Жасап, жаңғыра бергей, Түркі дүниесі
04.11.2024
233
0

Ашхабадта Халықаралық Түрік мәдениеті ұйымына мүше елдердің ақын-жазушыларының кездесуі өт­ті.
Халықаралық Түрік мәдениеті ұйымына (ТҮРКСОЙ) мүше елдердің мәртебелі жиынында сөз сөйлеген белгілі ақын, Қазақ­стан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов Қазақ­стан Жазушылар одағы басқарма төрағасы Мереке Құлкеновтің құт­тықтауы мен Қазақ­стан Жазушылар одағының арнайы ұсыныс хатын табыстады. Түркі әлемінің әдеби байлығы мен мәдени қорын бөлісу және жазушылар арасындағы өзара байланысты арт­тыру мақсатында ұйымдастырылған айтулы шара мәдени мұрамызды нығайтып, оны болашаққа жеткізу жолындағы маңызды қадам болды. ТҮРКСОЙ-ға мүше елдердің жазушылары үшін маңызды алаң болған бұл басқосу жаңа жобаларға, ынтымақтастық пен мәдени алмасуларға жол ашты.
Түркі мемлекет­тері ақын-жазушыларының басқосуында Шығыстың ұлы ойшылы, классик ақын Мақтымқұлы Пырағының туғанына 300 жыл толуына арналған жиында Қ.Бегманов бауырлас қазақ-түркімен халықтарының әдеби-мәдени байланысы мен достығы жайлы кеңінен тарқатып, айтып, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының төрағасы, белгілі ақын Ұлықбек Есдәулет сөз сөйледі. Түркімен мемлекет­тік мәдениет институтының студент­терімен ұйымдастырылған қызықты кездесуде жас ақындар шабыт­танып, өлең оқып, жыр кеші өте әсерлі өт­ті. Осынау әдемі кешке Қазақ­станның Түркіменстандағы Төтенше және өкілет­ті елшісі Нұрлан Ноғаев келіп қатысты.
Ашхабадта өткен ТҮРКСОЙ-дың рес­ми жабылу салтанаты жүректерге қуаныш, көңілге көктем сыйлады. Фестивальдің жабылу салтанатынан соң қонақтарға үлкен «Sport Hotel» мейрамханасында түркімен тарапының атынан ресми түскі ас берілді. Осы мән-мағынасы терең, алқалы жиынды жоғары деңгейде шебер ұйымдастырған ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті ұйымының бас хатшысы, жазушы Сұлтан Раевқа және қонақтарды өте жоғары деңгейде қабылдап, қонақжайлылық көрсеткен бауырлас Түркіменстан елінің басшыларына, елжанды азамат­тарына алыс-жақын елдерден келген ағайын ақеділ алғысын білдіріп, ризашылықпен тарасты.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір