Ж.Хамай: Қайта тусам, ғалым-монах болар едім
Пруст сауалы vs «Қазақ әдебиеті»
Жүкел Хамай, ақын:
– Адамның басты қасиеті не деп ойлайсыз?
–Пайғамбардың «Жұмағы», Адам-Ата – Хауа-Ана, Абайдың «боқ» деген теңеуі, Тыныштықбектің «Ес», «Жұпарына» дейін, біз оқыған Маркстың «Адам-капиталына» дейін бәрі де «Ар» ұғымына тіреледі. Қасиет – Ар. Қасиет – адамның жеке-дара бітімімен жаратылатын дүние. Біреуге «сен қасиеттісің» не «сен қасиетсізсің» деп айтқанның өзі – соны айтқан адамның «қасиетін» танытады.
– Ер азаматтың басты қасиеті ше?
– Шаңырақ көтеру, дұрыс жар таңдау, баланы дұрыс тәрбиелеу.

– Бақыт деген ұғымды қалай түсінесіз?
– Бақыт адамның өз бойында.
– Сүйікті әдеби кейіпкеріңіз кім?
– Абай шығармасындағы –Түңлікбайдың қатыны Шәріп пен Қабдештегі –Көнекбайдың кемпірі.
– Ең басты кемшілігіңіз не?
– Әсіре еркіндігім.
– Бос уақытыңызда немен айналысасыз?
– Менде бос уақыт деген түсінік болмайды. Оны ұқпағам да.
– Өмірге екінші рет келсеңіз, кім болуды қалар едіңіз?
– Мен – буддизмді жақсы игерген, Будда мен Абайды салыстырған адаммын. Қайта туғанда ғалым-монах болар едім.
– Қандай елде өмір сүргіңіз келеді?
– Алтайда ғана.
– Қандай ерекше қабілетке ие болғыңыз келеді?
– Онсыз да маған Тәңірі түгел түйсікті берген. Ақыт қажы ағам да осындай болған. Тамырыңды ұстат, не боларын, не болғанын тамырыңнан айтып берейін.
– Қандай сәттерде осалдық танытасыз?
– Топтың дүрмегінде.
– «Ғайыпқа сену» дегенді қалай түсінесіз?
– Ақыл-ойда ғайып болмайды, ғайып – тәнде. Мен ақылмен достасып кеткенмін.
– Не нәрседен жиіркенесіз?
– Өтіріктен, қарнын жалған үрлеуден.
– Сіз үшін ең ұнамсыз тарихи тұлға кім?
– Мен Жаратушы емеспін.
– Жиі айтатын қанатты сөзіңіз?
– Иттің құйрығын ит көтереді.
– Көзіңізге жиі жас аласыз ба?
– Иә, жас ұлғайған сайын көз суы кірпікке жақын тұрады екен. Жуықта Дулаттың (Исабеков) Аягүлді (Мантай)маңдайынан сүйіп тұрғанын көріп, көз жасымды бір төгіп алдым.
– Үнемі есіңізде жүретін Абайдың бір сөзі…
– «Әсемпаз болма әрнеге…».
– Қазіргі адамдардың бойынан қандай қасиеттер жоғалып барады?
– Адам болу.
– Біздің заманымыздың мықты ақыны кім? Мықты жазушысы ше?
– Сұрақ екіұшты екен. Қазіргі күнгі десең, Тыныштықбек. Ол – менің күндесім!
– Жас қаламгерлердің бойынан қандай артықшылықтар мен кемшіліктерді көріп жүрсіз?
– Бірін-бірі көтеретіндері – тәтті, сонан бөлінетіндері – ащы! Ол – жастардың қателігі емес, бізде шынайы әдеби орта жоқ.