«АҒАЙЫНДЫ КАРАМАЗОВТАРДЫң» ҚАЗАҚ ЖЕРІНДЕ БАСТАп жазылғанын ғана  БІЛетінмін
27.09.2019
924
0

Прематилака Жаясекара – сингал жазушысы. Ол – Шри-Ланка үкіметі беретін Мемлекеттік әдеби сыйлықтың және аталған елдегі жекелеген ұйымдар мен азамат­тар тағайын­дайтын «Ravaya award», «Тәуелсіз әдеби сыйлық», «Swarna Pustaka», «Godage literature award», «Fairway literature awards» секілді әдеби сыйлықтардың иегері. Нұр-Сұлтан қаласында өткен Азия қаламгерлерінің І форумында онымен танысып, әңгіме-дүкен құрудың сәті түсіп еді.

– Сіздіңше, Азия қаламгерле­рінің І форумы қалай өтті? Көздеген мақсат қол жеткіздік пе?

– Маған Азия қаламгерлерінің І форумы өте ұнады. Қазақ­стан билігіне және ұйымдасты­рушыларға осындай ірі көлемдегі шараны өткізгені үшін алғыс айтамын. Бірақ алға қойған мақ­сат-міндеттер толықтай жүзеге асу үшін бір ғана форум жеткіліксіз. Бұл ретте, жалпы Азия мемлекеттері төл әдебиетін әлемге, соның ішінде, ең алдымен Азия құрлығына паш етуге мүдделі болу керек. Дегенмен Нұр-Сұлтандағы басқосу қатысушыларға бір-бірін шығармалары арқылы танудың маңызын ұқтырды. Бір қызығы, форум барысында Батыс әдебиетін жақсы білетін Азия қаламгерлері көршілес халықтардың сөз өнері­нен бейхабар екеніне көзім жетті.

– Азияның түкпір-түкпірінен жиналған қаламгерлер Нұр-Сұлтанда бір-бірімен таны­сып-білісті. Енді бұдан кейін Азия ақын-жазушылары өзара шығармашылық байланыста бола ма, қалай ойлайсыз?

– Көбіміз әлеуметтік желілер арқылы араласып тұрамыз. Әйтсе де, өзге жұрттың тілін меңгерме­гендіктен, бір-біріміздің туындыларымызбен таныс емеспіз. Ал форум барысында біздің құрлықты да түгелдей «жаулаған» әлемдік тілде, яғни ағылшынша сөйлестік.

– Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Азия алыбы» сыйлығын тағайындау жөніндегі ұсынысын қолдайсыз ба? Шри-Ланка үкіметіне мұны жеткізесіз бе?

– Қазақстан Президенті Қа­сым-Жомарт Тоқаев Азия әде­бие­тін жаңа деңгейге көте­ретін ұсыныс­тар айтып, маңызы зор баянда­ма жасады. Азия құрлы­ғындағы елдерден шыққан қаламгерлер үшін Нобель және Букермен пара-пар сыйлық тағайын­дау қажеттілігі бұрыннан сезіліп келеді. Мұны аймақтағы күллі мемлекет қолға алу керек. Біз Қазақстан Президентінің ұсыны­сын БАҚ арқылы Шри-Ланка үкіметі мен халқына жеткізіп жатырмыз.

– Азия қаламгерлері форумын Шри-Ланкада да ұйымдастыруға бола ма?

– Мұндай шараны үкіметтің қолдауынсыз өткізу мүмкін емес. Өкінішке қарай, Шри-Лан­када әдебиет – саяси насихат­тың құра­лы ғана. Бізде әдебиет мәселе­лері көтерілмейді. Елімізде Парламент мүшелері кітап оқымайды. Мұндай билік сөз өнеріне қолдау білдіреді деп үміттенудің жөні жоқ.

– Қазақ еліне жасаған сапарыңыздан қандай әсер алдыңыз? Нендей ой түйдіңіз?

– Бұл – менің Қазақстанға алғаш келуім. Алған әсерім тамаша. Нұр-Сұлтан зәулім ғимараттарға толы, сәулетті әрі жасыл шаһар ретінде барша қонақтардың көңілінен шықты. Қазақтар  көмектесуге әзір тұратын, ашық-жарқын, мейірімді халық екен. Азия қаламгерлерінің форумына дейін қазақ халқының ауыз әдебиеті мұраларының бай екенінен және Достоевскийдің «Ағайынды Карамазовтар» романын жазуды қазақ жерінде бастағанынан өзге көп ештеңе білмеуші ем. Форум барысында қазақ әдебиеті туралы біраз мағлұмат жинадым. Қазір Ұлықбек Есдәулет пен Ақберен Елгезектің өлеңдерін оқып жүрмін.

– Оқырмандарымызға өмір­бая­ны- ң­ызды тарқатып айтып берсеңіз.

– Шри-Ланкада туып-өстім. Әкем – мемлекеттік қызметкер, ал анам үй шаруасындағы әйел болды. Отанымда Кади қаласындағы Киңсвуд колледжінде және Перадения университетінде математика пәні мұғалімі мамандығы бо-йынша оқыдым. Ұзақ жылдар мектеп директоры болып қызмет атқардым. Қазір зейнеттемін. Бастапқыда үлкен қалалардан шалғай аймақтарда жұмыс істеп, күріш өсірумен айналысатын кедей шаруалардың балаларын оқыттым. Олардың ауыр тұрмысын өз көзіммен көрдім. Сондықтан шығармаларымда әлеуметтік жағдайы төмен жұрттың қиын өмірін әсерлі әрі шынайы суреттеймін.

– Мамандығыңыз бойынша математика пәнінің мұғалімі екенсіз. Сонда әдебиетке қалай келдіңіз? Осы уақытқа дейін не жаздыңыз?

– Бала кезден кітап оқуды жақсы көремін. Қолыма түскен кітапты оқи беретінмін. Жас кезімде орыс әдебиетін көп оқып, қатты әсерлендім. Өйткені ол уақытта да, қазір де Шри-Ланкада орыс жазушыларының шығармалары кең тараған. Ұзақ уақыт бойы Достоевский менің сүйікті романисім болып келсе,  Горькийді қысқа әңгіме жазудың қас шебері деп есептедім.

Алғашында сингал (Шри-Ланка халқының шамамен 75% пайызы  –сингалдар) басылымдары үшін әңгімелер мен өлеңдерді тәржімалап жүрдім. Содан соң, ағылшын газеттеріне тарихи тақырыпта көптеген мақала жаздым. 1980 жылдары Кения әдебиетінен сингалшаға бірнеше роман аударып, жарияладым. Содан кейін ғана өзім әдеби туынды жаза бастадым. Әуелі әңгімелер, кейін романдар жаздым. Қазір 15 шақты кітабым бар. Бүкіл шығармам үшін маған Шри-Ланкада әрқилы әдеби сыйлықтар берілді. Туындыларымда басты тақырып –  әлеуметтік мәселелер екенін де айта кетейін. Менің жаныма бататыны – елімізде кітап оқитындардың саны уақыт өткен сайын азайып барады. Бізде ең танымал деген қаламгердің өзі жинағын бастапқыда 1000 данамен шығарады. Егер сұраныс болып жатса, кітабы тағы жарық көреді.

– «Ол өлтірілгеннен кейін» («Ikbithiwa ohu Marapiha») деген шығармаңыз «Godage» әдеби фестивалінде «Жылдың үздік романы» деп танылған екен. Бұл туындыңызда не туралы айтылады?

– «Ол өлтірілгеннен кейін» («Ikbithiwa ohu Marapiha») – 1956-1959 жылдары Шри-Ланка Премьер-Министрі болған С.В.Р.Д. Бандаранаикенің өлтірілуі туралы роман.

– Сүйікті ақын-жазушыларыңыз кімдер?

– Жоғарыда айтқанымдай, менің сүйікті жазушыларымның көбі – орыс қаламгерлері. Тіпті, Владимир Маяковскийдің көпте­ген өлеңін сингалшаға аудар­ған едім. Анджела Картер (Ұлыбри­тания), Джеймс Балдвин (АҚШ), Джеймс Джойс (Ирландия), Уильям Голдинг (Ұлыбритания), Тони Моррисон (АҚШ), Ж.М.Кут­зее (бастапқыда ОАР, кейін Аустралия азаматы) т.б. жазушы­лар­дың шығармаларын сүйіп оқимын.

– Қазақ оқырмандары Шри-Ланкадан шыққан қаламгерлерді танымайды. Сіз мықты ақын немесе мықты жазушы деп кімдерді атар едіңіз?

– Өкінішке қарай, Азия қаламгерлерінің форумында сингал әдебиетін қазақтар ғана емес, әлем халықтарының көбі білмейтінін түсіндім. Өйткені шри­-лан­калық авторлардың кітап­тары өзге тілдерге аударыл­маған. Негізі, Шри-Ланкадан шыққан көптеген ұлы ақын-жазушылар бар. Атап айтсам, Мартин Викрамасинха, Саймон Навагатхегама, Едривира Саратчандра, Моника Руванпатирана, Р Р Самаракун, Сугатапала Де Сильва, Ерик Елаяппаарачхи. Бұл тізім жалғаса береді…

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Алпамыс ФАЙЗОЛЛА

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір