АДАМНЫҢ ІШЕК-ҚАРНЫН АҚТАРЫП ТАСТАЙТЫН ШЕБЕР ЖАЗУШЫ
13.09.2019
1462
1

   «Мен бойымдағы жақсы қасиеттер үшін кітапқа қарыздармын», – депті Максим Горький.  Кітап оқудан қалған адам рухани дертке шалдығады. Ол надан, көрсоқыр жанға айналады. Кітап оқудан тыйылған ой ойлаудан да тыйылады. Ал, ойсыз адам – өте қауіпті…

 «Талғам-таразы» айдарының бүгінгі «оқырманы» – жас жазушы Аягүл Мантай. Сұрақтарымыз әдеттегідей өрбіді: Қайталап оқудан жалықпайтын сүйікті жазушыңыз кім? Оның шығармашылық қолтаңбасының ерекшелігі неде? Жазушының қай шығармасы жаныңызға ерекше жақын?

Аягүл МАНТАЙ, жас жазушы:

1. «Жазушы оқырманның санасын сілкілеп, ұйықтап жатқан миды ояту керек» деген түсініктегі адаммын. Әдетте, әдебиетте әдебиетшілер «қара бояудың» басым болуын қабылдай алмайды. Талантты, білімді, харизмасы мықты, мінезді жазушы әдебиетшілерге тәуелді емес. Оларға сыншы сынайды ма, мақтайды ма, өзі туралы жазады ма, бәрібір. Олардың сыншысы – өзі, олардың ішкі сыны мықты.

   Золя – көп сыналған жазушы. Бірақ сынбады. Қасарысып, әрі қарай «қара  бояуды» қоюлата түсті. Ол Франция еврей-офицерді тыңшы деп айыптап жатқанда «Дрейфус ісіне» бей-жай қарай алмады. Президенттің атына «Мен айыптымын», – деген хатын жазды. Қоғамда «тыңшыны, мемлекеттің жауын қолдады» деп жазушыны қудалағандар аз болмады. Золя біраз уақыт Англияда тығылып өмір сүрді. Жазушы өз ажалымен өлді ме, әлде қастандық жасалды ма, әлі күнге дейін жұмбақ… 

2. Бір кітапты қайталап оқи алмаймын. Бірақ Золяның шығармаларын қайталап оқи алам. Золяның «Шабытын» («Творчество») оқығанда «Адамның ішек-қарнын ақтарып тастайтын неткен шебер жазушы» деп таңғалдым.  Суретші Клодтың тағдыры, азапты шығармашылық тағдыры, шығармашылық үшін, анығы өзін сақтау үшін күресі, жанталасы, арпалысы, жеңілісі мен жеңісі, өнер жолында өзін де құрбандыққа шалып жіберуі оқырманды бейжай қалдырмайды. Клод өліп жатқан баласының қазандай басына сүйсіне қарап, шабыттанып, «Өлі бала» атты картинасын салады. Сосын көрмеге қойып, тобырдан тағы да шапалақ, құрмет күтеді. Бірақ тобыр өнер үшін, бәлкім, атақ үшін, өзінің «Мендігінің» қажеттілігін өтеу үшін өлермендікпен, аса жанкештілікпен еңбек еткен суретшіні көзіне де ілмейді. Соңында жүйке ауруына ұшыраған суретші өзі салып жатқан әйелге ғашық болып, картинаға қарап тұрып, өзіне қол жұмсайды. Жазушы атаққұмар, талантты суретшінің өнерге шексіз құштарлығын, өнер  үшін өзін құрбандыққа шалып жібергенін әдемі детальдармен ойнатып жазады. Таланты шамалы, бірақ халықпен қарым-қатынаста актерлік қабілеті мықты шығармашылық иелерінің бетпердесін Золя жұлып тастап, олардың шынайы бейнесін жалаңаштап көрсетеді.

 Золяның кейіпкері Клодтың жүйкесіндегі «ауытқушылықты» түсіне де,  қабылдай да алмайсың. Бірақ ол табиғатынан дарынды суретші еді. Эмиль Золя жазған Клодтың прототипі – суретші досы Поль Сезанн! Осыдан кейін Поль Сезанн Эмиль Золяға қатты ренжіп, екеуі араласпай кетеді.

ПІКІРЛЕР1
Аноним 04.05.2020 | 13:18

Күшті

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір