғырта кісінеп, оның дауысы көрушіге борандай ұйытқи да толқи жетеді. Жаңғырық жақсылық дыбысы болып гобеленнің оң жақ, жоғары бөлігінен құлдилай кіріп, сол жақ жоғары бөлігінен сытыла, сыртқа ұшқан әлдебір құстың ұшу траекториясымен, бізге де шағылып, түу алысқа, одан да әрі ауаға сіңіп кеткендей. Суретші өмірдегі ылғи жеңіліс тауып жататын жақсылыққа «Жаңғырық» арқылы осылай жеңіс әпереді.

***
Өмір салты ылғи көшіп-қонумен, әмсе төрт түлікпен өрілген ата-бабаларымыз мал сүмесімен қоректеніп, оның бүкіл мүшесін пайдаланып, мүйізі мен тұяғын, терісі мен жүнін, қылы мен тарамысына дейін кәдеге асырып, тіршілік кебіне үйлестіріп, тұрмыс салтына жарастырса, Құттыбек суретші – сол дәстүрді жалғап, түрленте дамытып, оны өнер жолына жұмсаған мұрагер. Халқы-
мыздың киіз өңдеп, текемет басу дәстүріне «Жекпе-жек», «Көкпар», «Қуаныш», «Темірқазық» секілді кесек-кесек үлесін қосқан айтулы шебер.
Текемет басуға cеміз қойдың күзгі, майлы жүнін таңдап алатын Құттыбек суретші өз шығармасының фонына көбінше қара жүнді пайдаланады. Біркелкі қылып, жайып шыққан қара жүн үстіне түтілген һәм боялған жүндерді шығармасына қарай, ойын­дағы композиция шешіміне орай орналастырады (жүннің қылшығын суыра отырып, текеметтегі бейнелер сұранысына қарай жапсырады, багетіне әшекей қылып та тағады). Сұр, боз, ақшыл табиғи реңді жүндерді де болашақ суретіне бейімдейді. Оларға әлсін-әлсін ыстық су сеуіп отырып, шиге орап, әлденеше адам, көмекшілермен тығыз бірлесіп, бәрі кезектесе табанымен жаныштай, ілгері-кейін серпіп, әрлі-берлі домалатып шығады. Топты кісі ерсілі-қарсылы әндете жүріп те, қарама-қайшы тұрып та, қол ұстасып, ұжымдаса, аяқтарымен әбден жаныштаған болашақ текеметтің суы сорғи, бітісе тұтасып, жүндері бір-біріне кірігіп, берік жабыса бастайды. Жұмыс барысы әлденеше рет қайталанады. Соңынан шиді ашып көріп, арасынан шыққан текеметтің шикі тұстарын қайта өңдейді, білектейді. Шаршыдан ауып, қисая толқып, формасын жоғалтқан жерлерін қайта қалпына келтіреді. Соншалық жұмысы көп, еңбегі ауыр, тауқыметті текемет шіркін самал желге шығарылып, суы кеуіп әбден піскен (қайран дәстүр қайта жалғасқан) кезде, көрсе – көңіл жылытатын, қараса – көзіңіз тоятын, адамды масат буатын шығармаға айналды. Ол шығарма мына заман назарына тосын сипатпен, биязы қалыппен бой көрсетеді.
«Жекпе-жек» дейтін шығармасы боз ат тебінген адам мен қара түндей жылқы мінген шоқпарлының сайы­сы ма? Жыртқыш пен ақыл иесінің төбелесі ме? Аяғының астынан, нық тұғырынан тайып, аударылып түскеннің агониясы ма? Әлдінің әлсізге жасаған қысасы ма? Тағының малға азу салғаны ма? Әйтеуір, дөңгелек қозғалыс, үдемелі динамика, бірінен-бірін еш суырып ала-алмайтын бүтін композиция болып, текеметтің жуас, бұйығы табиғатынан сытылып кетіп, шыр айналады. Шаршы текеметтің төңірегіне жиектей салынған жануардың бастары ма, тазқара ма, шошайған бөрік пе, бәрі де суретшінің о бастағы ойына бағынып, темірқазық жастанған жұлдызды әлемдейін айнал соғады…
…Құттыбек Жақып жүні қырқылмаған теріні де өз өнерінің болмысына бағындырып, пұшпақтарынан таспамен ілмектей жөрмеп, жақтауға тартып, екі жағын да айнала көруге арналған өнер бұйымына, этнодизаинға айналдырады. Осы жерде қадап айта кететін жайт – Құттыбектің шикізат таңдап алатын мезеттегі мал терісінің табиғи кейпінен сурет көру, қабылдау, түйсіну ерекшелігі, оны айнала қарап, неше түрлі, болашақ, тірі композиция иірімдерін көретіні, жайылып жатқан терінің суретшіге бірде Ақ сұңқар, бірде Көк бөрі секілді қазақ тотемдерінің елесін беретіні (қыл мен жүн түр-түсінің, өсу бағыттарының шебердің ойлаған мақсатына бағына кететіні), табылған образдарын үлкенді-кішілі қосымша деталь, өрнектермен сәтті жымдастырып, тері қылшығының өсу жүйесіне қарай ешбір жерде кездеспейтін, тосын сурет шығаратыны; бірде ұстарамен қылшығын қыра отырып, бірде тері бояу қолданып, діттеген сурет-композицияны бір-бірімен ажырамастай тұтастыра, картина дәрежесіне көтеретіні. Терінің қарсы, тақыр бетіне түрлі төсеме жағып, үстіне майлы бояумен картина салып шығатыны. Терінің жүндес жағымен туыстас, сарындас сюжеттер құрайтыны. Һәм «Түрік қағанаты» сериясына кіретін «Табыну», «Бүркітші», «Бақыт», «Отбасы», «Жеңіс» атты еңбектері осы сөзімізді қуаттап тұратыны.
Құттыбектің теріні бірде шаршы, бірде шеңбер жақтауға кергендегі таспаларын да көз көрді. Мұнда да қазақтың байлау әдістерін молынан қолданғанына куә болдық. Бірде таспаны сол қалпында тұзақтап байласа, екінші жолы шалып байлайды. Күрмеп байлау да – осында, қазықбау шалу да, тиектеп, өткермелеп, шалып, орап, шандып, шырмалап байлау да – осында. Бірде шорт түйеді, бірде шиелеп тастайды. Байлаған таспаларын әуелі бұрымдай қылып өрсе, келесіде қамшыдайын тоғыз өрмелі қылады екен (есілген қыл арқан да осында, кендір арқан да).
Терінің қылшығын суретіне қарай ұстарамен қырған кезде, оның бетінде түкті гобелені секілді рельефті көрініс (қазіргі тілмен айтса 3D) пайда болады. Қылшықтарының өзінен, сонша тереңдемей, теріге жеткізбей ғана, (шаш қиғандай, қайшымен бірде жұқа-қалың басып) сурет түсіргенде бұрын-соңды бейнелеу әлемінде болмаған сирек құбылыс көз тартады. Терінің орта тұсындағы тақыр жүні мен пұшпақтарындағы қалыңын да композиция орайына қызметке кезектесе жегеді. Жүннің үстінгі қабатының бурыл, бөрте болып, түп жағының ашық, шаңқан болып келетін реңдерін де сәтімен орайластырып, сол реңдер қасиетін багетіне епті қолданады.
Терінің көлемі, оның қандай мал терісіне жататыны, рең сипаттарының алуандығы,қалың-жұқалығы, жүн-қылшықтарының өсу траекториясына дейін шығармаға қызмет жасап, Құттыбек «картиналарының» еш қайталанбас, бір-ақ рет өмірге келетінінен хабар беріп, ерекшеп тұрады.
Теріге түсірген сурет-композициялары шығармашылық аясынан сырт кетпей, гобеленімен барып туысып, сызық-дақтары текеметімен шенесіп-кездесіп жатады. Бұл әдіс Құттыбек Тыныбекұлының сәнді-қолданбалы өнерге әкелген соны жаңалығы деп қабылдағанымыз абзал.

***
Осы күнде Қазақстанның кәсіби сәндік-қолданбалы өнер саласында өзіндік қолтаңбамен дараланған Құттыбек Жақыптың еңбектері төрткүл дүние музейлерінде сақтаулы. Астана, Алматы, Шымкент, Бішкек, Ашхабад, Мәскеу қалаларында, түрлі сипатта көрмелері өтті. Атақ-даңқ та бір басында. Толассыз насихатталып, қисапыз марапатталды да.

*Құрасбек Тыныбеков (1947-1980) – Қазақ ұлттық гобелен өнерінің негізін қалаушы, Қазақ ССР мемлекеттік сыйлығының лауреаты.

Жеңіс КӘКЕНҰЛЫ,
суретші

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір