ҰТҚЫР ОЙ, ШЕБЕР ЖҮРІС
12.09.2023
245
0

Күнде у-шу болып жататын айналаның өзі бір тыншып қалғандай күй кешетін сәт­тер болады ғой. Шынымды айтсам, Әкім Тарази шығармаларына оралған сайын сондай бір тұңғиыққа тартыла бастаймын.
Ең алғаш «Тасжарған», «Қорқау жұлдыз» романдарын оқығанда сең соққандай сенделіп қалғанмын. Сол кезде тіл ұшыма өзінен-өзі «кәсіби проза» деген сөз келіп еді. Неге екенін, ішімнен күбірлеп сол сөзді көп қайталадым. Сосын «жазушы болу қандай қиын» дедім. «Әр кейіпкердің қабағын бағып, мінезін күзетіп, түрлі жағдайдағы арпалысының бәрімен бірге малтығып… соның бәрін судай сырғып бара жатқан сюжетке үйлестіріп…».
Екі романның әсерінен шыға алмай қалдым. Сөйт­тім де тағы бас қойдым. «Москва – Баласаз» романын, әңгіме повест­ерін оқыдым. Оқыған сайын жазудың қиындығы ойыма түсе береді. Жазушы жанының тұңғиық әлеміне арқандалған ат­тай байлана бердім. Ақыры «жазып құтылайын» дедім. «Жазушы жаны» деген шағын кітабым дүниеге келді.
Тарази бір шығармаға отырар алдында алыс сапарға дайындалған жолаушыға ұқсайды. Жолаушы болғанда да ел сырын, жер сырын қанық білетін кәнігі жолаушы. Ол жолаушы қайтушы еді? Ол жолаушы алдымен ат таңдайды, сосын оны баптайды, жаратады және қосар алады. Әкім Тарази өзім оқыған шығармаларында ешқашан жалғыз атпен жолға шыққан емес. Екі қосар, үш қосар, кіл сайлаулы сәйгүліктермен шығады. Бірі шалдыққанда келесісін мінеді. Жалғыз аты тұралап тұрып қалғанша сабалап, жетер жеріне не жетіп, не жетпей зорығып жығылатын жазушы емес. Сюжетке сонша бай. Жан-жақтан құлап аққан бұлақтардың әр тұстан кеп қосылып, өзен болып аққанындай шығарма өзін-өзі алға сүйрей жөнеледі.
«Біздің көп жазушылар қажеті болсын, болмасын көркем табиғат­ты жеріне жеткізе сурет­теп отырып алады. Ол жай ғана шығармадағы орта ғой. Ал ортаны қажетіне қарай ғана пайдалану керек емес пе? Таусылмайды. Кейде тіпті, оқиға неше парақты аударғанда доңғалағы құр айналған арбадай баяғы орнында тұрып алады. Табиғат көбіне кейіпкердің көңіл күйіне қарай сурет­телінеді. Мысалы, көңіл күйің керемет болса, «шіркін, мына желдің кереметі-ай!» дейсің. Жүнжіп, сіркең су көтермей тұрса, «мынау не деген сүреңсіз жел» дейсің. Тіпті көңілді шағыңда «қандай ғажап жарқыраған ашық аспан», салың суға кеткен күні «тас төбеден шақырайып тұрады» дейді кәсіби прозаның кәнігі тарланы алдында дәрісін тыңдап отырған біздерге.
«Тасжарған» романында Қойкелді дейтін кейіпкер бар. Бас кейіпкер Омардың нағашысы. Өз тағдырын Тасжарған қаласымен бірге көреді. Ол сол қоғамның қыр-сырын әбден меңгеріп, жүйенің, айналасының өзіне істеген арамдығын өзіне қайтарып істеп отыратын қақпан баспас қағілез адам ретінде бейнеленеді. Шағын шаруашылықты шашауын шығармай ұршықтай иіріп отырып: «Шіркін, өзім-ай! Біз деген ел басқарудың профессорымыз ғой!..» дейтін еді. Сосын романда автордың сол Қойкелдіге байланыстырып айтатын ерекше екі сөйлемі бар: «Қойкелді анау деп нұқып көрсетпейді, атымның ізінен аңғар дегендей ойқастап, ауыл төңірегін айнала шабады. Алтайы қызыл түлкі өз ізін өзі кесіп, сан бұралаңға салып жүріп-жүріп келіп, тіке тартады. Қойкелді негізгі ісіне көшті…». Бір қызығы – роман тура осы Қойкелдінің стилімен жазылғандай. Аждаһа жүйенің айт­қызбаймын деген дүниесінің бәрін, бірін қалдырмай айтудың тәсілін табады. «Атымның ізінен аңғар» деп айнала шабады, сосын, «тіке тартады!». Сондықтан «Тасжарған» романы – қазақтың сан ғасырлардан келе жатқан қоғамдық жүйесі мен кісілік ұлы құндылықтарын, ұлт­тың өнегелі де өзгеше болмысын аяқасты еткен аяр қоғамның, аждаһа жүйенің арамдығын аямай ашып берген, сол кезеңнің өзінде тұрып ашып берген күрескер роман, күрескер болмыс.
Жазушы әңгіме-эссе, ой-толғамдары топтастырылған «Тәж» кітабында «1993 жылы Алматы қаласында Стандарт көшесінде жарық дүниеге келіппін…» деп бастап, жарты бет сөз жазады. Ғұмырының қалыпқа көнбей бұлқынған сәт­терін айта отырып «… ақырында Стандарт қаласынан және бір қашып шықтым… Сонымен, бар ғұмырым қашумен өтіп келеді. Қашқанда – құтылып, іздегенде – тауып жүргенге не жетсін» дейді.
«Совет адамын жасаймыз» деген Кеңес өкіметінің арманына көнбейтін адам табиғатын, қазақ баласының санасындағы бұғаудың қалай шегіне жеткенін «Қорқау жұлдыз» романындай жеткізген шығарма кемде-кем шығар. Күллі мектептен қуаланды болған Түнқатар деген кейіпкердің қайсарлығы, оған жасалған қиянат­тың қисапсыздығы жаныңды бидайдай қуырады. Оған тағылған бар айып, сабақты өзгеше әдіспен өтуі ғана. Оқулық біреу, программа біреу, енді соны балаларға барлық мұғалім тек қана біп-бірдей әдіспен өтуі керек екен. Сонда стандарт­ты адам шықпақ. Ал Түнқатар сабақты өзгеше, қызық тәсілмен үйреткені үшін жазықты. «Метод деген – мінез ғой, барлық адамның бір мінезді болуы мүмкін емес қой» дейді. Міне, ең соңында бас кейіпкер Лима деген қыз, сол мінезі үшін сот­талып бара жатқан Түнқатардың сотынан шыға бере үстіне бензин шашып, от қойып жіберіп, стандарт көшесінде лаулап жанып бара жатады…
Ал Лиманы да, Түнқатарды да осы күйге жеткізген мектеп қызметкерлерінің сырты қазақы болып көрінгенімен, басынан бақайшығына дейін совет­тік идеология сіңіп кеткен адамдар еді. Біз әдет­те 1986 жылғы желтоқсан оқиғасының сыртқы сипатын ғана сөз етеміз ғой, «Қонаевты қызметінен тайдырып, Колбинді әкелді, соған жастар көтерілді» дегендей. Шын мәнінде ол бұғауға сыймаған қазақ жастарының пісіп-жетілген, кемерінен асып-төгілген ішкі бұлқынысы еді. «Қорқау жұлдыз» сол психологиялық жағдайды жүйе-жүйесімен, оқырманның жіңішке тамырының талшығының ұшына дейін сезінетіндей баяндап береді ғой. Міне, көркем шығарманың күші! Прозаның құдіреті!
Автор роман атын символдау ретінде алғандай. Сол кез­дегі қоғамдық жүйені қорқау жұлдызға теңейді. «Маңайындағы сәулелердi жұта беретiн тойымсыз қара жұлдыздар!» дейді. Ғарыш әлемінде әлі зерт­теліп болмаған дүниелер өте көп. Соның бірі, бірі ғана емес бірегейі – Қорқау жұлдыз. Орысша атауы «черная дыра». Қазақ оны «қара құрдым» деп атайды екен. Қорқау жұлдыз – автордың анықтамасы. Қорқау жұлдыз – қорқау қоғам! Қазақтың бойындағы қаншама бекзада болмысын жұтып әкеткен қара құрдым.
«Қорқау жұлдыз» романымен өзектес «Тасжарған» романы туралы жазушы-драматург Дулат Исабековтің: «Бүгінгі заман тақырыбын арқау еткен бұл интеллектуалды шығарманың шынайылығы шындығында дер едім, бүгінгі өзіміз өмір сүріп отырған заманның бар сипатын табиғи қалпында сурет­тей білген жазушыға қалай разы болмайсың!» – деуі де сондықтан болса керек.
Күрескерлікті көшеге шығып айқайлаумен ғана өлшейтін түсініктер де болады. Немесе өткір жазылған мақала деп ұғады. Әрине, олардың да күрескерлік екенін ешкім жоққа шығармайды. Алайда ол – сөз! Сөз жеткізе алмайтын дүниені оқиға жеткізеді. Ол – проза! Сөз құлаққа ұрар, оқиға жүрекке, жанға, санаға тіке әсер берер. Жанды қозғап, сананы сілкіп жіберер. Өнердің құдіреті де сонда! Өнер – өмірді өзгертуші! Ашық айтпай-ақ, ашық айт­қаннан да өткір жеткізе алуымен өнер!
Жазушының шығармасын ертерек қолға алып, көбірек зерт­теген филология ғылымдарының докторы, профессор Алпысбай Мұсаұлына берген бір сұхбатында жазушы бүгінге дейінгі шығармашылық кезеңін үшке бөліп айта келіп: «… Екінші – «Бунтующий Аким» деп атадым немесе өліспей беріспеу­ге шыққан Әкім. 1972-1982 жылдар аралығы. Шығармадағы барлық салмақ, ойды шығарманың өзінің ішіне тығып тастап, түсінсең де осы, түсінбесең де осы деген мағынада жазып отырдым», – дейді.
«Ақбердінің ауласы» әңгімесін талдаған филология ғылымдарының кандидаты Иманғазы Нұрахметұлы «Адамзат­ты аздырған соғыс немесе ауладағы алапат» мақаласында: «Хикаят­тың соңында Бураш пен Кольканың пойызбен келген өліктердің (қалмақтардың өлігі) арасынан тірі қалмақты көретіні бар. Олар оның тірі екенін білсе де, оны Кольканың әкесі мен тапал қараға айтып ұқтыра алмайды. Олар тірі адамды көре тұра өліктермен бірге жөнелтпек, айтар сылтаулары: «Ертең бұл жерге жоғарыдан кісі келеді», – дейді. Кім келсе де, тірі адамды алып қалғаны үшін сөгіс айтпас еді, оның үстіне соғыс кезі, адамға мұқтаж заман. Бірақ үлкендер тірі қалмақты алып қалғысы жоқ. Сол үшін Кольканың әкесі баласын ұрып жығады. Бұл не? Бұған қандай себеп бар? Жауапсыз сұрақтың бірі – осы. Бұл – автордың осалдығы емес, Әкім Таразидің нағыз кәсіпқой жазушыға тән шеберлігі. Егер жазушы сол сұрақтардың бәрін шешіп беруге талпынса не болар еді? Өмірде адам түсінбейтін құбылыстар көп. Жазушы неге оның бәріне жауап тауып беруі керек?» дейді. Ал Тарази: «Жазушы оқырманмен шахмат ойнайды, олар да сенің осал тұсыңды аңдып, бағып отырады. Мықты шахматшылар сенің шебер ойластырған жүрісіңе басын шайқайды», – дейді. Өзі де Толстоймен, Чеховпен оқырман болып шахмат ойнайтынын айтады. Кей сөздің астын сызып «шеберім-ай, сен ұт­тың» деп қоятыны бар немесе «Антон Павлович, бұл жүрістен жаңылып отырған жоқпысың?» деп жазып қоятын әдеті бар екен.
Қазіргі уақыт­та жастар көп оқып, көп талдап жүрген «Андрей» әңгімесінде Голощекиннің уақытында қазақ даласына келіп екпе салып, зұлымдықтың не бір түрін жасаған Мамана дейтін кейіпкер соңында өз бөлмесінде асылып қалады. Аппақ қабырғаны лай табанымен әбден тепкілеп барып асылып өледі. «Аппақ қабырғаға анық басылған балшық табан етік… Мөрі… замана мөрі» дейді автор.
Дәл осы шығармада, дәл осы жігіт Андрейдің әкесінің үйінің, Манананың үйінің терезесінен Москва өзеніне қарап тұратын. Әр қараған сайын осы Москва өзені туралы ой толғайтын. Оны әлденеге теңейтін. Әлденеге ұқсататын. Соның біреуін ғана келтірейік. Манананың үш бөлмелі кең үйінің терезесінен қарап тұрып былай ойлаған Аким: «…Төменде білінер-білінбес бүлкілдеп ағып жатқан Москва өзенін мен сол арада аса жуан айдаһарға теңедім. Айдаһар болғанда қабыршығы жыбырлап, сәулеленіп білініп тұратын, ұзын, иретіліп солға бір, оңға бір бұрылып кететін айдаһардың жұп-жуан бел тұсы сияқты. Дәл мен қарап тұрған кез­де ешқандай кеме, катер жоқ еді. Сондықтан да болар өзен бір сабыр тапқан, әлгінде ғана бұлқына түсіп, енді сабырға түскен, ұстайтын аңын тапқан, оны асықпай жұтып жатқан айдаһар…».
Өткен ғасырдың 60-ыншы жылдары. Иә, дәл айтады. Ол кез қазақты аштықпен қырып, біріне-бірінің етін жегізіп, қуғын-сүргінге, итжеккенге айдап, атып-шауып, соғысқа салып, бәрін-бәрін тындырып, укол салып, жұмсаған жағына бара беретін мәңгүртке айналдырып, енді қалған соларды асықпай жұтып жатқан кезі еді Москваның. Дәл солай болатын!
Жазушы деген осы екен ғой деймін. Ұлтының тарихы, артық-кемі, қасірет-қайғысы, қуаныш-жұбанышы, намыс-жігері, ар-иманы… бүкіл болмысы нағыз жазушының ой-санасын ордалы жыландай орап, тұлабойын буып, қинап, әбден толғағы жеткенде топырлап кеп, жүрек деген нәзік жаратылыстың қылдан жіңішке пернесін көпір етіп, оқырманға жол тартады екен ғой! Топырлап кеп, қылдан нәзік пернені солқылдатып өтеді екен, қылдан жіңішке тамырды кернеп, сыздатып өтеді екен, жүрек деген аяулы жаратылысты аямай солқылдатып, аямай сыздатып…
Соға бер, қазағын сүйген күрескер жүрек!

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ
Қазақ Ұлт­тық өнер университетінің
аға оқытушысы, Phd докторант

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір