«Арқаның болдық ұланы, еркін өскен бұланы»
27.09.2019
2191
0

Биылғы жыл әдеби форумдар мен мәдени, рухани шараларға толы жыл болып тұр. Нұр-Сұлтан қаласында Еуразия астаналары ақын-жазушылары форумы мен Азия ақын-жазушылары форумы өтіп, елімізде ірі қаламгерлер бас қосты.  Әлем көкжиегіндегі руханият төңірегінде сан түрлі мәселелер талқыланып, жан-жақты идеялар, арзулар айтылды.  Тұғыры биік, діңі мығым әдебиетіміздің арнасы жаңалықтармен толығып, келелі пікірлермен еселенді. Ірі форумдардың ізін ала жақында ғана шежірелі тарихы бар Қарағанды қаласында мемлекет және қоғам қайраткері, сұңқар ақын Сәкен Сейфуллин атындағы жас ақын-жазушылар форумы өтті.

«Жастар жылында» жалын атып, жауһар өнерді жанына серік еткен талантты шоғыр ауқымды жиында бой көрсетті.  Өлеңдерін оқып, өміршең шығармалар жөніндегі талқыға қосылды.  Аға буын ақындардың пікірлерін тыңдап, кеңестерін ескерді. Кейбір кемшіліктер сынға алдынды.  Бірі – Шығыс, бірі – Батыс, бірі – оңтүстік, бірі – солтүстіктен келген талапкер жастар шұрқырай көрісіп, ақжарыла жүздесіп жатты.  «Таулардан өзен ағар сарқыраған» деген Ыбырай сөзі, сірә, табиғатпен біте қайнаған жас жүрек хақында болса керек.  Талай дауылпаздар мен дарындардың кіндік қаны тамған атақты Арқа өңірі дүркіреп сала берді. Абай ескерткіші мен Қасым ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.  Зиялыларымыз қамауда болған КАРЛАГ лагеріне сапар – жас дарындардың ұлттық танымын кеңейтіп, тарихқа көзқарасын тереңдетті.  Форум аясында Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының орынбасары, ақын Бақыт Беделхан сөз алып, әдебиетке еңбегі сіңіп жүрген талантты жастарға мүшелік билеттерін табыс етті. Салтанатты шараның өтуіне мұрындық болған қала әкімдігіне алғысымызды білдіре отырып, форумда айтылған өзекті ойларды назарларыңызға ұсынуды жөн санадық.

Гүлнар САЛЫҚБАЙ, ақын

Өлеңді атақты болу үшін жазбау керек

– Бүгінгі жастардың бойынан көптеген жақ­сы дүниелерді көргім келеді. Жа­қын­да бір жас ақын маған кітабының қолжазбасын алып келді. Мұқият оқып шығып, хабар­лас­қанда кемшін тұстарын өзіне айтып бердім. Әрине, менікі жақсы болсын деген ой. Алайда әлгі жас «сізге сынау үшін емес, алғысөз жазу үшін беріп едім» деп өкпесін айтты. Бұл – өте төмен, қауіпті тенденция. Өлеңдер жинағына алғысөз жаздырудың қажеті бар ма деп те ойлаймын. Ақынға керегі – терең білім, сүбелі ой. Қазіргі көп жастар ерте танылуға, тез атақты болуға құмартатын секілді. Өлеңді атақты болу үшін жазбау керек. Атақ деген де шартты ұғым. Өзіңнің жаныңа ләззат сыйлайтын өнер ғана – өміршең, құнды дүние. Жалпы, жастарға артылар сенім де, міндет те жоғары.

Жансая ЖАРЫЛҒАПОВ, филология ғылымдарының докторы, профессор:

Жастар шығармашылығын жүйелеп беретін еңбектер жазылмай жатыр

– Мұндай жиын­дарға әдебиеттану саласында жүрген ғалымдардың да неғұрлым көбірек қатысқаны дұрыс болар еді. Қазір көркем шығармашылық өкілдері мен ғылыми шығармашылық адамдарының ортасында байланыс жоқтың қасы. Екі бөлек «субстанция» тәрізді олардың арасындағы қарым-қатынастың көпірі құлағалы қашан. Бұл, әсіресе, қазіргі әдеби үдерістің бағыт-бағдарын айқындауға, әдебиетте қалыптасып отырған ахуалға, кейінгі көркем ой дамуындағы жаңашыл үрдістерге баға беруге кедергісін тигізіп-ақ отыр. Сонымен қатар қазіргі таңдағы әдебиеттің барысын таразылауға ең басты екі кедергі бар. Бірі – айта-айта жауыр болуға айналған кітап таралымының аздығы. Шағын тиражбен жарық көрген кітаптар назардан тыс қалып, ғылыми айналымға түспей қалады. Екіншісі – көркем шығарманың табиғатын, көркем шығармашылықтағы қалыптасып отырған заңдылықтарды тануға арналған әдеби-теориялық ізденістердің тоқырауы мен тың әдістемелердің жоқтығы. Бір сөзбен айтқанда, әдебиеттанудағы ғылыми аппараттың ескіргендігі. Теориялық ой-пікірлердегі таластар әр кезеңнің тарихи-мәдени жағдайлары мен әдебиеттанушылардың дүниетанымдық қырларына байланысты ғой. Бұл нені көрсетеді? Бұл әдебиеттің барлық дәуіріне жарай беретін қатып қалған теорияның болмайтынын көрсетеді.

ХХІ ғасыр басындағы әдебиеттің ізденістері мен іркілістерін саралаған, жастар шығармашылығын жүйелеп беретін еңбектер жазылмай жатыр. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты жарыққа шығарған «ХХІ ғасырдағы қазақ әдебиеті» аталатын монографияда қамтылған қаламгерлер А.Кемелбаева, Д.Амантайлармен ғана шектеледі. Олардың өзі қазір орта буынға айналған жоқ па?!

Дәстүрлі әдебиетті ешкім жоққа шы­ғара алмайды. Дәстүрден қол үзіп кету өз-өзіңе үкім шығарумен тең. Алайда қа­зіргі көркем ой дамуындағы эксперименттерге де үрке қараудың қажеті жоқ. Меніңше, ондай жаңашылдықтар поэзиядан гөрі прозада айқынырақ сезілетіндей. Көп өзгерістер әдебиетке модернистік эстетиканың келуімен байланысты. Модернизм қалыпты образды бұзып, тіпті оны абстракцияға айналдырды, дискурсты бұзды, сюжетті тұтастығынан айырды, бейнелеу тіліне батыл эксперименттер жасады. Көркем шығарманы әдеби-теориялық талдауда осы күнге дейін қолданылып ке­ле жатқан сюжеттік-композициялық талдау берерін беріп болғанға ұқсайды. Өйткені кейінгі буын қаламгерлерінде классикалық, эпикалық сюжет түрлері жоқтың қасына айналды. Әуелі салдары айтылып, сосын себептері термеленетін немесе салдары мүлде айтылмайтын фрагментарлы сюжетті шығармалар қатары көбеюде. Тіпті, логикалық тұтастықтан мүлде айрылған коллаж сипатындағы сюжеттер де кездеседі. Ең бастысы, сюжет –  жанрды құраушы негізгі категория екеніне күмән туа бастады.

Бұрын «автор – мәтін – оқырман» тізбегі біртұтас қарастырылса, қазіргі әлемдік әдіснамада бұл ұғымдар автономдық мағынаға ие болды. Көркем шығарма мәтінінің автордан тәуелсізденуі, «автор­дың өлімі» сияқты түсініктер ғылыми айналымға түсіп үлгерді.

Жанрлық шарттардың бұзыла бастауы да осы кейінгі буын тұсында. Өйткені олар үшін қандай да бір канон жазушыны тәуелділікке алып келеді. Сондықтан да оларда айқын бір стиль ұстану бола бермейді.

Алайда әлемдік көркем ой дамуының соңғы кезеңінде пайда болған мәдени-эстетикалық, танымдық құбылыстардан қазақ әдебиеті мүлдем сырт тұрмауы себепті, үлкен мән иелене алмаса да, мо­дернизммен қатар, постмодернистік құбылыстар да ұлттық әдебиетімізден орын ала  бастады. Әлемдік рухани-мәдени үдеріс қалыптастырған құндылықтарға ортақтасу арқылы ұлттық әдебиеттен модернизмді постмодернистік поэтикамен ұштастыруға негізделген ұмтылыстарды танимыз. Ол құбылыстың бар екенін, рухани ықпалын үдете беруі мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды.

Бүгінгі жиында жас қаламгерлердің кітаптарын шығаруға қолдау көрсету, бас­қа да жасалатын қамқорлықтар туралы ұсыныстар өте құптарлық. Біздің қосарымыз – қалыптасып келе жатқан кейінгі буын сыншыларына да демеу көрсетсек деген ой. Бұл осы салаға жастардың ұмтылысын арттырып, сыни ой-пікірдің дамуына сеп болар еді.

Абылай МАУДАНОВ, ақын:

Ендігі жерде Тазша бала, Алдар көсемен қызықтыра алмайсың

– Өзім мұндай әдеби жиынға бірінші рет қатысып отырмын. Қарағандыдағы жас-ақын жазушылар форумы тек жастардың ғана емес, орта буын мен аға буынның да басын қосқан мағыналы мәжіліс болды деп есептеймін. Аймақтарда көзге түсіп, әдебиет әлемінің есігін енді ашуға талаптанып жүрген студенттер де назардан тыс қалмапты. Яғни ұйымдастырушылық жағы ойдағыдай. Ең алдымен осыған қуандым. Өйткені, «ең ұлы ақын – жас ақын» (Ұ.Есдәулеттің сөзі екен, басқосуда естідім) дегендей, мұндай пікірталас буыны қата қоймаған балғын талапкерлер үшін өте пайдалы.

Бұрын да айтылып жүргендей, қазір поэзия жанрында өндіріп жазып жүрген дарындар көп. Жиында бұған тағы бір мәрте көзіміз жетті. Бұл енді, «туғаннан дүние есігін өлеңмен ашып, өлеңмен жер қойнына денесі кіретін» (Абай) қазақтың ерекшелігінен шығар. Өңірде жүріп әдеби өмірдегі жаңалықтардан қалыс қалып бара жатқанымды Қарағандыдағы кеңесте байқадым. Әлеуеті зор, тепкіні жойқын екпіні қатты ақындар шоғыры өсіп келеді екен. Оған, әрине, қуанамын, бірақ… көкейде көп сұрақ қылаң берді. Енді соған тоқталсам…

Иә, мықты ақын, мықты өлең көп. Алайда «қыр еліне қыдыр болып дарыған» Ахаңның «Қырық мысалындай», қазіргі қоғамның сұранысын өтеп жүрген олар емес, жылт етпе, жылтырақ, сорпасы татымайтын, арзанқол «шатпақ-тақпақтар» екенін де мойындау керек. Қазір әлеуметтік желіде не ұйқасы, не мағынасы жоқ бал­дыр-батпаққа тілін жұтардай тамсанып, «Мұқағалидыкі» деп тарата беретін «оқырман ортасы» қалыптасты. Өз-өзіне «ақын» деген ат қойып, айдар тағып, аттандап жүргендер қаншама?!

Осы ретте маған жазарман мен оқырман арасындағы «алтын аралық» неге алшақтап кетті деген ой келді. Біз әдебиетті «тіл байлығын көрсететін» алаңға айналдырып, күрделендіріп жіберген жоқпыз ба? Талғамы төмендеп кеткен өлеңсүйер қауымды терең ойлы туындыларды оқуға қалай жетелейсіз? Ақындар «өз қазанымызда өзіміз қайнап», қоғамды назардан тыс қалдырған жоқпыз ба? Бұл «әдебиетте жаңашылдыққа бармайық, оқырман деңгейіне түсейік» деген сөз емес, әрине. Тек әдеби туынды да тауар ғой, «арзан тауарға» еті үйреніп алған елдің саф өнерге деген ықыласын қалай қайтарамыз деген ойдан туған сұрақтар.

Форумда жазушы Дәурен Қуат дра­матургияға көп жастардың бара бермейтінін айтты. Бұл да ой салар ұсыныс болды деп есептеймін. Тек қана драма емес, сатира, балалар әдебиетіне құлаш ұрған замандастарымның қарасы қалың деп айта алмаймын. Жазушы туындысын атын шығару үшін емес, кемшілікпен күресу үшін, қоғамды түзеу үшін жазады ғой. Өз тәжірибемнен көргенім: нысанаға тез тиетін, әсері де мол жанр – сатира. Сол сын-сықаққа көңіл бөлінсе деген тілегім бар. Айта кететін тағы бір жайт – қалада өскен баланы ендігі жерде тек қана Тазша бала, Алдар көсе, Қожанасырмен қызықтыра алмайсыз. Сол үшін де бұл персонаждарды заманауи кейіпкерлермен байланыстыратын тың дүниелер көбірек керек. Біздің жазып жатқанымызды ертең оқитын да сол балғындар ғой. Бүгінгі буынның бетін қарата алмасақ та, болашақ оқырманнан қол үзіп алмайық. Бұл жайлы Қарағанды облысының әкімі Абзал Нүкенұлы: «Біз балаларды өзіміздің дүниелермен қызықтыра алмасақ, олар өзгенікіне ұмтылатын болады», – деп жақсы айтты. Осы ретте, мәжіліс жүргізушісі Жанат Жаңқаштың ойын әбден қостаймын. Жігерлі ақын «орыс әдебиетін мектеп бағдарламасынан алып, оны әлем әдебиетіне енгізу керек» деп орынды ұсыныс айтты. Және бұл – бүгіннен бастап қолға алатын мәселе. Ешкімге жалтақтаудың қажеті жоқ.

Қарағандыда өткен форумнан осындай ой түйдім. Ел алдында Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданып, зор жауапкершілік арқалап қайтқан жайым бар. Негізі, біраз мәселе айтылды, енді соны тыңдар құлақ, жүзеге асырар тетік болса, нұр үстіне нұр.

Мерей ҚАРТ, ақын:

Сырттай сүйсіне оқып жүрген жастармен жүздестім

– Бұл форумға Рес­пу­­­бли­камыздың әр аймағынан жинал­ған, қаламы төселіп, қабілеті артып келе жат­қан жастар қатысты. Арқаның даласын­да бір-бірін сырттай танып, есім-сойлары мен шығармаларын сырттай ғана білетін ақындар өзара жақын танысты. Ой-пікір­лерін бөлісіп, өрелерін танытты. Ең ерекше тұсы – форумға қатысушы жастарды екі секцияға бөліп (қаралары тым көп болған соң), дөңгелек үстел басында жеке-жеке шығармашылықтарымен таныстық. Форумның негізгі мазмұны да осы сәтте анықталды. Исраил Сапарбай, Дидар Амантай, Танагөз Толқынқызы, Ерлан Жүніс, Әлия Дәулетбаева, Жанат Жаңқаш, Алмас Мырзахмет сынды ақын-жазушылар жас таланттардың өлеңдері жайлы пікір білдірді.  Араларында мен де болдым. Секция отырысының қорытыныдысы бойынша, Маңғыстаудан келген Еділбек Дүйсеннің шығармашылығына ерекше тоқталып, форум ұйымдастырушыларының ұсынған шартына сәйкес, ақынның жыр-жинағын шығару туралы ұйғарымға келдік. Екінші секция бойынша, семейлік Бауыржан Игіліктің кітабы шығатын болды. Жалпы, форумнан рухани күш-қуат алдым. Сырттай сүйсіне оқып жүрген жастармен жүздестім. Алдағы уақытта ностальгиялық көңіл-күйден, поэтикалық әсерден, Арқа жеріне деген сағыныштан ерек шығармалар жазылуы бек мүмкін.

Батырхан СӘРСЕНХАН, ақын:

Иненің көзіндей жарық саңылауы білінеді…

– Форум өз дең­гейін­де өтті. Біршама соны пікірлер, жан-жақты тақырыптар қаузалды. Осы уақытқа дейін мұндай жиындарды «уақытты жұту машинасы» деп есептеп келген едім. Ол ойым өзгерді. Жалпы, әр адамның өмірбаяны болатыны секілді, әр буынның өз өмірбаяны, тарихы, танымы болады. Тәуелсіздіктен кейін, нақты айтсақ, 2010 жылдары әдебиетке келген буынның еркін ойлана алатыны ұнайды. Бірақ жалқаулық та басым. Мен үш ұсыныс айтқым келеді.

Бірі – білімсіздікпен күресу, екіншісі – немқұрайлылықты жеңу, үшіншісі – әр қалада тіл үйрену курстарын ашу. Жастардың шоуға құмартып жүргені, іштарлыққа ұрынуы, өз басынан өзгені көре алмауы, жақсы дүниені бағалай алмауы – бәрі-бәрі білімсіздіктен туындап отыр. Кафка жазған қамал ішінде өмір сүретін саналар кеңестік жүйемен бірге күлі көкке ұшуы тиіс. Онсыз да есесі кеткен біздей халық үшін бір сәт тоқтауға, шегінуге жол жоқ.

Форум аясында біршама жастармен, аға буынмен ой бөлістік, өлеңдерін тыңдадық. Қуанарлық дүниелер бар. Иненің көзіндей жарық саңылауы білінеді. Тек сол үлкен көлемге ұласса екен.

Еділбек ДҮЙСЕН,  ақын:

Мін – біздің қаламгер­лердің өздерінде

– Алматы – әсіре­леп айтқанда, әл­ми­­сақтан бері ақын­дардың қаласы ғой. Менің осы қаладан кетіп, Маң­ғыс­тауға келгеніме бір жыл болыпты. Әлбетте, бұдан кішігірім трагедия жасаудың қажеті жоқ. Маңғыстауда жатып, хәл-қадірімізше кітап «кеміріп» жатсақ та, әдеби ортаның орны бөлек. Форумның ең бірінші көңіліме жағар тұсы осы – жас ақын-жазушыларды көру, достарым мен аға-бауырларымның айқұшағына жылыну болатын. Әдеби форумдар атаулы осы жылдың ішінде үшінші не төртінші рет өткізілуде деп жатыр. Қаламгерлердің өз тарапынан мұның қажетсіздігін айтып, дабыра қағу, оған кеткен қаржыны санау басымдық алып барады. Әлбетте, әркімнің жеке пікірі (Әрі-беріден кейін, қазір жеке пікірі бар замандасты кезіктірсек – қуанатын да болдық). Осы даурығудың биік үлгісі Азия қаламгерлері Елорда төріне жиналғанда көрінді. Менің сырттай бақылағанда түсінгенім мынау: жалпы, қай-қай форумның ұйымдастырылуы мен форматына тағар мін жоқ (Ұйымдастырушы кейбір ақындарды өлең өлкесінен алып, Ішкі Саясат басқармаларына біржола жібергің келіп кетеді екен). Мін – біздің қаламгерлердің өздерінде. Дұрыс сөйлеуді, қай жерде не айту керегін, форумды пайдаланып шығармашылық байланыстарды кеңейту сынды қажеттіліктерді сәтті жүзеге асыра алмайды. Дәл осы кемістік Қарағандыда өткен ақын-жазушылардың форумында да көрінді. Қарағанды әкімдігі, Жастар басқармасы, Жанат Жаңқашұлы бастаған біршама жас ақындар форумның сәтті өтуіне бар жанын салды. Ол Маңғыстаудан келген біздің көзімізге анық көрінді. Тек, әдеби әңгіме айтылуға тиісті дөңгелек үстеліміз дүнияуи әңгімеге ұласып бара жаздап, әрең тежелді. Мәселен, Серік Ақсұңқарұлы ағамыз бен Аягүл Мантай замандасымның не айтқанын әлі түсіне алар емеспін. Болған дүние айтылуы керек. Іштегі жиналып қалған тең-тең пенделік ашу-ызалары мен мақтандарын мұндай жерде ортаға салуы – орынсыз. Жалпы, форум менің шығармашылығыма әсер етті деп айта алмаймын. Дегенмен, шығармашылық өмір жолымызда елеулі із қалдыратын түрі бар. Олай дейтінім, форум аясында екі жас ақынның жинағын шығару көзделген екен. Оның алғашқысы болып Бауыржан Игілік сынды тамаша ақын таңдалып, екінші қатарға бізді де қосты. Көптен көкейде жүрген жыр кітабымызды шығарудың сәті осы Қарағандыда түскеніне тек қуануым керек шығар.

Материалды әзірлеген: «Қазақ әдебиеті» газетінің журналистері

СӘКЕН ТОЙЫ. АҚСЕЛЕУ БИІГІ. «КҮБІ ПІСКЕН» КҮЙІ.

 Гиннестің рекордтар кітабына енбек
«Мың қыз, «Мың күбі» идеясының
авторы, ақын інім Аманжол Әлтаев екенін естідім…

Аманжол,
саңлақ інім санаң айдай,
Қасқайған қыр басында қарағайдай.
… Тойында Сәкен ағаң жарқылдадың –
Бөжейдің асындағы бала Абайдай.

Шалқитын өңі түгіл түсінде өлең,
Шабыттың маңдайыңнан құсын көрем.
… Мың ару өз-өзінен қырға шығып
Мың күбі өздігінен пісілмеген.

Сарыбел,
сағым ұшқан сайран далам,
Рухың аспандады-ау қайран бабам.
«… Ақан да бесігінде ән салмаған –
Құлагер құлынында бәйге алмаған».

Мұңлық ек,
Мұнар күннің мұңын ішкен,
тылсымда жүре алмаспыз тынып іштен.
Мың қыз кеп Ақселеудің биігіне –
күй шалды,
күй атауы – «Күбі піскен».

Байтақтан атың озды бағың үдеп,
Төбеңді көрмей қалсақ сағынып ек…
Сәкеннің сәнін алған жан бауырым –
Жыр толған кеудесінің бәрі жүрек.

Күй шалқып шанағынан шертіліп ән,
Шолп еткен шұғылаға шолпы бұлаң…
… Мың қызы Жаңаарқаның демеп тұрды
Сәкен мен Аманжолды қолтығынан.

Жыр құсын жүрегімнен тағы ұшырам,
Жаралған ер Сәкеннің намысынан.
… «Күбі піскен» күйінің дирижеры –
Аманжол, айналайын арыс ұлан.

Ақбозым ала таңды ала қашты,
Ауаға саумал исі араласты.
Күбі емес Рух–ымды пісті бүгін –
«… Қыздары біздің жақтың қара қасты».

Аймалап күні мені,
Айы мені,
Көңілім Еділ еді, Жайық еді.
Аманжол, айналайын, домбыраңды ал –
«… Жеріне біздің жақтың лайық ері»

Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір