Әбубәкір Қайран. Арғымақ пен қазанат
15.10.2021
1475
2

(новелла)

   Үлкен қос пакетті мықшия көтеріп, өзі тұратын бес қабатты үйдің ауласына зорға жетті. Есік алдына өскен біп-биік, жұп-жуан, жапырағы жайқалған қарағаштың көлеңкесі тым қою болған соң, түбінде тұрған ұзыншақ орындыққа сылқ етіп отыра кетті. Сонда ғана сезінді: басынан бақайына дейін қара терге малшынған екен. Көйлегінің жауырын тұсы сығып алғандай шығар, сірә! Денесіне желімдей жабысып, терісін тітіркендіріп тұр. Қос тізесінің екі жағына қонақтай қалған буылтық-буылтық қос пакетке өшіге, ызалана қарағанында, күні күйіп тұрған мына қаланың қапасына қамалып, ғалым боламын деп ертелі-кеш қағазға шұқшиып, жазу жазып, арып-ашып жүргеніне шынымен-ақ жыны ұстады. Ойлап отырса, тірлігінде түк мән жоқ екен ғой. Көзін тырнап аша салып жұмысына жөнеледі. Автобустан автобусқа ауысып мініп, университетке зорға жетеді. Содан кейін… Ши борбай, шөпжелке студенттерге дәріс оқу, қалта телефондарын шұқылап отырған қауақ бастарға қайта-қайта ескерту жасаумен жүйкесін жидітіп бітіру. Кешке қарай жұмыстан босаған соң, әріптес жолдас-жоралармен сыраханаға бару… Міне, кеше де көптен көріспеген бір досы жұмысына іздеп келіп, кафеге апарып, сылқита тойғызып еді. Айналасы он келіден аспайтын картоп, пияз, сәбіз сияқты көкөністерге толы қос пакетті жүз қадам жерге жеткіземін деп, пора-порасы шығып, бықсып отырғаны мынау, енді! Әлгі келген қонақтан – мұны күтіп отырған кісіден де ұят болды-ау! Алау-далау түрін көріп шошып кететін шығар. Бәрі анау Алмагүлдің кесірі! Қатыны! Келіншегі! Жұбайы! Бағана, соңғы дәрісті енді ғана аяқтаған сәтінде: «Ойбай, үйге бір қонақ келді! Үлкен кісі!» деп, алқынып-жұлқынып қоңырау шалды емес пе! «Ол кім?» деп сұрап еді, атын ұмытып үлгеріпті. «Үлкен кісі. Басында тақиясы бар» деумен шектелді де, мұның базарға барып не әкелу керек екенін жазып жіберетінін айтты. Айтты да телефонын сөндіре салды…

         Сүртініп отырған қолорамалы да шылқылдап кетіпті. Мұнымен тек бетін ғана сүртті дейсің бе, жотасынан бастап мойнын, желкесін, алқымын, кеудесін, қарынын… бәрін сүртті ғой. Уф-ф! Желге жеткізбейтін жүйріктердің жалында өскен жас жігіттің ендігі көретін күні осындай болса, не шара! Өстіп ит рәсуа болып жүргеніне қарай алдына қойған мақсаттары орындалып жатса, қанеки?! Тақырыбын өзі таңдап алған жылқы шаруашылығы туралы Ph докторлық диссертациясын қорғайтын уақыты да таяп қалды. Ал бұл болса ғылыми еңбектерін мандытып жаза алмай, жазғандарын дұрыстап жариялата алмай әлі жүр. Еш шаруаға қыры жоқ. Не жұртпен тіл табыса алмайды. Анау бір әріптестеріне қарап отырса, биттің қабығынан биялай тоқитын пысық, майдан қыл суыратын епті, мықты біреу «жала!» десе, жалауға болмайтын жерін де жалайтын жағымпаз. Оларға деген бұл көзқарасы көре алмаушылықтан емес, көріп тұрып, күйінгендіктен, жиіркенуден. Мұның да сөйтуіне болар еді, аз ғана арамдыққа қарай аяқ басқысы келмейді ғой. Өткен жазда еңбек демалысына шығып, ауылына бара жатқанда, мұның ғылыми жетекшісі – анау төбелтаз: «Ой, бауырым! Ауылыңа да барарсың! Басты да мұжырсың! Құйрыққа да тоярсың! Сонда бізді де ойлап қоярсың!» деп өлеңдеткен болатын. Бұл оның көмейін бірден түсінді. Түсіне тұра, ыржың етіп бір күлді де, өз жөнімен кете барды. Төбелтаздың мінәйі бұйымтайы ескерусіз қалды. Жоқ. Ескерілді. Ашығын айтқанда, ғылыми жетекшісіне қой тасып жүруге мұның ары мен намысы жібермеді. Тіпті, көз алдына елестетуге ұялды. Алайда, ауылдан оралған атым бар ғой деп, келе салысымен оны кафеге апарды. Сөйтіп, өзінің фермер ағасы қалтасына әйелінен жасырып салып берген отыз мың теңгесін екі-үш-ақ сағатта өз орнына жіберіп тынған. Бір жақсы болғаны – төбелтаз мұның қой әкелмегеніне ренжіген жоқ. Керісінше, үйінің алдына таксимен апарып, қоштасып тұрғанында: «Диссертациянды қорғайсың! Қорғатам! Ағаң бар! Қорықпа!» деген сияқты ыстық-ыстық ықыласқа толы сөздерін айтты ғой. Құшақтап тұрып, мұның бетінен де сүйіп жіберді. Шындығы ма, әлде, арақтың айтқызған сөзі ме, мастықтың істеткен қылығы ма? Кім білсін?!. «Боза басындағы сөз боққа аспайды» деген бар ғой.

         Денесі сәл де болса салқындай бастаған сияқты. Орамалын бүктеп, қалтасына салды да, қалта телефонның әйнек бетін айна қылып, шашын тарады. Екі пакетін есікке жақындатып қойып, домафонның тетігін басып еді, Алмагүл кім екенін сұрамастан, ашып жіберді.

         Екі пакет екі иінінен зілдей басып, жоғары қарай өрмелей жөнелді. Жалдап тұрып жатқан екі бөлмелі пәтерінің бесінші қабатта болғанына да тұңғыш рет ызаланып келеді. Өзінің соңғы кезде қатты толып кеткеніне де ренжулі.

         Үшінші қабатқа көтерілген соң, қос пакетті қоя салып, қос мықынын таянып біраз тұрды. Бүйтіп тұрғаны құрысын – жаңа ғана басылғандай болған қара тер маңдайынан домалап-домалап ағып, екі көзін ашытып бара жатыр. Қалтасынан қолорамалын ала салып, тез-тез сүртінді де, бесінші қабатқа шапшаң көтеріліп кетті. Алмагүл пәтердің есігін шалқасынан ашып қойыпты. «Мұнысы несі? Үйдегі қонақтан ұят емес пе?» деп ойлады да, іле-шала: «Біздің қатын байының жайын біледі-ау!» деп дереу масаттанып қалғандай болды.

         Үйге жүгін сүйреп кіріп келгенінде, қарсы алдында қара дәудей қасқайып тұрған қалың қабақты, сақал-мұртсыз, тақиялы, мосқал адамды көргенінде, «Қабаға!» деген жан дауысының қалай шығып кеткенін өзі де сезбей қалды. Мына тұрған алып адам – өзін кішкентайынан білетін атақты атбегі, көкжал көкпаршы – Қабыл аға! Бес жасынан бәйгеге шаптырған, он төрт жасынан бастап көкпар тартуды үйреткен ауылдас ағасы, бұлардың жақын құдасы, күн сайын болмаса да, ай сайын есіне бір алып қоятын Қабыл ағасы!

         Жүк көтеріп, жүзі быршып келген дембелше сары жігіт дәу қараның құшағына сүңгіді де кетті.

         – Амансың ба, айналайын?! – деді Қабыл сары жігіттің арқасынан қағып.

         – Ассалаумағалейкөм!

         – Уағалайкүмәссәлем! О, Бапаным менің! Бармысың?! Армысың?!

         – Бармын, армын, Қабаға! Сізді көріп қуанып кеттім, – деді Бапан маңдай терін екі білегімен кезек сүртіп.

         – Апырау, өзің бәйгеге тоқтай қосылған, семіз жылқы сияқты барып-келіп тұрсың ғой. Байқа, боқ-жының араласып кетпесін! – деп күлді Қабыл. Осы бір қалжың сөзді тірілте түсейін дегендей Алмагүл де күйеуін бір шымшып өтті:

         – Боқ-жыны араласып кетсе, союға да жарамайды деуші еді ғой. Сол рас па? – деп өп-өтірік аңқаусып Қабыл шалға қарай қалды.

         – Бәрінен бұрын жығылмай келгенін айтпайсың ба? Енді таза суытып, көп тоқтатпай сейілдете бересің ғой. Әбден ашыққанда сұлы берерсің. Аздап қана. Судан қыспа! – деді Қабыл тақыр иегін күректей жалпақ алақанымен сипалап тұрып, – Қызылмай боп кетсе – қиындау. Онда тәуір мал болып жарытпас. Тезірек біреуге сатып жібер. Бірақ… бұл қазір жақсы тұр. Қызылмай болмаған. Ал, аяғына қан түссе…

         – Онда?.. – деді Алмагүл аузын аңқайтып.

         – Онда… Онда бұл атты… анау ағып жатқан Алматинка дей ме… өзендерің бар екен ғой. Соған тізелігіне дейін жалдатып барып, бір ауыр тасқа байла да қой.

         – Ой-бу, ол қиын екен. Басқа емі жоқ па?

         – Ендеше… етектей етіп киізден кесіп ал да, соны сұп-суық мұздай суға әбден малшып-малшып алып, қос жіліншігіне қайта-қайта орай бер. Әйтпесе, бұл күніне де зар болып, ақсап қалады.

         – Ойбай, маған киіз іздеу керек болды ғой! – деп, бетін шымшылаған Алмагүл сықылықтай күліп, ас үйге кіріп кетті.

         Төрге қарай төгілдіре салынған құрақ көрпелердің біріне жантая кеткен Бапанның сарғыш өңі қызара түсіпті.

         – Ой, Қабаға-ай, қай сөзіңізге болса да жылқыны араластырмай сөйлемейсіз-ау! – деп басын көтеріп отырды да, – Креслода не ғып отырсыз, шоқайып? Қане, төрге! Жатыңыз шынтақтап! – деп, өзі орнынан атып тұрып, жүкте жинаулы тұрған үлкен-үлкен қос мамық жастықты жұлып-жұлып алып, төр басына апарып тастай салды.

         – Алмагүл келініңіз де қызық. Бағанадан өстімей ме?! – деп ас үй жаққа ала көзімен бір қарап қойды.

         – Уай, Бапан, сен мені ұмытып қалғансың ба? Мен… жүргім келсе – атқа мінем, отырғым келсе – орындыққа отырам. Ескі заманның еріккен шалдарына ұқсап, шырт-шырт түкіріп шынтақтап жату – біз сияқты жаңашыл шалдарға жараспайды, – деп кеңк-кеңк күлген Қабыл ақсақал екі аяғын көсіле созып, шалқайып отырды.

         Бапан ағасының Алматыға қашан келгенін, не шаруамен жүргенін сұрастырып, ауыл жаңалықтарын білуге бет бұра бергенде, ас үй жақтан Алмагүлдің «Ас дайын болды. Қолдарыңызды жуыңыздар» деген дауысы естілді.

         – Мынаң қара! – деп таңырқанған Қабыл шал пенжегінің төс қалтасынан шынжырлы күміс сағатын шығарды. – Ой-бой, мен келгелі де бір бие сауым уақыт болып қалыпты ғой. Қайта, сен тез кеп қалдың.

         – Базарға дейін таксимен жеттім, Қабаға, – деді Бапан ағасын қолтығынан демей көтеріп жатып.

         Қабекең қолын шайып алған соң, әп-сәттің арасында душ қабылдап үлгерген Бапан да дастархан басына жайғасып, буы бұрқырап тұрған бір табақ етті ағасының алдына қарай жылжытты.

         – Әумин! Бата жасаңыз! – деді сонсоң. Бағанағыдай емес, бет-аузына өзіне жараспайтын байсалдылық пен парасат орнай қалыпты. Киімін ауыстырып киген соң ба – сарғыштау сұп-сұйық шашы жылтыраған жұнттай жігіт боп шыға келіпті.

         – Асымызға – адалдық, басымызға амандық берсін! Әумин! – деп батасын шолақ қайырған Қабыл ақсақал қалтасынан бәкісін шығарып, «пісміллә» деп, ет турауға кірісті. Табақтың екінші шетінде отырған Бапан да келіншегінің онша өтіңкіремейтін пышағымен бір кесек жаяны қидалай бастады.

         – Әй, Бапантай! – деді осы кезде Қабыл шал жігітке түйіле қарап, – Өтпес пышақпен жаяны қор қылып қайтесің. Өзіңнің пышақ ұстасың да жаман екен.

         – Түу, жақсы болды ғой! Қарашы, қолымды бекер былғап… – деп, Бапан қолын жууға жөнелді. Мынандай қонақ келгенде үйінде бір асым еттің болғанына өзі қатты қуанып жүр.

         Ол қолын жуып қайтып келгенше, ағасы Алмагүлдің асып қойған жалғыз жілігі мен алақандай ғана жаясын турап болып та қалыпты. Осы кісінің ет турасына бала күнінде-ақ таң-тамаша қалушы еді. Бөренедей жуан саусақтардың көз ілеспес шапшаңдығы мен тураған етінің жапырақ-жапырақ болып түсіп жататынына аузын ашып қарайтын да отыратын.

         Етті турап болып, суланған майлықпен қолын сүрткен Қабыл ақсақал: «Ал, балақайлар, алайық» деп, күректей қолын табаққа салды. Алмагүл тез қимылдап, еттің тұздығын құйып үлгерді де, асүйден шыға жөнеліп, бір бөтелке арағын көтеріп, қайта кірді. Шал шошып кетті.

– Ой, шырағым, көрсетпе… көрсетпе андағыңды! – деп екі қолын шошына ербеңдетті.

Осы кезде оянып кеткен жатын бөлмедегі сәбидің жылағаны естіліп, Алмагүл соған кетті.

         – Кішкентайдың аты кім? – деді Қабыл Бапанға сынай қарағандай болып.

         – Шико… Шырын.

         – Шикосы несі?! Сондай ат бола ма? Еркелетіп атасаңдар, адамша атамайсыңдар ма? Шико-Мико демей… «Қолда өскен түйенің тайлақ аты қалмайды» деген. Бұл бала бойжеткенде де осылай аталып жүрсе, жақсы ма?.. «Аты жақсының – заты жақсы» деген…

         – Қазақтың бұл мақалын кейбіреу басқаша ұғады, – деп Бапан да дауысын қоюлатты, – Астына мінген аты жақсы болса, өзім де жақсымын деп ойлайды.

         – Иә, дұрыс. Ондайлар көп, – деді бір уыс сарыала етті алақанында салмақтап отырған Қабыл ақсақал. – Осы сен өз атыңды кім қойғанын, қалай қойғанын білесің бе?

         – Білемін. Баяғыда Бапан деген бай бопты. Төрт түлігі сай бопты. Әкемнің ағасы Жұмабай атам сол кісідей болсын деп атымды Бапан қойыпты. Бала кезімде «мұндай біртүрлі атты неге қойдыңдар» деп жылаушы едім. Сонда әкем: «Е, балам-ай, Бапандай адам болсаң, бақытты болар едің» деуші еді.

         – Сенің әкеңнің өзі де адамның ақтанкері еді ғой. Алпыстан асып барып жығылды, жарықтық. – деп Қабыл ақсақал терең бір ойға батқандай тұнжырап отырып қалды. Кенет, бойын тез жиып алып, Бапанға бажайлай қарады. – Иә, әкең дұрыс айтқан. Аты ел-жұртқа аңыз болып қалған атақты Бапан ғой ол. Жүйрік ат, қыран құс ұстаған екен. Жомарттығында шек жоқ еді дейді. Бірақ оның даңқын бүкіл елге шығарған бұл жақсылықтары емес, Шағыр деген жүйрік аты болыпты. Атағы шығып кеткен соң бүкіл ел-жұрт сол атты Бапаншағыр деп атап кеткен екен. Елдің ең сүйікті тұлпарына айналғаны соншалық – Бапанның ауылын «Бапаншағыр ауылы» деп атаған екен. Бапанның өзі де сол атын туған баласынан кем көрмепті. Бәйгеге баптағанда арнайы киіз үй тіктіріп, соның ішіне сақтайды. Сонда дейді бұрынғылар – әлгі тұлпар алдыңғы екі аяғын керегенің көзінен шығарып жатады екен. Бапан туырлықты түрдіріп тастайтын көрінеді. Сол ат Бапан өлген кезде де тірі екен. Тұлдап жіберіп, асына сойыпты.

         Бапанның бейітін өз көзіммен көрдім. Құлап, бітуге айналыпты. Қалқайып бір-ақ қабырғасы тұр. Қабірдің бас жағында қураған сүйек боп Бапаншағырдың басы жатыр. Саған – өтірік, маған – шын, басының ұзындығы бір кезге жақын екен.

         – Бір кез деген қанша?

         – Сексен сантиметр. Соны көріп таң қалдым. Біздің жақта «бапандай болып отырсың ғой» деген сөз бар ғой. Сол сөз де осы Бапанның есіміне байланысты айтылған. Мәтел сөз болып кеткен.

         – Шәй дайын. Құя берейін бе? – деді Алмагүл әңгімешілердің сөзін зорға бөліп.

         – Ә, келін, құя бер. Шәй әңгімені қозғайды, әңгіме шәйді қозғайды, – деді Қабыл ақсақал.

         – Қабаға, осы біздің ауданнан шыққан Елікжирен, Еркежирен деген жүйріктер бар ғой. Елікжирен – алдына ат салып көрмеген ерен жүйрік. Республикалық аламаннан – төрт рет, облыстық аламаннан он жеті рет бірінші болып келіпті. Аудан бойынша өткен бәйгелерді айтпай-ақ қояйық. Сол Елікжирен әбден қартайған соң совхоздағылар Семейдегі ет комбинатына мал таситын машинамен алып барыпты. Апарған жылқыларды кезегі келгенше ет комбинаттың сыртындағы салдау ағаштардан жасалған шарбаққа қамаған екен. Түн ортасы ауғанда әлгі салдау ағаштан бір-ақ қарғып, Елікжирен елге қарай тартқан ғой. Кәрі жылқыға бес жүз шақырым оңай ма, айналайын сәйгүлік жарты жолдан асып, Калба тауының ішінде опат болыпты. Кейіннен өлген жеріне осы аттың мүсіні қойылды.

         – Елікжиреннің иесі Қуанышбай аға ғой. Ешкінің асығындай ғана кішкентай, шымыр, ширақ адам еді, марқұм. – деп, Қабекең тағы да бір ойға батып кеткендей сәл отырды да, – Бапантай, Елікжиреннің туған інісіндей болған Еркежиренді өзің де білесің. Нағыз сәйгүліктің бірі сол еді. Абай ауданында өткен Мұхтар Әуезовтің тоқсан жылдық тойында бүкіл Қазақстанның хас жүйріктерінің алдында ойнап келді-ау, шіркін.

         – Осыдан екі жылдан кейін ғой, Баянауылда өткен Қаныш Сәтбаевтың тоқсан жылдық тойындағы аламанда жеке-дара шығандап озып келе жатқанында, «Уаз» мінген біреулер алдынан кес-кестеп, Еркежирен шошынып тұрып қалған. Атына алаң болған Хамзекең, Хамза ағаны айтам, жанұшырып жетіп барса, Еркежиреннің екі көзі шатынап, қалшылдап тұр дейді. Көмбеге жақындап қалған атқа қастандық істегендер – бүгінгі күннің батыраштары ғой, Қабаға! – деп, Бапан жұдырығымен тізесін  төмпештеді.

         – Оларды заңға тартты ма?

         – Соны білмеймін. Білу керек екен. Әйтеуір сол жолы Еркежирен бәйге ала алмады. Білетін шығарсыз, әйгілі тұлпар аяғынан қалды ғой. Сол шор боп қалған аяғымен-ақ бір-екі рет бәйгеден келді. Кейіннен, далада жайылып жүрген кезінде бір үйір қасқыр қамап, сау тамтығын қалдырмай жұлмалап тастаса да, жығылмай, сытылып шығып, өзінің қорасына жетіп өліпті.

         – Е-е-е, Бапан қарағым, нағыз саңлақтардың да тағдыры елім деп еңіреген, жерім деп опат болған ер-азаматтардың тағдыры іспеттес қой. Жүйріктерге қастандық көп жасалған. Айта берсең, таусылмас. Біздің қазақта сәйгүліктерді адамнан артық көрген атбегілер де болған. Бір құрметті кісі қайтыс болып, соған көңіл айта барған бір атбегі шал әлгі өлген адамның туыстарына: «Бұл жалғанда кім тұрақтайды дейсің. Адам тұрмақ жақсы-жақсы аттар да өледі» деп қарап отыр дейді. Міне, біз сондай халықпыз. Қазақ үшін жүйрік жылқы – көздің құрты, көңілдің өрті. Амал не, ертеде қазақ жылқысынан хас жүйріктер көп шығатын сияқты еді. Қазір азайып бара жатқандай болып көрінеді.

         – Неге? 2019 жылы Зайсанда өмір-бақи болып көрмеген республикалық жүз отыз шақырымдық аламан бәйге болды ғой. Сол аламанда Шығыс Қазақстанның Қотанқарағайынан келген Тарпаң дейтін торы ат бірінші келді. Жүз отыз шақырымды алты сағат, отыз минутта шауып өтіпті. Сол атты арнайы мамандар зерттеп қарағанда, нағыз қазақ жылқысы болып шыққан.

         – Әрине, бұған мен де қатты қуандым. Үміт жоқ емес. Ал, Бапантай, шәйді де ішіп болдық қой деймін. Келінді де шаршаттық. Енді ана жаққа барып әңгімелесейік, – деген Қабыл қарт «Аллауакпар» деп, бетін сипады. Орнынан тұра беріп, қайтадан отыра қалып:

         – Алла-а! – деді екі қолын екі жаққа жайып,– «Алжыған ат сүрлеуін ұмытады, алжыған шал белбеуін ұмытады» деуші еді. Келін, менің әлгі сөмкемді әкеле қойшы. Сонда сендерге арнап кемпірдің салған сәлемдемесі бар еді. Ұмытып кетіппін ғой.

         Алмагүл алып келген сөмкесін ашқан Қабыл ақсақал бір қомақты ұзыншақ дорбаны алып шығып: – Мынау былтырғы соғымнан қалған сүр қазы екен. Қос қазы. Ұнға сақталған. «Көкпаршы балама да кіріп шығармын» деп едім, құр қол бармасын деп кемпірдің беріп жібергені ғой. Ана түскен үйімнің мұздатқышына қойдырып қойып едім, әлі мұздай болып тұр, – деп дорбаны Алмагүлдің қолына ұстатты да, – Әлгі Еділ батыр балабақшада дедіңдер ғой. Алаштың атпал азаматы болсын деп, ырымдап, мынау қамшыны соған әкелдім. Атасы марқұм Еділдей батыр болсын деп атын өзі қойып кетіп еді.

         Қабыл ақсақал шашағы салбыраған тобылғы сапты әдемі қамшыны Бапанға беріп:

         – Төріңе іліп қой. Еділ батыр келгенде «Қабыл атаң берді» деп өзіне ұстатарсың. Ел жаққа ертіп келгеніңде, тайын да мінгізермін, – деді.

         – Ой, ата, рақмет сізге! Ұлымызды мүлде жабдықтап тастадыңыз ғой! – деген Алмагүлдің қызғылт өңі туған айдай албырап, екі көзі шолпан жұлдыздай жарқырап кетті.

                                                        ***

         Бапан бесін ауа Қабыл қартты таксиге салып жібергеннен кейін бағана өзі «ат суытқан» қарағаштың түбіндегі орындыққа тағы да жайғасты. Жаңа ғана шығарып салса да, көкпаршы ағасын көргісі келіп, бұрынғыдан да қатты сағына бастағандай. Төрт-бес сағаттық қысқа жүздесуге құмары қанбай қалған екен.

         Бұл кісі Алматыға бекерден бекер келмепті, туған інісі Табылдың студент баласы үйленгелі жатыр екен. Ертең кешке қыз жақтың ұзату тойы, одан арғы күні жігіт жақтың тойы өтпекші. Қыз жақтың тойына Қабаң бас құда болып баруға әбден сайланып келсе керек. Көптен бері айтпай кеткен «Бүлдірген», «Қоғалы-ай», «Желбір жекен» деген әндердің сөзін есіне түсіріп, сахнаға шығатындай дайындалған көрінеді. Бапан: «Сәкеннің «Тау ішінде» деген әнін де домбырамен жақсы айтушы едіңіз ғой» деп еді, ағасы: «Өй, мен соны ұмытып кетіппін ғой! Тізіміме қосып қояйыншы» деп, қуанып кетті.

         Бағана әңгіме дүкенін қыздыра түсуге қонақ бөлмеге барғаннан кейін, астыларына құрақ көрпені қос қабаттап төсеп, шалқаларынан жата кетіскен. Бапан: «Қолыма түсіп тұрғанда шалды біраз сөйлетейін» деп, орталарына сәл тосындау сауал тастады.

         – Осы, Қабаға, жүйрік аттарымызды «тұлпар» деп, «арғымақ» деп көкке көтеріп жатамыз. Ал, жүздеген шақырым жолды жүріп өтетін қазақтың қазанаттары туралы аузымызды да ашпаймыз. Батырлардың бағын ашқан арғымақтар емес, қазанаттар емес пе? Жаужүрек бабаларымыз қазанаттың орнын тым биікке қойған ғой.

         Қабыл ақсақал қос жастықты қолтығына қымтай қыстырып, бетін Бапанға қаратып, бір қырындап жатты.

         – Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары біздің жақта бір сары ат болыпты. Бір байдан өкіметтің тартып алған аты екен. Семеймен екі ортаға пошта тасуға сол атты таңдап алыпты. Желмаядай желетін сол сары ат үш күннің ішінде Семейге барып қайтады дейді. Мың шақырым жол жүріп. Мұны естіген бастықтар әлгі атқа таң қалысып жүріп, ақырында бір дөкейге мінгізіп жіберген көрінеді. Ал енді сол аттың үстіне мінген пошта тасушы жігіт те бір ересен көрінеді, ол өзін ердің үстіне қыл шылбырмен матап, байлап тастайды екен. Соған қарағанда – сары аттың желісі жан шыдатпайтын болу керек. Е-е, ондай жылқылар қазір қайда?! – деп, терең бір күрсінді де, екі қолын басына жастанып шалқасына жата кетті. Біраз үнсіздіктен кейін басын қайта көтеріп: – Сен былтыр ауылға келгенде «қазақ жылқысын зерттеп жүрмін» дедің бе, не дедің? Осы Алматыдағы жылқы тұқымын асылдандыратын зауыт туралы да айттың ғой. Уақыт тар болды ма, сол жолы онша түсінбей қалдым. – деді.

         Бапан да басын көтеріп, малдасын құрып отырды. Ең алдымен өзінің оқытушы болып жұмыс істеп жүрген Қазақ ұлттық аграрлық университеті туралы біраз айтып келіп, «Рахат» деп аталатын асыл тұқымды жылқы өсіретін зауыттың не тындырып жатқандарын да бір қауым сөз етті. Қазіргілердің бәрі ағылшын, арабы, ақалтеке деген асыл тұқымды жылқыларға қатты қызығатынын, жергілікті қазақ жылқысын асылдандыру ісінің дұрыс жолға қойылмай отырғандығын аса бір ренішпен әңгімелеп кетіп еді, шалдың көзі шатынай бастады. «Нағыз қазақ жылқысын менсінбейтін ондай зауыттың бізге не пайдасы бар? Атқа тиетін ер сияқты арқамды тіксіндіріп барады мынауың. Қазақ айтпаушы ма еді – «Атқа тисе алтын ер, алтынын ал да отқа жақ» деп. Жатжерлік жүйріктің озып келгеніне қуанса, соны сатып алған иесі қуанатын шығар. Бұл әншейін әулекі мақтан ғой. Мақтансаң, еліңнің намысын төмендетпей, жеріңнің атағын шығаратын төлтума тұлпарыңа мақтан! – деп Қабыл ақсақал басынан тақиясын алып, өші сонда кеткендей, умаждап-умаждап жіберді. 

         Бапан шатақ шалдың ашуы басылсын деп сәл үнсіз отырды да, қазір Қазақстанда үш миллионнан астам жылқы барын, оның тоқсан пайызы жергілікті, он пайызы жатжерлік тұқым екендігін ескертіп алып, жергілікті жылқының бәріне жуығы, негізінен, қазақ жылқысы екендігін, бірақ, қилы-қилы замандардың сан түрлі сұрапылдарында жүріп, өзіне тән көптеген қасиеттерінен айырылып қалғандығын өкінішпен жеткізді.

         – Жылқыны зерттейтін ғылымды «иппология» деп атайды. Міне, осы ғылым саласы бізде мүлде дамымаған. Тіпті, айтуға ауыз ұялады, қараңызшы, бүкіл әлемдік жылқылардың тұқым түрлерін тіркеу кітабына қазақ жылқысы әлі кірген жоқ. Мына тұрған қырғыз жылқысы тіркеулі тұр, – деп, жастыққа шынтақтай кетіп еді, Қабыл ақсақал:

         – Қазақты қазақ қылған жылқысы еді, сол жылқысының заты тұрмақ, аты да өшті десеңші! – деп, қалың қабағының астындағы бүркіт көздерінен шоқ шашып отырғандай болып көрінді. – Сонда әлгі әлемдік тізіміңе кіргізу үшін не істеу керек?

         – Ой-бой! Ол көп жұмыс. Қараңыз, қазақ жылқысының нағыз сұрыпталған тұқымын шығару үшін жылдар бойы генін, біздіңше, қанын зерттеуіміз керек.

         Біздің жылқылар ғылыми түрде төрт тұқымға бөлінген: Қазақ жылқысы, Қостанай жылқысы, Көшім жылқысы, Мұғалжар жылқысы болып. Олардың өзі сан түрлі типтерге бөлінеді. Мысалы, жабы типі, найман типі, бестау типі, құланды типі деген сияқты. Міне, көрдіңіз бе, осылардың бәрінен қан алынып, байыпты бағдарлама, жүйе бойынша көп салалы тармақтарға бөлінетін ғылыми негіздегі зерттеулер жүргізілуі керек. Кеңестік дәуірде мұндай зерттеу жұмыстары жүргізілді. Бірақ, неден екені белгісіз, советтік саясат қазақ жылқысына тым атүсті қарапты.

         – Одан да, сен мұны орыстың қазаққа деген қастандығы десеңші! – деді Қабыл ақсақал түнерген үстіне түнеріп…

         Қарағаштың түбінде бағанадан бері отырған Бапанның ойына Қабыл ақсақалдың дәл кетерінде айтқан керемет ұсынысы түсті. Ол кісінің айтуынша, қазақ жылқысын асылдандыру ісін бастап жіберу осы екеуінің-ақ қолынан келеді екен. Бүкіл өз аумақтарындағы жүйрік жылқылардың қашан, қай айғырдың үйірінен шыққанын сұрастырып жүріп-ақ біліп алуға әбден болады. Анықталған үйірлерден өздері таңдаған тай-құнандарды бірлеп-екілеп сатып ала беру керек. Еркегін, ұрғашысын. Міне осыларды оңаша күтімге алып, басқа жылқылармен араластырмай, өздерін ғана бір үйір етіп топтастырса, бұл үйірдің ұрпақтары жыл өткен сайын сұрыпталған үстіне сұрыптала береді. Өз елдерінде жылқы жайын білетіндер де, бұл іске жан-тәнімен көмектесетіндер де жетерлік. Шаруашылықты жолға бір қойып алса, үкіметтің де қолдау көрсететіні – ақиқат.

         Қарағаш түбінде отырған жігіт ойдан ойға көшіп отырып, өз қолымен өсірген асыл тұқымды қазақ жылқыларының келісті мүсіндері мен тұрпатты тұлғаларын көз алдына елестетіп отырды. Өне бойын шабыт буып кеткені сондай – Абайдың аттың сыны туралы өлеңі есіне түсе қалып, дауыстап оқи жөнелді.

Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ,

Қой мойынды, қоян жон, бөкен қабақ.

Ауыз омыртқа шығыңқы, майда жалды,

Ой желке, үңірейген болса сағақ…

         – Әй, Бапан! Бапан!

         Балконнан басын шығарып алып, айғай салып тұрған әйелінің дауысын естігенде ғана Бапан есін жинап алғандай болды.

         – Не?

         – Балабақшаға баратын уақытың бағана болды. Не ғып отырсың мелшиіп?! Бала күтіп қалды ғой! Давай! Зыт!

         – Иә. Қазір.

         Тәп-тәтті қиялдары тәркіленіп кеткендей болып, орнынан зорға тұрған Бапан аяғын сүйрете басып, балабақшаға беттеді. Құлағына жылқының кісінегені естілгендей. Тағы естілді. Айғырдың ащы дауысы секілді. Айғыр… Кенеттен, әкесінің қайта-қайта айтып отыратын: «Үйіне қарамаған еркектен үйірін қайырған айғыр – мың артық» деген тәмсіл сөзі есіне түсе қалды. Сол-ақ екен аңызға айналған айғырлар туралы әңгімелер жадын жаңғыртып, бірінен кейін бірі тізбектеле жөнелді.

         Үйірін қасқырға алдырмайтын айғыр көп қой. Ал ұрыға алдырмайтындар… Бірде топтасып алған сыбайлас ұрылар бес-алты жылқыны айдаладағы иен қыстауға қамамақ болғанда, жалы жер сыпырған қара айғыр қораға кірмей, қашып құтылыпты. Әлгі ұрылар ертеңінде таң ата салысымен арнайы шақырылған мал тиейтін көлікке қамаулы жылқыларды тиеп алып, ұзақ жол жүріп, бір ауылға аялдаса керек. Олар тоқтай салысымен әлгі қашып кеткен қара айғыр ащы дауыспен шырқырай кісінеп, шаңын бұрқырата шапқылап келіп, көлікті шыр айналып тұрып алыпты. Ұрылар жүріп кетейік десе, айғыр алдарынан тік қарғып, аттап бастырмайды. Айғырдың бұл қылығында бір сыр бар екенін сезген жұрт дереу полиция шақырыпты. Сөйтіп, айғырдың алғырлығының арқасында ұрылардың алды кесіліпті.

         Міне, осындай айғырларға хайуан баласы деп қарауға бола ма? «Адамнан зият жылқы бар» деген бір жыраудың сөзі де бар еді ғой.

         Ертелеу заманда біреудің атақты айғыры болыпты. Сол кісі тез арада байыған үстіне байи түседі екен. Өзі әлгі айғырын жетектеп бір жаққа кетіп, ұзақ уақыттан соң айғырын тастап, жалғыз оралатын көрінеді. Сөйтсе… Өзі оралған күннің ертеңінде-ақ әлгі айғыр бір үйір жылқыны алдына салып қуып әкеледі екен. Міне, нағыз барымташы айғыр…

         Бапан балабақшаның сыртқы қақпасына тіреліп тоқтаған екен. Аспанға қарап қалт тұра қалды да, оң қолын жүрегінің үстіне қойып: «Ауылға кетем! Асыл тұқымды қазақ жылқысын өсірем!» деп өзіне-өзі серт бергендей болды.

         Бұл кезде күн батып бара жатқан болатын. Ертең тағы шығады ғой. Амандық болса…

ПІКІРЛЕР2
Аноним 17.10.2021 | 13:08

Осындай былжырақты да жариялай беретін бопсыңдар-ау, ә! Біреудің 5-этажға дейін быршып терлеп, әрең көтерілгенін езіп-қыртқаны қызық па? Ужас!

Аноним 25.10.2021 | 10:33

Ұнамай ма не айғыр туралы ғо

ПІКІР ҚОСУ