ТҰРПАТЫ БӨЛЕК, ТУМЫСЫ ЕРЕК
30.09.2019
1161
2

Ақынның жырын оқыған сайын «құдіретті поэзия табиғаттың сыбдырынан, Тәңірдің аян күбірінен жаратылады» деген көнеден жалғасқан тәмсілге тәнті боласың.

Ақеділ Тойшанұлы

Ақеділ Тойшанұлы, Халықаралық Түркі академиясының сарапшысы, фольклортанушы ғалым

Ол өлеңге 1980 жылдары ежелгі хан Шыңғыстың елінде, астана байтақ Ұланбатыр шәрінде келуімен басқа ақындарымыздан ерекшеленеді. Сол жылдары Моңғолияда жыл сайын тұрақты өтетін республикалық дәстүрлі мүшәйраларда қара шашы толқынданып, моңғол тілінде нақышты жыр оқып, тосын өрнегімен оқырманды баурап алған тостаған көзді талдырмаш қазақ жігітін жырқұмар қауым сол кезде-ақ ерекше өрнегімен танып үлгерген еді. Оның жырына тұмса табиғатпен етене жақындық, ұлы жіңгір уақыт керуенінің мезеттік тамырын дөп басып сезіну, адамның алапат көңіл-күйінің әсерлі сәтін мөлдіретіп, кеңістіктің ықшамдалған мекендік кескініне сыйдыра суреттеу тән. «Табиғат – адам –Уақыт» бірлігінің түйінді сәттері, бір сөзбен айтқанда, мезгіл мен мезеттің, кеңістік пен мекен-шақтың, адам мен оның ішкі әлемінің бейнесі кәусар жырларында үйлесіммен өрілгендей.

Қымсынғандай Айнагүл, таудағы әппақ  сәуледен,

Бөтен үйдің түндігін таласа ашты таңменен.

Мөлтілдейді, дариға- ай, нұр-жанарға толып шық,

Жылап тұрған секілді – аяулы Алтай жарықтық!

Төсінде өскен бір гүлі үзілгенде қапелім,

Жүдеу тартып қалмай ма қайран менің мекенім!

Жүкел Хамай

Өлеңдерін қазақ тілінде емес, моңғол тілінде бастап жазып, қалың оқырманға танылған албырт жас ақынның осы өлеңіндегі этно-мәдени айшықтар, тек қана қазақтың балауса келініне тән биязылық пен ұяңдық, қара шаңыраққа деген ізетті жауапкершілік, әулетті тәнті ететін әдептілік пен әдемілік – шайырдың жүрек лүпілімен, аруақты Алтай тауының дем-тынысымен қабат өрілгені қайран қалдырады. Иә, қарашаңыраққа тәжім етіп, ақшамда түскен ақ келін азанда таңмен таласып оянып, түндікті түріп, үйге енген сәуле шапағымен бірге отбасына өмір нұрын сыйлайтыны – киелі дәстүріміз. Бұл – сонау есте жоқ ескі заманнан бері ошақтың отын маздатып жағып, Тәңірдің жарық сәулесін боз үйге таңмен таласа түсіріп, әулеттің шуақты ұйтқысына айналған, қазақ жұртын қалыптаған Ұмай текті аналарымызға, олардың бүгінгі тұяғы – келіндерімізге жырмен соғылған ескерткіш.

Қазіргі техникалық ғасырдың даңғаза шуылы, даңғойлық пен дабыралы ұрандар, жалған айқай, жасанды мінез адамзатты жалықтырып, өз қалпынан адастыра бастағаны – бүгінгі күннің ақиқаты. Оның қоңыр жыры бұл үдеріске кесе-көлденең тұруға серт еткен тарпаң мінез танытады. Ақын өлеңдеріндегі тұмадай тұнық ойлар, гүлдің қауашағына қонған таңғы шықтай нәркес жан тазалығы, жайлаудың іңірдегі мұнарындай шөккен мұңлы сезім оқырманның түйсігін көбелектің қанатындай қытықтайды. Ақынның жыры «Жоғарыда көк аспан, төменде қара жер жаралғаннан» бері жалғасып келе жатқан уақыттың ұлы керуенінің дәл қазіргі мезет пен межедегі бір үзігінің тыныс-демін біздерге сездіреді:

Шындық іздеген бабалар исі шөптен аңқып сезіліп,

Уақыт оздырған ақ самал ежелгі топырақты өбеді.

Ұнтақ құмның алтын түйірі кеудесіне ілінген,

Күл түстес сұр кесіртке жақынымдай көрінеді!..

«Уақыт келді!» дегендей, есіп жеңіл самал да,

Тау қарағаны алтынды қоңырауын тағынады.

Заман тоздырған бітік тас, ол да үнсіз сілейіп,

Шапағын жайған сары күн өшпес өрнек қалдырады.

Білге, Күлтегіннің тұлпарының тұяқ ізі, алтын тәні жасырынған алып даланың ақ самалы баршамызды өбіп тұрғандай. Сылдыр қаққан қарағанның сары күзде сарғайған алтын дәні бізге ертегі айтқандай, қапелімде көзімізге іліккен кеудесіне ұнтақ құмның алтын түйірі ілінген сұр кесіртке жақынымыздай елестеп, бабалардан қалған, дәуірлер тоздырған бітіктас баршаға куә боп үнсіз тұр. Лирикалық кейіпкер «Мен кіммін?» деген сауалға жауап беріп, «Ақын Абай дүниеге осылай бір таңданған» деп ұрпақтар сабақтастығының жалғасы бүгінгі буын екенін сезіндіріп, жырын парасатпен аяқтайды.

Жалпы, Жүкел ақын өлеңдерінде өмір-тіршіліктің тыныштық сипаты әсерлі суреттеледі. Оны тыныштық пен дыбыс- саздың үйлескен тұсынан, сезімді селт еткізер түйсіктер түйілісінен сұлу сурет салуға тәуекел еткен шайыр деп бағалауға болатындай. Ол тыныштықты жырлау арқылы оқырманды бір сәт оқшау қалдырып, оңашада ойлануға шақырады. Осылайша сырлы махаббат пен терең парасатқа еріксіз жетелейді:

Тереңге бойлар толғамды

               Тәңірі өзі берген бе?

Тау басына көз тастап,

               ұзақ ойға шомамын.

Естіп шөптің сыбдырын,

               топырақты көргенде,

Көк аспанның астына жалғыз

               келгендей боламын!

 

Мен де мынау дүниеге уыз еме келгенмін,

Тозғанда денем, шөп тамырын емермін!

Кіндігімнің табиғаттан үзілмесін

               сезгенде,

Тәңіріммен жарасқан жақын

               сырды білермін.

Оның кейіпкерлер әлемі біртұтас әсем жүйе: жасыл шөп, ақша қар, саумал самал, бозторғай, үнсіз балбал, ұршық иірген ана, таяқ мінген бала, нұрлы жұлдыз, сырлы ай – барлығы бір-бірімен сабақтас, бір-біріне нәзік сезім жібімен байланып, жарасым тапқандай. Ол сондықтан: «Шөптен туып, шөпке сіңер тағдырыма күрмеліп, Күн сәулесіне тозғанымды сезбей жүрем ой түйіп», десе, сенесің?! «Тау қойнында өсіп тұрған жалғыз гүлді аяймын, Ұйқыдағы анаммен сырласты-ау, деп ойлаймын», – десе шүбәсіз иланасың!

Ол – әсіре күлдібадам бояудан, лепірген жасанды тебіреністен ада ақын. Арғысы ақын Абай, жырау Жамбыл, бергісі Жұмекен мен Мұқағалидан жұққан ніл бар өлеңдерінде. Алайда алдымен моңғол тілінде бастап, соңында қазақ тілінде жалғастырғандықтан, оның жырларының баршасы ақ өлең қалыбында екенін ұғынғанымыз орынды.

Ақын күнделікті өмір-тіршіліктегі қара­пайым заттарды жырлағанда, олар демде әсем образдарға айналып кетеді. «Өлеңім – менің бөбегім, өзіме тартқан сияқты» дегендей, Жүкел Хамайдың мынау өлең туралы жырынан да оның қоңыр тіршілігін, шынайы бейнесін, аңғал да адал мінезін танығандай боламыз:

Түн ортасы, ұйқым қашып,

Тұрдым-дағы төсектен,–

Қалам алдым, қара сия дәуітпен.

Жазбақ болдым жақсы өлең төгілте!

Жатты жарым тәтті ұйқыда,

Бүйірінде – титтей ақ ұлы.

Бұл не көрік?!

Періштедей сұлулық!

Ақын сұлу өлең іздегелі оянып, осылайша керемет сұлулыққа кенеттен кенеледі. «Нағыз өлең – осы екеуі, жатқан бірге бұйығы, Егіз шумақ үйлесіндей қиюлы»,– дейді. Осылайша тебіреніп тұрған сәтінде тағы да мынадай әсерлі әрекетке тап болады: «Түйсіктері сезді ме?! Екеуі де аунап түсті төсекте!»

Әлбетте, жаһанға әйгілі ұлы суреткерлер төсектегі тәтті ұйқыдағы ана мен баланың мамыражай бейнесін қылқалам ұшымен сан мәрте бейнелеген. Бұл – қасиетті ана мен періште сәбидің түн құшағындағы алаңсыз мүсіні. Жұмекен ақын «Ұйықта тыныш, отбасы» демей ме,түнгі ұйқысын төрт бөліп өлең өрерінде. Жүкел ақынның бұл жырында «ана, періште сәби, ақын» үштігінің үйлесімінен, осы үш кейіпкердің түйсік толғаныс-тоғысынан өзінше жаратылыс – «бөбек-өлең» табиғи туғанын аңдаймыз.

Ақын Жүкел Хамайдың қаламы нені жырласа да, жандандырып, тіл бітіріп, бейнелі образдардың шоғырын жасай алады. Қара тасқа жан бітіріп сырласатын әйгілі ақынымыздай, ол туған жердің бір түйір тасына да ыстық сезім ұялатады:

Сенің көзің маған қадалғандай,

Сондай ғажап тас көрдім.

Біздің жерге қайдан келген тас екен?

Жұлдыздардың сынығы ма,

Көктен құлап жерге түскен?

Ұқсаған қалай сенің жанарыңа?!

Осылайша туған жердің қара тасына қас арудың қарагөзін сыйдыра алады. Жансыз тас әп-сәтте сұлудың мойыл қара жанарындай жүрек қылын тербейді. Лирикалық кейіпкер ғашығына деген отты сезімді туған жердің бір түйір тасына сіңдіріп, сағыныш сазымен оқырманын баурайды. Жырдың соңында ол тастың тегін емес, ғарыш әлеміндегі тылсым ғаламмен байланысты екенін айтып, адамның жүрегіндегі махаббаттың да құдіретті күшпен, Жаратқанның жұмбақ сырымен байланған кәусар сезім екенін таразылағандай: «Сенің көзің маған қадалғандай, мөлдір қара тас көрдім. Кемпірқосақ маржанындай, бір ғажап тас көрдім», – деп өзгеше байлам жасайды.

Жалпы, ақын Жүкел Хамайдың бастау алған рухани нәрі – Шығыс мәдениеті, соның ішінде моңғол халқының классикалық поэзиясы екенін айта кету абзал. Оның өлеңінің өзгеше бітімінен, танымдық ерекшелігінен, көркемдік жүйесінен қазақ пен моңғол жырының нәрлі де сәнді, айшықты үйлесім-үндестігі бірден аңғарылады. Ол екі елге телқоңыр-ақын ретінде танылды.

1980 жылдары Моңғол поэзиясына көктемнің алтынкүрек самалын әкелген буын Д.Нямсүрэн, О.Дашбалбар, Г.Мэнд-Ооёо, Ж.Болд-эрдэнэ бастаған тұлғалар Жүкел Хамаймен тебінгі қағыстырып, құйрық тістескен тұлпар ақындар болатын. Нобель сыйлығына үміткер қаламгер Г.Мэнд-Ооёо «Гал» («От») шығармашылық бірлестігінде елдегі жас дарындарды жинастырғанда, топ жарып шыққан шайырлардың бірі – Жүкел Хамай болғаны мәлім. Моңғолия Жазушылар одағында басшылықта болған, қабырғалы қаламгер, ауылдас ағасы Жамлийха Шалұлының өнегесі бір төбе. Жүкел Хамайдың азаматтық көзқарасы мен ақындық тұғырының қалыптасуына тірек болған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Моңғолия парламентінің неше дүркін депутаты болған ақын, жазушы О.Дашбалбар шәкірт інісі туралы кезінде былай деп баға берген болатын: «Екі тілде бірдей өлең жазу оңай іс емес. Моңғол тілін ғажайып игеріп, оның иірімдерін нәзік сезінетін қазақ жігітінің нағыз дарын екені алғашқы жинағының қолжазбасынан-ақ айқындалды…»

 Ақын Жүкел Хамай тәуелсіз Отанына келген соң да еңбекқорлығымен қаламын құрыш етіп, аянбай тер төгіп, бүгіндері қазақ пен моңғол руханиятын байланыстырушы көпірге айналды. Ол мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында әйгілі Лубсанданзанның «Алтын топшы», А.Амардың «Моңғолдың қысқа тарихы», ғалым Х.Пэрлэнің «Көшпенділер тарихын көне таңбалар арқылы зерттеу» секілді тарихи еңбектерді аударды. Бұл бағалы қазыналар отандық тарихнаманың деректік қорын байытқан, бүгіндері жиі қолданылатын туындылар болғаны мәлім. Моңғолдың классикалық ақын-жазушыларын қазақ тіліне молынан аударса, қазақ ақындары Абай, Махамбет, Жамбыл, Мағжан, Мұқағали,Төлеген, Жұмекен, Ұлықбек секілді көптеген дүлдүл қаламгерлердің туындыларын моңғол тіліне аударып, әдебиетаралық байланыстарға сүбелі үлес қосты.

1989 жылы 20 мамыр. Көне түрік ерлерінің аруағы аунап, нары шөккен жасыл жазира. Дана Тоныкөк жыраудың тасқа бәдізделген тарлан жырын күмбірлетіп оқыған жас ақын «Елді халық едім, елім қайда? Қағанды халық едім, қағаным қайда?» деген жолдарына келгенде ерекше тебіреніп, бабалардың өсиеті мен қасиетіне бас ие тәу етеді. Міне, бүгін сол шайыр тәуелсіз еліне қоныс аударып, әдебиет пен мәдениетімізге қал-қадірінше қызмет етіп, ұрпақ өсіріп, жыр жампозы Жамбылдың топырағында көктеп-көгеріп, «Қастерлім-ау, қарт Алатау, өзіңе енді сиындым», – деп жыр толғайды. Адам үшін, ақын үшін көк байрағы желбіреген азат Отанына оралудан артық қандай бақыт бар?! Қаламыңыз жорғасынан таймасын, өзендер өрнектеген киелі өлкеде көгеріп-көктей беріңіз, ардақты ақын, аяулы азамат!

 

 

 

ПІКІРЛЕР2
Аноним 06.10.2019 | 22:22

Жүкел Хамайдың «Жұлдыз» журналына шыққан аудармаларын оқып тұрамын. Шебердің қолынан шыққан мінсіз дүниелер.

Аноним 15.08.2020 | 19:26

Деректі талдау екен!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір