Төр Алтай — объективте
16.08.2019
844
0

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» («Киелі жерлер географиясы») жобасын жасау жөнінде бастама көтерді. Жоба аясында киелі жерлердің мәдени-географиялық белдеуі құрылған. Соның ішінде Берел қорымдары мен Мұзтау да бар. Туризмді дамытуға таптырмайтын аймаққа, тұмса табиғаты мен терең тарихы баурап алатын киелі мекенге еліміздің әр қиырынан фотографтар арнайы барды. «Киелі Алтай: Берел-2019» атты фото турды республикалық «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі, «Шығыс Ақпарат» медиахолдингі, «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультеті бірлесіп өткізді. Көз жауын алар суреттерге сіз де көз салыңыз.

Асылхан Әбдірайым, республикалық «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, жоба жетекшісі:

– Биыл «Жастар жылы» ғой. Біздің құрамның басым бөлігі де – жас фотографтар. Оның ішінде көпшілік ортасында, әлеуметтік желілерде танымал болып жүр­ген талантты жастар да бар. Мақсатымыз – шығыс өңірінің киелі жерлерін, атап айтқанда «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайын жас фотографтардың көзімен түсіріп, болашақта Өскеменде, Семейде, Алматыда фотокөрмеге қою, әрі осы өңірдегі туризм саласына үлес қосу, насихаттау. Осындай табиғаты керемет тарихи өңірді елімізге және әлемге таныстыру.

Ерболат Шадрахов,
«National Geographic Qazaqstan» журналының шеф-фотографы:

– Табиғатты түсіру үшін баратын жердің суреттерін ғаламтордан қарап шығып, «Кім түсірді?», «Қалай түсірді?» деген сұрақтарға жауап іздеймін. Сосын, сол тауға, көлге қай мезгілде, қай қырынан барсам деген ой туындайды. Ол тауды ғаламтордағы карталардан үстінен, жанынан, қырынан толық қарап шығам. Табиғатты түсіруге көп дайындық керек. Ауа-райының қолайлылығын, жарықтың түсуін күту қажет. Табиғат көріністерін суретке түсірушілердің көбі күз бен қысты ұнатады. Өзім көктемде түсіргенді ұнатамын, жақсы локация мен ракурстар болмаса, көп түсірмеймін. Сондай-ақ, табиғатқа шыққан фотограф кез-келген күн райына сай киім алып шығуы тиіс. Өйткені, оның
ойында тек түсіретін жер ғана болуы қажет, сонда ғана жақсы сурет шығады.

Мерей Қайнарұлы,

Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газетінің жауапты хатшы-орынбасары:

«Катонқарағай» Мем­лекеттік ұлттық табиғи паркінің қолда­у­ы­мен австриялық тас жолға шықтық. Бұл жол 1915-1916 жыл­дары Бірінші Дүниежүзілік соғыс­та тұтқынға түскен венгрлердің, австриялықтардың күшімен, таза қол еңбегімен, ешқандай техникасыз салынған. Қариялар бұл жолды «Қытайға тура өту үшін стратегиялық мақсатта салған», – дейді. Марқакөл жаққа өте берген тұсқа тұтқындар табиғи бояумен қыздың суретін салған. Бүгінде әлгі жер «Қыз суреті» деп аталады. Бір ерекшелігі – суретке қай қырынан қарасаң да, бірдей көрініс береді.

Берел – тылсымға толы мекен. Екі дәуірдің құпиясын жұтқан обалар. Патшалар алқабы. Жан-жағын қоршаған таулар. Сарқырап, күркіреп аққан асау өзендер. Қалың ормандар. Мұның барлығы – біз әлі толық біле бермейтін Берелдің сиқырлы жаратылысы. Мыңжылдықтар тарихын арқалаған Берел қорымы – Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары қатарына енген қасиетті мекен. Деректерге сүйенсек, Берел қорымындағы обалардың ішінде қайталанбас ерекшелігі бар №36 оба екені жазылады. Онда жылқы мен оның марал мүйізінен жасалған әшекейлер мен әбзелдері табыл­ған.

Жания Сегізбаева,

«Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің Бас қор сақтаушысы:

– Бұл жерде екі дәуірдің жерлеуі дәстүрі көрініс тапқан. Сақ дәуірі және Түрік дәуірі.
№11 оба – бүкіл әлемге әйгілі. Бұл жерді 1998 жылы қазып, зерттегенде әйел мен ер адамның және 13 жылқының сүйегі табылған. Ер адамның жасы 35-40, ал әйел адам шамамен 70 жаста болған. Содан ДНК генетикалық зерттеуін жасағанда, олар анасы мен баласы болып шығады. Бұл ер адам патша болды деген жорамал бар. Ол кісі басынан жарақат алған және сол дәуірдегілер ота жасауды да білген.

Жылқыларға келсек, екі қабатта орналасқан. Астыңғы қабатында жеті жылқы, үстінде алты жылқы. Осы сандар адамның деңгейін белгілейді. Он үш жылқы жерленсе, он үш тайпаны басқарғаның білдіріп тұр. Қайтыс болғанда, әр тайпа бір аттан сыйлаған. Екі қабаттың ортасы және беткі қабаттары толығымен қайың қабығы және антицептикалық шөптермен қапталған. Жалпы, Берел қорғандары «мәңгі тоң басқан обалар» деген атаумен әлемге әйгілі. Соның арқасында органикалық заттары сақталған. Еті, терісі, іш-құрылысындағы шөпке дейін қаз-қалпында. Мұзды қабатының пайда болуы – тастардың әсерінен. Тастарды арнайы балықтың қабыршығы тәрізді орналастырған. Жаңбыр жауған сайын су астына қарай құйылады. Содан суық түскенде мұз болып қатады. Бұл – сол кездегі жасанды мұз қабаты. Демек, тас­тар термостың рөлін атқарған. Төбеден жылуды, астынан суықты өткізбеген.Термобаланс болған. Өкінішке қарай, тонаушылардың кесірінен термобаланстың бар­лығы бұзылған.

Нұрманбет Қизатұлы,

қазақ фотожурналисти­касының ардагері:

Біз Берел ауылының табиғатын, халқын, тұрмыс-тіршілігін фотосуретке түсіріп қайттық. Үйлер тұтастай ағаштан тұрғызылған. Тіпті, шатырына дейін тақтаймен жабылған. Тұрмыстары жаман емес. Сұрастырып көрсек, қолөнермен айналысатын қарт кісілер де кездесті. Бие байлап, қымыз сапырып отырған, өрім өретін, ұсталық жасайтын жандар да бар екен. Қазақы қалпын сақтап отырған ауыл. Қоныстанған жерінің өзі – құтты мекен дерсің! Жан-жағын тұмса табиғат қоршаған. Сайында – сарқыраған өзен, айналасы – асқақтаған орманды тау. Сүйсініп қайттық.

Қаракөл (Язевое көлі) – Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай әкімшілік ауданы, Қараайрық ауылынан солтүстікке қарай 12 шақырым қашықтықта орналасқан. Мұзтауға барар жолда жатқан айдын көлді қоршаған тау баурайы қылқан жапырақты орман болса, биіктеген сайын альпілік шалғынға ауысады. Көл атауы айтып тұрғандай, язь балығымен әйгілі. Салмағы 3 келі болатын язь осы көлді ғана мекендейді. Қаракөл теңіз деңгейінен
1685 м биіктікте орналасқан. Ұзындығы – 3 км, ені – 800 м, тереңдігі – 10 м.

Судың түсі жасыл-сары. 2 шағын бұлақ пен бастау құйып, Язевая өзені ағып шығады.

Жансия Сүндетбаева, «Катонқарағай» Мемлекеттік ұлттық табиғи паркі
«Рахман» орманшылығының мемлекеттік инспекторы:

«Қаракөлге жыл сайын әлемнің әр қиырынан келетін туристер саны көбеймесе, азайған емес. Дәл осы тұстан Мұзтаудың көлге түскен керемет келбеті ашылады. Шетелдіктер де, өзіміздің халық та осы көріністі көруге жаз бойы үзіліссіз келіп жатады. Көлдің суы жазда жылы болғандықтан, суға түсіп, балық аулайды. Мұнда табиғат сұлулыққа тұнып тұр. Жері – флора мен фаунаға бай. Еліміздің «Қызыл кітабына» енген өсімдік түрлері де осы Қаракөл маңындағы жоталарда көптеп өседі. Таудағы орманды алқаптың шыршалары мүктеніп, айналасын мүлдем басқа күйге бөлеген. Бұл ауаның соншалықты таза екендігін көрсетеді».

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ,

Шығыс Қазақстан  облысы

 

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір