Оралханды қайталап оқи бергің келеді
27.09.2019
1796
0

Нағыз жазушыны қандай ерекшеліктеріне қарап тануға болады? Бұл орайда әдеби сыншылардың көркемдік өлшемдері тұрғысынан өз айтары бар. Әйтсе де, қарапайым оқырман үшін нағыз жазушы шығармалары арқылы жүрегіне жол таба білуімен айқындалмақ. «Талғам-таразы» айдарының кезекті «оқырмандарына» әдеттегідей өз сауалдарымызды жолдағанбыз. Сөйтсек, қаламды серік еткен қос ақын да Қазақ әдебиетінің Кербұғысы – Оралхан Бөкейдің шығармашылығы жөнінде ой толғапты. Иә, нағыз жазушы үшін ең басты өлшем – оқырман махаббаты. Бұл – қарапайым да болса еш талас тудырмайтын ақиқат.

Қойлыбай АСАНҰЛЫ, ақын

Оралхан шығармаларынан тереңде жатқан рухани тұтастықты байқайсыз

1. Қазақ прозасын бала күні­мізде көп оқыдық. Әри­не, қазір ол кездегі шығарма­лар­ды кеңес идеология кезінде жазылған ғой дейтіндер көп. Айтты-айтпады, ХХ ғасыр – Қазақ әдебиетінің қалыптасып, дамыған, кемелденген кезі болғандығы ақиқат. Бала кезде талғам таразысына салып жатпаймыз, қолымызға түскенін оқи бердік. Бәлкім, содан болар, аз да болса таным, түйсігімізге сәуле ертерек түсті. Сөзге үйір болып, тілдік қорымыз ұлғайғаны рас. Әлі күнге сол сәуленің қуатымен келе жатырмыз. Есейе келе судың тұнығына ұмтылған жылқыдай, жанымызға жақын, санамызға ой саларлық кітаптарды іздей бастадық. «Менің атым – Қожа», «Жабайы алмаға» тамсанып жүріп, Бейімбеттің, Ғабиттің шығармаларына ауыстық. Әлі есімде, 9-10 сыныптарда оқып жүрген кезімізде шашымызды желкеден асырып қоя беретін едік. Ғажайып туындыларымен жан-дүниемізді баураған Оралханға елік­теген түріміз. Сол Оралхан ағамыздың қаламгерлік қуатын, жазушылық шеберлігін ерекше атаған болар едім.

Оралхан Бөкей шығармашы­лығы – таныс әрі бейтаныс әлем. Көз алдыңда көлбеңдеп жатқан өмір суреттері болмысты баяндап қана қоймайды, оқырманға қиялдау, ойлану, мұңаю, өз-өзіңмен сырласу мүмкіндіктерін сәт сайын сыйлайды. Жазушының қиял қанатымен біраз жерге барасың, одан кейін өз қиялыңмен әрі қарай самғайсың. Міне, Оралхан қолтаң­басының құдіреті осында. Оралхан шығармасын оқып біткен сәтте: «Еһ, өмір деген осы екен ғой…» – деген ой санаңда қылаң беріп тұрады.

2. Мен – Оралханның қағазға жазылып, кітап болып шық­қан барлық шығармасын оқы­ған адаммын. Аңызақ күннің астында шөлім қанбай қалған жанмын. «Шіркін-ай, Оралхан қырық тоғыз­да емес, алпыс тоғызында немесе жетпіс тоғызында өмірден өтсе, Қазақ прозасына тағы қандай дүниелер келер еді…» – деп армандаймын.

Оралхан шығармалары – тұтас панорама. Бөліп қарауға болмайды. Бірін-бірі толықтырып, бір-бірімен үйлесім тауып тұрған алып сөз күмбезі. «Бәрі де майдан», «Мұз­тау», «Құм мінезі», Ауыл хикаялары», т.б. шығармаларынан көзбен көріп, қолмен ұстайтындай айырма­шылықты, аласасын, биігін көрсетуге болар. Бірақ көңіл түйсігі, талғам таразысына салсаңыз, беймә­лім, тым-тым тереңде жатқан ұлы рухани тұтастықты байқарыңыз сөсіз.

 

Гүлбақыт Хасен, ақын:

Ішкі дауысым: «неге біз осы…» деп маза бермейді

ІШКІ ДАУЫСЫМ «НЕГЕ БІЗ ОСЫ…» ДЕП МАЗА БЕРМЕЙДІ

1. Кейде, адам өзінің кіндік қаны тамған топырағына тартып туа ма деген ойға бойласам, Оралхан Бөкей дегенде, көз алдымда асқар Алтай, оның сұлу табиғаты елес береді. Көкшетаудың асқан сұлулығы – сыршыл ақын Сәкеннің, жұмақ мекен Жетісудың тіл жетпес көркемдігі Ілиястің жырларына өзек болғандай, өр Алтайдың келісті кескіні Оралханның шығармаларынан айқын көрінеді. Киелі мекеннің көздің жауын алатын тұмса табиғатымен жаны егіз суреткер әдебиеттің көкжиегін кеңейтті, қазақ прозасын шырқау көкке көтерді.Менің әдебиетке, сөз өне­ріне деген сүйіспен­шілігімді оятқан һәм үлкен құрметпен оқитын сүйікті жазушым – Оралхан Бөкей. Әлі күнге дейін шығармаларын қайталап оқимын, оқыған сайын сөз құдіретіне, жазушы шеберлігіне бас иемін. Шерхан Мұртазаша айтсақ: «Олар: жасқа – ақыл, кәріге қуат береді. Бақытқа бақыт қосады. Бақытсызға медет болады».

Көркем сөз өнері қас шеберінің жүрек тілімен кестелеген әр туындысы жаныма жақын. Себебі, онда шынайылық бар, тазалық бар. Оралхан Бөкейдің өзі: «Менің повестерімдегі, әңгімелерімдегі барлық сюжеттер туған жер туралы естеліктер, жас шақтағы болған оқиғалармен байланысты. Менің жерлестерім – қазақтар – мінездері бірқалыпты, адал және жүректері ашық адамдар», – деп жазады. Әр адамның жүрегін туған жерге деген махаббат пен сағыныш кернері тұрары сөзсіз. Міне, мен оның шығармашылық қолтаңбасының ерекшелігі де осы деп білемін.

2. Оралхан Бөкейдің көптеген шығармаларын жаныма жақын дей аламын. «Жетім бота», «Қар қызы», «Қайдасың, қасқа құлынымды» студент кезімізде жата-жастана оқыдық.

Ерекше ықыласымды аударған туындысы – «Атау кере» повесі. Екі мәрте оқыдым. Осыдан сәл уақыт бұрын тағы бір парақтап шықтым.

Қаламгер үшін ең басты дүние – жүрек тазалығы шығар деген ойға қаламын. Мен өзім ақын ретінде жүрегімді сәл нәрсе кірлеткенде, кіршіксіз тазалықты балалық пен табиғаттан тауып алатындай болам. Сондықтан да шығар, балалығым қалған ауылға, сұлу табиғатқа құштар болып тұрам. Осы орайда кейіпкер Тағанның «Табиғат – мәңгілік тірі, өтірік айтпауды, алдап-арбамауды табиғатан үйрену керек, өйткені ОНЫҢ (табиғаттың) жүрегі таза», – деген сөздері менің ойымды растай түскендей болады.

Тағы да Тағанның: «НЕГЕ БІЗ ОСЫ…» деп басталатын ойлы сөздері еріксіз ойландырады. Оның: «Оу, ағайын, ес-ақылдарыңды жиыңдар! БІЗ қатыгезденіп барамыз. БІЗ имансызданып барамыз. БІЗ айналайын анамыздың ақ сүтін ақтай алмай жүрміз, бір күнгі қызды-қызды қызыққа мастанып, тасыраңдап кеттік, көзімізді шел басты, көңіліміз көр, жігеріміз құм болып, құрдым дәуреннің әләуләйін шырқап жүрміз; тамаша өмірдің тасқынымен ығып, ығысып ағамыз келіп, ағысқа қарсы жүзу не жағалауға қарай ұмтылу жоқ…» – деген жанайқайы дәл бүгінгі күннің мінберінен айтылып жатқандай әсер қалдырады.

Жазушының бұл туындысында ұлт тағдырына қатысты адамзаттық мәселелердің қозғалуы да мені ақын ретінде де, мемлекеттік қызметші ретінде де көп ойға батырады, толғандырады.

Кейде менің де ішкі дауысым «Неге біз осы…» деп жүрегіме маза бермейді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір