«Ұлы норвегтердің» қайта оралуы
18.10.2023
402
1

«Мен өмірдің құпиясы туралы жазғым келеді.
Оңай тәсілмен жауап тапқым келмейді,
жұмбақ қалдырғым келеді»
Ю. Фоссе

Қазан айы жете, «Швед патшалық академиясы» жылда өтетін дәстүрлі нау­қанына нүкте қойып та үлгерді. Күллі әлем демін ішіне тартып, асыға күткен ұлы шешімдердің жауабы да шықты. Аты оза шауып, есім-сойы елден ерек көрінгендердің қатарында Клаудия Голдин (Экономика), Наргиз Мохоммади (Бейбітшілік саласы бойынша), Каталин Карико, Дрю Вайсман (Медицина) сынды бірқатар ғалымдар бар. Ал американдықтар болса биыл «Химия­ны» ешкімге бермейміз» деп шешіпті (Мунги Бавенди, Луис Брюс, Алексей Екимов). Былай қарасақ, бәрі дәстүрлі қалпында табысталған сияқты. Батыс пен Америка ғалымы үшін, шығыс әлі «аяқтай алмаған соғысы» үшін алды. Тек арасында бір сала ғана өз әлемінде, ғарыштық кеңістікте жүр. Ол – әрине, Әдебиет саласы.
Иә, биыл Әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығын норвег жазушысы, драматург, ақын Юн Фоссе иеленді. Нобель комитетінің тұрақты хатшысы Матс Мальм шешімді қолына алып: «Мен қазір ғана Юн Фоссе мырзамен телефон арқылы сөйлестім. Ол Бергеннің солтүстігіндегі бір ауылға кетіп қалыпты. Сонда да мен онымен желтоқсанда өтетін шара жайында талқылап үлгердім. Ол өз ризашылығын жеткізді… Сонымен Юн Фоссе «пьесасы мен прозасындағы тілмен сипаттауға келмейтін новаторлығы үшін марапатталады».
Ал академия шешіміне автор: «Шынын айтсам, анау айтқандай таңғалатын нәрсе емес сияқты. Күтпегенім рас. Бірақ сыйлыққа менің 2013 жылдан ұсынылып келе жатқанымды ескерсек, белгілі бір деңгейде дайын болдым. Содан бері он жыл өтті. Бірақ дәл биыл береді-ау деген үміт те аз болды», – дейді.
Нобель тарихына көз жүгіртсек, бұл норвег халқының әдебиет саласы бойынша алған төртінші Нобелі. Бұған дейін Фоссенің отандастарынан атақты Б. Бернсон (1903), К. Гамсун (1920) және С. Унсеттер (1928) Нобельді иеленген болатын. Араға 95 жыл салып, скандинавия әдебиетінің рухы қайта әлем көгінде қалықтады. Нобель алмаса да, әлем әдебиетінен ойып тұрып орын алған, ұлы драматург, жазушы Генрих Ибсеннің рухы тағы бір аунап түскен болар деген ойда қалдық. Орыс жазушылары Гоголь­дың «шекпенінен» шыққаны сияқты, бұлар да Ибсеннің тәлім-тәрбиесінен шыққанын ешқашан жасырған емес. 2018 жылы «АфишаДейли» сайтынан берген сұхбатында Ю.Фоссе: «Әлем Ибсеннің шығармаларын таласа-тармаса қояды. Мен соның көлеңкесінде өстім. Ибсен қойылса, мен де қойылатын дәрежеге жеттім. Ибсен біздің шығармашылық шкаламызға айналды», – деп абыз драматургке жоғары баға береді. Абайдың «Жақсы ұстаздан…» дегені осы болса керек.
Сонымен Юн Фоссе кім және оның қандай шығармаларын оқу керек?
Юн Фоссе (Джон Фоссе) – норвегиялық прозаик, ақын, драматург, аудармашы. 1959 жылы Норвегияның Хегусене коммунасында дүниеге келген. Бірақ балалық шағы Страндебармеде өтеді. Жеті жасында өмірін өзгерткен аса ауыр трагедия болады. Және бұл хәл оның кейін әдебиетке келуіне қатты ықпалын тигізеді. Студент кезінен әдебиетпен шұғылданған ол 1980 жылы Берген университетін әдебиеттану бойынша үздік тәмамдайды. 1983 жылы алғашқы романы – «Қызыл, қара» жарық көреді. Араға екі жыл салып «Тыйым салынған гитара» романы да оқырмандардың ыстық ықыласына бөленеді. Жазудан жалықпайтын Фоссе үшін сексенінші жылдар осымен аяқталып қалмайды. Ол романдарды бірінен кейін бірін жазады. «Қан. Тас» (1987), «Жүзген үй»  (1989 ), «Шексіз кешігу» (1989), «Шайқалған кеме» (1989) – бәрі де осы жылдары жарық көреді. 90-жылдан бастап, 2000-жылға дейін он роман жазса, 2000-жылдан бастап бүгінгі күнге дейін тағы оншақты роман жазған. Жалпы қоржынында 30-ға жуық роман, 26-ға жуық пьесасы бар. Алғашқы романын он күнде жазып шыққан. Өзі айтқандай: «Мен жазып отырғанда не жазып отырғаным анық ойыма келеді. Сұлбалары, шамамен осылай болады-ау деген нәрсе болмайды. Бірден жазып тастауға тырысамын», – дейді.
Том-том романдарына қарамастан, Фоссені танымал еткен оның драматургиясы. Ол 21 ғасырдың ең танымал әрі ең көп сұранысқа ие драматургі. Оның пьесалары әлемнің түкпір-түкпірінде, атап айтсақ, Ресейде, Қытайда, Жапонияда, Америкада жиі қойылады. Оның драматургиядағы алғашқы серпілісі 1999 жылы «Біреу келе жатыр» (реж: Клод Реиджи) спектаклімен басталған болатын. Мұндағы қызғаныш пен жантүршігерлік бопсалау тақырыбы сол тұстағы француз қоғамына үлкен жаңалық боп енді. Драмадағы Фоссе сингуляризмі атақты британдық драматург Сара Кейннің әсерінен болған деген пікір де бар. Сара шығармашылығының әсерін Фоссенің өзі де жасырмайды. Дейтұрғанмен «ондағы алкоголь мен секс тақырыбы тым жалаңаш көрсетіледі, маған сонысы ұнамайды» деп Сара драмасына пікір танытқан да осы – Юн Фоссе.
Қалай айтсақ да Фоссе – жанкешті, еңбекқор жазушы. Оның шығармашылық жолына қарап-ақ, қаламы бір сәт «қалғымағанын» байқаймыз. Жапон мэтрі Х.Мураками «Жазушылық кәсіп сияқты» эссесінде «әдебиетке жарқ етіп бір-екі романмен кіру оңай. Мәселе сол, онда өміріңнің соңына дейін қалып қоюда ғой» дейді. Осы тұрғыдан Фоссе А.Чехов, Дж. Джойс, С.Беккет, Т.Бернхард, Г. Гесселермен қатар тұрған жазушы.
Юн Фоссе жазушылықпен қатар ұзақ жылдар бойы ұстаздықты да кәсіп еткен. Ол Еуропаның бірнеше танымал университетінде сабақ берген-мыс. Фосседен сабақ алған шәкірті, бүгінде атағы аспандап келе жатқан тағы бір норвегиялық жазушы Карл Кнаусгор. Ол биыл өз ұстазымен қатар Нобель бәйгесінің алдыңғы қатарынан көрінді. Алдағы он жылдық болмаса да, жиырма жылдықта Нобель алып қалуы мүмкін деген болжамдар да жоқ емес. Өйткені Карл Кнаусгордың беталысы да жаман емес. Оның «Менің күресім» атты алты томдық еңбегі әлемнің жиырмадан астам тіліне аударылып үлгерді. Жақсы шәкірт ұстазынан озса керек.
Фоссе өзін оқығысы келетін оқырмандарына «Тыйым салынған гитарадан» (1985) бастауға кеңес береді. Бұл Фоссенің екінші романы. Шығармада жас ана пәтерінен шахта жаққа қоқыс төгуге шығады. Қайтарында шахта жабылып қалады. Ал оның құндақтағы баласы үйде жатыр. Енді анаға қайтсе де шахтадан шығу керек. Каф­калық тәсілмен жазылған бұл шығарма, өмірдегі тұрмыстық жағдайға негізделе отырып, адамды ар заңының алдына сүйрейді. Шығарма шағын, оқуға ыңғайлы. Бәрі жақсы көретін «Фосселік минимализм­мен» жазылған. Бұдан бөлек автордың «Ұйқысыздық», «Септология» сынды шығармаларын да әлем оқырмандары таңдап жүріп оқиды. Әр кезеңде жазылған шығармалары әртүрлі тақырыпты қаузайды. Феминизм, нигилизм, саяси гендер, тоталитарлық жүйе, ұлы рухани аштық, т.б.
Сөз соңында айтарымыз, викингтер мен Андерсонды, русалка мен Ларс Фон Триерді, басы Альфред Нобельдің өзі аяғы Грета Тунберг сияқты генийлерді шығарған скандинавия халқы әдебиетке де бай екенін тағы бір дәлелдеді. Өз ұлттық мұрасын құрметтеген және оған аса ұқыптылықпен қараған елдің ғана болашағы жарқын болмақ. Өйткені миф дегеніміз ол –уақыт пен сана. Ұлт идентификациясының жалғыз негізі.

Жантас ЕРКІН

ПІКІРЛЕР1
Аноним 19.10.2023 | 17:48

Назарбаев бұл сыйлыққа өзін сегіз рет ұсынып еді. Содан бері он бір жыл өтті. Биыл береді-ау деген үміт онда да болды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір