Әбубәкір Смайылов. Әрбір қазақ – баласы жақсы атаның
02.12.2021
1648
0

АСАУДЫ БАС БІЛДІРУ

немесе Сөз бостандығы туралы

 Қол салып түрып жалына

Жылқыны деме жуас-ау.

Қаптырып кетер шаңына,

Тұлпардың тегі – шу асау!

 

Мен неден болдым жазықты?

Шегінер жер жоқ артымда.

Айнала шауып қазықты,

Ала арқан келді алқымға.

 

Тіліме түсті қыл бұрау,

Оның да қылы – өзімнен!

Тынысым бітті, тындым-ау

Танғам жоқ бірақ Сөзімнен!

 

Көз жасым шықтай мөлтілдеп,

Ерніме тамар кезерген.

Сөз – мәңгі,

Сөзді өлтірмек

Болғанның түбі өзі өлген!

 

НАРТӘУЕКЕЛ

Майлы жілік ұстаған маймақ құлдай,

Өтеміз бе өмірден қайрат қылмай?!

Наркескенім бар еді намыс деген,

Осы ой қойды жаныма жай таптырмай:

 

Құлдай ғұмыр кешкенше құныстанып,

Намыс деген наркескен қылышты алып,

Ұрыс салып көрейік,

бізден кейін

Кетер мүмкін дүние дұрысталып.

 

Неге болсын басымды байлап тігіп,

Нартәуекел! Көрсем бе қайрат қылып?!

Кеудемде бір от жанып,

келе жатты

Ту сыртымнан қалың қол жайнап тұрып.

 

Мүлт кеткен ем атсам да қанша дәлдеп,

Жетемін бе мақсатқа аңсаған көп?

Тұрсаң, шіркін, жеңістің тұғырында

Аллам, енді жанымды алсаң – ал деп!     

 

       ШАЛ МЕН ТЕҢІЗ

(Хемингуэйдің ізімен. Жаңа версия)

Арал қалды тартылып – өлген теңіз,

Жалғыз нүкте жағада,

сол мен деңіз…

Шым-шытырық түс көріп шығатынмын,

Шығармам еді сүйікті «Шал мен теңіз».

 

Шалды сүйреп барады марлин балық,

Жалғыз тағы жағада қалдым налып.

Бала көңіл шарасыз бұлқынады,

Болысардай байғұсқа дәл бір барып.

 

Жанға батып қолының қарысқаны,

Жалғыз қайық жағадан алыстады…

Шал мен теңіз шайқасы бітпепті әлі,

Ол екеуі отыз жыл алысқалы!

 

Шайқасуда әлі күн шал мен теңіз,

Ұстай алмай марлинді шермендеміз.

Кәрі саусақ қармаққа қатып қалған,

Береміз бе билікті өлгенде біз?!

 

ЖАННАН ҚЫМБАТ…

Патша тағың көк тиын, ақша-атағың,

Әрбір қазақ – баласы жақсы атаның.

Басқа қазақ жоқ менде,

барым осы

Жалғыз Отан, жоқ менің басқа Отаным!

 

Жаннан қымбат қазаққа Жер дегенің

Жерімді алсаң тірідей жерлегенің.

Жер баспай-ақ қояйын жерімді алсаң,

Жерімді алма, басымды ал кел де менің!

 

Жерді қорғап бір тұтам, шөкімдейін

Өліп кетсем, кейіннен өкінбейін!!!

 

СОҢҒЫ САМУРАЙ

«Мен – қазақтың самурайымын…»

                              Арон АТАБЕК

 Аронға қымбат АР ғана,

Имеді басын и десе.

Бір уыс батыр…

Ал қара –

Қарауға бетің күймесе!

 

Уақыт қалай уатып,

Жіберген ЕРДІ, апырма-ай.

Бірақ та РУХ қуаты,

АТОМдай қалған атылмай!

 

Атой да салды салудай,

Амал не, іске өнбес бұл.

Ол рас соңғы САМУРАЙ

Сағы сынбаған он бес жыл!!!

 

ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚТЫҢ ХАЛІ

 Елегзимін, күтемін бір жаңалық

Бір жаңалық, бағасы – мың қаралық.

Асау жүрек, азат ой тұтқын сынды

Тұрақтылық ішінде тұр қамалып!

 

Қаңтар келді қылышын жалаңдатқан,

Көңілімді не  нәрсе алаңдатқан?

Дүние де,

ішім де алай-дүлей

Армандары қазақтың арам қатқан!

 

Өзегім өрт, зауқым жоқ түкке мүлде

Нені аңсадым, білмедім  күткенім не?

Өліараға тап болып өлшеулі күн,

Өмірзая күйінде біткенің  бе?!

 

Қаладағы қалың ел, даладағы

Үміт үзбе, жақсы күн болады әлі.

Болады әлі халықтың қалағаны

…Қардың басын қашанда қар алады!!!

 

ЕКІ  БАСТЫ  ЕЛ

Қазақ елі – ғажап ел,

Екі басты, үш тілді!

Мақтап-мақтап жаза бер,

Мықтап ұстап ышқырды.

 

Ұға алмайды бір-бірін

Үш түрлі  әлем –  үш тілің.

Сайра,

сарай бұлбұлы,

Сойылын соқ күштінің.

 

Құдай бізді жүр сақтап,

Екі басты ел қайда бар!?

Болмасаң да ұқсап бақ

Үш басты еді айдаһар.

 

Шүкір дейсің, нұр құйып

Шығыстан таң атқасын…

Үшінші бас қылтиып

Шығып келе жатпасын!!!

 

   ҚАЗАН АЙЫ

Интернеттің исі де жоқ ауылда,

Ит пен бала құтыратын жауында.

Қазан келіп қаза тапты жапырақ,

Қазан келіп қазан болды қауын да.

 

Оқырманға ой салсам деп оймақтай,

Нем бар еді өлең жазып, қой бақпай.

Ел үмітін аламанда жер қылған,

Енді, міне, қалып қойдым бәйге аттай.

 

Қайта шапсам бел шыдай ма,

айыл – бос,

Айнамкөз жаз айта алмай тұр қайыр-хош.

Азан-қазан,

қаздар қайтып бара жатты,

Қайта оянбай қалған кезде Табыл дос!

 

Жауап таппай тіршіліктің мәні не,

Дәмеліміз күн кешуден әлі де.

Өмір, сірә, өң мен түстің арасы

Өтірік-ау бәрі де…

 

СЫЗЫҚША ТУРАЛЫ СЫР

Өз басыңа көрінсін –

Нұр-Сұлтанда

Сұңқылдайды таң атпай бір сұм қарға…

– Сызықшада сол қала атындағы,

Бір сыр бар ма, белгісіз тылсым бар ма?

 

Сыр іздеген бір досым сызықшадан,

Деп сұрайды.

– Бәрі де қызық саған.

Одан да анау қарғаны біреуге айтып,

Қарғатып ал, ниеті бұзық жаман.

 

Мешітің не, салдық біз ғажап қала

Ол тұрды асқақ өзіне өзі ат бола.

Астанасын атаған Астана деп,

Жалғандағы жалғыз  ел қазақ қана!

 

Басу айтып басталса дау туындай,

Батыр болдық бәріміз жауды қумай.

Бұл бір қазақ елінің қызық шағы,

«Солшылдықтың балалық ауруындай»!

Ал сен болсаң айтасың сызықшаны.

 

ТІЛ МАЙДАНЫ

Намыс – қылыш,  табылмай тұр қайрағы,

Неғып үнсіз қазақтың кіл қаймағы?

Күндіз-түні бір сәтке толастамай,

Жүріп жатыр бір майдан –  Тіл майданы!

 

Өтпес үшін өмірің өкініште,

Ерлік керек біздерге ендігі істе.

Өлген тілін тірілтті өзге жұрттар,

Өз тіліңді өлтірме, өлтіріспе!

 

Етек  басты отыз жыл үндеме деп,

Ел болар ма ек ендігі мүлде бөлек?!

Мемлекеттік тіліме тіл тигізсе,

Менің тірі жүргенім кімге керек?!

 

Ұрпақ үшін маңызы зор майданда,

Еңсең түсіп, езілме –  бордай болма.

Шегінетін біздерге жер қалмады,

Шейіт болсақ, қанеки сол майданда!

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір