ІЗДЕГЕНІМДІ ҰЛТ ӘДЕБИЕТІНЕН ҒАНА ТАБАМЫН…
11.09.2023
1399
0

Сан түрлі кітап бар. Сол секілді, кітап оқудың да сан қыры бар екен. Қалай оқиды, қандай әдебиет­тер мен шығармаларды, қай сипат­тағы материалдарды оқиды?.. Ол – оқырманның өз таңдауы. Белгілі күйші, «Құрмет» орденінің иегері Сәрсенғали Жүзбай өзі қанша оқыса да жалықпайтын туындыларды атап, әр шығарманың мәні мен қасиеті жайлы сыр шертеді.    
Кейінгі жылдары бұрынырақта оқыған кітаптарымды тағы бір парақтап, қайта айналып соғып жүрмін. Әсіресе қазақ әдебиетін жасаған тұңғыштардың жазғандарын жиі оқимын. Биылғы еңбек демалысымнан келе сала оқығаным – «Бақытсыз Жамал», «Қалың мал» романдары болды. Сосын «Ақбілек» пен М.Әуезовтің бірнеше әңгімесін сүзіп шықтым. Әдет­те, кітап оқығанда мүмкіндігінше ұқсас тақырыптарды біркелкі таңдаймын. Таптық тартыстың трагедиялары сурет­телген әдебиет­тер мен тарихи туындыларды тұтас оқуға тырысамын. «Көшпенділерді» оқысам, соңын ала «Аласапыранды» немесе «Елім-айды» (мәшһүр туындылар болған соң автордың есім-сойын қосарламайын дедім) оқуым әбден мүмкін. Деректі дүниелерді де дәл сондай жүйемен қарап шығамын. С.Мұқановтың «Өмір мектебін» оқысам, келесі оқитын кітабым С.Сейфулиннің «Тар жол, тайғақ кешуі» болатыны даусыз.
Соңғы шолып шыққаным – Әуезовтің «Көксерегі» мен Мағауиннің «Тазының өлімі» хикаяты. Қасқырдың һәм тазының өзінше ойлауы, ымдауы, әрекеті, мұңаюы мен торығуы, қуануы секілді қос шығарманы жымдастыра түсетін детальдар ерекше әсер ет­ті. Салыстыра оқысаңыз, ғажап енді!.. Бірінің жазғанын бірі үстемелегенде прозаның нағыз дәмін татқандай боласың. Негізі, әдебиетшілеріміз «Тазының өлімін» астарлы идеясы жағынан «Ақбілекке» ұқсатады. Ақбілек қазақ жұрты екен-дағы, Қарамұрт – келімсек қожайын екен. Сол сияқты «Мағауиндегі тазының тағдыры – құрдымға кетіп бара жатқан, тал қармаған, жанталасқан ұлт тағдыры», – дейді. Солай да шығар… Жалпы, суреткердің туындысы хақында айт­қанда әсіре астар іздегіш бола бергенді де жөн көрмеймін өз басым (аталған қос шығармаға қатысы жоқ, әрине).
Бұл жазушылардың еңбектерін неліктен қайталап оқығанды жақсы көремін? Біріншіден, туындыларының тіл байлығы мен құнары үшін, сөздік қорының молдығы үшін… Менің бұрнағы кітап оқуым мен бүгінгі кітап оқуым екі түрлі десем де болады. Бұрын әсерленіп қана қайтушы ек, бүгінде әр сөзге, әр сөйлемге шұқшия, құныға оқимын. Сөзден құдірет­ті не бар екен, шіркін?! Қайсыбір тұсын жат­тап алғым келгендей қайта-қайта оқитыным бар. Шолып шықтым, сүзіп шықтымнан гөрі батып оқимын десем, дәл келетін сияқты. Сөздің құдіретіне этнография, фольклор сынды құндылықтарды қосыңыз…
Халық музыкасын арқау еткен туындылар да әдебиетіміздің үлкен бір саласы екені анық. Өз жұмысым осынау ұлтымыздың ән-күйімен байланысты болған соң бұл бағыт­тағы арнаулы еңбектермен қатар, көркем әдебиет­ті де үнемі оқып отырамын. Ішіндегі радиоэфирге лайықты-ау дегенін екшеп, эфир табиғатына лайықтап ықшамдап, радиотыңдаушыларымызға ұсынып та жүрміз. Жақында «Тар жол, тайғақ кешу» романын парақтап отырып «Ықылас» деген тарауына келгенде байландым да қалдым. Апыр-ау, неткен көркем дүние, әсері қандай десеңізші! Бетпақдала… Шу… Шудың суылдаған қамысы. Жел… Қарүйдің ішінде жанған отқа қарап сөйлеп отырған Ашай батыр, Ықыласты көрген Ашай қобызшы… Әңгімеге елтіген Сәкен… Мына ғажапты қараңыз. Оқып отырғанымда радиоәңгімені тыңдап отырғандай күйде болдым. Анығы, тыңдап отырдым. Ықыластың қобыз шалған тұсында қобыз кетеді ышқына күңіреніп, желдің, қамыстың шуылын қалай келтіреді Қайсар (Қ.Тұрмағамбет, дыбыс режиссері)… Ал мәтінді оқыған дау­ыс… Дауыс – қазақтың атақты дикторы, Ә.Байжанбаевтың шәкірті Аманжан аға Еңсебаевтікі. Дәл солай жасадық. Аманжан ағаның қою дауысы, қобыздың қоңыр үні, табиғат­тың үні, бәрі-бәрі астасып, әңгіме басқа бір дүниеге айналды да кет­ті. Алдағы күнде Т.Әлімқұловтың «Кертолғау», «Телқоңыр» әңгімелері мен «Тар жол, тайғақ кешудегі» «Әупілдек» әніне қатысты үзіндіні осылайша музыкалы әңгіме ретінде радиоэфирге дайындасақ дейміз.
І.Жансүгіровтің «Құлагерін», «Күйін», «Күйшісін», Мағжанның «Қорқытын», «Қойлыбайын», Ж.Нәжімеденовтің күй жайлы өлеңдерін де үнемі оқып отырамын, қанша оқысам да жалықпаймын. Хабар жасардың алдында күйдің әлеміне ендіреді, жерден басқа планетаға әкетеді.
Басқа планета демекші, «не оқып жүрсіз?» дегесін іле кетейін, осы жақында ғана бақсыға қатысты әңгіме, дерек іздеп отырып, Созақтың белгілі күйшісі, Сүгірдің шәкірті Фәйзолла Үрміздің өзінің өнернамасы жайында жазып қалдырған кітабы ілінді қолыма. Оқығанымнан оқушыға оймақтай ой тастайын. Ішінде бақсыға қатысты аңыз-шыны аралас әңгіме бар еді, соны іздеп таптым. Әңгіме – XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың бас кезінде Арқа мен Қаратауда өмір сүрген атақты Тіней бақсы жайында. …Байдың жалшысы азанда қойды өріске айдап шығады да сол күйі жоғалады. Қой да жоқ, қойшы да ұшты-күйлі жоқ. Ел аң-таң! Мұндай да болады екен ау?! Ал жалшыны алапат жын көтерген-дағы, көтерген күйі жындардың мекені – Қойқап тауына апарған. Сол жерде жындардың патшасы қойшыға қобыз ұстатып, бақсылық дарытып, жындар қосып беріп еліне қайта әкеп тастайды. Сол бақсы қарт Қаратауда беріге дейін өмір кешкен екен дейді. Әңгімені оқып отырып ертегі-қиссалардағы естігенім санамда қайта оянды. Мұнда Қойқап тауы – жындардың мекені. «Қойқап тауын өрлеген, Қаптың тауын жерлеген, Арқадан шайтан айдаған, Жын-шайтанды байлаған», – деп келетін бақсы сарындарында да Қойқабыңыз – жын мекен еткен тау. Сарындағы Қап тауын қазақ Кавказ тауы деп те айт­қан. «Мәкән қылған Қап тауын диу пері, еш адам барған емес одан әрі», – деп келетін Ғазиздың әні – қазақ әнінің классикасы. Ал ақын І.Жансүгіров бір жырында Кавказ тауын Қойқап тауы депті. Онда да жын мен пері мекендейді. «Құлар еді шапқанда, Қойқаптың тауы, тасы да», – деген жолдар «Алпамыс батыр» жырында да кез­деседі. Белгілі ақын Т.Тәшеновтің «Буырқану» ат­ты өлеңінде: «Қойқапта жатқан қара жын», – деген тармақ бар. «Бұл не сонда, не қылған тау, не қылған жын бүкіл фольклорымызға, өнерімізге, тіпті бертінгі поэзия, прозамызға дейін еніп кеткен?» деп ойға қалдым. Міне, қазақтың мифіне сенсек, әлгіндегі басқа планета, басқа әлем бар болып тұр ғой. Бізге беймағлұм дүние көп-ау әсілі!
Ал енді әдебиет дегенде, әлем әдебиеті де бар. Тап бүгін бұл өлкеге мойын бұруға мұршам жоқ. Дәл бүгін мен ұлтымыздың сөз мәйегіне шөлдеген бір жанмын. Сіміре берсем, сіміре берсем… Кешегі атам қазақ қалай сөйледі, сөйлеу мәнері қандай еді, ойы, пайымдауы қалай еді? Мен мұны тек ұлтымыздың әдебиетінен ғана табамын. Өзім музыкант болғасын ба, сөйлем емес, сөздің өзінен әуез естігендей боламын. Мысалы, Аягөз, Назқоңыр, жазғытұры, қозыгөш, алғарагөк (айтылуы бойынша жазып отырмын), сыбызғы, кеңжайлау, сарыжайлау, бозінген, көкжиек, желдірме… Қараңызшы, әр сөз әндетіп тұрады, құлаққа әндей болып естіледі. Ақ ат­ты «ақбоз ат» дейді-дағы, ақ түйені ақбоз демей, «ақ түйе» дейді («Ақ түйенің қарны жарылған күн»). Ақбоз түйе десе не болғаны?! Жылқы малының түсіне қарата айтылған күрең, жирен, шұбар, қарагер деген сөздер де әуезді естіледі. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Айт­қым келгені, ана тіліңнің ғажайыбын, қасиетін, құдіретін тани түсу де бір ғажап күйге бөлейді! Белгілі ақын, аудармашы Дәурен Берікқажыұлы өзінің фейсбук парақшасында жазушы Өтебай Қанахиннің «Қарт сарбаз хикаясынан» бір ғана сөйлем – үзінді келтіріпті. Түртіп алған едім. «Мен ой үстіндемін. Көрген-білгендерімді көз алдымнан өткізіп қарап едім, сонда, жайқалған майсалы шалғын, желпінген көк бидайық, сілкінген боз жусан, иілген құба тал, үйірілген ну қамыс, тербелген қалың қоға, судыраған жасыл құрақ, көлкілдеген көк ши, ырғалған қызыл жыңғыл, ызыңдаған қара және ақ шеңгел – бәрі де келмеске кеткен менің балалық шағымды құлағыма сыбырлап тұрғандай бола ма?». Міне, әуез! Аударма демекші, Дәурен Берікқажыұлы тәржімалаған «Норвег орманы» (Х.Мураками) мен «Бұлбұлды» (К.Ханна) тауып оқысам деймін.
Сөз соңында айтарым, кітапты мақтан үшін оқуға болмайды. Олай оқу зая. Оқыған адам оқығанын білдіріп отырары хақ, бірақ сол мақтан үшін болса жиіркенішті, тұрпайы көрінеді де, шынайы болса сүйкімді, парасат­ты көрінеді. Оралхан Бөкейдің бір әңгімесі бар ғой, ауылдағы бір адам жанталасып айдаладағы қора-қопсыны қазып, бірдеңені іздейді де жүреді. «Бірдеңесі» – алыпқашты естіген көмбе алтын. Жылдар өтеді. Ол күндегі бала есейіп оқуға түсіп, бір күні оқуын тәмамдап, ауылына келеді. Келгенде баяғы қора қазып, «бірдеңе» іздеп жүретін кісіні жолықтырады. Есіне түсіп: «Аға, баяғы іздегеніңізді таптыңыз ба?» – деп сұрамай ма… Сонда әлгі кісі: «Қара танымайтын мені қойшы, атақ, білім, дәреже іздеп ауылдан кетіп едің ғой, сол іздегеніңді таптың ба өзің?» – депті. Сол айтпақшы, біз де кітап шіркіннен «бірдеңе» іздеген пақырмыз ғой… Ең бастысы, оқушы кітаптан нені іздеу қажет­тігін білгені жөн деп ойлаймын. Ол – парасат! Ал табу, таппау – басқа әңгіме!

Сәрсенғали ЖҮЗБАЙ,
күйші

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір